Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

3359
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл дата елімізде 1997 жылдан бері тұрақты түрде аталып өтуде.

Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау, заңсыз қудаланған азаматтардың құқығын қалпына келтіру жұмыстары Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін басталды.  Яғни 1993 жылы 14 сәуірінде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды. 1997 жылы Қазақстанның сол президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды.

Сонымен қатар 31 мамыр – ашарлықта қаза тапқандарды еске алу күні. 1921 – 1933 жылдары аралығында (1921-1922 және 1932-1933 жылдары) қазақ даласы бір емес екі мәрте ашаршылыққа ұшырады. Бұл халқымыз үшін орны толмас нәубат әкелді. Әсіресе, 1931-1933 жылдардағы ашаршылық ХХ ғасырдағы адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған трагедия болды. Әрине, бірінші ашаршылық та сұмдық болды. Бірінші ашаршылық 1919–1922 жж. болған. Осы жылдары аштық кезінде 1,5 млн жуық адам шығыны болды. Екінші аштық – екі жарым миллион адамның өмірін жалмады.

Кейбір зерттеушілер қазақ халқы екі емес үш бірдей аштықты бастан өткергенін айтады. Айтуынша, үшінші аштық екінші дүние жүзілік соғыстан кейін басталған.

Яғни, Қазақстандағы ашаршылықты мынадай үш кезеңге бөліп қарастырды:

1919 - 1922 жылдардағы аштық (1,5 млн адам)

1931 - 1933 жылдардағы аштық (2,5 млн адам)

1946 жылдары болған аштық.

Бұл үшінші ашаршылық соғыстан кейінгі еліміздегі экономикалық ахуалдарға байланысты болды. Нақты адам шығыны әлі белгісіз. Өйткені, алдыңғы екеуі секілді бұл ашаршылық та халықтан өте құпия түрде ұстады. Бүгінгі зерттеулер аштық салдарынан халқымыздың жартысынан астамы қырылып қалғанын көрсетіп отыр. Ал 200 мың қазақ басқа мемлекеттерге көшіп кетті.

ҚазОАК-нің төрағасы Сейітқали Мендешевтің 1922 жылғы 8 шілдеде КазОАК-нің III сессиясында жасаған баяндамасында осы жылдың көктемінде алынған толық емес деректер бойынша қазақ жерінде аштыққа ұрынғандар саны 2 миллион 832 мың адамға жеткені айтылады. Ал 1920 жылдың соңында халық саны 4 миллион 781 мың 263 адам болған. Оның 50,3%-і - қазақтар, 31,2%-і - орыстар, 14,4%-і - украиндар.

Жаппай қуғын-сүргін салқыны да қазаққа оңай тиген жоқ. КСРО республикаларында репрессия 1928 жылдан басталды. Қазақ елінде алдымен Алаш қайраткерлері тұтқындалды. Оларға «ұлтшыл» деген айып тағылды. Салдарынан Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков, Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Абдулла Розыбақиев, Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев, Ілияс Жансүгіров және тағы басқа зиялылар ату жазасына кесілді.

Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады. 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілді. Олардың арасында ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері, дәрігерлер болды.

Репрессия жылдары Қазақстанға 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың корей, 507 мың Солтүстік Кавказ елдерінің өкілдері күштеп жер аударылды. Солармен бірге қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар мен басқа да ұлт өкілдері көшірілді. Жалпы деректерге сенсек, сол аралықта 1 миллион 500 мың адам жер аударылыпты.

Осылайша, аз уақыттың ішінде қазақ даласы лагерге айналып шыға келді. Қазақстанда АЛЖИР (отанына опасыздық жасағандардың әйелдері қамалған Ақмола лагері), Карлаг (Халықтық ішкі істер комиссариатының Қарағанды еңбекпен түзеу лагері), Степлаг (саяси тұтқындарға арналған лагерь) арнайы лагерьлері құрылды. Бұл лагерлерге қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да тоғытылып жатты.

Кезінде Ақмола қуғын-сүргіннің нағыз орталығы болды. Талайдың өмірін тозаққа айналдырған 953 лагерьдің үшеуі еліміз аумағында құрылды. Осындағы атынан адам шошырлық АЛЖИР лагері КСРО-дағы әйелдер қамалған жалғыз азаптау орны болды. Әрі бұл лагерь ең ірі лагерь саналды. Мұнда 30 мыңдай әйел жазасын өтеді (62 ұлт өкілі болды). Талайдың тағдырын тәлкек еткен бұл тозақ орны КСРО ішкі істер халық комиссариатының бұйрығымен 1937 жылы 15 тамызда Ақмола қаласының жанындағы Төңкеріс (Малиновка) елді мекенінде құрылды. «АЛЖИР» лагері 30 га жерді алып жатты. Оның Қарағанды және Ақмола облыстарында бірнеше бөлімшелері болған. Лагерьдегі әйелдер тәулігіне 18-20 сағат жұмыс істеген. Олар лагерь жанындағы «Жалаңаш» көлінен қамыс шауыпты. Олар күніне 40 бау қамыс жинауы керек болған.

Дереккөздер бойынша, елімізде 1937-38 жылдары, яғни бас-аяғы бір жылдың ішінде 125 мың адам тоталитарлық режимнің құрбаны болған екен. Солардың 22 мыңы өлім жазасына кесіліпті. Жалпы, 1921 жыл мен 1954 жылдар аралығында бұрынғы КСРО-да 3 миллион 777 мың адам жазықсыз сотталып, оның 642 мыңы атылды. Дәл осы тұста Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейханов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Абдулла Розыбакиев, Магауи Масанчи, Ілияс Жансүгіров, Левон Мирзоян, Сәкен Сейфуллин, Санжар Асфендияров, Халел Досмұхамедов пен Жаһанша Досмұхамедов қатарлы қазақ зиялылары, мәдениет қайраткерлері жазықсыз атылды.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?