Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сары ат

1829
Сары ат - e-history.kz
Бұл әңгіменің желісін әкемнен естіп едім… Жүсіп деген атамыз сауықшыл адам болыпты. Атадан тоғыз екен.

Оңай молда қызы Зейнеп деген шешемізден туған Сақан, Молдағазы, Алтынғазы деген, ағалары ерте дүние салыпты. Рәйлә мен Нәзира атты қарындастары да қыршын. Әмірәлі тұқымсыз. Өзінен басқа өсіп-өнгені інісі Иманәлі мен қарындасы Зәбира. Жүсекең жалғыз жүруді, жеке отырып тамақ ішуді білмейтін көпшіл екен. Қасында серіктікке ерткен оншақты шал-шауқаны жүреді. Ар жағы Беларан, Шалқар, Құланды жоны, одан асып, Ақтөбе, Ор жағының ас пен тойын адақтайды.

Сол Иманәлі інісінің қолында Жақып әкесінен қалған «Сары ат» деген жүйрік болған. Бір жылы Жүсекең бауырының үйіне келсе серілік жасап, ауыл арасына мініп атты әбден болдыртып тастапты.

— Бұл не қылғаның, жануарға азар бергенің деп кейіп, ақыры ай-шайға қаратпай Сары атты сатып алыпты. Сөйтіп, ақысына боталы түйе берген күлігін өзі баптап, Ақбасты мен Көкаралдағы ас пен тойда, ар жағы Шалқар мен, Ақтөбенің дүбірлі думандарында Сары атты бәйгеге қосып, оздырып, қызығын көріп жүреді.

Әкем Мырзалының бес-алты жасар кезі екен. Ал Орынбасар көкесі он бір-он екіде болса керек. Шалқар жағындағы қалың Тілеу мен Қабақта бір атақты ас болады. Оларды Қырдың шектісі дейді. Біз болса да Сырдың шектісі. Бір рулы елдің әдеті емес пе, қатар отырып бір-бірімен шаптүртті болатын.

Әлқисса, содан бір үлкен ас болыпты. Астан бұрын Тілеу-Қабақтың ортасында озып, жүлде алып жүрген, Ақтабан деген тәуір тұлпары бар екен. Жүсіп атамыз сол, Ақтабан мен Сары аттың бір жиында бағын сынаса деп жүреді екен ғой. Не керек, соның реті әйтеуір бір келіпті. Әлгі жиынға Сары атты екі ай бұрын жаратты дейді. Бес-алты жасар кезім, соны көзім көрді деп отыратын, әкем марқұм.

Ал енді ат жаратуға көзі қарақты сейіс керек. Әуелі атты түнекке салып дұрыстап бағып, семіртеді. Содан соң барып терін үгеді. Оған бірталай уақыт кетеді. Ауыл арасының сейісіне көңілі жатпайды. Анау-мынау емес, үлкен ас. Оның үстіне бір рулы елдің абыройына шауып жүрген ат. Жан-жақтан адам іздеп көреді. Содан «Шалқар жағында Құланды деген жерде бір бала бар екен» дегенді есітеді. Әкесі дүние салып кетіпті, өзі сейіс екен. Әкеден үйреніп қалған үлгісі бар. Сол баланы алдыру керек деп ауыл, ақсақалдары пәтуа қылады.

Ол уақытта жан-жақтың бәрі шалқыған теңіз. Моторлы қайықпен барып, жаңағы бозбаланы алып келіп, ақысын беретін болып келісіп, қарауына Сары атты табыстапты. Сонда жас сейіс: «Ақсақалдар, маған сырттан жер бересіңдер. Біріншіден, ол жерде мал айдаған тірлік болмасын. Екіншіден, ат жаратқан жерге ауылдағы үрген иттің даусы жетпеу керек, ауылдың қатын-қалашының қазан қырғаны естілмесін. Үшіншіден, қасыма екі бала бересіңдер» — деп шарт қояды да, менің әкем мен Орынбасар көкемізді ертіп Сары атты алып кетеді. Әңгіменің қысқасы, далада ай жатады. Оңашада атпен сырласып сөйлеседі, күндіз-түні күтеді.

— Біздің бар білетініміз: тек аттың қасындамыз. Мініп кел, айналып қайт, шауып орал дейді. Айтқанын қалт еттірмейміз. Бір айдан кейін: «Ат жарады, кемеліне келді, болды!» деді. «Енді төрт аяғында болса бұл ат шабады. Ет пен терінің ортасында ештеңе қалған жоқ. Бәрін босаттым» депті.

…Ақбасты. Қалың ағайын, жұмыла жұрт. Жүсіп әкем, «Иә, сәт!» деп күлігінің қасында тұр.

