Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қарамола ережесі

2587
Қарамола ережесі - e-history.kz

Өткен жолы Қазақ хандығы тұсындағы дала заңдары атты материал жазу барысында Билер ережесі туралы дерек берген едік. Бүгін 1885 жылы мамыр айында Абай Құнанбайұлы бастаған қазақ оқымыстылары дайындаған тарихи құжатқа тоқталып өтуді жөн көріп отырмыз.

Қазақ даласында тұңғыш жарық көрген 73 баптан тұратын «Ереже» деп аталатын заң нұсқасы Семей облысының Қарамола дейтін жерінде бес дуан елінің билері сьезінде қабылданып, бекітілген. Осыған байланысты бұл заң басында «Қара мола заңы» деп аталып, кейін келе «билер ережесі» болып аталған. Бұл  ереже «Жеті жарғы» негізінде және Ресей патшалығының отарлық үстемдігі тұсындағы қазақ халқының саяси жағдайына сәйкес шығарылған ресми тарихи құжат болып саналады. 73 баптан тұратын бұл ереже 1886 жылы Семей қаласының генерал-губернаторы Шиклинскийдің арнайы тапсырысымен "Қарамола жарғысы" деген атумен  сол кездегі Қазан император университетінің баспаханасынан арнайы кітапша болып басылып шығады. Кітапша кейін билерге таратылған. Қазан қаласында араб әрпімен басылып шыққан қазақ тіліндегі тұңғыш праволық құжат 1992 жылы қазіргі қазақ әрпі мен әдеби тіліне икемдей көшіріліп, Абай журналының №3 санында тұңғыш рет жарияланған болатын.

Бір қызығы, белгілі этнограф Зейнолла Сәніктің еңбектерінде аталмыш құжаттың 73 емес 74 баптан тұратынын айтады. Автор бұл деректерді «Шыңжан қоғамдық ғылымы» журналынан алып отырмын деп ескерту белгі жасаған. Назарларыңызға  З.Сәнік келтірген сол нұсқаны ұсынбақпыз:

1-бап: Болосной съезде даулар үлкен-кішілігіне, күрделілігіне қарай қаралады. Төтенше съездерде ұлықтардың әмірі бойынша ояздар өзара істі бірлесіп жүргізеді. Әр ояз билерінің пікірі басты назарға алынады;

2-бап: Дауласқандардың әрқайсысы дұрыс көрген билерін ұсынады. Бірақ би санын жағдайға қарай ұлықтар белгілейді. Сондай-ақ олардың саны әр жақтан үш биден аспағаны жөн. Билік шығарудан бұрын төрелiк жасаушы бимен келісіледі. Егер де дауласушы жақтар оның шешіміне риза болмаса, бітім жасалмаса, сонда ғана жоғарыда айтылғандай, билерді анықтайды. Екі жағының билер саны бірдей болғанда ғана іс төмендегі көрсетілгендей жүргізіледі:

* Әр ояздың халқы орталарынан бірден төбе басшы би шығарады. Бұған сайлануы мүмкін қызметтегі немесе одан тыс адамдар бітімі талас тудырса, сайланғандардан екі төбе басшыны белгілейді. Осыған орай ояз халықтары арасында талас туса, қалғандардың төбе басшыларына жеребе салынып белгіленген адам бітімге араласады. Ол қай жағын колдаса шешім солай бітеді. Сөйтіп, төтенше съездерде екi жақтың таласы төбебасы бидің айтқанымен орындалады:

3-бап: Жауапкерлердің шақырылуына орай келмегендері старшын мен болыстар куәландырып, бірлесіп тексереді Себеп-салдары айғақты болса, кешірім жасалады. Егер қажет кезінде жауапқа келуден бас тартуы себепсіз екені айқындалса, сыртынан билік айтыла береді. Сырттай белгіленген өкім бір бидің немесе съездегі билердің шешімі старшындар немесе болыс арқылы мәлімденеді. Егер жауапкер бұл шешіммен келіссе, өкім өзгермейді, риза болмаса, екі жұма ішінде билік айтқан биге шағынып үлгеруі керек. Сонда ғана қайта билік жасалуына мүмкіндік туады. Жауапкер тексеру барысында ақталса, бұл туралы болосной съезге хабарласа, бидің төрелігі ұнаса, жауапкерді шығынды төлеуге міндеттейді. Жоғарыда көрсетілгендегідей, жалған сөйлегендердің сыртынан билік айтылады. Іс шешіміне келіспегендер төтенше съезге сала алады. Ал съезд билігі ешқашан бұзылмайды;

