Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Машанидың 108 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті

1051
Машанидың 108 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті - e-history.kz
Үстіміздегі жылдың 31 қазанында Л.Гумилев атындағы ЕҰУ «Отырар ғылыми кітапханасында» ғұлама ғалым, Ақжан Машанидің туғанына 108 жыл толуына орайластырылған дөңгелек үстел отырысы өтті.
Үстіміздегі жылдың 30 қазан күні «Ғұлама ғалым әл-Машанидың рухани мұрасы және ұлт тағылымы» атты ғылыми-танымдық дөңгелек үстел өтті. Ғалымның тікелей туыстары мен қоғам қайраткерлері қатысқан іс-шараны бірінші болып, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, ф.ғ.д., профессор Диқан Қамзабекұлы ашты. 

e1168021b1d03252865750237f33aee8.JPG

Біз осы орайда ғалым мұрасы жайлы Диқан Қамзабекұлының пікірін білуді жөн санадық: «Ақжан Машани Кеңес дәуіріндегі Қазақстан мен тоталитарлық жүйеде ғылыми ойлауды, шығыспен байланысты рухани қарым-қатынастың ара-жігін ашып, негізін көрсете білген адам. Қазір айтуға оңай болғанмен, сол замандарда ол кісінің зерттеу тақырыбы өте қиын болды. Мамандығы маркшейдер болғанымен, рухани әлеуеті мен ғылымға деген құлшынысы, тамыры терең тарихымызды білуге деген талпынысы ерекше Ақжан Машани 60-70-ші жылдары қазақтың ізденімпаз жастарының үлкен ғылымға келуіне сеп болды. Машанидың еңбектерін сол кездің түсінігімен қарап, қазіргі кездің көзқарасымен бағаласақ идея деп қарауға болады. Бұл жай ғалым емес, халықты жұмылдыру бағытында тұжырымдамаға айналып кеткен еткен тұлға. Ол жастарға жігер бере білді. 70-ші жылдары жарық көрген еңбектері мен «Білім және Еңбек» журналына жарық көрген мақалалары көптеген жастарға жарық жол ашты. Қазіргі кездегі гуманитарлық бағыттағы ғалымдар заманында Машани еңбектері өздеріне ерекше әсер еткенін жиі айтып жүреді. Біз Ақжан Машаниды өз саласының маманы ғана емес қазақтың рухани және діни негіздерін байыптаған азамат ретінде тарихта қалады деп білеміз». 

