Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Адалдыққа арқа сүйейтін ҰОС, ІІМ ардагері, отставкідегі милиция подполковнигі Темірғали Әділбеков.

1463
Адалдыққа арқа сүйейтін ҰОС, ІІМ ардагері, отставкідегі милиция подполковнигі Темірғали Әділбеков. - e-history.kz
Дүниені дүр сілкіндірген сұрапыл соғыс басталғанда ол мұрты енді тебіндеп келе жатқан қылшылдаған жас жігіт еді. Нағыз жарқылдаған жастық шақтың қызығын көретін 18 жасқа толып үлгерген-ді…

1942 жылдың қара суығында әскер қатарына алынады. Ақмола, Көкшетау, Қарағанды облыстарынан әскерге шақырылғандармен бірге қызыл вагонға мініп, Батысқа қарай — соғыс майданына аттанады. Пыс-пыс еткен тепловоз, құдды әзірейілдей жалаңдап, сарбаздардың жастық шағын «ұрлап», қан майданға асыққандай жылдам қозғала берді… Ол жақта өздерін не күтіп тұрғанын жас сарбаздар анық ұқпаған еді…
«Есіл өзен — Қараөткелдің қаласы, шақырады алыс жердің даласы, туып-өскен жер, қош, аман бол…» деген бірауыз өлеңді жатқа айтқан жас сарбаздарды қызыл вагон, Ақмола-Қарталы теміржолы арқылы Ресейдің Уфа қаласына алып келеді. Әскерлерді 1–2 ай соғыс тәсілдеріне үйреткен соң, 1942 жылдың жаз айының орта кезінде нағыз қан майданға — Брянск қырғынына аттанады…

4c733d951c49eabb4df9c9f921c6be0a.jpg

ҚЫРҒЫНҒА АПАРҒАН ҚЫЗЫЛ ВАГОН

Ұлы Отан соғысының ардагері, милиция подполковнигі туралы жазбақшы болып үйіне арнайы іздеп барғанымызда, Ұлы Отан соғысының ардагері, отставкідегі милиция подполковнигі Темірғали Әділбеков, ақсақалдың қызы Айман апай бізді жылы шыраймен қарсы алды. Батыр атамыз жатқан бөлмеге алып кірді. Қарт жауынгер, бізді күтіп отырғанын білдіргісі келгендей-ақ, диванда бойын тіп-тік ұстап отыр екен. Құлағының нашар еститіні болмаса, әлі тың. Әңгімеге-де қаражаяу емес екені көрініп тұр. Амандық-саулық сұрасып жатқанда атамыздың сол қолына еріксіз көзім түсті. Сұқ саусағын оқ жұлып кетіпті. Осыны сезсе керек, майдангер атамыз екі көзін бір нүктеге қадаған күйі әңгімесін бастап кеп жіберді…«Орлов-Курск бұғазындағы майдан… Айнала көк түтін. Гүрс-гүрс еткен дыбыстан құлағың тұнады. Жан-жағымыз жарылған бомба… — деді төс қалтасынан беторамалын алып, жасаураған көздерін сүрткен 91 жастағы, ақсақал. — Түс кезінде старшина өзінің аспазын ертіп келіп, бізге тамақ берді. Снарядтар бірінен соң бірі жарылып жатыр… Қасығымыз, шағын құтымыз бар. Аспаз тез-тез тамақ салады. Апыл-ғұпыл ішіп жатырмыз тамақты. Ішпесең, бірнеше күн бойы аш қалатының анық. Кенет, ту сыртымыздан гүрс еткен дыбыс шықты. Құлағым лезде шың ете қалды. Көз алдым бұлдырап, аяқ-қолдарым дір-дір етті. Қолымдағы құты мен қасығым ұшып кеткен. Бет-аузым қанға малынған. Сол қолымның сұқ саусағын жарылған снарядтардың жарқыншақтары жұлып түсіріпті. Жалма-жан білегімді қысып ұстап алдым. Жанымда жатқан бір сарбазға: „Әй, менің мына саусағымды байлап бер!“ — дедім. Сөйтіп, өзім белбеуімді шешіп, қолымды мойныма асып алдым. Соғыс болып жатқан жерден бірнеше шақырым қашықтықта „полевой“ госпиталь бар еді, палатка ғой тігілген. Соған бардым. Іші лық толы жараланғандар. Госпитальда қолымды бинтпен орап берген соң, қолымен нұсқап „осы жақтан көлдеңнен теміржол жатыр, пойыздың бос вагондары болады. Соларға мініңдер, сендерді тылға алып кетеді“, — деді. Менен-де басқа жараланғандар бар еді. Нұсқаған жағына жүріп келе жатсақ, алыстан бір үй көрінді. Казарма екен. Мұнда да маңайы лық толы жараланғандар. Немістің ұшақтары көріп қалып, бомбылап кетпесін деп жасыл желекпен көмкеріп қойыпты. Біз күндіз жолға шыға алмайды екенбіз. Немістердің ұшақтары көріп қойса, тура бомбының астына алары сөзсіз. Сосын түнде жол жүріп, Тула қаласына келіп жеттік. Онда теміржол вокзалын госпитальға айналдырып жіберіпті. Госпитальдың бастығы „қолы жараланғандарды біз алмаймыз, қайта вагонға мініп, терең тылға барасыңдар. Қай жерде госпитальда орын бар, сонда алады“ деді. Амал жоқ, қайта жүріп кеттік. Біршама жерді артқа тастап, Кадаш деген қалаға атбасын бұрдық. Мұнда әскери госпиталь бар екен. Сонда 2 айдай жаттым. Комиссия ауыр жараланғандарды елдеріне қайтарып жатыр. Жеңіл жарақаты барларды зауыттарға жұмысқа жіберуде. Маған „соғысқа жарамайды, еңбек майданына жарайды“ деген тілдей қағаз берді. 

