«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Т. Сүлейменов. Достарды таңдай алмайсың

518
Т. Сүлейменов. Достарды таңдай алмайсың - e-history.kz
1 Желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай Теміртауда Елбасымен бірге жұмыс істеп, қатар оқыған Т.Сүлейменовпен сұхбаттастық. Суретте сол жақтан үшінші Н.Ә. Назарбаев және Т.Ы. Сүлейменов. 1964 ж.

— Төлеутай Ысқақұлы, жас кезіңізде Тұңғыш Президентпен бірге оқып, жұмыс істеген екенсіз. Осы жайлы толығырақ айта отырсаңыз?

— Біз 1960 жылдың мамыр айында жолықтық. Теміртау қаласына Металлургия заводында жұмыс істеуге келгенде таныстық. Ол тұс, еліміздің түкпір-түкпірінен жастарды Қазақстан магниткасын игеруге, «металлург» мамандығын меңгеруге жаппай шақырып жатқан кез еді.
Бұрын беймәлім, бұл мамандықты игерген қазақтардың саны ол кезде аз болатын. Мойындау керек, металл өңдеудің технологиясы қазіргідей емес, ол кезде дамымаған болатын. Мен Теміртауға мектептен кейінгі жолдаманың арқасында келдім. Сонымен қоса, Магнитогорск қаласында бір жылдық тәжірбиеден өтіп, біраз шыңдалдым.
Нұрсұлтан Әбішұлы, біз оны ол кезде Сұлтан деп атайтынбыз, Теміртауға Днепродзержинск қаласындағы кәсіптік училищені енді бітіріп келген жас маман. Сол жылдың 3 шілдесінде домна цехы іске қосылды. Біз осылайша қызығы мен қаупі мол металлурга мамандығының иесі болып шыға келдік.
Жұмыс барысында, бөлек-бөлек бригадада жұмыс істедік. Ол бірінші, мен екінші бригадада тер төктік. Бірақ ауысым кезінде жолығып, тұратынбыз.
Заводтағы домна пешінің жұмысы тоқтамау керек, ол тәулік бойы жұмыс істеп тұруы тиіс. Ондағы металл температурасы 1300–1400 градус, қалдықтың температурасы одан да жоғары 1700–1800 градусқа жетеді. Абайламасаң өте қауіпті. Міне біз осылай қысы жазы еңбек етіп, металлургтардың өздері айтқандай металл жасап шығарумен болдық. Мойындау керек бұл өте ауыр жұмыс, сонда да мойыған жоқпыз. Жастықтың жігерінің арқасы ғой бәрі. Ол кездерде жаспыз, аяғымыз тұсауланбаған бойдақпыз.

d4ac3f832ca5eb4383cceef41464b08b.jpg

Теміртаудағы завод. Төлеутай Ысқақұлының жұмыс бөлмесінде ілулі тұрған картина. Майлы бояумен салынған.

Жатақханада да бірге тұрдық. Нұрсұлтан Әбішұлы екеуміз белсенді еңбек еттік. Әлі есімде, завод жиналысында бірінші рет еңбек екпіндісі болған бізге арнап, «Назарбаев пен Сүлейменовке «Құттықтаймыз» деген плакаттар салынып, қабырғаға ілінген. Біз сол жиналыста баяндама жасадық, жұмыстағы үлкен кісілер бізге коммунистер қатарына өтуге кеңес берді. Шындығында, ол уақытта коммунистер қатарына өту өте маңызды болатын.                                                                                         Себебі коммунист болу сенің тағдырыңды шешетін.
Нұрсұлтан Әбішұлын еңбек екпіндісі ретінде біздің домна пешінің партия бюросының хатшысы етіп сайлады. 1962 жылы партияның шешімімен, кәсіби мамандық алу үшін Қарағанды политехникалық институтына оқуға түстік. Н.Ә.Назарбаевпен бір топта оқып, жатақханада бір секцияда тұрдық. Күнделікті кешқұрым өзара сөйлесіп, қалада бірге қыдыратынбыз. Би кештеріне-де бірге баратынбыз. Өмірімнің бұл кезеңі менің есімде жақсы сақталып қалды. Сондай бір тамаша кездер еді…

— Нұрсұлтан Әбішұлы өзге замандастырыңыздан қандай қасиеттерімен ерекшеленуші еді?

