Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Ауызша тарих» саласында маман даярлау және зерттеу орталығы

1126
Абай атындағы ҚазҰПУ-де «Ауызша тарих» зерттеу орталығы жұмыс істейді.

Абай атындағы ҚазҰПУ-де «Ауызша тарих» зерттеу орталығы жұмыс істейді.

«Ауызша тарих» зерттеу орталығы ауызша салт-дәстүр тарихын зерттеу мен Қазақстанның ауызша тарихы бойынша мамандар дайындау мақсатында құрылған.

Орталық жобалық зерттеулер негізінде өткен тарихи оқиғалардың куәгерлерінің көзқарастары мен пікірлері негізінде жаңа тарихи фактілерді айқындауды, естеліктер қорын жинастырып, оны  келешек ұрпақ үшін сақтауды мақсат етеді. Сондай-ақ, орталық қызметкерлері жүзеге асыратын ғылыми-зерттеу жұмыстарды жүзеге асыру негізінде магистранттар мен докторанттарды ғылыми ізденіске тартуды, жас ізденушілердің қажетті  біліктіліктері мен дағдыларын дамыту арқылы «Ауызша тарих» саласында болашақ мамандарды даярлауды, айтылған тарихты ғылыми зерттеу пән ретінде дәріптеуді негізгі бағыт ретінде ұстанады.

«Ауызша тарих: теориясы мен практикасы» арнайы курсы.

   «Ауызша тарих: теориясы мен практикасы» курсы қазіргі кездегі тарих ғылымының өзекті бағыты ретінде «ұлы адамдар және оқиғалардан» «кішкентай» адамдардың «күнделіктілік тарихына» өтуіне мүмкіндік беретін локальдық тарих, күнделіктілікті оқып білуге арналады.

  «Ауызша тарих» - бұл ХХ ғасырдың екенші жартысынан бастап жақсы дамып келе жатқан ғылыми бағыт. «Ауызша тарих» терминін Барбэ д`Оревилли 1852 жылы енгізген, бірақ кең қолданысқа Колумбия университетінің профессоры Аллан Невинстің еңбегінен кейін ғана енді. Ол 1948 жылы сейсмологиялық және теңіз геофизикалық зерттеулеріне арнап ауызша тарих бойынша зерттеулер ұйымдастырған. Ал, кейінірек ауызша тарихты ғылым тарихшылары, әсіресе нақты және жаратылыстану ғылымдары белсенді қолдана бастады. «Ауызша тарих» әдісіне әскери тарихты зерттеушілер де жиі жүгінеді.

  Қазақстан ғылымында бұл бағыттың сонау ерте кездерден қалыптасқан дәстүрі бар. Естеліктер, куәгерлердің әңгімелері, жыр-дастандар және т.б. Ал, аудиотехниканы қолдану ХХ ғасырдың екінші жартысынан жүргізіліп келеді, алайда арнайы ғылым ретінде «Ауызша тарих» кейінгі жылдарда ғана қолға алынып отыр.

  Бүгіндері «Ауызша тарих»  интервью алу арқылы жеке тұлғаның өмір сүрген кезеңі туралы субьективті білімі жазылатын - өзіндік әдісі бар ғылыми пән ретінде түсіндіріледі.

  Бұл ғылыми бағыттың мәні куәгерлердің белгілі бір кезең немесе оқиға туралы аудио және видеотехниканы қолдану арқылы жүргізілген (берілген тақырыпқа немесе кейбір өмір сүрген кезеңдер жайындағы естелік) жазбалары болып табылады.

  Ауызша тарихтың арқасында өткеніміз тарихи үрдістің қарапайым

қатысушыларының дүниетанымы арқылы бейнеленеді.

«Ауызша тарих» тарих ғылымын зерттеу әдісі ретінде:

  • тарихи оқиғаларға қатысқан, ресми деректерде тек статистикалық бірлік ретінде ғана көрінетін, ал кейде тіпті ұмыт қалатын «кішкентай адамдардың» куәліктерін сақтауға мүмкіндік береді;
  • тарих ғылымының - антропология, тарихи психология, тарихи герменевтика сияқты басқа салаларына материалдар береді;
  • ұрпақтан-ұрпаққа құндылықтар мен мәдени-семантикалық кодты жалғасатырады.


Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?