9f3edb99a6eac69751cd47bfc73308de.jpg

Әскери комиссариатқа жіберді. Содан мені олар Мордовский АССР-дің Яскаралы қаласына жұмысқа аттандырды. Менен басқа да сарбаздар бар еді. Ол жақта бізді қабылдап алған адамдар „бұл арада, ағаш кеседі, ағаш кесуге қолдары жараланғандарды алмаймыз“ деп біздің кейбіреуімізді кері қайтарды. Қайта келдік әскери комиссариатқа. Не елге жібермейді, не бір жерге тұрақтатпайды. Не керек, бір кезде бізді Мәскеу облысының Липецк қаласына жіберді. Онда әскери зауыт бар екен. Қирап жатқан танк, жан-жаққа шашылған техника… Оларға да жұмыс істеу үшін аяқ-қолы балғадай сарбаздар керек екен. Мен болсам қолымнан жаралымын. Сөйтіп, елге барудың сәті түсіп тұрды ма, әйтеуір, Мәскеу-Алматы пойызы арқылы елге жетіп алуды ойладым. Бірақ қолымда құжаттарым жоқ еді. Куйбышев қаласында әскери комендатураның бастығы „бәлкім, қашып жүрген қу шығарсың" деп 2 ай бойы түрмеде қамауда ұстады. Кейін әбден тергеп-тексергеннен кейін „қайда барсаң, онда бар“ дегендей босатып жіберді. Сөйтіп, 1943 жылдың желтоқсан айында елге оралдым. Ақмола қаласына келіп, Аршалы ауданына жеттім. 1944 жылы мамыр айында Алматыға 2 жылдық Милиция мектебіне оқуға түстім. 1945 жылы оқу орнын бітіріп шығып, Ақмола облысының қарауына жұмысқа жіберілдім…“ Ардагер аз-кем ойланып қалды. 1955 жылы Тың игеру басталған уақытта Есіл ауданы 5 ауданға бөлінген еді. Державин ауданы Баранкөл деген совхоздың орталығы болады деген қаулы шыққан-ды. Райком, прокуратура, райисполком — барлығы сол совхоздың директорының кеңсесін жұмыс орны етіп алған болатын. Милицияға бір жұмыскердің екі бөлмелі үйін кеңсе етуге берді. Бір үстелде милицияның әр құрылымы — ГАИ, Қылмыстық іздестіру, Паспорттық үстел… араласып отырып қызу жұмыс істейтін.

