Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Ұлы дала дүбірі» тамсандырған - тарихи тағылым

2653
«Ұлы дала дүбірі» тамсандырған - тарихи тағылым - e-history.kz
Бабалардан қалған - ұлағат, аталардан қалған – тәлім ғана ұлттық құндылықты сақтайды һәм кемелдендіре түсетіні айқын.

Дүние мәңгілігі -  ұрпағының тарихты ғасырлар қойнауында емес, жадында сақтауы. Бабалардан қалған - ұлағат, аталардан қалған – тәлім ғана ұлттық құндылықты сақтайды һәм кемелдендіре түсетіні айқын. Осы бір мазмұнды дәйектегендей, мемлекеттік тапсырма аясында «Қазақстан» Республикалық телерадио корпорациясының жетекшілігімен «Ұлы дала дүбірі» -  «Қазақ тарихының» оқиғалар топтамасын жасап, халықтың ризашылығына бөленді. Деректі фильмнің ғылыми кеңесшісі – тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған.

Заманауи түрлі мәдени-техникалық технологияларды қолдануды ұтымды пайдаланғандықтан, тарихи көріністер әсерлі де мазмұнды шыққан:

-Қазақстан территориясындағы тайпалар одақтары, сақтардың саяси тарихы, байтақ даланы игерудегі сан алуан шаруашылық түрлерін меңгеріп қана қоймай, қазақ даласының ежелгі кезеңнен ел мен елдің қарым-қатынасына ықпалды сауда жолындағы өнер мен мәдениеттің жандануына себепші болған – «Сақ тайпалары»;

-Іле алқабы, Шу мен Талас өзені бойында шаруашылықтарын кешенді үйіртіп әкеткен егіншілік пен асыл тұқымды арғымақ өсірумен ерекшеленген, мықты мемлекет деңгейге жеткен – «Үйсін мемлекеті»;

-Ғұндар қоғамы, олардың қаңлылармен қарым-қатынасы, ғұндардың қоныс аудару толқыны жөнінде – «Шығыс және Батыс ғұндар» сериясы айшықтайды;

-Түрік қағанаты және оның этникалық саяси өзегі мен ежелгі үйсін жерін жайлаған батыс Түрік қағанатынан бастау алған өркениеттер жөнінде – «Түрік қағанаты» сериясы;

-Әскери-мұралық жүйе қалыптасқан , өмірге фәлсафалық ақыл-ойлау жүйесі дамыған жаңа кезең – «Қарахан мемлекеті» кезеңі;

-Қазақстанның моңғол шапқыншылығы дәуірін жаңа тарихи деректермен көмкере, Ақ Орда мен Жошы ұлысының қазақ тарихындағы мемлекетілікті дамытудағы елеулі кезеңі, шаруашылық байланыстар, тілі, материалдық және рухани мәдениеті жағынан өзара жақын этникалық топтардың тығыз қатынастар орнатуы шетелдік деректер арқылы  - «Жошы ұлысы» сериясында айшықталады;

-Шығыс Дешті Қыпшақ, Жетісу және Түркістан даласында  әлеуметтік-экономикалық және этно-саяси үрдістердің саяси құрылымға бірігу алғашарттары мен қалыптасуы, дамуы, қазақ хандарының тұлғалық ерекшеліктері – «Қазақ хандығы» серияларында топтастырылған.

Халық басынан өткен тарихи шындықтың астары әлі де деректер негізінде ашылар. Дегенмен, өткен күндер тарихының елесі, осы құжатты фильм арқылы әрбір көрерменнің санасына кіріп, бойлайтынына күмәніміз жоқ. Тарихтың тағылымы – ынтымақ пен бірлік арқылы, замана жаңалықтары мен жақұттарын ортақ иеленетін - біртұтас ұлттық құндылықтарға жетелейді. Елбасы Жолдауында: «Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру әлдеқайда қиын» екендігін мәлімдеген. Иә, «Мәңгілік ел» түйіні де, ғасырлар бойғы бостандық жолындағы күрес пен арман-тілекке жеткен тұста, тәуелсіз елге, ұлттық мемлекеттігімізге нұсқан келтіруге жол бермеу. Халық игілігінің жоғары тұруы. Қазақ мемлекеттілігінің әлем алдындағы жарқын жүзін одан сайын нұрландыра түсу. 

Құжатты фильм мазмұнына нәр берген республикаға белгілі тарихшы-ғалымдардың – Б. Көмеков, К. Байпақов, З. Қинаятұлы, М. Елеуов, Н. Мұхамеджанов, Б. Кәрібаев, З. Кабылдинов және тағы басқа ғалымдардың сараптамалық тұжырымдары, Мемлекет тарихы институтының ғалымдары. Әсіресе, «Ұлы дала дүбірі» деректі фильмінің мәтінін жазған, көркемдеген, тұлғалық сипат берген мамандар мен театр өнер шеберлеріне және қатысушыларға да ризашылығымызды білдіреміз. Әлі де мұндай туындылар өмірге келетініне тілектеспіз. «Ұлы дала дүбірі» - талай жасампаз игілікті істермен жалғасатыны сөзсіз.

«Ұлы дала дүбірінен»  алынатын тарихи тағылым мол.

Мемлекет тарихы институтының

жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к.  Құндызай ЕРІМБЕТОВА

Суретте ежелгі Тараз:

http://commons.wikimedia.org/wiki/File:Ancient_Taraz_Kazakhstan.jpg?uselang=ru
Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?