Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

КИЕЛІ САН АТАУЛАРЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ СИПАТЫ

3796
КИЕЛІ САН  АТАУЛАРЫНЫҢ  ҰЛТТЫҚ СИПАТЫ - e-history.kz
Қазақ ауыз әдебиетінде «үш» – өте қасиетті сан, бұл санның ерекше саналуы көнеден келе жатыр. Бұл сан халқымыздың ұлттық болмысына, санасына, салт-дәстүріне әбден сіңіп кеткен

Қазақ – ырымшыл халық. Кей кездері ырымдары дәл кеп жатса, ал кейде қырын кететін тұстары да жоқ емес. Ал ырымдарының өзін былай қойғанда, қасиетті деп саналатын сандар қатарына «үш», «төрт», «бес», «жеті», «тоғыз», «он үш», «қырықты» жатқызып жүрміз, тіпті «бір» санын да осы қатарға енгізіп жүргендер бар. Бұл сандардың «қасиетін» білмейтін адам жоқ шығар. Кездейсоқ құлап, сүрініп қалсақ, әжелеріміздің жерге үш рет ұшықтап, садақаға жеті теңге лақтырып жататыны бала кезімізден бәрімізге белгілі жайт. Ал жұма сайын пісірілетін тоғыз шелпек өз алдына бір бөлек. Нәрестені “қырық қасық суға шомылдыру”, “қызға қырық үйден тыю” сияқты тіркестердің мағынасы мүлдем әр басқа, бірақ қолданылып тұрған сан есім бірдей. Бірақ біз осылардың бәрін жастайымыздан құлағымызға сіңіріп өссек те, олардың шығу тегіне, қолданылу ерекшеліктеріне тереңірек үңіліп көрген емеспіз. Сондықтан осы «киелі» деп ат қойып, айдар тағылып жүрген кейбір сандардың «сиқырына» тоқталғанды жөн санадық.

Мысалы, “Бір” алғашқы тұтастықты, солтүстік халықтарында құдай, сол сияқты жарық немесе, күн, тіршілік көзі дегенді білдіреді. Пифагор бойынша, бір саны монада деп аталып, даналық нышаны саналады.

Бір адами “мен” және жалғыздық белгісі. Мысалы, мынадай орыс мақалы бар: “Ұрыс алаңындағы жалғыз әскер әскер емес”, мұндағы жалғыз – жалғыз әрі әлсіз” [1; 91-б.].

Қазақ халқының пікір талғамында бір саны – даралықты, жалғыздықта ғана емес, бірігейлікті, ерекшелікті (бір де болса, бірегей, мыңнан біреу, т.с.с.) білдірген [2; 17-б.].

Сандар символикасы жайында сөз еткен Қ.Т.Қайырбаева “Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың символдық мәні” атты диссертациясында “бір” саны жөнінде былай дейді: “Бір саны бұл белгілі бір бүтіндік, бірлік және өркениеттік, абсолюттік тыныштық, өмір емес бұл тек Алла мен Ғарышқа тән. Бұл сөзімізге тіліміздегі бір құдайға сыйынды; бір түндік астында түтін түтетті; бір тоға; сегіз қырлы бір сырлы; бір сөзді; бір қалыпты; бір кіндіктен; бір бет; бір бейілді; бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарды; он сегіз мың ғаламды бір тарының қауызына сыйғызу т.б. тіркестері дәлел. Соңғы тіркестегі “он сегіз мың ғалам” әлемдегі барша тіршілік” дегенді аңғартатыны белгілі. Ал осы барша тіршілікті бір тарының қауызына сыйғызу Алланың құзырында дегенді білдіреді. Мысалы:

Қайғылы менің көңілім тола ма екен,

Алланың сызығы екі бола ма екен!..

Және де бір саны тілімізде Алла сөзімен ғана тіркесіп, адам баласына қатысты болғанда оңды әрекет ретінде түсінілмейді. Сондықтан “Жалғыздық бір Аллаға жарасады” дейді. Жаратқан иені кейде “Қақ” деп те атайды. Яғни, туралық, бірлік Аллаға тән:

Өзі қақтың жолында

Он сегіз мың ғаламның,

Он бесі бар қасында

Жеті Кәміл бабасы

Келді жетіп қасына  (”Қобыланды батыр”).