4-бап: Егер дауласушы шақырылған жерге келмесе, өтініші орындалмайды. Керісінше жауапкер арызын айтса, билердің еркіне орай шығыны жауап берушіден өндіріліп беріледі. Бірақ дауласушы дауын қайта бастаса, онысы жалған болып шықса, істің күрделілігіне қарай және жауапкердің қадір-қасиетін ескере отырып, шығынды өтейді;

5-бап: Старшын ауыл ішіндегі даугер өтінішін тексеру арқылы орындауға міндетті, оның қорытындысын би билік айту арқылы шығарады. Дауласушылар туыстар, анасы бір ағайындылар, ағасының балалары, жиені, немересі, құда жекжаты болса, қайсыларының қысастығы бұрын би алды түсіп анықталып, мойнына қойылса, кезінде жазаланса, соған орай іс жүргізу жеңіл болады;

6-бап: Старшын ояз араларында болатын дау-жанжалдар жайлы даугер болысын хабардар еткені дұрыс. Ондайда болыс дауласушыларды шақыртып алып, еркін жауап беруіне мүмкіндік жасайды. Болыс кесімге қанағаттанбағандар үшін екі биді шығарады. Даугер соның бірін таңдайды, шешімін тыңдайды. Съезде бар би билік айта алады. Төтенше съезд биінің есебін ұлық қарайды, бекітеді. Билік жасауға мүмкіндік болмайтын төтенше съезде би есебі ұлық ықтиярына беріледі. Мұндайда би төрелік айта алмайды;

7-бап: Береке бітімін, салауат бітімін жасау даудың шыққан кезеңіне орай жүргізіледі. Бұл мәселе егер съезде де көтерілсе, келесісіне қалдыруға болмайды және дауласушы мен жауап беруші ояз жағынікі болса, екеуара уағдa бaйлaсуы мүмкін. Бірақ бұл келісімдер куәландырылуы керек;

8-бап: Би жасаған биліктер міндетті түрде орындалады. Съезде сол биліктің көшірмелері қатысы бар болыстарға жіберіледі. Егер даугерлер еркі бойынша, ауыл арасындағы мал жайлы болса, бұл мәселе съезд басшысы арқылы шешіледі;

9-бап: Би немесе съезд биі биліктерін айғақтар куәлігіне орай жүргізеді. Билерге мұның барлығы күмәнді көрінсе, істі күмәнді санайды. Куә шақыртылып, тиісті жауабы алынып, айыптылығына көз жеткен іске күмәндануға болмайды. Ақылынан адасқан 18 жасқа толғандар, әйелдер, жақын туған-туыстар, қарсыластар сияқты куәларды билер шақыртпайды. Оларды куәлар тізімінен алып тастауы қажет.

Куәларды шақыртпай тұрып, олардың кімдер екенін билер білуге тиіс. Ауызша айтылған айыптаулар ілікке алынбайды, Өйткені ондайлар әділ билік жасауға кері әсер етеді. Тіпті куәгер болыстас болған күннің өзінде де, тыңдалып-тексерілуі қажет;

10-бап: Егер куәлік жасаған адамға көңіл толмаса, онда ол іске айғақтау үшін қатыстырылады. Жауапкер айғақты мойындамаса, істің шындығына, даудың күрделілігіне қарай айып салынады. Осыған орай ант береді. Дау әділ айғақтар арқылы шешіледі. Алғашқы күдік шындық болып шықпаса, жауапкер жаза тартады, керісінше болса, ақталады. Жауапкердің өтірік айтқаны үшін үстінен арыз беруге болады;

11-бап: Қазақ рәсімінде сүйінші алуға болады. Бірақ сүйіншi алған адам куәлікке жарамайды, айғақтық міндет атқарады;

12-бап: Күдіктенушінің өтінішіне орай, оның тұрған жерінің жақын-қашықтығына қарай іс қаралатын күнді билер белгілейді;

13-бап: Дауласушының есебіне орайластырып, ер құнын - төрт адамға, әйел құнын – екі адамға, басқадай дауларға байланысты бір адамға істің ауыр-жеңіліне қарай айып салынады. Бір түйеге – екі жылқы, бір қараға бір жылқыдан алынады. Қанша мал болса, сонша жылқыдан төленеді. Егер құн мөлшері бір жылқыдан аспайтын болса, күмәнданған кісісін даугер өзі анықтайды. Өтелуге жұмсалатын жылқыны немесе соны беруге міндетті болыс ауылын жауап беруші атап көрсетеді;

