«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

«Аманат» Атлант асты

2202
«Аманат» Атлант асты
Режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің «Аманат» фильмі АҚШ кино өнері академиясының «Оскар» жүлдесіне «Шетел тіліндегі ең үздік фильм» категориясы бойынша үміткер ретінде ұсынылды

Фильм «Қазақфильм» кино компаниясының қолдауымен тарихи жанрда түсірілген. Киноға биыл туғанына 100 жыл толған, қазақ ғалымдарының арасынан шыққан тұңғыш кәсіби тарихшы, ғылым докторы, профессор Ермұхан Бекмахановтың талайлы тағдыры арқылы ХХ ғасырдағы қазақ тарихы ғылымының ауыр кезеңін арқау еткен. Бір ғана бұл емес, Бекмаханов зерттеулері негізіндегі Ұлы Даладан ұлттық мемлекеттің туын қайта көтерген ақырғы хан Кенесарының от кешкен өр тұлғасын да ұтымды аша білген. 

 Көпшілікті сан алуан күйге бөлеп, бас қаһарманмен бірге бірде күйіндіріп, бірде сүйіндіргені, сөз жоқ, режиссердің шеберлігі болатын. Қазақ хандығының соңғы Кенесарымен аяқталатыны рас. Атасы Абылайдың кезіндегі мемлекетті қайта тұрғызу мақсатын көздеген оның жолы да қасиетті. Тәуелсіздік жолы. Азаттықтың арайлы таңы. Тарихшы Бекмахановтың ерлігі сол, жаншылып жатқан қазақ рухын тірілткені. Азаттықты көксеп, соның жолында құрбан болатын ер қазақтың арманын асқақ айтуында. 

dab0563fe608c31b1dd8b8d3955a79c0.jpg

Алаш зиялыларының (Х. Досмұхамедов) миссиясын, аманатын арқалауында. Ермұхан Бекмахановтың образы арқылы 1946 жылдардан кейінгі қазақ интеллигенциясының қайта қуғындалып, соттайтынын соттап, айдайтынын айдап, каторға асырған үшінші репрессияның шындығы айғайлайды. Тарихшының Кенесары туралы әйгілі зерттеу жұмысына байланысты 5 мәрте жиын өтеді. Әрқайсысы бірнеше күнге созылады. Пікір негізінен екіге жарылады. Бірі «Кенесарының көтерілісі ешқандай да халықтық көтеріліс емес, өз мүддесін, атасының хандығын көксеген жеке мүдде», «феодал, хандарды асыра дәріптеді» деп қарсы болса, екінші топ «тарихи құжаттар негізінде шынайы жазылған деректер», «Кенесарының қозғалысы шын мәнінде барша халықтың ойын, мақсатын қозғаған көтеріліс» деп айтысып жатты. Қарсы болғандар: Т. Шойынбаев, Х. Айдарова, М. Ақынжанов, А. Нұрқанов, С. Аманжолов, В. Шахматов, С. Покровский, Б. Сүлейменов, т.б. Жақтағандар: И. Будовниц, А. Нүсіпбеков, Х. Әділгереев, Ә. Жиреншин, Б. Аспандияров, Е. Ділмұхамедов. Аралық позицияны ұстанғандар: Ә. Тұрсынбаев, Т. Елеуов. Міне, осы жағдайлар көркем туындыда барынша жақсы суреттеледі. 

Қазақ оқығандарының әділетті жақтаудағы түрлі принциптері, басшылыққа жағымпаздығы, биік мансапқа ұмтылуды бедел санайтыны, сол үшін ешкімді де аямайтыны, бір туғанын өзекке тебуге құмар қауым екені ащы болса да анық көрсетілді. Х. Айдарова мен Т. Шойынбаевтың, Б. Сүлейменовтің бейнелері арқылы халық осыны ұғынары хақ. Бұл тек қатарластары ғана емес, кейінгі шәкірттеріне-де жұққан дерт. Табанының бүрі жоқ Сафар ардақты ұстазының үстінен жазылған арызға ұрмай-соқпай қол қояды, кейін көп өтпей үйіне ие болады. Міне, шындық! 

