«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Дін – дүниенің діңгегі

2370
Дін – дүниенің діңгегі
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бесінші съезі 2015 жылғы 10-11 маусымда Астанада өтеді

Форумның басты тақырыбы «Бейбітшілік және даму жолындағы діни көшбасшылар және саяси қайраткерлердің үнқатысуы» болып белгіленді. Съезд хатшылығының ХІІІ отырысының қорытындылары бойынша осындай шешім қабылданды. 

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері 

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ең алғашқы съезі 2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде Астана қаласында өтті. Ислам, христиандық, иудаизм, синтоизм, индуизм және буддизмнің беделді өкілдері қатысқан съездің барлық іс-шаралары конфессияаралық және ұлтаралық қатынастардағы зорлық пен терроризмге қарсылық құралы ретінде көрініс тапты. 

Съездің қатысушыларының беделі мен жоғары деңгейде ұйымдастырылуынан бұл шара Қазақстанның бастамасының табысты жүзеге асырылғанын аңғартты. Съезге қатысушылар арасында бүгінгі әлемдегі діннің рөлі және кез келген діни моральдық құндылықтардың жалпыадамзаттық сипаты жөнінде ашық пікірлесу өтті. 

Съезде өркениеттер, конфессиялар, халықтар арасында құрылымдық келісімді нығайту мен келіссөз орнату жолында батыл қадам жасалды. Дінаралық келіссөз, қоғамдық даму мен барлық халықтың әл-әуқатын жақсартудың негізгі кілттерінің бірі болып табылатындығы баса айтылды. Әлем бойынша тарихи маңызға ие форум дүниедегі жан баласының бейбіт, тыныш, лайықты өмір кешуі үшін түрлі діндердің ынтымақтастығы, бірлігінің қажеттілігін көрсетіп берді. 

Бұл бірегей бастаманы К. Аннан, Дж. Буш, М.Тэтчер, Цзянь Цземинь, Н. Манделла, Ж. д’Эстен секілді саясаттың ірі қайраткерлері қолдады. 

Екінші съезд Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың төрағалық етуімен 2006 жылғы 12-13 қыркүйекте Астанада өткізілді. Сол жылы форум жұмыстары үшін арнайы салынған «Бейбітшілік және келісім сарайы» салтанатты түрде ашылды. «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» атты жалпы тақырып аясында «Діни наным-сенім бостандығы және өзге дінді ұстанушыларды құрметтеу» және «Діни көшбасшылардың халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы рөлі» деген екі негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылған екінші форум жұмысына 29 делегация қатысқан. 

Съез қатысушыларының баяндамаларында конфессияаралық және ұлтаралық қатынастарда зорлық пен террор әдістеріне қарсы қойылған Дін форумын ұйымдастырғаны үшін Қазақстан Республикасына, оның Президентіне алғыстар айтылды. 

Ал съезд қорытындысы бойынша оған қатысушылар барлық дін және этникалық топтар өкілдерін мәдени және діни айырмашылықтар негізінде қақтығыстар тудырмауға шақыратын бірлескен декларацияны қабылдады. Бұл құжатта «қақтығыстар идеологиясын» «әлем мәдениетіне» алмастырудың жаһандық қажеттігі көрініс тапты. 

2009 жылғы 1-2 шілдеде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының үшінші съезі өтті. Съездің алғашқы күні «Өзара құрмет пен ынтымақтастық және толеранттылық негізіндегі әлемді құрудағы діни көшбасшылардың рөлі» атты тақырыптың аясында өтсе, келесі күні іс-шара «Моральдық және діни құндылықтар», «Сұхбат және ынтымақтастық», «Пікірлестік әсіресе, дағдарыс кезіндегі пікірлестік» болып жалғасын тапты. 

Үшінші форумның қорытындысы бойынша діндер мен өркениеттердің өзара түсіністік пен құрметті жақсартуға бағытталған үнқатысуын қолдауға, жұртшылықты шынайы дінаралық диалог орнату үшін діни көшбасшылар мен ұйымдардың күш-жігерін қолдауға және арттыруға, шақырған бірлескен декларация қабылдады. 

Бұл жолғы съездің ерекшелігі сол, съез қатысушыларының үндеуі қабылданды. 

2012 жылдың 30-31 мамырында Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының төртінші съезі «Бейбітшілік пен келісім – адамзат таңдауы» атты тақырыптың аясында өтті. Форумға 40 елден 87 делегация қатысты. 

Төртінші съезд отырысы «Орнықты дамуға қол жеткізудегі діни көшбасшылардың рөлі», «Дін және мультикультурализм», «Дін және әйелдер: рухани құндылықтар мен заманауи талаптар», «Дін және жастар» деген төрт секция тақырыбында өтті. 

Съезд жұмысының қорытындысы бойынша әлемдік діни көшбасшылар бүкіл адамзатты ғаламшарымыздың болашағы үшін өзара ықпалдастыққа, келісім мен бейбітшілікке, әділеттілік пен жасампаздыққа ұмтылуға шақырды. Ал Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық толеранттылық пен сенімнің қалыптасып нығаюына арналған, G-Global порталының құрамдас бөлігі болатын интернет ресурсын жасауды ұсынған болатын. 

Бейбітшілік сүйгіш, әділдікті көксеп, адалдықты жақтайтын елдің ертеңі жарық. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін жүйелі әрі тұрақты түрде өткізу арқылы Қазақстан бүкіл әлемдік қоғамдастыққа бейбітшіліктің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Этносаралық және конфессияаралық келісімді қолдау саласында еліміздің мол тәжірибесі бар.