14-бап: Жауапкер болосной молданың алдында Құран ұстап, ант етеді;

15-бап: Күмәнданушының көрсетуімен айыпты саналған төрт адам ұсталып, біреуі ақ болса - құнның төрт бөлігінің бірі, екеуі ақталса, жартысы өтеледі. Қалған ісі осы ретпен жүргізіледі;

16-бап: Айып өтелгенде дауласушының басы-қасында болуы міндетті емес, бірақ келмегендігі жөнінде молданың тіркеу кітабына жазып қойғаны артық болмайды;

17-бап: Күмәнданушының өтінішін қарау белгіленген уақытқа сәйкес күн батқанға дейін ғана созылады;

18-бап: Молда мен көршілерге, билер мен қажыларға, 18 жасқа толмағандарға, 63 жастан асқан қарттарға күдік келтіруге болмайды;

19-бап: Жауапкердің туыстарына, руына, рулас ауылына күдік келтіруге болмайды;

20-бап: Күдіктенушінің ұнамсыз іс-әрекеті елге белгілі болса бұрын оған бидің араласқаны анықталса, арызы есепке алынбайды;

21-бап: Күмәнді іс болосной молданың құзырына берілгені жөн. Егер молданың қателігі, қиянаты болса, тексеріледі;

22-бап: Күмәндануы өтірік болып шыққандарға түйе бастатқан бір тоғыз айып салынады;

23-бап: Күмән жалған болса, кінәлі қанша мал бұйырылса, соншасын төлейді. Күмән негізсіз болса, айыпқа мал төленеді. Мұның бәрі толық күйінде билік қағазына анық жазылуы керек;

24-бап: Күмәнді тексеретін күнді ұзартқанда есепке алар себеп болса, болыс немесе өз ауылының бір биі куәландырады;

25-бап: Мұндайда даулаушының еркімен билік айтылады. Бұл билікті жауапкер бұза алмайды. Ол билік көшірменің сыртына жазылып қойылуға тиіс;

26-бап: Құн, жесір дауларының 40 жылдан арғысы - салауат. Билік айтылған күннен бастап төрт жыл бұрынғы дауларда қаралған мал саны толық қайтарылады. Одан арғы үш жылға қозғалған дау бойынша айыптың үш бөлігінің екі бөлігі тиесілі. Ал жеті жылдан бұрынғы дауда анықталған малдың үштен бірі төленеді. Қалған даулардағы малдар да осы тәртіппен бөлінеді. Жиырма жыл бұрынғы іске байланысты дау малы үшке бөлінеді. Бір бөлігі – билік айтылған мезгіл, екі бөлігі - одан арғы жеті жыл, қалғаны алты жыл есебіне сәйкестендіріледі;

27-бап: Әдейі қастандықпен өлтірілген ер құны – бір түйе. Кейбіреуінікі - 25 құнан атан, 25 дөнен атан, 25 бесті атан. «Бәстесеміз» деп арғы негізі ойланбай өлтірілсе, 50 түйе, 25 құнан атан, 25 бесті атан төленеді. Әйел құны – ер құнының жартысы. Оқыстан өлгенге құн төленбейді. Күйеуі - әйелін, әйелі күйеуін өлтірсе, құн кесілмейді;

28-бап: Өлген барымташыға, ұрыға құн төленбейді;

29-бап: Адам мүшесі мертіксе, өкім шариғат бойынша айтылады. Мұндайда қателікке жол берілмегені жөн. Бұл міндеттер Семейдегі Ахмет уәли Манасұлына және Өскемен молдасы Мырзағали Ғаббасұлына тапсырылса, олардың шығарған шешімдері осы ережеге тіркелсе, дұрыс болар еді;

30-бап: Балиғатқа толмаған қыз балаға зорлық жасаушы тиісті қалың малдың үштен бір бөлігін төлейді. Балиғатқа толған қызды зорласа, ат-шапан айып салынып, түйе бастаған Тоғыз береді. Егер әйелге солай істелсе, айыпкер бір тоғыздан үш тоғызға дейін төлейді. Ойнас жасаған әйел-еркекке де дүре соғылады. Айыпсыз істер болса, тексеріледі. Әйелдің күйеуі немесе әйелдің өзі немесе туысқаны, әке-шешесі шариғат шешімін айтса, осы баптың алғашқы жолдарындағы екі келісімді де съезд билері жасайды;