Кейін бұл жер аудан орталығы болуға жарамайды деген шешім шығарылады. Теміржолдың қашықтығы әсер етсе керек. Сол уақытта Есіл-Арқалық теміржолы салынып жатқан еді. Карта бойынша есептеліп, сызылып, 118 шақырым жерге Державин ауданының орталығын көшіреді. Мидай дала… Көшіп барған милиция қызметкерлері шұбырып жүріп шатыр тігіп, жұмыстарына кірісіп кеткен. Кейін сол маңайдан сотталғандарды қамау үшін „времянка“ салынды… Сотталғандар демекші, оларды милиция қызметкерлері Атбасар түрмесіне зор қиындықпен апаратын. Көлік жоқ. Державинмен арасы 150 шақырым жер. Арқаның аязды күндері жазықтыларды тіркеменің „будкасына“ қамап, трактормен жол жүреді…

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз-де осындай қиыншылықтарды бастан кешіп жүріп ел алдындағы, Ар алдындағы жауапкершілігін бір сәтке-де ұмытпай еңбек етті…
ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫНА ТӨЗІМ ЖЕТІСПЕЙДІ
»Қазіргі полицейлерге көңіліңіз тола ма?» деп сұрадық біз ардагерді ауыр ойдан арылтқымыз келгендей.

«Әрине! — деді қарт полицей менің жүзіме барлай қарап. — Қазір шүкір, тәртіп сақшыларының жағдайлары жаман емес. Заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Астарында шетелдің көліктері. Қылмыскерлерді дереу құрықтау үшін жағдайлар жасалған. Ал біздің кезімізде көлік деген болған жоқ. Бір ауылға барар болсақ, жолай өткен кісіге өтініш айтып атына мінгесетінбіз. Кейде, тіпті, өгіз жегілген арбамен-де іссапарларға шығатынбыз. Қақаған қыстың күндері жолға трактормен, ал жақын жер болса жаяу-жалпылап аттанатынбыз. Тіпті, осы күнгідей кеңсеміз-де болған жоқ. Кәдімгі жер үйдің бөлмесін паналап, бір үстелде бірнеше қызметкер қатар отырған жағдайлар да болғанын жоғарыда айттым. Оны айтамын-ау, кеңсе етіп алған үйдің бос бір бөлмесіне ұсталған күдіктілерді қамайтынбыз. Өйткені, жаңадан құрылып жатқан Аршалы ауданында түрме жоқтың қасы еді. Міне, біз осындай қиыншылықтарды көрсек те, берген антымызға адал болуға тырысып, бейнетке төзіп еңбек еттік. Ал қазіргі жас полицейлерге төзім жетіспейтіндей көрінеді…» Әлқисса. Кейіпкеріміз Темірғали Әділбеков, ақсақал 1923 жылдың 1 мамырында Целиноград (қазіргі, Ақмола) облысына қарасты Вишневка (қазіргі Аршалы) ауданының Қойгелді ауылында дүниеге келген еді. Бейбіт күнде-де бар күш-жігерін құқық бұзушылықпен күреске жұмсаған ол 97 саптық 136-атыс дивизиясында қызмет атқарып, бірнеше жауынгерлік әрекетке қатысқан. Атап айтқанда, 1942 жылы Брянск, 1943 жылы Орлов-Курск бұғазындағы майдандарға араласып, өмір мен өлім арпалысқан аласапыран күндердің бірінде жарақаттанып қалады. Еске сала кетейік, Курск шайқасы (1943 жылғы 5 шілде — 23 тамыз) — өз ауқымы, іске қосылған күштер мен құралдар, қауырттылығы, нәтижесі және әскери-саяси салдары бойынша Ұлы Отан соғысының негізгі шайқастарының бірі. Бұл — адамзат тарихындағы ең ірі танк шайқасы болды. Оған шамамен екі миллион әскер, 6 мың танкі, 4 мың ұшақ қатысқан екен. Кеңес әскерлерінің жеңісті жолы да осы Курск шайқасынан басталған болатын…

