«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қазаққа бұйырмаған қайран «Нобель»

3401
31 мамыр «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» күні ғой. XX ғасырдағы қазақ халқының басына орнаған осы бір қанқасап уақыттың әлі де ашылмаған парағы мен айтылмаған шындығы көп.

Сол сүреңсіз күндерде туған ұлтын қалайда өркениет тезіне қоспаққа қам жеген небір есіл ерлердің еңбегі еш еленбей кетті. Біз төмендегі материалды осы мақсат үдесінде  өздеріңізге ұсынып отырмыз.

Мен бұл адамның есім сойын ең алғаш рет республикалық «Нұр Астана» газетінің тілшісі болып жүргенімде естідім. Сол кезде газет редакторының бірінші орынбасары, белгілі қаламгер Қуаныш Жиенбай  қазіргі қазақ математикасының қал-ахуалы жайында бір ғалыммен сұхбаттасуың керек деп тапсырма берді. Ал дегенде абдырап қалғанмен, мен  бұл сұхбаттың негізгі кейіпкерін сол мезетте-ақ өз көкірегімде белгілеп үлгерген де  болатынмын. Сол кезде Л.Н Гумилев атындағы  Еуразия Ұлттық университеті «Математикалық анализ» кафедрасының меңгерушісі,  сондай-ақ  10-11 сынып оқушыларына арналған «Алгебра және анализ бастамалары» оқулығының авторы, елімізге есімі  мәлім математик Нұрлан Темірғалиев мырза бірден есіме түсті. Екеуара өрбіген әңгіме барысында қазақтан шыққан тұңғыш физика-математика ғылымдарының кандидаты, кейін келе қызыл қырғынның тырнағына ілініп қаза болған Ибатолла Ақбергенов жайлы  тұңғыш рет осы кісінің ауызынан естідім. Сұхбат барысында Темірғали ағаның  осы тұлғаға қатысты айтқандарына ерекше тебірендім. Содан бастап осы адамға қатысты деректерді ептеп жинастырып жүрдім. Ал төмендегі өздеріңізбен бөліскелі отырған мәліметтерді кездестіргенімде шынымды айтсам, тіптен қайран қалдым. Ішім алай-дүлей болып кешегі игі жақсының бәрін дерлік оққа байлаған қанқасап күндерге нәлет айттым. Ең әуелі өздеріңізге  бұл деректі ұсынбас бұрын Ибадулла Ақбергеновтың өмір жолына азғантай ғана  аялдай кетсем деймін.

Ибадулла Ақбергенов  киелі Қаратау топырағында 1907 жылы дүниеге келген.  Небары 31 жасында отыз сегіздің қанды шеңгеліне  ұшырап мерт болған. Мешін жылы (1931) Ташкент Орта Азия университетінің физика-математика факультетін тәмамдаған ғажайып ғалым 1934 жылы Ленинград мемлекеттік университетінің аспирантурасына келіп оқуын тереңдете түседі. Ибадулланың осы оқу орынына түсуіне тікелей себепкер болған орыс математигі  Л.В.Канторовичтің өзі болатын.  Осы жерде ол не себептен қазақ баласына көмек қолын созды, әуелі Л.В Канторович кім еді деген сынық сұраққа да қысқаша  жауап бере кетейін.  Бұл ғалым әйгілі  «Нобель» сыйлығының иегері, кейін келе КСРО ғылым академиясының академигі болған адам еді. Бұл кісі өзі математик бола тұра,  математика саласынан ешқандай да номинациясы жоқ «Нобель» сыйлығын қалай ғана алды  деген қызық сауалдың да туындайтыны белгілі.  Әрине, Л.В Канторович бұл сыйлықты  математикадан емес, экономикалық  бір  мәселені  математикалық есептеу жолымен шешкендігі үшін де осы сыйлыққа ие болған-тұғын.

Сонда бұл мәселе қалай болды дейсіз ғой? Экономика саласына тиесілі осы мәселенің оң шешімі «Фредгольм интегралдарында» жатқандығын   байқаған ғалым мұны  мақала қылып көтереді ғой. Осы ғылыми жазбаны кездейсоқ көзі шалып қалған жас ғалым Ибадулла Ақбергенов  мәселенің түпкілікті шешілу жолдарын толыққанды тәтпіштеп қарымта  мақала жазады ғой.  Себебі Ақбергенов бұл мәселенің шынымен-ақ нағыз майын ішкен кәсіби маманы-тұғын.