31-бап: Күйеуі бар әйелді біреу алып қашса, керісінше егер әйелдің өзі қашса, ондай әйел елінің съезд билеріне қайтарылмайды. Билер әйел мен күйеуін татуластырады. Ерлі-зайыптылар жарасса, онда алып қашушы жігіттен бір тоғыздан үш тоғызға дейін айып алынады. Егер күйеуі қайта табысудан бас тартса, әйел ойнасымен қалады. Бірақ алып қашқан адам тиiстi қалыңмалын төлейді. Әйел қысымнан қорғалады. Біреу айттырылған жесірді алып қашса, қыз әкесіне толық қалыңмал, 50 жыртыс төлеп, сот ақысын береді. Жасау беру-бермеу – қыз әкесінің еркінде. Қыз әкесі бұрынғы күйеу баласынан алған қалыңмалын қайтарады. Оның үстіне бір тоғыздан үш тоғызға дейін айып төлейді;

32-бап: Біреу әке-шешеге тіл тигізсе, солардың қалауына сәйкес, қазақ ғұрпына орай жазалансын. Молдаға, құрметті адамдарға тіл тигізсе, ат-шапан айып тартып, ат бастаған бір тоғыз төлейді. Біреуге біреу қол жұмсап, қарғап-сілеп, намысына тисе, бір тоғыздан үш тоғызға дейін айып салынады. Жәбірленуші айыпты алмаса, кінәлі бір ай мөлшерінде түрмеге жабылады;

33-бап. Ұрыс-төбелес шығарғандар ат-шапаннан бастап үш тоғызға дейін сұраушының пайдасына шешеді. Оны ұйымдастырушы, басқаларға қарағанда, айыпты молырақ төлейді. Бұзакылық жасағандарға болыстың өкіміне орай және жағдайға қарай билердің билігі бойынша ақшалай айып салынады, жер аударылады немесе түрмеге жабылады;

34-бап: Қызмет бабында старшындардың тілін алмаса, билер шешімімен бес теңге айып төлейді, кейде жеті күнге абақтыға отырғызылады. Болыс старшындарға бекітілмеген шабарманның тілін алмаса, болыс өзі жазалай алады. Егер болысты тыңдамаса, болыс елінің немесе ояздың төтенше съезінде тексеріледі. Өкім айтылған кезде биге немесе съезд биіне тіл тигізсе, айыптыны съезд биі бірден жазаға тартады;

35-бап: Суға кетіп бара жатқандарға, өрт кезінде, аязда, шөл далада, басқа да жағдайда қатыгездік жасап, көмек көрсетпегендер бас тоғызбен айыпталады;

36-бап: Мал өлімін тоқтатуға көңіл бөлмегендерге болыстың шешімі бойынша, 3 теңге айып салынады. Көрші елде мал өлімі болғанда, ол жөнінде хабар айтпағандарға жаза мөлшері ұлғайтылады. Арық бүлдіріп, құдық бұзғандарға, өтемін төлегісі келмегендерге шығынға қоса қосымша айып салынады. Атап айтқанда, 15 теңге ақша төлейді немесе атшапан айыпқа жығылады;

37-бап: Қазақ арасындағы ұрлық үшін алынған мал қайтарылып, айып төленеді. Оған қоса бір ат тіркеледі. Қосымша айыппен тіркелген мал бағасы бірдей болады. Жүйріктің, жорғаның құны орташа атпен теңгеріледі. Ұрының астындағы аты алынып тиісті адамға әрі ұрыдан өндірілген қосымша мал билік айтқан билерге беріледі;

38-бап: Мал ұрлағандарға жаза беріледі, бір ай мөлшерінде абақтыға қамалады немесе алпыс рет дүре соғылады. Билер бұл жазаны өкім айтқанда ғана жүзеге асыруға бұйрық береді. Немере, жиен, нағашысынан, ата, ағасынан мал алып қашса, оған жаза қолданылмайды және алған малы қайтарыл. майды. Екінші рет тағы солай істесе, би арқылы ата, ағасынын өтінішіне орай жазаланады. Бұл өкім әйел жағынан жиенге, не немереге қатысты болады;

39-бап: Жылқы құйрығын кескендерге бір ат-шапаннан түйеге дейін айып салынады;

40-бап: Ұрлықты ұйымдастыруға түрткі болғандар басқалармен бірдей жазаға тартылады. Дүре таяғы көбінесе ұрлықтан үлес алған немесе алуға тиісті ауқатты адамдарға да соғылады;

41-бап: 20 жылқыдан артық барымта алған ұрының әрқайсысына бір жақсы аттан бастап, үш тоғыз айып салынады. Жиырма жылқыдан кем болса, жоғарыдағы 37-бапта айтылған шаралар қолданылады;