ec73180056142e02e50f075fbd66a20f.jpg

Ал өмірде былай болған: Бекмаханов Шу ауданының Новотроицск ауылындағы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болу мазағына да көнді. Дардай доктор атағымен соншалық төмендеткен, соншалық қорлаған сол заманның сұрқия саясаты. Мектепте ол сабақ берумен қатар, тағы бір үлкен еңбекті бастайды, 800 беттік зерттеу жазып шығады. Сондағы Ахметжан есімді сенімді азаматқа аманаттап тапсырады. Кейін түрмеден босап, елге аман жеткенде әлгі мың болғыр Ахметжаны аманатқа қиянат жасамай, қолжазбаны сол күйінде әкеп бергенде тарихшының көзге жас алатыны бар. Бұл эпизодты біз жазушы М. Сәрсекенің «Ноқталанған тарихшы» атты кітабынан оқыған едік. Және бір қызығы, бір кездері өзіне қарсы сөйлеген Бегежан Сүлейменов те сол Бодайбо түрмесінен бір-ақ шығады. Өте әсерлі жері фильмнің. «Біреуге ор қазба, өзің түсесің» деген халық даналығы мұнда. Осы жерде біз күткен тағы бір эпизод бар еді. 

Онда тарихшыға жөнсіз тиіскен кавказдық құжбан қараның тәубесіне түсірген қазақ жігіті, оның тарихшыға қорған болғаны. Бұл аты белгілі болғанымен, заты беймәлім жігіттің бұл ерлігі – ұлы тарихшыға деген қарапайым халықтың құрметі. Осы жерін кадрға іліп жібергенде қатып кетер ме еді?! Әрине, бұлай түсірмедіңіз деп режиссерді кінәлау артық. Оның мен сияқты ойлауға қақысы да жоқ еді. Өз сөзім өзімдікі деген ғой, іштегі пікір өлмесін деп айтып жатқанымыз. Фильм режиссері ұсақ-түйекке бармайды, кесегінен турады, ірісінен тартады. Кенесарыны түсірудегі мақсаты да сол. Оның көксеген арманы не? Не ойлады, қалай шешті? Неге күйінді? Неге сүйінді? Ең бастысы, ұлы арман Азаттыққа деген алабөтен махаббатын көрсетуде автор жақсы үрдістен жаңылмаған. Кенесары – Алаш – Бекмаханов – Рамазан сабақтастығы болып жалғасады. 

Фильмдегі әйелдер галереясы бір шеру тартады. Әсіресе, Халима апаның әңгімелеуі және оқиғаның ортасында болуы екі кезеңді байланыстырады. Ермұханмен қалай танысқанынан бастап, онымен кешкен 20 жыл кейінгі өміріне мәңгілік сағыныш, аңсар болып қалғаны толқытпай қоймайды. Бекмаханов туралы жазам деп індетіп жүрген Рамазанымыз – Кенесары тарихын зерттеуші кәдімгі Думан Рамазан екен! Тірі адамды, қасымызды жүрген қайсар қаламгерді таспаға түсіруден артық құрмет болмас. Қош, сонымен қалың алашқа «Аманат» фильмі жол тартты. 

Бұл туынды – бойына жан бітіп, қан тарай бастаған ұлттық тақырыптағы фильмдердің қатарын толтырған іргелі фильм болары анық. Картинаны образды аша білген актерлік құрамға: Ермұхан Бекмахановты ойнаған Берік Айтжанов, Халима Адамбекқызын сомдаған Қарлығаш Мұхамеджанова, Кенесары рөліндегі Санжар Мәдиев, тергеушіні кейіптеген Азиз Бейшеналиев, т.б. жемісті еңбектері үшін ел риза. Картинаның өн бойында қарындасын арқалап жүретін жасөспірім бірнеше рет көрінеді. Кенесарының тағдырын бейнелейтін кезеңдерде олар жүреді, бірде тауда, біресе өртте, біресе кеште, біресе түсте дегендей. 

22095a0d5a59b7dc04e3237f88f569c8.jpg

Бұл – аманаттың символикасы. Қазақтың «аманатты арқалады» дейтіні содан. Аманаттың мынадай түсінігі бар: әр нәрсе өзіне тиісті лайықты орнында болуға тиіс. Асыл бабалардан қалған қандай да бір құнды дүние өз орнында болса, құба-құп. Сол сияқты лауазымдық мәртебе (қызмет) тек соған лайықты адамдарға ғана берілуі керек. 

Аманатты өз мойнына толығымен алып, бүкіл жауапкершілікті сезінетін, міндеттерін орынды атқаратын адамдар ғана мұндай іске тәуекел етіп, бел байлайды. Мұның сырын ашып жазып жатуымыздың да ерекше мәні осында. Сол аманат бұлжымай бүгінге жетті. Енді кино тілінде сөйледі. 

Заңғар КӘРІМХАН 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)