Оның  теориялық жағынан өте жоғары «Фредгольмның екінші текті интегралдық теңдеуінің  шешуі және оның меншікті мәнін анықтау» деп аталатын ғылыми еңбегі де дәл осы жылдары жарық көрген болатын.  Бұл қарымта мақалаға қайран қалған Канторович Ақбергеновті өз қасына алдырып, қолынан келген бар қамқорлығын жасайды ғой. Канидаттық диссертациясын қорғауына да шын себепкер болған да осы адам еді. Жастары да қарайлас қос ғалымның осы кезеңдердегі орнаған қарым-қатынасы шын достыққа  ұласып кеткен-тұғын.

Осылайша экономикалық  мәселені математикалық жолмен шешкен екі  ғалымның бірлесіп жазған бұл еңбегіне  біраз уақыт өте келе әйгілі «Нобель» сыйлығы беріледі ғой. Ол кезде халық жауы ретінде есім-сойын атауға қатаң тыйым салынып әлдеқашан өмірден өтіп кеткен Ақбергеновтың есімі әлі  ақталмаған уақыт еді.  Сондықтан да орыстар тарапынан «Нобель» сыйлығының тізімінен Ақбергеновтың есімі саналы түрде сызылып тасталады.

Канторович  өзінің 1950 жылы жарық көрген «Приближенные методы высшего анализа» кітабында Ибадулла жайында жақсы пікірлер айтқан.

«Осы еңбектің 80 пайызы Ақбергеновтың ақадал еңбегі екендігін орыс ғалымы  өл-өлгенше айтып өткен екен» дейді математик Ерлес Мырсыдықов өзінің  бір сұхбатында.

Енді тағы бір осындай ерекше деректің бірі Елдес Омаровқа тиесілі.  Алаштың аймаңдай азаматы Елдес Омаров 1892 жылы киелі Торғай топырағында дүниеге келген.

XX ғасырдың басында қазақ тілінде физика мен геометрия пәнінен оқулықтар жазып, математиканың қазақ тіліндегі төл терминдерінің қалыптасуына ерекше еңбек сіңірген.  Мысалы, өзінің «Пішіндеме» атты  оқулығында теореманы – түйін, биссектриса – жарма, радиус – өре, хорда – керме, параллелограмм – қиықша, пропорционал – құрылымдас, фигура – пішін, трапецияны – қостабан деп қазақша сөйлеткені де осы сөзіміздің бұлтартпас дәлелі ғой.  Елдес ең әуелі Ыбырай Алтынсариннің  ашқан  екі жылдық қазақ-орыс мектебінде білім алып, кейін келе Орынбордағы мұғалімдер институтын тәмамдайды.  Осынау аз ғана ғұмырында еліне өлшеусіз еңбең сіңірген ұлы математик 1937 жылы небары қырық бес жасында  қанды репрецияның құрбаны болады.  

Елдесті екінші кейіпкеріміз қылып айтып отырғанымыздың  себебі сәл кейінірек. 1943 жылы Ағылшын маматематигі Алан Мэтисон Тьюринг өзінің әйгілі Алан Тьюринг машинасын (дұрысы теориясын) жариялайды ғой. Осы теориядан кейін он төр жылдан кейін,  1957 жылы  американың маңдайалды математигінің бірі Элиаким Гастингс Мур өзінің әйгілі  «Мур» машинасы атты еңбегін жариялайды. Ғалымдардың айтуынша, бұл жаңалық компьютердің пайда болуына тікелей себепкер болған деседі. Ең қызығы, 1900 жылы неміс ғалымы Давид Гильберттің Париж шәрінде өткен Математиктердің II Халықаралық конгресінде  мәселе етіп көтерген «Алгаритм ұғымын формалдау» ұғымына Елдес Омаров математик ретінде бел шешіп  кірісіп кетеді ғой. 

Сөйтіп оның негізгі шешімі ретінде «Формалдаған машина схемасын» жасап, мұны сол кездегі ғылыми журналдардың біріне   жариялайды. Бірақ аталған ғылыми жаңалыққа ешкім де мән бермегендіктен  ұлы ғалымның бұл еңбегі елеусіз  қағаберісте қала береді. Кейін келе Елдес Омаровтың осы жазбасын жіті зерттеген ғалымдар тобы оның бұл еңбегінің әйгілі  Э. Гастингстің «Мур машинасымен» бірден бір сәйкес келетінін анықтайды. Осыны алға тұтқан ғалымдар бүй деп қорытынды шығарады.  Әгәраки кеңес билігі Елдес Омаровтың осы жаңалығына дер кезінде назар аударып, өндірістік тұрғыдан жүзеге асырған жағдайда  компьютерлендіру саласынан  Кеңес одағы АҚШ-тан кем дегенде 20-30 жылға алға болатындығын айтады.