42-бап: Қазақ салт-дәстүрі бойынша күйеуінен әйелін ажыратуға болады, күйеуі белсіз немесе жыныс мүшесі ауруына шалдықса. Ондай себептері болмаса да, күйеуінің келісімімен ажыраса алады. Құда түскен қалыңдық пен күйеу жігіттің де ажырасуы мүмкін. Егер күйеуі қыздан 25 жас үлкен, бір мүшесі кем, керісінше қыз күйеуден тоғыз жас үлкен, кедей күйеу қалыңмал төлей алмаса, денсаулығы сауыға алмастай нашар, жағымсыз қылықтары әшкереленіп, басынан еркі кетсе, әйелі мен күйеуді, қалыңдық пен жігітті ажыратуға тура келеді;

43-бап: Жесір әйелдер жайлы дау қайтыс болған күйеуінің жылы толғанда шешіледі. Бұл іс некесі қиылған қыздың елінде жүзеге асырылады. Жоғарыда аталғандарға съезд биі төрелік айтады. Қазақ рәсімінде некенің молда алдында қиылғаны дұрыс. Болосной басқарушының қолындағы кітаптан кесіліп берілген куәлік қағаз әйелдің күйеуіне тиісті екенін дәлелдеуге жарамайды (44-45-46-47 баптар жоқ).

48-бап: Біреу құдалықты бұзса, қыз әкесі күйеуден алған қалыңмалды қайтарып береді. Дауға айналған мал үшін әдет-ғұрыпқа сәйкес айып төлейді. Қалыңмал мөлшері - 47 бие, не одан артық болса, бес тоғыздан үш тоғызға дейін, 37 малға - екі тоғыз, 27 малға - бір тоғыз, 17 малға бір ат-шапан айып төленеді. Күйеуінің әкесі немесе оның өзі құдалықты бұзса, калыңмалынан үш тоғызды қалдырып, қалғанын алады. Қалыңмал 37 болса – екі тоғыз, 27 болса бір тоғыз төлейді. 17 болса ат-шапан айып тартады;

49-бап: Қарсы құда дауларын билер реттейді. Олардың келесі жолы да қарсы құда болмауы жайлы шешім айтылғаннан кейін де ескерілмесе, молда неке қимайды;

50-бап: Құда түсіп, құйрық-бауыр жескеннен кейін құдалық уағда бекиді;

51-бап: Күйеуі қайтыс болған, баласыз әйел тұрмысқа шықпаса да мал-мүлікке иелік етеді. Егер күйеуге шыққысы келсе, баласы болған жағдайда бар малының сегізден бірін, баласыз болса, алтыдан бірін алады. Киім-кешек, төсек-орнынан басқа ер балалар өздеріне бөлінген малмен қоса әкесінің бауырларының қамқорлығына қалдырылады. Олар өз арасынан бірін соларға ие етіп бекітеді. Бірақ бекітілген адам басқаларға үнемі есеп беріп тұруға міндетті емес. Егер мал орынсыз шығынға ұшыраса, соған орай дау туса, туысқандары наразылық білдірсе, би алдында тексеріледі. Қыз ана тәрбиесінде қалуы шарт. Анасы оны күйеуге ұзатып, қалыңмалын алуға қақылы. Қыз тұрмысқа шыққаннан кейін малын сақтаушыға төркіндеп барып, әкесінен қалғаннан өз есесіне алады.

Әйел тұрмысқа шықпай, қайтыс болған күйеуінен қалған Игілікке иелік жасағанымен, бұзықтық істетпеу, малын шаштырмау үшін күйеуінің туысы бақылап жүреді. Бірақ бұл оған билік жүргізеді деген ұғым емес. Дегенмен әйелдің шаруасын басқаруға көмектесуге тиіс. Әйел күйеуге шыққысы келсе, екінші рет қалыңмал алынбайды. Егер біреудің жесір қалған үш әйелі болса, ондайда малының сегізден бірін бәріне бірдей бөліп береді. Үш әйелдің бірі тұрмыс кұрғысы келсе, төсек-орын, киім-кешектен басқа малдың жиырма бөлігінің бірін алады. Екі жесір әйелдің бірі саналса, он алтыдан біріне ие болады;

52-бап: Сойыс, қонағасы ел дәстүрінде бар. Он бермеген адамға ат-шапаннан түйе құнына дейін айып салынады. Керуендегілерге, тұрақты жол үстіндегілерге жәрмеңкедегілерге, қайықты өткелдегілерге, съезд журіп жатқан мекендегілерге, қалада тұрушыларға кінә тағылмайды.

