«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Жоңғар хандығының құрылуы және құлауы

10540
Жоңғар хандығының құрылуы және құлауы
Қазақстан тарихы оқулықтарында Жоңғар хандығы XVII-XVIII ғғ Қазақстанның басты геосаяси жауы ретінде көрсетіледі

Ол түсінікті де: жоңғарлар халқымыздың тарихындағы ең бір қайғылы парақтардың себепшісі болған. Сонымен қатар, жоңғар халқы - XVIII ғасырда өткен ең кең көлемді геноцид құрбандары. Qazaqstan Tarihy порталы Жоңғар хандығының тарихи жолы туралы қысқаша айтып бермек.

Бірқатар тарихшылардың пікірінше, Жоңғар хандығы ойрат-моңғолдардан шыққан. Өзінің ең керемет өркендеп-гүлденген шағында бұл мемлекет солтүстігінде Оңтүстік Сібірден бастап оңтүстігінде қазіргі Қырғызстанға дейінгі, шығысында Ұлы Қытай қорғанынан бастап батысындағы қазіргі Қазақстанға дейінгі аумақты алып жатқан. Қытайдың солтүстік батысындағы Жоңғария өлкесі Жоңғар хандығының орталығы болып саналады. XVII ғасырдың алғашқы ширегінде ойрат деген атпен танымал батыс моңғолдар Жоңғарияға келеді. 1678 жылы Галдан Далай Ламадан Бошогту Хан атағын алады да, ойраттар құрамындағы жоңғарлар жетекші тайпа болып шыға келеді. Жоңғар билеушілерінің өздері бұрын Шыңғысхан ұрпағы иеленіп келген Қоңтайшы атағын қолданған. 1680-1688 жылдары жоңғарлар оңтүстік Шыңжаңдағы Қашқар жазығын басып алып, шығысында халха моңғолдарды жеңеді. 1696 жылы Галдан Цин Империясынан жеңіліп, Сыртқы Моңғолия жерінен айырылып қалады. 1717 жылы жоңғарлар Тибетті жаулап алады, алайда бір жылдан кейін оларды ол жерден Цин әулеті қуып шығады. Жоңғарияның билеуші элитасының ішіндегі өзара алауыздықты пайдаланған манчжурлар 1755 жылы хандықты жойып жібереді. Жоңғар хандығының жойылуы Цин империясының Моңғолия мен Тибетті жаулауына және Шыңжаңның жаңа әкімшілік бірлік ретінде құрылуына алып келді.

Этимологиясы

«Жоңғар» сөзінің этимологиясы моңғолдың «jegün (züün)» («солға» немесе «шығыс») «γar» («қол» немесе «қанат») деген сөздерінен шыққан. Жалпы, өлкенің аты осыдан шыққан. Жоңғарлар халха моңғолдардан батысқа қарай орналасса да, олардың атауының шығуы олардың ойраттардың сол қанаты болуымен байланысты. XVII ғасырдың басында билеушісі хошут тайпасының көсемі Гуши хан болды. Гуши хан буддистік гелуг ағымы өкілдерінің пайдасына Цангпа ханды жеңі мақсатында Тибетке басып кірмекші болады. Осы үшін ол ойраттардың әскерін сол және оң қанатқа бөлді. Хошут пен Торғыт тайпаларынан тұратын Оң қанат Тибет қалады, ал Чорос пен Хойты тайпаларынан тұратын Сол қанат солтүстікке Қашқар жазығына қарай шегінеді. Сол кезден бастап Чорос империяы сол қол қанат, яғни  Зуунгар деп атала бастайды.

