«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Мұхтарбек Кәрімов: Жаңа ізденістерге серпін беретін шешім

812

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жасаған болатын. Осыған орай Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Мұхтарбек Қарпықұлы пікір білдірген еді. 

«Елімізде жыл сайын кең түрде атап өтілетін «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміз халқына жолдаған арнайы үндеуінің және ондағы нақты тұжырымдарының, атап айтқанда, саяси қуғын-сүргін құрбандарын одан әрі анықтап, оларды ақтауға байланысты үкімет жанынан Мемлекеттік комиссия құру туралы шешімі осы баға жеткісіз іске соны серпін беретіні анық»,-деді тарихшы. 

Ғалымның айтуынша, әлі күнге дейін, азаматтардың түрлі категорияларына жататын репрессияланғандардың үлкен бөлігінің әртүрлі себептермен ақталмағандары шындық.

«НКВД – нің құрығының ұзын болғаны сонша елдегілермен шектелмей, оның шетел асқандарға да салынғаны мәлім. 30-40 жылдары Шыңжаңды билеген Шэн Цицай Кеңес Одағымен ымырада болды. Сол 40-шы жылдары көп адамның көзі Қытайда немесе Қазақстанға әкелініп жойылды. Мәселен, көрнекті Алаш қайраткерлері Райымжан Мәрсековтың және Ыбырайым Жайнақовтың  қайда ажал құшқандары белгісіз.  Кейбір мәліметтер бойынша олар Қазақстанға әкелінген делінеді. Президенттің қолдауына сүйене отырып, ведомстволық архивтердегі небір құпиялардың сыры ашылса, дүдәмәл дүниелерге  жауап табылар еді. 2008 жылы Монғолияда болғанымызда, құжаттармен танысқанымызда КСРО -дағы репрессияның бұл елде де кезең-кезеңімен дәлме-дәл қайталанғанын көрдік. Ол кезде Баянөлгей құрамында болған Қобда сияқты аймақтағы 1937-1938 жылдардағы сотталғандар мен атылғандардың ішінде, 1928-1933 жылдар арасында осы елге Қазақстаннан қашып өткендердің біршама екендігін байқадық. Мұнда репрессия 40-50 жылдарда да қайталаныпты. Атылғандарға арналған азалы кітаптан 1952 жылы Монғолия әскери трибуналының үкімімен атылған, Үржарда туған Махмұт Шоқаманов және Шыңғыстауда туған Рәфіл Жарқынбайұлы деген екі адамның атын кездестірдік»,-деді Мұхтарбек Каримов. 

Мұхтарбек Қарпықұлы нақақтан құрбан болғандардың есімдерін, олардың тапталған  ар-намыстарын қалпына келтіру бүгінгі ұрпақ үшін парыз екенін айтып өтті. 

«Өкініштісі сол, Сталиннің жазалау органдарының ажалды шеңгелінен миллиондаған нақақ құрбан болғандарға, кезінде осы тоталитарлық режим тудырған, бүкіл халықты баураған үрей жағдайында, ешкім соларға арашашы бола алмады. Сонымен қоймай, халықтың өзін бір-біріне аңдытып, жалған мәліметтер түсіруге мәжбүрледі. Сол себептен де нақақтан құрбан болғандардың есімдерін, олардың тапталған  ар-намыстарын қалпына келтіру бүгінгі ұрпақ үшін парыз. Сол арқылы ғана болса да бүгінгі  біздер жан тазалығын сезінуге тиіспіз»,-деді ол.