Бұған енді қалайша қайран қалмайсың. Мінекей, компьютердің де пайда болу саласына қазақ баласының қатысы болғандығын әйгілеген мұндай мәліметтерді оқығанда осындай азаматтардың желге ұшқан есіл еңбегі мен қор болған ғұмырын аяп жүрегің қан жылайды екен. Шіркін, бұл абадан азаматтардың бәрі тірі болғанда қазақ халқы қандай болар еді деген де ойға қалады екенсің.  

Қазір «Кеңес одағы қазақ топырағына теміржол мен аурухана, мектептер мен заводтар салды. Сөйтіп көз аямыз кеңейіп, көкірегіміз ашылды. Мінекей, орыстың арқасында ғана осындай жағдайға жеттік» дейтін кембағал түсініктер де  көп айтылатын болды ғой. Шындап келгенде мұны советтік жүйе  қазақ халқын ұшбаққа шығару үшін емес, өз мүдделері үшін жасады емес пе?! Өзінің бас көтерер мұндай азаматтарынан түгелдей дерлік айырылған ел  осындай мүсәпір түсініктермен өмір сүрмегенде қайтетін еді.

Мана сөз басында Ибадулла Ақбергеновтыңесімін алғаш рет физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, бүгінде «Теориялық математика және ғылыми есептеулер институтының» директоры Нұрлан Темірғалиев мырзаның ауызынан естігенім жайында айттым ғой. Ендеше ілгеріде жазылған сол екеуара әңгімені осы кіріспе сөзбен қосақтап бірге жариялауды да жөн санап отырмын.

 

Ақбергенов – Алаштан шыққан тұңғыш ғылым кандидаты

 

Қазаққа математиканың ауадай қажет екендігі хақында Алаш зиялылары өткен ғасырда-ақ айтып кетіпті. 1918 жылы Орынборда Міржақып Дулатов, 1923-24  жылдары Ташкентте Сұлтанбек Қожанов пен Кәрім Жәленов, ал 1929 жылы Қызылордада Елдес Омаровтың орта мектепке арналған оқулықтар басып шығаруы осының айғағы ғой. 1935 жылы Алматыда Әлімхан Ермековтың қазақ тілінде «Ұлы математика курсы» атты кітабы жарық көргені мәлім. Жалпы, бүгінгі қазақ математиктерінің жетістігіне тоқталмас бұрын, оның бастау бұлағына бір барлау жасасақ қайтер еді?

- ХХ  ғасырдың басында Қазақ зиялыларының дені математикалық  оқулықтар  жазумен  мықтап айналысты. Мысалы, Қаныш Сәтпаев 400 беттік математикалық оқулығын жазса, Ахмет Байтұрсынов математиканың қажет екендігі жайлы көптеген еңбектер қалдырған. Әлем елдерінде математика негізгі ғылымдардың бірі болып саналады. Дүние жүзінің кез келген мемлекетінде бірінші сыныптан соңғы сыныпқа дейін математиканың үзбей оқытылуының бір сыры осында жатса керек.

​-Қазақстандағы математика саласының бүгінгі жай-күйі қалай?

-Оқу мен білім жөніндегі көптеген пікір мен көзқарас ішінде орта мектеп қоғам мен табиғат туралы бастапқы білімді энциклопедиялық түрде, ал жоғары мектеп соның жалғасы ретінде таңдап алынған мамандық бойынша жалпы және арнайы кәсіптік білім беретіндей болуы ең ұтымды болса керек.

Бағдарламалары мен оқулықтары жоғары сапалы, мұғалімдерінің дайындығы мен әлеуметтік жағдайы оқушыларды жоғары деңгейде оқытатындай дәрежеде болуы тиіс.

Сөз болып отырған математиканы қазіргі жоғары оқу орны мен мектептерде оқытуды сын көтермейтін дәрежеде тұйыққа тіредік. Мектеп мұғалімі оқушыларға математиканы жөнді түсіндірмейді, тек қана тест тапсырмаларына ғана дайындайды. Тест баланың ақыл-ойы мен білімін шектейді. Оқушы тестік есептің дұрыс жауабын білгенімен, оның шешімін мүлдем түсінбеуі мүмкін. Ал бұл математикалық білім дегенге жатпайды, білмегені былай тұрсын, мектепке қойылып отырған талаптар жоғары оқу орнының бағдарламасымен еш ұштаспайды.