Шығу тегі

Ойраттар XIII ғасырдың басында қазіргі Тува жерінен келген. Олардың көсемі Құдықа бек 1208 жылы Шыңғыс ханға ант береді, ал оның әулеті Шыңғыс ұрпағының төрт атасымен де араласып кетеді. 1260-1264 жж Құбылай мен оның інісі Арық бұға арасындағы тақ таласына байланысты туған соғыс кезінде ойрат тайпалары (Чорос, Торғыт, Дербеті және Хойты) Арық бұға жағына шығады, сол себепті де олар ешқашан Құбылайдың билігін мойындамайды. Юань империясы құлағаннан кейін ойраттар Солтүстік Юаньнің тағына таласқан Дзоригту ханның ұрпақтарын қолдайды. 1455 жылы Есен тайшы өлгенге дейін Солтүстік Юань хандары ойраттарға тәуелді болады да, халха моңғолдардың өктемдігінен батысқа көшуге мәжбүр болады. 1620 жылы Чорос пен Торғыт тайпаларының көсемдері Хара Хула мен  Мерген Темене алтын хан атағының тұңғыш иегері Шолой Убашиға шабуыл жасайды. Шабуыл сәтсіз болып, олар жеңіледі. Шолой Убаши мен ойраттар арасындағы соғыс Убаши өлгенге дейін, 1623 жылға дейін созылады. 1625 жылы хошуттардың көсемі Чойкур мен оның анадан бір туған бауыры Байбағас арасында таққа талас туады. Байбағас шайқаста қаза табады. Алайда, 1630 жылы оның інілері Гуши хан мен Кенделен Убаши ағасының кегін қайтарып, Чойкурды Есіл өзенінен Тобыл өзеніне дейін қуып отырып, тайпаластарына шабуылдап, ақыры жойып жібереді. Ойраттар арасындағы алауыздық торғыттар көсемі Хо-Урлюкты батысқа көшуге мәжбүрлейді. Ол жақта олар Ноғай Ордасымен қақтығысқа түсіп, жеңіп шығады. Торғыттар Қалмақ хандығын құрады, бірақ ойраттармен арадағы қатынасты үзбейді. 1632 жылы Цинхайда Цогто тайшы «Сары дін» деген атпен белгілі Гелуг мектебін  құлатады, сол себепті олар Гуши ханнан көмек сұрайды. 1636 жылы Гуши 10 мың әскерімен Цинхайға басып кіреді, ақырында 30 мың әскері бар Цогто тайшы жеңіледі. Бұдан соң Гуши Орталық Тибетке келіп, сол жерде оған Далай Лама V «Данзин-Чогьял» (Заңдар патшасы және діннің тірегі) атағын береді. Осыдан соң ол өзін Шыңғыс ұрпағынан тарамаған тұңғыш хан деп жариялап, ойраттарға Тибетті жаулап алуға үндеу салып, Хошут хандығын құрайды. Бұлардың ішінде Қоңтайшы атағын алған Хара Хуланың ұлы Эрдени Батырда болды, Амин Дар ханның қызына үйленген оны Тарбағатай тауларының оңтүстігінен Емел өзенінің жоғарғы түсында Жоңғар хандығын құру үшін кері қайтарады. Батыр Далай Лама берген Эрдени атағымен және мол олжамен Жоңғарияға оралады. Ол билік басында отырған жылдары қазақтарға қарсы үш жорық жасаған. Жоңғарлармен болған қақтығыстар қазақтың «Елім-ай» жырында терең сипатталады. Қазақтардан басқа, 1643 жылы, Орта Азияға тереңдей енген жоңғарлар қырғыз, тәжік, өзбектерге қарсы соғыс ашты.