Қазақта “Әліпті таяқ деп білмейді” деген сөз бар. Бұндағы “таяқ” әліпбидің бірінші әріпінің жазылуы деген сөз. Мұның астарында адамды ең алдымен Алланы тану мағынасы да орын алса керек” [3; 77-78-б.].

Көптеген сандардың құпия (эзотерикалық) мағынасы жоғалғандығын ескерген жөн, олар сандардың сөздік қолданысында аңғарылмайды. Фразеологиялық орамдарда, мақал-мәтелдерде, жұмбақтарда, ырым-жораларда, ойындарда және т.б. сандардың семиотикалық киелі мағынасы кодталған. Мысалы, қазақ арасында кең тараған құмалақ ашу дәстүрінде “…тіршілік болмысының сандық-сапалық қасиеті 41 құмалақтың ашылу тәртібімен толық үйлеседі. Қырық бір құмалақ о баста тек бал ашу құралы емес, сонымен бірге адамзат әлемін, тәңірлер мен аруақтар әлемімен гармониялық үйлесім түзетін таным кілті болғанға ұқсайды” [4; 3-б.].

Қазақ ауыз әдебиетінде «үш» – өте қасиетті сан, бұл санның ерекше саналуы көнеден келе жатыр. Бұл сан халқымыздың ұлттық болмысына, санасына, салт-дәстүріне әбден сіңіп кеткен. Және «үш» санының халықтық шығармаларда, фольклорлық мұраларда өз көрінісін, айрықша қолданыс тапқанын «Жүсіп – Зылиқа» дастанынан да көреміз. Шығармада Зылиханың Жүсіпті түсінде көріп ғашық болғандығын:

Жатады үш күн, үш түн тағам татпай,

Бір ауыз еш адамға жауап қатпай.

Әйтеуір тіршілік бар, рахаты жоқ

Аһ, дейді анда-санда тыныш жатпай,

деп суреттейді. Жүсіп Зылиханың түсіне үш рет кіреді. Жалпы дастанның бойында үш саны он бір жерде ұшырасады екен [5, 184-б.].

Сонымен қатар қайтыс болған адамның “үшін беру” деген ұғым қалыптасқан. Мұны ғылымда былайша түсіндіреді: адам өлгеннен кейін денеден бөлініп шыққан шыбын жан тәнді қимай, үш күнге дейін оны айналып жүреді екен. Және өлі денедегі биологиялық процестер әлі үздіксіз жүріп жататындықтан, осы кезде адамның сақал-мұрты, шашы, тырнақтары өседі. Молда өлген адамның денесін жуып, жаназа дұғасын оқығаннан кейін барып ғана жан тәнмен толық байланысын үзіп, тәннің сезімталдығы толығымен доғарылады екен [6, 27-б.].

«Христиан әлемі «үш» санын тікелей Құдаймен байланыстырады. Олардың ұғымынша, құдай – баласы – қасиетті рух «үштігі» арқылы тіршілік сақталып тұр [5, 185-б.].

Сондай-ақ тілімізде үш сан есімінен келетін культтік фразеологизмдер де баршылық. Бұлардың бәрі ескі салт-дәстүрге қатысты болып келеді. Олар: үш жұрт (жігіттің үш жұрты бар: өз жұрты; қайын жұрты; нағашы жұрты); үш қазына (ер қазынасы – жүрген із; ел қазынасы – көрсе көз; тіл қазынасы – ескі сөз); үш із (бала – артта қалған із; бақыт – ұзатылған қыз; байлық – қолға ұстаған мұз); үш арсыз (ұйқы, тамақ, күлкі). Осылардың қатарына үш дана, үш арыс, үш қат, үш жамандық, үш асыл т.б. фразеологизмдерді жатқызуға болады. «Үш қайнатса сорпасы қосылмайды» деген фразеологизм берекесіздік, бірікпеушілік деген мағынада; «үш ұйықтаса түсіне кірмеген» тіркесі көңіліне де алмаған, ойына кіріп-шықпаған деген мағынада айтылады. Ал осы фразеологизмдерде неге үшті қолданған, неге төрт, бес емес деген сұрақ туады. Бұл сұрақтарға жауап әлі нақты беріле қойған жоқ [7, 146-б.].

Қазақ халқының ұғымында дүниені құраушы төрт түрлі тек бар, олар: жер, су, жел, от. Шындығында, қазіргі ғылыми түсінік бойынша, бұлар заттың төрт күйі. «Жер» – қатты зат, «су» – сұйық зат, «жел» – газ тәрізді, «от» – плазмалық күй. Осы төрт затты төрт түлік малдың негізі деп түсінген. Жылқы – желден, қой – оттан, түйе – сордан (жер), сиыр – судан жаралған деген түсініктерде құнды ой жатыр.