Студенттеріміздің оқуын дұрыс ұйымдастыру үшін олардың мектептен алып келген білімдерін жыл сайын кафедрада тексеріп тұрамыз. Небары бес тесттен құралған тапсырманыстуденттердің 6,7 % ғана толық жауап бере алады. Соның салдарынан ғылым жолына түскен студенттерді қайтадан, басынан бастап үйретуге мәжбүр болып отырмыз.

Жоғары оқу орындарындағы бес мамандыққа бөлінген информатиканы оқыту жайы да жетісіп тұрған жоқ. Мәселен, Астанадағы Мәскеу мемлекеттік университеті филиалының оқу жоспарында математика мен информатикаға бөлінетін аудиториялық сағат 2800 болса, бізде небары – 700-ақ сағат. Яғни төрт есе аз. Соның ішінде таза математикаға бөлінген сағат олардан мамандығына қарай 6,5-тен 12 есе кем.

Бұдан шығатын қорытынды – Қазақстанда жоғары дәрежелі математик пен информатик мамандарын даярлау мәселесі тоқырауға ұшырады десе де болады.

-Жаңа бір сөзіңізде жоғары оқу орнына түскен студентердің білімі математикаға келгенде нашарлау дедіңіз. Бұған басты кінәлі, әрине, мектеп мұғалімдері екені сөзсіз. Осы орайда мектеп мұғалімдерін даярлау жайында не айтар едіңіз?

-Математика пәнінің мұғалімін даярлау ең алдымен математикалық анализ пәнін оқыту сапасымен байланысты. Тарихымызда бұның тамырына математикалық анализ мамандары Ибатолла Ақбергенов пен Сәдуақас Боқаевты жою арқылы балта шабылды.

Менің Астанаға келгеніме де көп жылдың жүзі болды. Келе салысымен физика-математикалық сыныптар ашып, көптеген жаңа ұтымды әдістемелерді қолдандық. Бірақ бұл жетістіктеріміз қала мектептерінен тысқары қалды. Бірде елордадағы оқушыларға ең жақсы білім береді деп саналатын бірнеше мектеп директорымен сөйлескен едім. Олардың айтуынша, орта мектеп жүйесіндегі жұмыс нәтижесі жалпы білім деңгейімен емес, олимпиадада алған орынымен бағаланады екен.

-Олимпиадаға деген жеке көзқарасыңыз қалай?

-Олимпиадаға ешқандай қарсылығым жоқ. Керісінше олимпиаданы мектеп біліміне қарсы қойып отырмыз. Өкінішке қарай осы келеңсіздік әлі күнге дейін жалғасып келеді. Соның салдарынан мектеп бағдарламасы толық игерілмей қалды. Мінекей, бар кемшілік осында болып тұр.

-Жоғары оқу орындарына арнап үш томдық «Математикалық анализ» оқулығын жазған едіңіз. Ол еңбегіңізді студенттер қауымы жоғары бағалап, А.Байтұрсынов медаліне ие болдыңыз. Оқулықты пайдалану кезінде тәжірибе жинақталып, келесі басылымдарға негіз қалап жатады. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

-Қазақтың білімі мен ғылымының қара шаңырағы – Қазақ мемлекеттік университетінің механика-математика факультетін үздік дипломмен бітіргеннен кейін Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының В.А.Стеклов атындағы Математика институтының аспирантурасына түстім. Сонда үш жыл оқып, кандидаттық диссертациямды қорғап, Алматыға оралдым. Алғашқы ұстаздық жылдарымды математикалық анализ саласына арнадым.

Елге келгеннен кейін де бұған дейін математикалық анализ саласына арнап жазылған еңбектердің ғылыми және методикалық жақтарымен танысып жан-жақты зерделеп шықтым. Әрине, мұның бәрі мені тыншытқан жоқ. Қайтсем де қазақ балаларының математикалық ойлау жүйесін биік деңгейге көтерем деген арман мені кітап жаздыруға итермеледі. Сөйтіп үш томдық «Математикалық анализ» еңбегіне 18 жыл өмірімді жұмсауым осындай ниеттен туған еді.