— Ол адамдармен тез тіл табысатын. Арамызда осы қасиетімен ерекшеленіп тұратын. Аккардеон мен гитарада тамаша ойнап, әзіл-қалжыңды да келістіріп айтатын. Қандай жер болмасын жұрт назары сонда болатын. Көпшілік назарын өзіне аударып, пікірін жеткізе алатын. Сол уақыт аралығында Нұрсұлтан Әбішұлы отбасын құрды, тойын бірге өткіздік. Соңғы курста мен үйлендім де Нұрсұлтан Әбішұлы мен Сара Алпысқызы тойымды жасап берді.                                   Институтта 1966 жылы бітіріп диплом алдық. Оқуды тәмәмдап, отбасын құрған соң біз заводқа жас маман ретінде қайта оралдық. Өндірістегі жұмыс тәжірбиеміз баршылық. Мені бірден комсомол жұмысына жіберіп, 10000 мүшесі бар комбинаттың комсомол ұйымының хатшысы етіп сайлады. Басында келіспей, біраз туладым. Оқыған мамандығым бойынша еңбек еткім келді. Бірақ көндім. Комсомолдағы жұмыс өміріме сабақ боларлықтай, мықты мектеп болды.                           Комсомол хатшысы болып сайланып, араға екі ай өткен соң Нұрсұлтан Әбішұлын қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлады. Ол да мамандық бойынша жұмыс істегісі келіп, өндіріске барғысы келгенімен, кейін келісімін берді. Бұл қызметті ол екі жылға жуық атқарды. Сосын қалалық партия комитетінің екінші хатшысы болды да, оның орнына мен бардым. Бұл жерде-де екі жылдай қызмет етіп, комбинаттың партия комитетінің хатшысы болып қызмет ауыстырды. Мені тағы да оның орнына бардым, ол жүрген жолмен жүріп отырдым.