Осы сәтте Ұлы Жеңіс туының көкте желбіреуіне барынша күш-жігерін аямаған қарт жауынгер ойына әлдене түскендей маған қарай ұмсына түсті: «Айтпақшы, майдан даласына алғаш келгендіктен есімде сақталып қалған ба, әйтеуір, Иван Резинкин мен Александр Коладиев деген орыс майдандастармен бірге бастан кешкен оқиғаларды еш ұмытпаймын. Содан бір мысал келтірейін… Бірде жаңадан майдан даласына келген біздерді эшалонның бастығы «сен анда, ал сен мұнда барасың" деп әрбірімізді әр жерлерге бөліп жатқан. Бірақ мен жалғыз өзім қалып қойыппын. Ал әлгі Иван Резинкин деген-де өзіне сарбаздарды ертіп алып кетуге келіпті. Өзім телефонист едім. Эшалонның бастығы әлгі Резинкинге «Мы всех раздали, только вот этот малыш остался» деді. «Дядя Ваня» мені «давай, малыш, за мной» деп ертіп алып кетті. Соғыстың не екенін білмейміз ғой. Өзектің бойымен жол жүріп келе жатып бір, ағаштың қалқасына тоқтағанымызда ол саусағымен аспанды нұсқап, «ананы көрдің бе?» деп сұрады. «Иә, көрдім. Воздушный шар» дедім. Ол «Иә, ол — воздушный шар. Бірақ біз оны „колбаса“ деп атаймыз. Ол — немістердің барлау аппараты» деді. Екі кісілік орны бар екен. Қыбыр еткеннің бәрін жоғарыдан бақылап отыратын көрінеді. Егер жыбырлаған нәрсе көрсе, бірден снарядпен атқылайды екен. Біз тұрған жерден 100 метр қашықтықтағы бір өзек бар екен. Қалайда соған жетуіміз керек. «Дядя Ваня» маған «ал, кеттік, жүгіреміз!» деді. Екеуміз безектей отырып әлгі өзекке жетіп алуымыз керек екен. Біз жанұшыра жүгіріп келе жатқанда дәл жанымыздан снарядтар жарылып жатты. Әйтеуір екеуміз-де сай ішіне құлап үлгердік-ау… Кенет тура жанымнан «гүрс» еткен дыбыс шықты. Құлағым шыңылдап қоя берді. Абырой болғанда, ағаштың қалқасына тығылыңқырап жатыр едім. Топырақ көміп кетті. Сол кезде «Малыш, сен жараланып қалған жоқсың ба?» деп сұрады Александр. «Жоқ, бәрі дұрыс сияқты. Ауырсынып тұрғаным жоқ" деп жауап бердім…» деп ардақты ардагер тағы да бір сәтке үнсіз қалды. Мен-де оның ойын бөлгім келмегендей ләм демедім…

ҚАЗАҚТЫҢ ОЮЫМЕН  БЕЙНЕЛЕНГЕН ҮНПАРАҚ

1944–1945 жылдары аралығында Темірғали, ақсақал ішкі істер органдарындағы қызметін 1945 жылы, Ақмола облыстық ІІМ-нің Есіл ауданы бөлімшесінің арнайы комендатура коменданты ретінде бастаған. Жауапкершілігі мол бұл қызметке ғұмырының 33 жылын арнаған ардагер абыройлы қызмет атқарып, милиция подполковнигі шеніне ие болады. Зейнеткерлікке, Ақмола облыстық ІІБ Вишневка (қазіргі Аршалы) аудандық ІІБ-нің медициналық айықтырғыштың бастығы лауазымында шыққан. ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» төс белгісімен және басқа да медальдармен марапатталған. Темірғали, ақсақалдың қызы Айман апай бізге әкесінің сурет салатын өнері бар екенін, тіпті соғыста жүріп те суретшілігін тастамағанын жеткізді. Осы жөнінде сұрап үлгердік майдангерден. «Мектеп қабырғасында жүргеннен бері сурет салуға бейім болдым, — деді ол бізге қарап жымиып. — Мектептің ұрандарын жазып беріп, қабырға газетін безендіретінмін. Соның пайдасы тиді соғыста. Ленинградтың тумасы лейтенант Смирнов деген „политрук“ болатын. „Боевой листок“ — үнпарақ шығаруға тапсырма берген еді. Мен оған сурет салуға қабілетім бар екенін айттым. Маған қағаз, бояудың түр-түрін әкеп берді. Мен әлгі үнпарақтың ұрандарын әдемілеп жазып, қазақтың оюымен безендіретінмін. Жоғарғы жағына қара тушпен „Смерт — немецким оккупантам!“ деп тақырыбын жазып қоямын. Сол кезде мені бәрі арқадан қағып, риза болатын…»