-Әйгілі ғалым А.Н. Колмогоров «Мектеп оқулығын жазу ұшақ құрастырумен бірдей» депті.  Бүгінде мектеп оқулықтарының тілі түсініксіз, оқушы тұрмақ оқытушының өзі түсінбейді деген пікірге не айтар едіңіз?

-Оқулық жазу үшін сол пәнді терең білуің керек. Осы шарт бұзылған жағдайда оқулыққа қателік енеді. Оқулықтың бекітілуі мен шығарылуы жолында қателікке тосқауыл болатын  бірнеше маман мен инстанция бар. Ол – арнайы мектептер, рецензент, және комиссия. Ал жарыққа шыққан оқулықтар жайында мұғалімдер мен ата-аналар, ғалымдар тарапынан айтылар сын әлі де толастар емес. Оның үстіне қателіктерің ішінде қалың ел емес, тек мамандар ғана көре алатын қателіктер қаншама. Математикалық оқулықтардың түсініксіз жазылуы А.П. Киселевтің оқулығынан бас тартып, бағдарламаны жаңартудан басталды. Содан бері бұл мәселе өзінің дұрыс еш шешімін таппай келеді.

-Мұндай келеңсіздіктерге сіздер секілді ғалымдардың тарапынан ешқандай тосқауыл болған жоқ па?

–Неге болмасын. 2002 жыл Білім және ғылым министрлігінің бәйгесіне қатысып, қзақ және орыс тілдерінде 10-11сыныптарға арналған «Алгебра және анализ бастамалары» атты оқулық жаздық. Авторлық ұжым – көрнекті методист және белгілі математик, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетітің профессоры Михаил Константинович Потапов, Астанадағы белгілі методист, математик ғалымдар Әубәкір Болат, Еділ Байлов пен Қайрат Шерниязов, ал оның төрағасы алдыңызда отыр. Кітапты оқушыларға барынша ұғынықты етіп жазуға тырыстық. Нәтижесінде 10-11 сыныптарға арналған оқулығымыздың мазмұны бай, көлемі аз болып шықты. Әрқайсысы 400 беттен астам қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген осы оқулықты жазуға жыл жарым уақытымызды жұмсап, кейбір тақырыптарын  қайыра 15 рет түзетуден өткіздік. Кітапқа бұдан бұрын кеңес елдерінде оқытылмаған ықтималдық теориясын енгіздік. Осы оқулықты жазуға атсалысқаным үшін мемлекеттен небары 30 мың теңге ғана қаламақы алдым.

-Сонда бұл еңбектеріңіз мектеп бағдарламасынан не үшін алынып тасталды?

-Жоғарыдан кітапты кінәлаған бір бет қағаз алдық. Ол қағазда «Оқулықтың логикасы нашар, есептері бір сарынды, тіпті мұқабасының өзіндегі суреттің ешқандай да тәрбиелік мазмұны жоқ. Сол үшін комиссия оқулықты мектеп бағдарламасынан алып тастауға шешім шығарды» депті. Біз рецензентті, оған қоса комиссия мүшелерін математикалық анализ кафедрасының методикалық семинарына шақырып, өз көзқарасымызды айтайық деп едік ешбіреуі төбесін көрсетпеді. Мектеп оқулығын жазғалы жүрген авторлар В.Белинскийдің: «Оқулық – роман емес, нашар құрастырылған болса, ол оба мен тырысқақтан да артық зиян келтіреді» деген сөзін естерінен еш шығармауы тиіс деген пікірдемін.

-Математикалық еңбектердің дені орыс тілінде жазылғаны белгілі. Осы кітаптардың қазақ тіліне тәржімалану жағы қалай?

-Математиканы қазақ тілінде сөйлету деген өте күрделі мәселе. Ол үшін ең алдымен пәнді терең білуіңіз шарт. Шала білсеңіз еңбекті дұрыс сөйлете алмайсыз. Математика тілі дәлдікті ғана талап етеді. Кейде сөйлемдегі бір сөздің орнын ауыстырсаңыз, оның мағынасы мен мазмұны мүлде өзгеріп кетеді. Жоғары оқу орындарының стденттеріне арналған «Математикалық анализ» оқу кітабын жазған кезімде алдымнан көптеген қиындықтар кездесті. Сондағы көз жеткізгенім – қазақ тілінің бай екендігі соншалықты, орысша айтқың келген ойды қазақшадағыдай көркем әрі дәлдікпен еш айта алмайды екенсің.