Распри 1653-1677 жж. егестер

1653 жылы Батыр өлгеннен кейін оның ұлы Сенге таққа отырады, бірақ бұл шешіммен оның әкесі бір, шешесі басқа бауырлары келіспейді. Хошут хан Очирту Цецен ханның қолдауымен бұл күресте 1661 жылы Сенге жеңіске жетеді. 1667 жылы ол үшінші әрі соңғы алтын хан Ловсанды басып алады. Алайда 1670 жжылғы төңкеріс кезінде өзі де бауырларының қолынан қаза табады. Ол кезде Сенгенің інісі Галдан Тибетте тұратын. Ағасының өлімін естіген ол бірден Тибеттен оралып, ағасын өлтірген Шешен тайшы мен Зотовтан ағасының кегін қайтарады. 1671 жылы Далай Лама Галдан Бошогтуға хан атағын береді. Сенгенің ұлдары Соном Рабдан мен Цэван Рабдан Галдан Бошогтуға қарсы шығады, бірақ жеңіліс табады. Очиртудің немересі Ану Дареге үйленген ол енді онымен де қақтығысқа түсе бастайды. Галданның өсіп келе жатқан беделінен жүрексінген Очирту, Галданның атағын мойындаудан бас тартқан оның ағасы Шоқыр Убашиға қолдау көрсетеді. 1677 жылы Очиртуді жеңгеннен кейін Галдан ойраттарға билік жүргізе бастайды. Келесі жылы Далай Лама оған Бошогту Хан жоғары атағын береді.

Яркент хандығын жаулап алу (1678-1680)

XVI ғасырдың аяғында Яркент хандығына Қожалар ықпалын жүргізді. Қожалар өздерін Мқхаммед пайғамбардың немесе төрт араб халифының ұрпағымыз дейтін Накшбанди сопылары болатын. 1533 жылы Қашқарға аса ықпалды қожалардың бірі Махмұд-и-Азам келіп, осы жерде тұрақтап қалады да, екі ұлы дүниеге келеді. Махмұд-и-Азамның ұлдары бір-бірін жек көреді, олардан тараған ұрпақ та екіге бөлініп Қашқарда Ақ Тағлық (Ақ тау) және Яркентте Қара Тағлық (Қара тау) делініп, екі фракция құрады. Ақ Тағлықтарға Жолбарыс хан қамқорлық жасап, Қара тағлықтарды үнемі басып отырады. 1670 жылы Жолбарыс хан өлгеннен кейін таққа оның ұлы отырады, бірақ оның билігі ұзаққа созылмайды. Одан кейін таққа Исмайыл хан келеді. Ол Ақ Тағлықтардың билеушісі Аппақ қожаны елден қуады. Аппақ Тибетке қашып, онда V Далай ламанң көмегімен Галдан Бошогту ханның қолдауына ие болады. 1680 жылы Галдан 120 мың әскерді бастап Яркент хандығына жорыққа шығады. Галдан әскеріне Ақ Тағлықтар және өзі жеңіп алған Хамилер мен турфандар көмектеседі. Исмайылдың ұлы Бабақ сұлтан Қашқар үшін, Иваз бек қолбасшы Яркент үшін  шайқаста қаза болады. Жоңғарлар еш қиындықсыз моғолдар әскерін жеңіп, Исмайыл мен оның отбасн тұтқынға алады. Галдан Бабақтың ұлы  II Абд ар-Рашид ханды қуыршақ хан қылып сайлайды.

Алғашқы қазақ-жоңғар соғысы (1681-1685)

1681 жылы Галдан Тянь-Шань тауларының сол жағындағы аумаққа және Қазақ хандығына шабуыл жасайды, бірақ Сайрамды ала алмайды. 1683 жылы Цэван Рабдан бастаған Галдан әскері Ташкент пен Сайрамды алады. Олар екі қазақ әскерін талқандап, Сырдарияға дейін жетеді. Осыдан кейін Галдан қарақырғыздарды басып алып, Фергана алқабын ойрандайды. Оның генералы Цэван Рабдан Тараз қаласын алады. 1685 жылдан бастап Батысқа қарай өңмендей ұмтылған Галдан әскері қазақтарды өз жерлерінен одан әрі ығыстыра береді. Жоңғарлар барабиндерді басып алып, олардан жасақ (алым) алып отырады. Айта кетерлігі, барабиндр православие дінін қабылдап, орыс қоластына өте бастайды, бұл өз кезегінде оларды жоңғарларға жасақ төлеуден босатады.