53-бап: Екі дос айырылысар болса, бірінен-бірі артық кеткендерін алысады, бірақ оларға айып салынбайды;

54-бап: Қызметшілерге жала жапқандар би төрелігіне сәйкес 28 күнге абақтыға жабылады, айыптаушының шығыны қайтарылады. Мұндай жағдайлар әсіресе сайлау кезінде көбірек кездеседі. Осыған орай ұлықтардан сұрайтынымыз, бұл мәселелерді хабарлаудан бұрын төтенше съезд билеріне тексертіп алған теріс болмас еді;

55-бап: Біреудің жерін (жайылымын) пайдаланғаны жөніндегі дауды билер ел басшыларының куәлігіне қарай тексереді. Тексергенде жерді билер өздері барып көреді немесе сенімді адамның куәлігіне орай пайдаланған жер шығынына сәйкес кесім айтады. Шығынды қайтартқызып, үстеме айып салады;

56-бап: Қонған ауылда қонақтың аты жоғалса, оған ешкім жауапты емес. Егер ол сол ауыл адамдарына сенбесе, шариғат бойынша ант алады;

57-бап: Тоғыз аталған айыпты малға шаққанда мынандай болады:

1. Түйе бастатқан бас тоғыз: бір түйе, екі құлын, екі бие, екі құнан, екі ат;

2. Орташа тоғызымыз - ат бастатқан тоғыз: бір семіз ат, екі тай, екі тайынша, төрт бойдақ қой;

3. Аяққы тоғыз: бір дөнен өгіз, екі тайынша, үш бойдақ қои үш тоқты.

58-бап: Тоқал тоғыз болмайды. Мал басы былай бағаланады. Маңдайалды түйе - үш ат немесе 30 қой;

Орташа түйе - 3 бесті;

Дөнен атан - екі бесті, бір тай:

Құнан атан - екі бесті;

Тайлақ - құлынды бие, 12 қозы;

Бота - бір бесті.

Бәйге аты – орташа бір түйеден бес түйеге дейін;

Жорға ат - құлынды биеден 4 түйеге дейін;

Жақсы ат - құлынды биеден бір түйеге дейін;

Айғыр – құлынды биеден 8 бестіге дейін;

Бие, құлындысы — 10 қой, құлынсызы – 10 тоқты;

Ат - 9 қой;

Бесті -7- 8 қойға дейін;

Дөнен - 5-6 қойға дейін;

Құнан - 4-5 қойға дейін;

 Тай - 3-4 қойға дейін;

Құлын - 2 қойға дейін.

Атан өгіз - 12 қойға дейін;

Бесті немесе дөнен өгіз - 4-8 қойға дейін;

Тайынша – екі қой.

59-бап: Үй не сарай қастық ниетімен бұзылса, ұрланған заттардан басқа бір тоғыздан үш тоғызға дейін айып салынады. Қора, сарай бұзылмай жасалған ұрлық иесі ат-шапан айып төлейді. Бұл алынған заттардың аздығына қарай, егер көп болса айып үстемеленеді;

60-бап: Билердің шешімі бойынша кесілген мал кінәліден толық алып беріледі. Егер жауапкер бұйырылған малды еркімен төлемесе, шақыруға келмесе, онда малды алып беруші ауылдастарынан куәлар шақыртып, қалыс адамдарды анықтайды. Сонымен қатар мал басын бағалайды. Кінәлі мал төлеуге қарсылық жасаса, байлап тастап алып беруге болады. Қазақ рәсімі бойынша мал алып берудің басқа үлгісі жоқ;