Жеті саны да киелі мәнде халық санасына, ұлттық ұғымға мықтап бекіген. Бұл санның тұрмыс-тіршілікте, халық фольклорында, діни ұғымдардағы маңызы ерекше. Оған дәлел, аптада неше күн бар – жеті, аспан неше қабат – жеті, жер неше қабат – жеті. Міне, қызық, бәрі де жеті. Нөсерден кейінгі жаратушының жаршысындай жауынмен жарысып шығатын кемпірқосақтың түсі – жеті, осыған қоса жинақтау сандары да жетімен шектеледі: біреу, екеу, ұшеу, төртеу, бесеу, алтау, жетеу. «Сегізеу», «тоғызау» болып айтылмайды. Міне, айта берсек «жеті» санының «сиқырын» сипаттайтын құбылыстар жетерлік.

Қазақ халқының салт-дәстүрінде де жеті санының орны бөлек. «Жеті атасын білмеген – жетесіз», «жеті атасын білген ұл жеті жұртқа жөн айтар», «жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» немесе «жеті атадан әрі ғана қыз алысу заңы», яғни араға жеті атаны салып құда түсу әдеті ғасырлар бойы сақталып келеді.

Жеті саны кейде жақсылықпен байланыстырылып айтылса, кейде жамандықпен де байланысып жатады. Мысалы, қазақ «жұт жеті ағайынды» дейді. Бұл тіркес халықтың басына аласапыран заман туып, ашаршылық, бүліншілік, індет, ауру келсе айтылады. Халық жеті жұтқа мыналарды жатқызады: құрғақшылық, жұт (мал қырылу), өрт, оба (ауру), соғыс, топан су, зілзала.

Жеті санына байланысты культтік фразеологизмдер басқа сандарға қарағанда жұмсалу өрісі кең. Оларға: жеті ғашық, жеті шәріп (әулие); жеті қазына, жеті ғалам, жеті күн, жеті жұт, жеті жоқ, жеті қат көк т.б. жатқызады.

Сондай-ақ қазақ салтында қайтыс болған адамның жетісі деген ұғым бар. Жетісі – шыбын жанның о дүние есігін алғаш ашып, ақыреттің тозақ оты алдында жауап беруі. Ғылымда бұл өлі денедегі қанның ұйып, ал ұйымағаны денеден әр түрлі жолдармен сыртқа бөліну кезеңі деп аталады.

Зерттеуші Н.Байдабектің “Әлем кітабы” атты қолжазбасында сегіз (сегізінші қағида) – шексіздік уақыты, өлшемі, мөлшері деп түсіндірілген. Сегіз қиыр шартарап деген сөз тіркесі күллі әлем, дүниенің төрт бұрышы деген мағынада қолданылады – осы мағынаның аржағында “шексіздік” деген мағына тұр деп тұспалдауға болады. Сегіз қырлы, бір сырлы деген тұрақты сөз тіркесінде жан-жақты өнерпаз, шебер адам (жігіт) жөнінде айтылады, ал “жан-жақты” дегеніміз “өте көп (шексіз санауға келмейтін)” деген мағынаны меңзеп тұрғандай.

Шындық сегіз,

Бақыт егіз.

Шындықтың, яғни бүкіл әлемнің сегіз (шексіз, сансыз) қырлары бар.

Фольклортанушы Серікбол Қондыбайдың пайымдауынша, сегіз қырлы, бір сырлы (“сегіз+біреу”) деген сегіздікті бүкіл танымның бастауы деуге болады. “Сегіз қырлы... Сөз тіркесінің өзі әлдебір геометриялық пішінді көрсетіп тұрған сияқты. Бұл – сегіз-шоғым таңбасы. Яғни төрт сызықтың бір нүктеде қиылысуы бір нүктеден тарайтын сегіз қияны (сәулені) туғызады. Міне, осы тұста сегіз – шоғымның екі элементтен – сегіз сәуледен және бір нүктеден (тоғызыншы “сәуле”) тұратындығын көреміз” [8; 382-б.].