Халха моңғолдармен соғыс (1687-1688)

1634 жылы Лигден хан өлгеннен кейін, Цин әулетінің күшеюінен жасқанған халха моңғолдар ойраттармен бейбітшілік орнатады. Алайда Жасағту хан Шира бодандарының бір бөлігін жоғалтқаннан кейін Галдан шабуыл жасау үшін өз ордасын Алтай тауларына қарай жылжиды. Тушету хан халха моңғолдардың оң қанатына шабуыл жасап, 1687 жылы Жасағту ханды өлтіреді. 1688 жылы Галдан Тушету ханға қарсы інісі Доржы Джав бастаған әскерді жібереді, бірақ олар жеңіліп, шайқаста Доржы Джав қаза болады. Одан кейін Тушету хан галданның басқа інісі Дегдихей Мергенді де өлтіреді. Інісінің кегін қайтармақшы болған Галдан, Байкал көлінің жағасында Тшету ханның әскерімен шайқасып жатқан орыстармен достық қарым-қатынас орнатады. 1688 жылы Галдан орыс қаруымен қаруланған 30 мың жоңғар әскерін халха моңғолдарға қарсы бастап, үш күннің ішінде Тушету ханның тас-талқанын шығарады. Бұл кезде Байкал өзенінің жағасында сібір казактары халха моңғолдардың 10 мың қолына шабуыл жасап, жеңіп шығады. Жоңғарлармен болған екі қантөгіс соғыстан кейін Тушету хан мен оның бауыры Жебдзун Дамба Хутухта Гоби шөлі арқылы Цин әулетіне қашып, Канси императорға бағынады.   Бірінші Цин соғысы (1690-1696)

1690 жылдың жазында Галдан 20 мың әскерімн Керулен өзенінен өтіп, Ұлан Бутун жанында Цин әскерімен шайқасқа түседі. Галдан шегінуге мәжбүр болады, цин әскерінің азық-түлігі мен бұларды қууға мүмкіндігі болмағандықтан ғана ол толықтай жойылып кетуден аман қалады. 1696 жылы император Канси 100 мың әскерімен Моңғолияға келіп кіреді. Керуленнен қашқан Галдан батыстан шабуылдаған Циннің басқа армиясының қолына түседі. Ол Туул өзеннің жоғарғы тұсында, Тэрэлжэ жанындағы шайқаста жеңіледі, әйелі Ануды өлтіріп, цин әскері 20 мың бас ірі қара мал мен 40 мың қойды иемденеді. Галдан қашып құтылады. Ол 1697 жылы 7 сәуірде Қобда жанында Алтай тауларында қайтыс болады. Жоңғарияға оралған інісі Цэван Рабдан 1689 жылы көтеріліс бастап, 1691 жылы билік басына келеді.

Шағатай көтерілісі (1693-1705)

Галдан Бабақтың ұлы  II Абд ар-Рашид ханды қуыршақ хан қылып сайлайды. Жаңа хан Аппақ қожаны тағы қашуға мәжбүрлейді, кейін Яркентте бей-берекетсіздіктер орнаған кезде, Абд-ар-Рашидтің де билігі құлайды. Оның орнына бауыры Мұхаммед Имин хан келеді. Мұхаммед жоңғарлармен шайқаста Цин әулетінен, Бұхар хандығы мен Ұлы Моғолдар империясынан көмек сұрайды. 1693 жылы Мұхаммед Жоңғар хандығына сәтті шабуыл жасап, 30 мың әскерін тұтқынға түсіреді. Алайда, Аппақ қожа тағ пайда болып, ізбасарларымен бірлесіп төңкеріс жасап, Мұхаммедті құлатады. Таққа Аппақ қожаның ұлы Яхия қожа отырады, бірақ билігі ұзаққа бармайды, 1695 жылы ергілікті көтерілісті басу кезінде әкесі екеуі де өлтіріледі. 1696 жылы таққа Мұхаммед Мүмин хан отырады, бірақ Қашқардың қайыршылары оны мойындаудан бас тартып, қырғыздармен одақтасып, Яркентке шабуыл жасап, Мүмин ханды тұтқынға алады. Яркенттің қайыршылары жоңғарлары барып, олар 1705 жылы қырғыздарды ығыстырып шығарады. Жоңғарлар шағатайлық емес Мырза Әлім Шах Бекті билеуші етіп сайлайды, сонымен шағатай хандары билігі мәңгілікке тоқтайды.