— Ал, енді мен бұл атты қалай жараттым, сендерге соны көрсетейін деп, жігіт ортаға Сары атты шығарды. Сары ат екі құлағы салбырап, сүдіні қашып, жынынан айрылған бақсы құсап сүмірейіп қалыпты. Атты айналып, қолымен сипап, сауырының терісін бір бұрап, екі бұрап қайтадан қолын алып жіберді. Сонда бұралған сауыр жиырылған қалпында тұрып қалды. «Міне, ағайын, еттен тері ажырады» депті бала сейіс. Сөйтеді-де екі сауырдың тұсынан қос қолдап жұдырықпен ұрып-ұрып қалады. Сол кезде Сары ат екі құлағын кезек қайшылайды. Өстіп-өстіп бірнеше қайталап, қалай жаратқанын көрсетіп жатты. «Тек мына ертоқым салатын шоқтықтың тұсынан алақандай жерді ала алмадым» депті. Онысының себебін әкем айтатын. Иманәлі әкеміз серілік жасап жүрген уақытта жануарды ыссылы-суықты етіп мініп, аттың арқасы кеткен екен ғой.

Ат әбден бабына келіп жарады. Енді күзету керек. Күндіз жем-суын беріп, байлап, кешке бос қойып, түнімен сейістің өзі күзетіпті. Күзетудің мәнісі: бәйгеге шабардың алдында озатын ат, өзіне сенетін ат, алаңы жоқ, сыриып, төрт аяқты көсіп жіберіп бейқам ұйықтайды екен ғой. Шын сейістер аттың ұйқысын бақылайды. Сейістің жаратқан атты өзі күзететін мәнісі осы екен. Құдай жар болса, аламан бәйгенің алдында аттың ұйқысы тыныш болады. Ал енді сүрінетіндей жағдай болса ат шошиды, пысқырынады, иә аяғын жинап алып әйтеуір бір белгі береді. Сары ат таң атқанша бейқам ұйықтап шығыпты.
Сейіс баланы сый-сыяпатын жасап еліне қайтарыпты. Енді тек Шалқарға жету керек.

Сары ат — бір рулы елдің ортасында озып, бәйге алып жүрген күлік қой. Енді, мәне, Шалқарға — Ақтабанның Еліне бәйгіге түсуге бара жатыр. Жүсіп әкем әдетімен оншақты шалды ерте шығып, ауыл-елді аралап, қонақасыға бұйырған жылы-жұмсағын жеп, жүрген жерінде әңгімесін айтып келе жатыр. Асқа бір жетідей уақыт қалды. Атқа шабатын бала Төлеген әкеміздің кенжесі. «Туыпты, ақ Сазаннан Орынбасар, Тапсырдым мен Жүсіпке балам нашар» деп, бір күн, бір түн жыр айтып, таң сәрісінде үзілетін, ағасының баласы. Орынбасар көкемізді, аға баласы, жетім бала деп қайда барса да Жүкең: «Орынбасаржан, мына құйрықтан асап жібер, мына майсөкті аузыңа сала ғой» деп жылы-жұмсақтың астына алыпты…

Ат шабатын күні баланы құлқын сәріден ерте тұрғызады да үстіне күпі кигізеді. Күпінің сыртынан кендір арқанмен шандып, байлап барып атқа мінгізеді. Арыны қатты бәйге атының шабандоз баланы соғып тастамау үшін жасалатын ескі әдіс қой. Сары ат өте биік ат, бірақ басы жұмсақ. Алдынан шеңгел кездессе-де, арық кездессе-де қарғып түсе береді. Сонымен, Орекеңді шандып байлап «Иә, сәт!» деп жібереді ғой.

Бәйгеге — қазақтың қанына қызатын мерекесінің бірі. Намыс та, аруақ шақыру да, төбелес, бәрі сонда. Атты қосуын қосып алып, шалдар құмалақты шашып жіберіп: «Алдында келе жатыр! Алдында келе жатыр!» деп жерден қанасы қарыс көтеріліп отырады. Бір уақытта «Жалғыз қазыққа байланды, жалғыз қазыққа байланды!» деп зарланады. Сол кезде марқұм Жүсіп атам шыдай алмай, орнынан тұрып, кезіп, көзі жасаурап, қайта-қайта құмалақ салдырта беріпті…

Шалдардың көріпкелдігі мықты ғой: «Алдынан бір ат өтті» деп құмалақпен бәйгі даласындағы жағдайды біліп отырыпты. Ол уақытта қазіргідей шеңбер айналып шабу деген жоқ. «Шу» дегеннен көз көрмеске кетеді. «Алдынан бір ат өтті, екі ат өтті». Бір уақытта құмалақшы: «Жалғыз қазықтан босады» деді. Не болған-деңіз?