— Елбасы өзіне жүктелген осыншам жауапты жұмыстарды қалайша атқарды?
— Нұрсұлтан Әбішұлы, ешқашан қиындықтан қорыққан емес, әділетсіздікпен күресуден тайсалмайтын. Біреудің арқасында тұрып, тас атуға құмартпайтын, оның мінезінің ерешелігі-де осында. Нағыз көшбасшыға, елі мен халқына жаны ашитын патриотқа тән қасиет. Көпшіліктің алдында тамаша сөйлейтін. Бар нәрсеге тереңнен ойлап, орнымен шешетін. Ол заманда да күрмеуі шешілмеген мәселелер жеткілікті болатын. Тұрғын үйдің жетіспеушілігі, жастар арасындағы қылмыс, күнделікті тұтыну тауарлары жетіспей жататын. Соның бәрін шешуге тырысты. Ал Елбасымен, сол уақыттан бері байланысымыз үзілген емес, міне қарап отырсам достығымызға 54 жыл болып қалыпты. Достарды таңдамайсың, олармен тек дос боласың…
— Басқа да бірге араласып, сыр бөлісетін ортақ достарыңыз жайлы айтып бере аласыз ба?
— Нұрсұлтан Әбішұлы, Сатыбалды Ибрагимов, Қабидолла Сарекенов сосын мен. Барлығымыз да ғылым докторларымыз. Өмірдегі өз жолымызды таптық. Ұл өсіріп, немере сүйіп отырмыз. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан басталған достығымыз әлі үзілген жоқ. Бірге жасасып келеміз.
— Сіздің кәсіби дипломат екеніңіз белгілі, Мәскеуде оқығаныңызда басқа да шет елдерде жүргеніңізде, Елбасымен және басқа достарыңызбен қалай хабарласып тұрдыңыз?
— 70-ші жылдары дипломатия саласына қазақ кадрлар керек болды да, мені Сыртқы істер саласына екі рет шақырды. Отбасы жағдайыма қарап, бас тарттым. Кейін Д.А. Қонаевтың өзі айтқан соң, келісім беріп, Мәскеуге оқуға аттандым. КСРО СІМ Дипломатия академиясында тыңдаушы болып жүргенімде, Нұрсұлтан Әбішұлы обком хатшысы, кейін ОК хатшысы лауазымында, жұмыс бабымен Мәскеуге жиі келіп тұратын. Міндетті түрде жолығып тұратынбыз. Сатыбалды Тілемісұлы жұбайымен бірге Мәскеуде оқитын. Өз басым жыл сайын Алматыға келгенде, қонақ үйге емес Елбасының үйіне баратынмын.
— Тұңғыш Президентімізбен есте қалған қызықты сәттің бірін айта кетсеңіз?
— Елбасының қасында өткізген сәттің бәрі есте қаларлықтай. Жас кезімізде есте қалған сәттің бірін айта кетейін. Университетте оқып жүргенде ол, Хельсинкиде өткен дүниежүзілік жастар фестиваліне қатысты. Кейін елге келген соң, бізге шет елден алған әсерлерімен бөлісіп, жастармен кездесу өткізді.
Ең бір есте қалған сәт еліміз енді тәуелсіздігін алып жатқан сәтте болды. Ол кезде мен еліміздің сыртқы істер министрімін. Вашингтонға ресми сапармен бардық. Кешкілік 1000 адамға арналған дипломатиялық кешкі ас кезінде, АҚШ-тың жоғары лауазымды тұлғалары Нұрсұлтан Әбішұлынан қазақтың бір әнін орындап беруін өтінді. Елбасы еш саспастан Сара Алпысқызы және Дариға үшеуі екі ән орындап берді. Сосын Дариға Нұрсұлтанқызы ағылшын тілінде «I love you» әнін шырқап қоя бергенде шет елдіктердің таңданысында шек болмады. Американдықтардың маған сол кезде «Сіздер жолдарыңыз болған елсіздер. Мынандай Президенттеріңізбен бірге әлі талай белесті бағындырасыздар», — деген сөзі есімде қалыпты.

dbad6be288540caa24489da95e4f83c2.JPG

Елбасымен бірге

Мен мұны неге айтып отырмын, АҚШ секілді алпауыт ел шенеуніктері ресми хаттамада қарастырылмаған қолқа салса да, Елбасы еш сасқан жоқ. Қайта сол кеште біздің кім екенімізді, мәдениетіміздің қандай екенін көрсетті. Бұл үлгі тұтып, еліктеуге лайықты қасиет.

Ол жас күнінен тек қана өзіне сенетін. Елбасы ретінде халыққа қызмет етіп, ел сенімін, ақтап келеді. Оның өмірінің мәні-де осында. Жұмыс істеген соң Елбасы секілді, артыңда із қалдырып, тарихта өз орныңды ала білу қажет.

— Достардың Президентпен кездесуі қалай өтеді? Жиі жолығып тұрасыздар ма?
— Нұрсұлтан Әбішұлының достарымен кездесуі биылғы жылдың маусым айында болып өтті. Елбасының өзі баяндама жасады. Тәуелсіздік алғаннан бері, аянбай тер төгіп жүрген біраз адам шақырылды. Жалпы саны 500 адам болды.

f0ee3e3659392ed8831c242c46082528.JPG

Достармен бірге. Сол жақтан оңға қарай С. Ибрагимов, Елбасы, Т. Сүлейменов, А. Құлыбаев

Ал жас кезімізден бері бірге келе жатқан достар саны көп емес, шамамен 5–10 адам ғана. Онымен кездесуіміз өте қызықты өтеді, өткен-кеткенді еске алып, әңгімелесеміз. Елбасының достары ретінде біз тек алға ұмтыламыз, егер адам өткеніне үңілсе тез қартаяды, сондықтан әрқашан алға қадам жасау қажет.

— Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Олжас БЕРКІНБАЕВ

Сауалнамалар
Қандай бұйым үйіңіздің төрінде тұр?