Екінші қазақ-жоңғар соғысы (1698)

1698 жылы галданның орнына келген Цэван Рабдан Теңіз көлі мен Түркістанға дейін жетеді, ал жоңғарлар, 1758 жылы оларды қытайлар жойып жібергенге дейін Жетісу, Түркістан мен Ташкентті бақылауында ұстайды.

Ұлы Тартария картасының бөлшегі. 1706 ж.  

Екінші Цин соғысы (1718-1720)

Цэван Рабданның бауыры Цэрэн Дондуп 1717 жылы Хошут хандығына басып кіріп, Еше Гьяцоны құлатып, Лхавзан ханды өлтіріп, Лхасаны талан-таражға салады. 1718 жылы оған жауап ретінде император Канси соғысқа шығады, бірақ оның әскерін жоңғарлар Салуин түбінде қырып тастайды. Канси жіберген екінші ірі экспедиция 1720 жылы жоңғарларды Тибеттен қуып шығады. 1721 жылы Турфан мен Пичанның тұрғындары Әмин қожа көсемнің бастауымен Цин әулетінің жағына шығады.

Галдан Цэрэн (1727-1745)

1727 жылы Цэван Рабдан өлгеннен кейін, оның орнына ұлы Галдан Цэрэн келеді. Ол қазақтар мен халха моңғолдарға қарсы соғысын жалғастыра береді. өз боданы – халхаларды шабуылдан құтқару үшін Цин әулетінің императоры Юнчжен 10 мың әскерін жібереді, бірақ оларды Хотон Нуур көлінің жанында жоңғарлар ойсырата жеңеді. Алайда, келесі жылы Эрдэнэ Дзу шіркеуінің жанында халха моңғолдар жоңғарларға соққы беріп, жеңіп шығады. 1731 жылы жоңғарлар бұрын Цин жағына өтіп кеткен турфанға шабуыл жасайды. Әмин қожа турфан халқын Гансуға қарай шегіндіріп алып кетеді де, олар Гуачжоуда паналап қалады. 1739 жылы Галдан Цэрэн халха моңғолдар мен Жоңғар территориясы арасында шекара жүргізуге келіседі.  

Ренар құрастырған Жоңғар хандығының картасы  

Дағдарыс (1745-1755)

1745 жылы Галдан Цэрэн өлгеннен кейін тақ таласы басталады. 1749 жылы Галдан Цэрэннің ұлы Лама Доржы інісі Цэван Доржыдан (Аджа Намджил хан) тақты тартып алады. Оны аталас бауыры Дабачи мен ноян Әмірсана тақтан құлатады, олар да өзара  хандыққа ие болғысы келіп, тартыс жүргізіп жатқан. Бұлардың таласының нәтижесінде 1753 жылы дербет пен баят тайпаларын билеген Дабачидің үш туысы Цин әулеті жағына шығып, халха моңғолдар территориясына көшіп кетеді. Келесі жылы Әмірсана әскерден қашып кетеді. 1754 жылы Қашқар билеушісі Юсуф/Жүсіп көтеріліс жасап, сол жердегі жоңғарларды күшпен ислам дініне кіргізеді. Оның Яркенттегі ағасы Жақан қожа да көтеріліске шығады, бірақ Ақсудағы Айып қожаның сатқындығынан жоңғарлардың қолына түседі. Жақанның ұлы Садық Хотанда 7 мың адам жинап, кек алуүшін Ақсуға шабуыл жасайды. 1755 жылдың көктемінде Цяньлун императоры Дабачиге қарсы 50 мың адамнан тұратын армиясын жұмсайды. Олар 100 күннің ішінде Жоңғар хандығын жойып жібереді. Дабачи Ақсудың солтүстігіндегі тауларға қашады, бірақ Үштурфанның бегі Ходжистің қолына түсіп, Цин әулетіне жөнелтіледі.