61-бап: Ұрлық үшін кесілген мал алынып беріледі. Ұрының өзінен және оған серік болған жолдасынан, ат беріп аттандрған, еріп барған, ұрлық малды жасырысқан, оны біле еш хабарламағандардың малы жоқтығына қарамай, айып салынады немесе ұрлық жылқы екенін білсе де, сатып алғандар бір болысқа қарасты болса, мал алынып беріледі. Ұрлық жасалғанда оның да малы жоқ болып шықса, дауласушы бас ояздан келсе, қызмет етуші адамдар, сол ауыл шығынды өтейді.Мұндайда старшын ауылы жауапты. Мал алушы басқа болыстікі, дуандікі болса, ел басының халқы есеп береді. Дауласушылар - бір болыс адамдары, ал старшындар өзге болса мал алушы және беруші старшындардың онбасыларынын ауылы жауапты болады. Мұны ұрлыққа тыйым салу үшін әрі шығындары түгелденетіндердің ризалық бітімі үшін жасадық, яғни шығын орнын толтыратын айыптар салу туралы осы тоқтамға келдік. Ұрлық тыйылып, арада үш жыл өткенше қызметтегі адамдарды істен шеттетпеген себебіміз - ол сол елдің арасындағы жағдайды білетіндіктен. Өйткені мал ұрланбай тұрмайды. Егер жоғарыда аталған адамдардың малы жоқ болса, оның солай екеніне билердің көзі жетіп тұрса, елге салынатын оның есебіндегі мал мөлшерін солар белгілейді. Бұлай деуіміздің себебі – ұрыларды, сенімсіз адамдарды саралап, оларды кепілге алатын-алмайтындарды анықтау. Өйткені әр ұрыға бір кепіл керек. Басшылар, ауыл ақсақалдары, қызмет адамдары бұған тартылмайды. Ауыл зиялылары зиянды жұртқа төлетпей тұрып, оған алдымен өздері жауап беруге тиіс. Ұрыға кепіл болғандарға билік берілмесін. Ұры қыстауындағы артық жерлер мал алушының пайдасына көшірілсін. Би билік айтқан кезде ұрыны қорғаған байларға дүре соғылсын, абақтыға жіберілсін. Үш рет ұрлығы мойынына қойылып, одан тыйылмағандарды өкім шығарып, жұрт арасынан аластағаны жөн. Оған келіспеген адам ұрыға салынған айыпты, малды түгел төлеуге тиіс;

62-бап: Сотта жесір туралы және басқалай даулар шыққанда, жоғарыда айтылғандай, мал алып беруге болмайды. Әркім өзі үшін жауап береді. Малы жоқтығы есепке алынбайды. Ал кісі өліміне қатысқандар құн төлеуден құтыла алмайды;

63-бап: Қазынаға немесе дауласушыға кесіліп берілген айыпты өзгелерден өндіруге болмайды. Төлеуші адамның малы болмаса, айып орнына абақтыға түседі;

64-бап: Бидің, болосной мен төтенше съезд билерінің көшірме тіркелетін өлкелік кітабының көлемдісін ұнатамыз:

65-бап: Күмəннің сейілуі болоснои молданың тексеруіне, оның көрегендігіне, парасаттылығына байланысты. Осының бәрін тіркеп отыру үшін кітапшаның көлемдісі дұрыс болар еді және оны молда өзімен бірге алып жүрмей, үйінде актағаны дұрыс. Даугер қажетті қағаздарын апарып, молдаға тіркетіп тұрғаны абзал. Олай етпеген жағдайда ондай мәселе қозғалған жоқ деп ешкім айта алмайды. Сезіктенуші іздеп барғанда молда үйінде бола ма, жоқ па - кітапқа өзiн тiркетіп койса жетеді. Молда бар болса, сезік жойылғанын немесе жойылмағанын көшірме сыртына жазып куәландырады. Баптағы айтылғандар толық орындалуы үшін сезіктенушінің аты-жөні, жылы, ай-күні анықталып жазылуға тиіс;

66-бап: Мүмкіндігінше мұндай кітаптар болосной молдада болғаны дұрыс. Бірақ жазуы мұсылманша болса екен. Егер ұлықтар бұрынғыдай кітапты тілмәштарға жаздыруды жөн көрсе, онда болосной молданы оған қатысуға міндеттейміз. Қиған некені аталған кітаптан алынған куәлік қағаздың сыртына жазып тіркегенде тілмаш жалғыз болса, ол есепке алынбайды. Ер мен әйел арасындағы неке молданың қатысуымен жүзеге асса ғана дұрыс деп танылады;

67-бап: Аталған кітаптан жалған көшірме біреулерге берілген күнде де, онда бидің мөрі басылып, қолы қойылуы керек. Екі бидің мөрі басылған көшірмеде болыс немесе съезд бастығының куәлігімен расталмаса, ондай қағазға сенуге болмайды;

68-бап: Даугер биге арыз айтса, би жауапкерді шақыртуы керек. Оны ауылнай, старшын жеткізуге міндетті. Билер көшірілмеде көрсетілген малды тіркеп жазуы қажет. Сонда күдікке жол берілмейді;

69-бап: Ұрлық жөніндегіден басқа даулардан өндірілген айыптың билік айтушы оннан бірін алады. Билер өздеріне бөлінгенді қалауынша алса, бұл зорлық болады. Оны басқалар алып беруге тиіс. Әр съезде билер бір қалыс адамның билік жұмысына араласуын белгілейді. Сол адам болыс, старшын арқылы билік ақысын әр биге теңдей бөліп береді;

