Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Ұран» газеті кітап болып шықты

2157
«Ұран» газеті кітап болып шықты  - e-history.kz
Бүгін ХХ ғасырдың басында қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен Алаш қайраткерлерінің үні болған, 1917-1918 жылдары Бөкей ордасында жарық көрген «Ұран» газетінің жинағы кітап болып жарық көрді.

«Ұран» газеті – Бөкейлік қазақ зиялыларының 1917 жылғы сәуір съезі шешімі нәтижесінде құрылған «Ордалық мұсылман бюросы» атты ұйымның құрылтайшылығымен жарық көрген газет.

1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін қазақ зиялылары жер-жерде газет ашып, қараңғы қазақ қоғамын ояту, ұлтшылдарды ұйымдастыру, Ресей империясын түгел шарпыған аласапыран кезеңде қазақ мүддесін қорғау әрекетіне кірісті. Орынборда шығып тұрған әйгілі «Қазақ» газетінің рухани жалғасындай болып Семейде – «Сарыарқа», Ташкентте – «Алаш», соңынан «Бiрлiк туы», Керекуде «Жас азамат» т.б. газеттерi шығып, Алаш ұранын ту еткен еді. Осы басылымдардың қатарындағы «Ұран» газеті 1917 жылдың 28-шілдесінен бастап сол кездегі Астрахань губерниясына қарасты Ішкі ордалықта, Орда қаласында шыға бастаған еді. Газеттің редакторы – Ғабдолғазиз Мұсағалиев болған. Сондай-ақ газет жұмысына Ғұмар Қараш, Нұғман Манаев, Бақыткерей Құлманов, Бисен Жәнекешев, Ғабит Сарбаев сынды қайраткерлер белсене қатысқан. Бұл газетте қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Бейімбет Майлиннің өлеңдері де жарияланған.

«Ұран» газетінің жеке баспаханасы болған. 1918 жылы 17 қарашадан бастап Ордада совет үкіметі орнаған кезде, большевиктер «Ұран» газетінің орнына «Известия-Хабар» атты газет шығарған. Бұл баспахана «Тұңғыш қазақ совет баспаханасы» аталған. 

«Ұран» газеті Алаш идеясын қолдап, ұлттық-автономиялық бағытты насихаттағаны үшін Кеңес үкіметі жылдарында бұл басылым туралы айтуға, зерттеуге қатаң тиым салынған.

«Ұран» газеті туралы Сәкен Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында: «Бөкей ордасының біраз оқығандары, ақын, молда Қарашұлы бас болып, «Ұран» деген газет шығарып, «Алашорданы» ұран қылып тұрды... Қарашұлы Омар «Алаш» ұранын жыр қылып, кітапша жазып шығарды. Ұмытпасам, кітапшасының аты «Терме» (дұрысы «Тұрымтай» - Қазбек Құттымұратұлы) еді. Кітапшасында Әлекеңді мақтайды», - деп жазған.

Дихан Қамзабекұлы, ф.ғ.д., профессор, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры:
– 1917-1918 жылдары «Ұран» газеті Алаш қозғалысы кезіндегі Алаштың Батыс өңіріндегі ақпаратты, оқиғаларды жеткізіп отырған қайраткерлердің үні болған басылым. Зерттеушілер бүгінгі күнге дейін 48 саны шыққандығын айтады. Бірақ ол нақты сан емес. Оралдың азаматтары бүгін 10 данасын кітапқа басып шығарып отыр. Бұл басылымның ерекшелігін оның түпнұсқасымен қатар шыққандығында. Сондықтан да ғалымдар оның фотокопиясына қарай отырып зерттеулерін жүргізе алады. Бұған дейін «Ұран» газеті жоғалған, яғни жоққа саналып келген болатын. Бұны ғалымдар жекелеген архивтерден, жеке адамдардың фондынан тауып отыр. Сонымен қатар Алматыдағы кітап музейінен де бірнеше саны табылған. Бұл басылым жинақ түрінде журналистика тарихы, тарих, әдебиет тарихын оқытатын сала мамандарына көп пайдасы тиеді деп есептеймін.


Жантас Сафуллин, «Жайық Пресс» ЖШС Бас директоры:

– Батыс Қазақстан облысында «Орал өңірі» және «Приуралье» деген қос газет бар. Былтыр солардың 95 жылдығын өткіздік. Сол кезеңде менде неге біздің газеттердің тарихы Кеңес үкіметі орын алғаннан кейін басталады, одан бұрын да баспасөздің болғаны белгілі ғой деген күдікті ой пайда болды. Олардың бастауы қайда жатқандығын білу үшін осы газеттердің тарихын зеттеуден бастадық. Сөйтіп осы газеттің бастауында тұрған кісілердің жазбаларынан бұрын «Ұран» деген газет шыққандығы туралы жазбаларын оқыған болатынмын. Кезінде шыққан «Хабар» газетін Ресейдің архивінен алып келіп, бірінші нөмірін ашып қарасақ соның араб әліпбиінде жазылған нұсқасында Қаулы тұр. Қаулыда жаңа баспахананы «Ұран» баспаханасымен біріктіріліп баспа ісін біріктіру туралы жазылған. Сонда біз біздің газеттің бастауы сонау «Ұраннан» басталған ғой деп, «Ұранды» іздей бастадық. Сөйтіп Ресейдің барлық архивтеріне «Ұран» гезетіне сұрау салдық. Бірақ біреуінде де оның жоқ екендігін айтылды. Содан сол кезеңде Мақсат Тәжімовпен бір сөйлескенімізде осы «Ұранды» іздеп жатқанымызды айтқан едік. Ол оны аяқ астынан Кітап музейінен тауып алып, көшірмесін бізге жіберді. Екінші бөлігін Орал облыстық музейінде кезінде Мұстафа Смағұлов деген кісінің жасаған фотокөшірмелерінің он шақты нөмірінің көшірмесін алдық. Барлығы шамамамен 49 бет. Оның барлығын араб әліпбиінен кириллицаға ауыстырып, арнайы кітап етіп шығарып отырмыз. Мұнда газет фотокөшірмесімен беріліп отыр.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?