a775393f6721674f0eb456f0b4d32410.JPG

Дөңгелек үстелге келген ғалымдар
Ақжан Машанидың қысқаша өмірбаянына тоқталсақ. Ақжан Жақсыбекұлы 1906 жылдың 2 қарашасында Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Ол Машан бидің немересі. Машан Жамантай төренің кеңесші биі, аузымен орақ орған шешен болған. Қазақ ұлттық техникалық университетінің түлегі, тау-кен инженері, қазақтың заңғар жазушысы Ілияс Есенберлин өзінің “Қаһар” атты романында Машан бидің атақты Ағыбай батырдың досы, Құнанбай, Құдайберді тәрізді адамдармен үзеңгілес, туыстық та қарым-қатынаста болғанын, қаз дауысты Қазыбек бидің досы болғандығын жазған. Құнанбай қажы мен Машан би жылына бір рет Қоянды жәрмеңкесінде бас қосып отырған екен. Осындай бір кездесуде атасымен бірге жәрмеңкеге барған бала Ақжан Шәкәріммен де кездескен. Ақаңның әкесі Жақсыбек Құранға жүйрік, сол кездердегі “Айқап”, “Дала уалаяты” атты газеттерді жаздырып оқитын адам болған. Ақжан алғаш әліппе тануды өз әкесінен, кейін кеңес мектебінен үйренген. 1924 жылы Қарқаралыдағы Әлімхан Ермеков негізін қалаған педагогикалық техникумға түсіп, Әлекеңнен, Ахаңнан (Ахмет Байтұрсынов) дәріс алған. Міне, осындай ойшылдардың ортасында жүріп, тәлім-тәрбие алған Ақжан Жақсыбекұлының ғұлама ғалым болмауы мүмкін емес еді. Ақжан ата бойындағы әділдігі, сабырлылығы, зеректігі, зерделілігі, ізденімпаздығы атадан балаға ұласқан сарқылмас қазынаның жалғасы деп білеміз. Ақжан әл-Машани - еуропалықтар Шығыс Аристотелi деп атаған, дүниежүзiлiк екiншi ұстаз Әбу Насыр әл-Фарабидiң Отырардан шыққан Қыпшақ тумасы екендiгiн алғаш дәлелдеп, он бiр ғасырдан соң ұрпағымен қауыштырған, баба мұраларын жан-жақты зерттеп, фарабитанудың көпiрiн тұрғызған ғалым. Ұлы бабаның Дамаскiдегi Баб ас-Сағир зиратынан қабiрiн тауып, мiнәжат етiп, бiр уыс топырағын Отырарға әкелген тұңғыш қазақ. Сол жолы ол Сирия үкiметi тарапынан бабасының басына құлпытас орнатуға мұрындық болған. Және «әл-Фараби» 1970 жылы жарық көрген тарихи деректi кiтабында ұлы бабаның көркем бейнесiн тұңғыш сомдаған қаламгер. Фараби еңбектерiн қазақ тiлiнде тұңғыш сөйлетiп, оның трактаттарын аударды. Еңбектерiн тереңiрек зерттеп, зерделеу үшiн өз қаржысымен әл-Фараби ғұмыр кешкен Таяу Шығыс елдерiн аралап шыққан. Мұның бәрiн ғалым кешегi қызыл империя қыспағында жүрiп-ақ, дiнiнен алшақтап, дiлi титықтай бастаған елiнiң ұлттық рухын ояту үшiн жасаған ... Ақжан әл-Машани - ғұмырының 40 жылдан астам уақытын әл-Фараби мұрасын зерттеуге сарп етiп, бабаның ғылыми өмiрбаянын жасауда теңдесi жоқ мұра қалдырды. Ол қазақтың eki ұлы даналары әл-Фараби мен Абайдың арасындағы рухани байланысты аша отырып, «Әл-Фараби Абай және» зерттеуiн жасаған, абайтанудың ренессанстық соны зерттеуiн берген. Сондай-ақ, жер ғылымының жаңа саласы - геомеханиканың негiзiн салушы және елiмiзде оның мектебiн құрушы ғалым. Елiмiзде жаңа кен орындарын ашуда да өзiндiк қолтаңбасын қалдырған. Жалпы, әл-Машани 200-ден астам ғылыми мақалалар, 10 монография, 5 оқулық және 8 ғылыми көпшілік кітаптар жазып, артына өшпес мұра қалдырған ғалым. Осы еңбектері арқылы ғалымның кемеңгерлік қырлары жарқырай көрініп, есімі елге мәшһүр болды. 2001 жылдың 12 қазанында Оңтүстік Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Б.Сапарбаевтың қолдауымен халықаралық деңгейде әл-Фарабидің 1130 жылдығы аталып өтті. Әкім бекіткен арнайы сыйлық және Әбу Насыр әл-Фараби атындағы сыйлықтың №1 куәлігі артына мол мирас, өшпес іс қалдырған әл-Машаниға берілді. әл-Машанидің ғылымға қосқан зор үлесін және ғылыми педагогикалық қызметін жұртшылық Үкімет пен жоғары бағалады. Ол Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, көптеген медальдар және Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. 
Осы жерде Машани жайлы және оның Ленин орденін қалай алғаны жайындағы қызықтың жайтты ол кісінің күйеу баласы Кеңес Тықмет ағамыз айтып берді: «Мен ол кісімен 1978 жылдан бастап, жиі араластым. Нағыз ғылым адамы еді. Әл-Фараби мұрасын Қазақстанға алып келген, өте дарынды адам еді. Діндарлығы мен сабырлылығының өзі неге тұрады шіркін. Еш адамға қатты бір ауыз сөз айтпайтын жарықтық. Өмірден озарынан бір жұма қалғанға дейін жазу үстелінен тұрған жоқ. Күні-түні дамылдамай жазатын. Дүниауи әурешілікпен дым-дым жұмысы жоқ еді. Зайыбы екі күн үйде болмай жұмыстармен кеткенде, әуелім газдың өзін қалай қосуды білмей күтіп отыра берген ғой жарықтық. Керек болса нанның да бағасын білмейтін еді. Ғалымдығына қатысты бір жағдайды айтайын. Бір күні ол кісімен қонаққа бірге баратын болдық. Үйінің алдында барып, көлігіммен тосып тұрғанда, бәйібшесі «Кеңес келді» деп асықтырып, алып шықты. Ол кісі үндеместен бізбен бірге қонаққа барды. Дастарқан басында отырғанда, қол сүрткіш қағазға жазуларды түсіре бастады. Сөйтсек ол кісі үйінен бастап, қонаққа жеткенше ойланып, қорытындысын бір ақ жазған екен ғой (Көзіне жас алды). Бірауық үндемей отырды... Бұл кісі дүние мен атаққа қызықпаған. Кеңес үкіметі оны «Ленин орденімен» марапаттады. Онда да жарқыратып бермеді. Орденді халықтың көзінше емес, жай бір кабинетте кеудесіне қадады. Сол жерде бір кісілер «Аға, намаз оқып, мешітке барады екенсіз, соны қойсаңыз» деген ғой. Сонда Ақжан ағамыз «Әй, сонда мені соны айту үшін шақырдыңдар ма? Мә, теміріңді өзің ал» деп шығып жүре берген ғой. «Ленин орденін» алмай кетіп қалған! Ғылымға берілген адам ғой, көрдің ба? 
Осындай ғылым адамына бүгінде Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ жанындағы жаратылыстану гуманитарлық институтына Ақжан әл-Машани есімі берілген. 
Ал бүгін ғана болып өткен шараның мақсаты: ғалымның алда келе жатқан 110 жылдығы қарсаңында Әл-Машанидің ғылыми мұрасының танымдық және бұқаралық-ақпараттық маңызын саралау, оны қоғамның тарихи жадын жетілдіру тұрғысынан насихаттау болып табылады.
Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?