«Ата, Халықаралық энциклопедияға есіміңіз еніпті деп естіп едім…» дедім майдангерге. «Иә, жоғарыда айтқанымдай, адал қызмет еткен адамның еңбегі бәрібір еш кетпейді. Мені халық та ерекше жақсы көрді. Бірде Державинде қызмет етіп жүргенімде Мәскеуден тапсырма келіпті. Облыс бойынша жақсы жұмысымен, кәсібіне деген адалдығымен көзге түсіп жүрген бір милиция қызметкерін марапаттауға шақырыпты. Еңбегімнің жемісі болар, Целиноград облысы бойынша мен ұсынылыппын. 1975 жылы Мәскеуге бүкіл Кеңес өкіметі бойынша 300-ге тарта делегат, ағылған жиналысқа мен-де бардым. КСРО ІІМ-нің бастығы, армия генералы Шолоховтың бұйрығымен марапаттады. Менің аты-жөнім жазылған қолсағат сыйлыққа берді. 

Милиция күні мерекелерінде-де медальдарға ие болып жүрдім. Сондай бір сәтте Державин аудандық ІІБ бастығы Колечников „Мына марапатты облыстан жіберіп отыр. Маған салса саған орден берер едім!“ деп күлетін». «Ақырын жүріп, анық басқан…» Осы сәтте біз қарт құқық қорғаушыдан қызығушылықпен: «Ата, сақшы болып жүргендегі басты ұстанымыңыз қандай еді? — деп сұрадық.
«Ешқандай арамдыққа барғаным жоқ. Параның маңайына жолаған жоқпын. Абай атамыз айтқандай, „ақырын жүріп, анық бастым“ деп ойлаймын, зейнетке капитан шенімен шықтым. Сол кездің қатыгез саясаты бойынша орыстардан өзгесін майор шеніне дейін көтермеу туралы бұйрық болыпты. Кейін майор шенін алдым. Өзіміздің ІІМ 2012 жылы подполковник шенін берді. Қазір екінің бірі шен алып жатыр ғой…» деді, ағынан жарыла. «Бүгінгі жас тәртіп сақшыларына айтар тілек-өсиеттеріңіз бар ма?» деп сұрадық ардагерден қоштасар сәтте. «Бүгінде сақшылардың жағдайлары жақсы ғой. Ең бастысы, кәсібіне немқұрайлы қарамай, жанын салып еңбек ету керек. Халыққа адал қызмет істеу керек. Парақорлық, жемқорлық — ең жаман қасиеттер! Одан аулақ болған жөн. Адал жұмыс істегенді халық та жақсы көреді. Кімнің жақсы, кімнің жаман екенін халықтан бәрібір еш жасыра алмайсың ғой» деп әңгімесін аяқтады.

Темірғали Әділбеков «Жуков» орденінің және басқа да ордендер мен медальдардың иегері, ішкі істер органдарында жемісті еңбек еткен ардагер. Жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, 2012 жылы Қазақстан, Ресей, Украина, Беларусь мемлекеттерінің атақты азаматтарының құрметіне арнайы басылып шыққан «Үздік тұлғалар» энциклопедиясына Темірғали Әділбековтің де елеулі еңбегі енгізілген. «Астана қалалық Ішкі істер департаментіне — 15 жыл» төс белгісін иеленген. …Кешегі қылшылдаған жас жігіт бүгінде тоқсанның төрінде отырған абыз, ақсақал…

Ғанибет Ғалымбекұлы, Суреттер ардагердің жеке мұрағатынан алынды.             

http://press.mediaovd.kz/kz/?p=5578

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?