 

Әмірсана көтерілісі (1755-1757)

Жоңғар хандығы жойылғаннан кейін Цин империясы ойраттың төрт тайпасының әрқайсысына хан қоюды жоспарлайды, бірақ Әмірсана барлық ойраттарға жалғыз өзі билік жүргізгісі келеді. Бұның орнына император Цяньлун оны хойыттардың ғана ханы қылып қоды. Жазда Әмірсана моңғол көсемі Чингунжавпен бірлесіп Цин әулетіне қарсы көтеріліске шығады. Цинді жеңе алмаған Әмірсана пана іздеп орыстарға қашады, осы орыстардың жерінде шешек ауруынан қайтыс болады.

Ақ Тағлық көтерілісі Восстание Ак-Таглика (1757-1759)

Әмірсана Цин әулетіне қарсы көтеріліске шыққан кезде, Яркентте Ақ Тағлық Бурхануддин қожа мен Жақан көтеріліс бастайды. 1758 жылғы ақпанда Цин Яэрхашань мен Чжао Хуэйді 10 мың әскермен Ақ Тағлық режиміне қарсы аттандырады. Чжао Хуэй 1759 жылғы қаңтарға дейін Яркентте жау әскерінің қоршауында болады, дегенмен цин әскері жорық кезінде қандай да бір қиыншылыққа ұшыраған жоқ. Ағайынды қожалар Бадахшанға қашады, сол жерде олар билеуші Сұлтан шахтың қолына түсіп, ол оларды жазалап, Жақанның басын Цин әулетіне жолдайды. Қашқар алқабы 1759 жылы тыныштық табады.

Геноцид

Цин ғалымы Вэй Юанның (1794-1857) дерегі бойынша цин әулеті жаулап алғанға дейін жоңғар халқы 600 мың адам мен 200 мың үйден тұрған. Вэй Юань жоңғар отбасыларының 40%-ы шешек індетінен өлген, 20%-ы Ресейге немесе қазақ тайпаларының құрамына қашты, ал қалған 30%-ы манчжур ту ұстаушыларымен өлтірілді деп жазады. Вэнь-Дян Чу 600 000 немесе одан да көп жоңғардың 80%-ы аурудан және шабуылдардан қаза тапты деп жазады, оны Майкл Кларк «Жоңғар мемлекетінің ғана емес, сонымен қатар жоңғарлардың халық ретінде толықтай жойылуы» деп сипаттайды. Тарихшы Питер Пердью жоңғарларды жою император Цяньлун бастаған және екі жыл бойы жүргізілген қырып-жою саясатының нәтижесі болды дейді. Соңғы ғылыми қызығушылығы геноцидқа бағытталған тарихшы Марк Левен жоңғарлардың жойылуын «XVIII ғасырдағы ең ауқымды геноцид болуы мүмкін» деген пікір білдіреді. Мұсылман қазақтар мен Қашқар алқабындағы Яркент хандығының бұрынғы тұрғндары (қазіргі ұйғырлар) өздерін құл ретінде ұстаған буддалық жоңғарларға деген көзқарастары нашар болды, цин жорықтарына қатысып, жоңғарларға шабуыл жасап отырды. Қожа Эмин сияқты ұйғыр көсемдері Цин империясы мен мұсылмандар арасында делдал ретінде әрекет етіп, мұсылмандарға Цин империясы тек ойраттарды ғана өлтіреді, мұсылмандарға тиіспейді дейді. Олар мұсылмандарды ойраттарды өлтіруге Цинге көмектесуге иландырады.

Автор: Аян ӘДЕН