70-бап: Съезге шақырылған қызмет адамдарының шыҒыны ел есебінен өтеледі. Мұны ауыл арасында старшын атқарады. Кімде-кім оны төлегісі келмесе, билер тексеруіне тап болады;

71-бап: Қазақ арасында болатын дауларға орыстан немесе ноғайдан уәкiл араласпасын, оның орнына ояздағы қазақтар да жетеді;

72-бап: Билердің билік бітімін айтар уағдалы күн болысқа немесе старшынға айтылған уақыттан бастап есептеледі. Биліктің болып өтуіне старшын жауапты. Съезд билері жұмыс үшін болыс жауап береді. Бидің билік айтуы – үш, жеті күн, съезд билері – жиырма күн, төтенше билік бір ай ішінде айтылуы керек;

73-бап: Жетім қыз әке-шешесінің көзі тірі кезінде атастырылып, біреу олар қайтыс болған соң құдалықты бұзса, алған күйеу қалыңмалды айыбымен қоса қайтарады. Егер қыз бұрынғы атастырған күйеуіне тисе, ешкім әкесінен қалған жасауын, мұрасын алуына кедергі жасамайтын болсын;

74-бап: Бұл ережелердегі айтылған сөздер соңғы съезде қаралған. Шешімдердегі жазылған жайлар ешбір кедергісіз жүзеге асуы қажет. Жаңадан басқасы жасалғанша билер, болыстар, старшындар осы ережені пайдаланатын болсын. Осы ереже жасалмай тұрып пайдаланылған нұсқалар 63-баптағы айтылған рәуіш бойынша жүргізілсін. Осыны ескере отырып, 74-бапты біз жасадық. Қазақ дәстүрінше таза көңілімізбен, әділеттілігімізбен соның шындығына сендіреміз. Бұған Павлодар оязының билері – Жүсіп Батышұлы, Иса Бердәліұлы, Молдабай Сәрсенбіұлы, Мұқатай Келдібекұлы, Санияз Бабайұлы, Сымағұл Шоқпарұлы қолдарын қойды. Билер - Серғазы Тайсарыұлы мен Жалалдин Рамазанұлы мөрлерін басты. Қарқаралы оязының билері – Хәкім Құдаймендеұлы, Абай Майқыұлы, Еркеш Сыбанұлы, Санаубай Қашқынбайұлы, Билібай Тұманбайұлы, Абыралы болысынан Шәкірұлы мөрлерін басты. Билер – Оспан Атақозыұлы, Хамит Алдабергенұлы қолдарын қойды. Иса Шүнтіұлы таңбасын басты. Семипалат оязының құрметті қазақтары - Ибраһим Құнанбайұлы, Құдайберген Тастанбекұлы, Иса Сүтжанұлы, Айтқазы Жексенбайұлы, Жұмақан би Жарқынбайұлы қолдарын қойды. Билер - Сүйіндік Қабайұлы, Әлжан Анарұлы мөрлерін басты. Өскемен оязының болысы хоронжи Ислам Әлиханұлы, құрметті қазақ Құрманғали Жақыпұлы, билер - Жанқұдай Қойтыұлы, Ержан Нұқайұлы қолдарын қойды. Болыстар - Иса Күнбасұлы, Қабанбай Қошқарұлы, Үсен би Қалабайұлы мөрлерін басты. Құрметті қазақ Қалматай Исақожаұлы таңбасын басты. Тауман би Аманұлы қолын қойды. Зайсан дуанының болыстары – Бұкыш Жиенбайұлы, Билеуші Босқынбайұлы, Жұмақан Қисықұлы, Қоқаш би Есенкелдіұлы қолдарын қойды. Болыстар - Ақшал Қожабергенұлы, Дәркенбай Жақсыбайұлы, билер - Жайсаңбай Елемесұлы, Батбақбай Тілеуұлы, Қайранбай Құлындықұлы мөрлерін басты. Съезд бастығы Өскемен оязы Маневский қолын қойды. Семипалат оязының лауазымын ада етуші Казанцев, Зайсан приставының көмекшісі Нарбота, Қарқаралы оязының аға көмекшісі лауазымын ада етуші Айтбақи қолдарын қойды және әскери губернатор Тубкленский қолын қойды.

(Сенімді түрде аударған: Асанов, Семипалат облыстық әскери губернаторының нұсқауымен 1886 жылы 14 ақпанда берілді. Қазан).

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?