-Батыс елдерінің жоғары оқу орындары мен мектептері математика пәндерін оқытқанда студенттер мен оқушыларды компьютерге жолатпайтын көрінеді. Қазір мектеп оқушылары басын ауыртып есеп шығармайды. Компьютер мен калькуляторға бағынышты. Компьютердің пайда болуы математикаға өз салқынын тигізбей ме?

– Әр нәрсенің өз өлшемі бар. Компьютерді де өз ретімен пайдаланған дұрыс. Басында мектепке компьютер қойса, мәселенің бәрі шешіледі деген түсінік болды.АҚШ-тың бұрынғы экс президенті Б.Клинтон:«АҚШ-тың үш компьютерлік фирмасыныңтабысы тоқыма, химия, авто, авиа өндірістерінің табысынан асып түседі» деп айтқаны бар.Бұған қоса компьютерлік бағдарламалар арқылы дүние жүзіндегіең бай адам болған Билл Гейтстімысалғаалайық.Әрине, бұдан кейін « компьютер әлеміндегі Қазақстанның орыны қандай?»деген сұрақ өз-өзіннен туындайды. Компьютерді құрастырудың теориялық және техникалық мәселелерін игеру жеңілге түспесі белгілі. Біз дайын бағдаламаларды пайдаланатын немесе қосып-өшіретін ғана емес, компьютерді өзіне бағындыратын мамандарды даярлауымыз керек. Менің ойымша қазаққа ең тиімді жол – Үндістанмемлекетінің жолы. Солар секілді теорялық математика негізінде алгоритмдер құрып, соны компьютер тіліне енгізуіміз керек.

-Олай болса, бұған қосар сіздің нақты ұсыныстарыңыз бар ма?

– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлтық университетінің мектеп оқушылары мен стунденттеріне арнап әр түрліғылым салалары бойынша жинақ шығару дәстүрі бар. Соның бірі университет ректорының тапсырмасымен шыққан«Ғылым көкжиегінде»атты ғылыми-көпшілік жинағына енген «Қазіргі математиканы және информатиканы оқу мен оның кейбір бөлімдерін зерттеуге шақыру(жоғары сынып оқушылары мен бакалавриаттағы төменгі курс студенттерінің назарына)» атты мақаламда компьютерге қатысты нақты ұсыныстарымды жазған болатынмын.Оны бұл арада қайталап айтып жатудың еш қажеті жоқ деп ойлаймын.

-Әңгімеңіздің басында сөз еткен 1935 жылы бірі Ленинградта, екіншісі Мәскеуде математикадан кандидаттық диссертация қорғаған Ибатолла Ақбергенов пен Сәдуақас Боқаев туралы оқырманға кеңірек айтып берсеңіз?

-Ибатолла Ақбергенов Қазақ университетінде математикалық анализ кафедрасының доценті болып жүрген жерінен қуғын-сүргінге ұшырап, атылып кетті. Оның ғылыми ұстазы Нобель сыйлығының лауреаты болған Канторович деген математик өзінің 1950 жылы жарық көрген «Приближенные методы высшего анализа» кітабында Ибатолла туралы жақсы пікірлер айтқан. Ибатолла Ақбергенов математик ретінде әлі толық зерттелген жоқ. Оны қазақ математикасының қабырғасы десек те болады. Ибатолла Ақбергеновтың туған жері Созақтан бастап оқыған жері Ташкентке дейін, одан әрі Ленинградқа барып, өмір жолдары мен еңбектерін математик ретінде зерттеуді қолға алсам ба деген ниетім бар. Ал Сәдуақас Боқаев болса оқу жолы Семей, Зайсан және Орынбор қалаларынан өтіп, Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетін бітірген. Кейін аспирантураға қалдырылса да 1932 жылы Алматыға келіп, Абай атындағы педагогикалық институттың негізін қалаушы адамдардың бірі болған. Ол да қазақтан шыққан алғашқы доцент, осы институттың алғашқы каферда меңгерушісі, деканы қызметтерін атқарған. 1937 жылы небары 30 жасында сталиндік қуғын-сүргіннің тырнағына ілінген. Кейде сол сұрапыл жылдарда осы жандар өз өмірлерін Ленинград пен Мәскеуде өткізгенде өздері де аман қалып, қазақ халқына қаншама пайда әкелер еді деген де ой келеді.

-Нұрлан аға, әңгімеңізге көп-көп рахмет!