Жағдай былай болыпты. «Ә" дегенде Сары ат ізіне қара ілестірмей, көз көрмеске ұзап шығандап кетеді. Қабақтың Ақтабаны да шаңын көрмей далада қалады. Ұзап кетіп бірталай жерге барғанда кешегі жеген сөк пен май баланың әбден тоғын шайқайды. Негізі баланы әуелден-ақ атпен бірге жарату керек екен ғой. Бірақ олай болмаған. Жаратпақ түгілі қайта тамақпен мелдектетіпті.
Содан Орынбасар көкеміз едәуір ұзап, біраз жер қара үзіп кеттім-ау дегенде терге шомып келе жатқан атты қаңтарып тастап, аяқтан бастап шандыған арқанды шешеді. Екіленіп келе жатқан ат тері үгітілмей, тізгіні ердің басында қаңтарулы қалады. Бала түгел шешініп болады. Күпіні тастайды. Содан әр бұтаның түбіне мықшияды ғой.

…Болдым деген уақытта бір ат өтеді. Жаңағы желаяқ Ақтабан екен. Артынан ат жеткен соң бала күпісін қайта киіп, арқанды орап, енді мінейін десе, жануар ұршығынан айналып үзеңгіге аяғын салдырмайды. Дүбірге қызып тұр ғой. Өзі еңгезердей биік ат. Жармасып, өлдім-талдып деп жүріп, әйтеуір ерге қоныпты. Шауып келе жатқан атты қаңтаруға болмайды екен ғой. Тоқтаған жағдайда да ауыздығын алып жіберсең жердегі көктен бір-екі жұлып, талмап жіберсе терін үгіп, арман қарай алып кете береді екен. Ал мұны қаңтарып тастаған соң тері қатып қалған. Қайтадан аяғын үзеңгіге іліп, дүбірге қосыламын дегенше алдынан екі ат өтіпті. Сары ат намыстанып, біреуінің шоқтығына аузын салып, оңдырмай жұлып алыпты. Келесі кезекте алдындағы, Ақтабанның сауырына да ауызды салып, одан да бір жұлып қалыпты. Сөйтіп кейіндей-кейіндей, ақыры үшінші болып келіпті.

Әлгі астан кейін Сары аттың бағы қайтыпты. Бәйгі-байрақта озып жүрген жүлделі жүйрікті өзінің сыбағалы бәйгесін алып болғаннан кейін топқа көп сала беруге болмайды екен ғой. Жүсіп әкеміз Сары атты, Ақтабаннан оздырамын деп жүргенде, жануардың бағы байланыпты. Содан кейін қай бәйгеге баптап салса да кейін келе береді. Ақыры Сары атты бәйгеге қосуды қойыпты.
Жүсіп әкем Сары атын серік етіп, Ақтөбе, Шалқар, Ақбастының ортасында жолаушылап көп жүреді екен. Бір күні сондай жол жүріп келе жатқанында Жүсекеңді қарақшылар қамайды. Өзін байлап тастайды, астындағы атын тартып алады. Түннің ортасында босанып шығып, жақын маңдағы бір ауылға барып адам алып келем дегенше қарақшылар кетіп қалған екен. Сары аттың сүйегі мен терісі ғана қалыпты. Түнде атты сойып, етін жарым-жартылай асып жеп, қалғанын алып кетіпті. «Сөйтіп, ауылға Сары аттың ноқтасы мен жүгенін ғана алып қайттым» дейді екен ғой, марқұм күлігі есіне түскенде көңілі босап.
Жүсіп деген әкеміз сондай болған.

Бір жылдары, Ақбастыдан көшіп, Шалқарға қоныс аударады. Өмірінің ақырына дейін сол жерде тұрды. Қазір Жүсіп әкем мен Балауса әжеміздің қабірі-де сонда. Ақтөбеде «Горький» атындағы совхоз болды. Атамыз Шалқар мен сол екі ортаны жол еткен. Елдің ақсақалдары айтады. «Жүсіп көшемін деп дайындалып, жүгін машинаға тиеп қойған. Ауылдың шалдарының бәрін жинап, баталасып, әңгімесін айтып: «Сәтін салса таң ата жүремін» деп, сайрап отырған адам ғой. Қонақасын жеп, баталасып кеткен шалдарға түннің бір уағында: «Жүсіп қиналып жатыр» деген хабар жетеді.

— Сегізкөзімнен шып-шып мұздай тер шығып жатыр. Байқаймын, менің тұз-дәмім таусылған сияқты.
— Ойбай, Жүке, олай демеңіз!

— Әй, талқаның таусылса олай демегенде не дейсің деп, молдаға иманын үйіртіп, тілін калимаға келтіріпті. Сап-сау отырған адам. Сөйткенше болмай, үзіліп кете беріпті. Ауырмай-сырқамай, сайрап отырып.

Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?