Бұл геометриялық модель (пішін) сегіз ұшты жұлдызға негіз болған көрінеді. Ал “Ілкі Дәстүрді (Ілкі Төрді) әспеттеушілердің сөзіне құлақ асар болсақ, сегіз ұшты жұлдыз мәңгілікті, онтологиялық орнықтылықты, үлесті ғаламның сыртына шығуға және тау ғаламның қозғалмайтын болмысын білдіреді екен (Дугин А. Абсолютная Родина. М., 1999, с 422). Сонымен қатар аталмыш дәстүрді әспеттеушілердің пайымы бойынша, шеңбер ішіне салынған сегіз ұшты жұлдыз ең ежелгі күнтізбе болып есептеледі екен” [8; 382-383-б.]. Эзотерикалық жүйелерде сегіз ілкі – құрақ (восемь первоэлементов), сопылық ілімнің сегіз мүшелік сипаты сопылық “хуу” сөзімен аталатын сегіз бұрышпен символдануы белгілі [9; 225].

“Сегіз қырлы, бір сырлы” геометриялық моделінен ғалам бітімінің бейнесін көруге болады [8; 385-б.]. Қорыта айтсақ, “сегіз қырлы, бір сырлы” адам (жігіт) бұл дүниенің болмысын (сансыз қырын) және Хақты (тоғызыншы сырды – нүктені) таныған (меңгерген) адам болып шығады.

Тоғыз саны да қазақтың ескі салтынан орын тепкен қасиетті сан. Бір рудың екінші руға, бір кісінің екінші кісіге сыйлайтын сыйының, кейде төлейтін айыбының «бір тоғыз», «үш тоғыз», «тоғыз тоғыз» болып келуі осыны толығымен айқындайды.

Тоғыз сөзімен байланысты культтік фразеологизмдер: «тоғыз құмалақ» – қазақтың ұлттық ойыны, «тоғыз қатынның толғағы қатар келді», «тоғыз жолдың торабы», «тоғыз қабат торқа», «тоғыз айып тартты», «тоғыз қырлы, тоқсан сырлы», «тоғыз жау» т.б. Мысалы: Ахмет бас болған жерде бас болып, жас болған жерде жас болып, мас болған жерде мас болып, тоғыз қырлы тоқсан сырлы жігіт ағасы деуге толық лайық болып жүрді (С.Торайғыров).

Жалпы, бұл жердегі тоғыз санының қолданылу ерекшелігін дыбыстардың үндесуі тұрғысынан түсіндіруге болады. Мысалы, «тоғыз жолдың торабы» деген тіркестегі т дыбысы дауыссыз болғандықтан, осы дыбыстан басталған сөздерге ерекше әсер беріп, екпін түсіп айтылады. Сол сияқты «тоғыз қабат торқа», «тоғыз қырлы, тоқсан сырлы» т.б.

Киелі, ерекше қасиетті деп есептелетін сандар қатарына «қырықты» да жатқызады. «Қырық» саны халықтық мұраларда, салт-дәстүрде, тұрмыс-тіршілікте кеңінен қолданыс тапқан. Мәселен, «қырықтың бірі – қыдыр», нәрестені қырқынан шығару, қайтыс болған адамның қырқын беру, бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс т.б. «Қырық» адамға қатысты қолданылатын мынадай тіркестерде сақталған: бір кісі таққа отырса, қырық кісі атқа отырады, ақылы қырық кісілік т.б.

Қырық сан есімімен келетін фразеологизмдер: қырқына шыдаған соң, қырық біріне де шыда, қырықтың бірі – қыдыр, қырықтың қылауынан қырық қабаттанып отырды, қырық саққа жүгіртті, қырық пышақ болды, қырық қалта, қырық құбылды, қырық қазанның құлағын тістеді, ертегілерде қырық күн ойын, қырық күн тойын жасады, қырық күн жол жүріпті, тазшаның қырық өтірігі т.б.

Діни эпос әлеміне тынбай саяхат жасаушы ғалым М.І.Әбдуов «қырық» санын адамның жаратылу уақыты дейді. «Қырықтың бірі – қыдыр» деген нақылдың мағынасы адамзаттың бірі – Қыдыр деген түсінікті береді. 41 құмалақтағы «Бір» – Жаратушы Алланың, «қырық» – жаратылыстың абзалы Адамның құрметіне алынған» [5, 191-б.].

Мақал-мәтелдерде қолданылатын қырық саны «әншейін» сан емес, «киелі» мөлшер екенін көрсетеді. Қазақ «қырық күн шілде» деп жаз айының нағыз аспан айналып жерге түсер ыстығын айтқан. Қырықтың өлшем бірлігі болатынын мына мысалдардан да көруге болады: «жақсы ата жаман балаға қырық жылдық азық», «қырық жамау» немесе «қырық құрау», «қырық тесік» әбден тозығы жеткендікті білдіреді т.б.

Қазақта «қайтыс болған адамның қырқын беру» деген ұғым бар. «Қырық күн» – шыбын жанның, яғни рухтың о дүние сотына қаза жауабын беруінің басталуы. Медицина бұл уақытта тән ыдырап-сөгіліп, толық бұзыла бастайды деп есептейді.

Сондықтан да халық жоғарыда аталған сандарды киелі деуі тегін емес, кез келген шығарманың мәтіндік мазмұнына ерекше көркемдегіш құрал ретінде де, реңк мәнін үстеп тұратын қасиеті үшін де көркем шығармада киелі сандар арқылы жасалған тұрақты сөз тіркестері молынан қолданылады.

Киелі сандар туралы жоғарыда толық болмаса да біршама ой қозғадық. Жалпы, қазақ діни жораларында, тұрмыс-тіршілігінде, халық фольклорында жиі кездесетін, маңызды рөлге ие болған киелі сандар қатары бұлармен шектелмейді. Мәселен, Заманындағы алты қанат ақ орда бүгінде көш жерден құрым сасиды. Ерсілі-қарсылы керуен бастап шұбырып жатқан алты айшылық алыс жолдың көбі қазақ даласының үстінен өтетін-ді. Ал қазақтың ішіндегі қырғи тілді қиқарлардың бірі деп жүрген мәтіннің өзі қызыл түлкіні жол бастаушы қып, алпыс екі айла түгенде дейді [10, 41-б.]. Осы сөйлемдердегі «алты», «алпыс екі» сан есімдер культтік фразеологизмдер болып табылады, олар бұл жағдайда шығарманың мәнін аша түсетін көркемдегіш құрал ретінде маңызды қызмет атқарады. Мұндай сандарға бір – бір Алланың атымен; екі –сол екі ортада; төрт – екі көзі төрт болды; бес – бес сағат күту (төрт сағат күттім деп айтпайды); алты – алты алаш; жүз – жүз айналып, жүз толғану т.б. жатқызуға болады.

Сонымен, қазақ тілінің киелі лексикасында сан атаулары ерекше орын алады. Сандар мен олардың атауларында киелі мән бар, олар магиялық мағына мен күшке, эзотерикалық символикаға ие. Солардың киелі жүйесінде (әсіресе, бірден онға дейін) құдайлық заңдар орнығып қалған, себебі Құдай идеялары Санмен көрсетіліп, Сөзбен беріледі. Сандардың архетиптік эзотерикалық мағыналары тарихи кезеңдер өте келе біртіндеп ұмытылып, әдет-ғұрыптар мен ырым-жоралар жүйесіне енді де, этномифоқұрылымдық қасиеттерге ие болды.

Әйгерім Наурызбай, Бектұрсын ҚАЛИЕВ

Пайдаланған әдебиеттер

  1. Маслова В.А. Когнитивная лингвистика: Учебное пособие. – Минск: Тетрасистемс, 2004. – 256 с.
  2. Жәрдем Кейкін. Қазақы атаулар мен байламдар. Алматы: Өлке, 2000. – 256 б.
  3. Қаирбаева Қ.Т. Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың символдық мәні. Филол. ғылым. канд. диссертациясы. – Алматы, 2004. – 178 б.
  4. Қырық бір құмалақ.– Астана: «Астана» Баспагерлік-шығармашылық орталығы, 2001. – 19 б.
  5. Әбдуов М.І. Қазақтың діни эпосы. Діни эпостың типологиялық және поэтикалық мәселелері: Монография. – Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2006. – 254 б.
  6. Парасат, 2006, № 4. 23-24-б.
  7. Н.Сауранбаев және қазақ тілі білімі. Ғылыми мақалалар жинағы. – Алматы, 2000. – 253 б.
  8. Қондыбай С. Арғықазақ мифологиясы. Бірінші кітап. – Алматы: Дайк-пресс, 2004. – 12 б.
  9. Идрис Шах. Суфизм. – М.: Клышников, Комаров и К, 1994. – 325 с.
  10. Кекілбаев Ә. Үркер. – Алматы: Сөздік – Словарь, 1999.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?