Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Шыңғыс ханның «Ұлы жасақ» заңдар жинағы

10218
Шыңғыс ханның «Ұлы жасақ» заңдар жинағы - e-history.kz
Шыңғыс хан негізін қалаған моңғол империясының басқару жүйесі кеңес (мәжіліс) жүйесіне негізделді. Бұл кеңес «құрылтай» аталды.

«Жан мен тәнім шаршаса да, жамағатым азбасын. Қара басым қажыса да, қағанатым тозбасын!» деп артына өлмес сөз қалдырып кеткен Шыңғыс хан  жарты әлемге ықпал еткен алып империясын «Яса» немесе «Ясак» (Ұлы жасақ заңдары) деп аталатын әскери-құқықтық заңдар жинағы арқылы басқарды. Бұл құжат Шыңғыс ханның «Ұлы жарғысы» деп те аталған.

 Яса деген сөзі – қаулы немесе заң дегенді білдірген. Шыңғыс ханның замандасы, атақты араб ғалымы ибн әл-Әсир өз еңбектерінде Ұлы қаған туралы былай деп жазатыны бар: А.Македонский  он жылда құра алмаған мемлекетін Шыңғыс хан екі-үш-ақ жылда құрып үлгерді... Шыңғыс ханның «Яса» заңында «әр алуан діндер, әртүрлі тайпа-ұлыстар тең құқықты, ұқсас құрметке ие болады», - деп дәріптелген. Сондықтан, Шыңғыс ханға бағынышты ұлы түрік империясындағы сунийлер мен шиіттер, буддистер мен яһудилер, христиандар, түріктер, армяндар бір кісідей өмір кешті. Бұған сырттан келгендер қайран қалатын...».

Белгілі этнограф Зейнолла Сәніктің айтуынша, Ұлы жасақ заңдары ежелгі жұңғо, Иранның заңдарына негізделіп жазылған. Сонымен қатар, Шыңғыс хан ислам шығармаларын да тәржімалатып, өздерінің әдет-ғұрпына сай келетін жерлерін іріктеп алып, күнделікті өмір салттарына бейімдеп алып отырған. «Ол кезде мұның (Ұлы жасақ заңдары) мұның әлемдік ықпалы болды. Түркиянің «ясакли», «ясашпай» сөздері және соған қатысты заң кітаптары Шыңғыс ханның «Ясасынан» шыққан. Араб тарихшыларының «Әс-саяса-әл-Кәбира» (үлкен саясат) шығармалары да сол «Яса» негізінде жасалған», - деп жазады З.Сәнік.

Рашид ад-Диннің мәліметіне қарағанда Ұлы жасақ заңдары 1206 жылы Шыңғыс ханның керей, найман, меркіттерге жасаған жеңісті жорығынан кейін шақыртылған үлкен құрылтайда қабылданған. Кейінірек 1218 жылы Түркістанға қарсы жорықты ұйымдастыру мақсатында жиналған кезекті құрылтайда заңға біршама толықтырулар енгізіліп, 1225 жылы қайта қабылданған.

Бұл заңның орындалуын қағанаттың бас әділетшісі (қазіргі ұғыммен айтқанда Әділет министрі) қадағалаған. Шыңғыс хан Моңғол мемлекетінің алғашқы бас әділетшісі (Дээд заргач) етіп өзінің «алтыншы інісі» Шихихутугты тағайындап тұрып оған: «Мемлекеттің меншігін жөнге салып, дау-дамайларды реттеп, ол туралы көк дәптерге жазып отыруың шарт, Шихихутугтың менімен келісіп шешіп, аққағазға көк сиямен түсірген хаттамаларын ұрпақтан ұрпаққа дейін ешкім бұзбайтын болсын!»  деп жарлық берген екен. «Ұлы жасақ» заңы өз замында универсалдық заң рөлін атқарған құжат болды.

 

«Ұлы жасақ заңдарының» түпнұсқасы толығымен сақталмаған. Түп нұсқасы табылмағанымен «Моңғолдың құпия шежіресі», «Чингис хааны билэг сургаал», Рашид ад-Диннің «Жылнамалар жинағы» және А.Жувейнидің «Әлемді жаулап алушының тарихы», Марко Полоның мәліметтері арқылы біршама мәліметтер жеткен. Сонымен қатар, аталмыш заңның үзінділері араб, парсы, тарихшыларының еңбектерінде де кездеседі. «Ұлы Ясаның» біршама толығырақ мазмұны ХІІІ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген парсы жылнамашысы Ала ад Дин-Ата Малик А.Жувейнидің Тарих-и-Джахангушай» (Әлемді жаулап алушының тарихы)  еңбегі арқылы жетті.

Моңғол империясындағы негізгі құқықтық ескерткіш «Ясаның» күштілігі сонда, Шыңғыс хан ұрпақтары Моңғол империясынан қаншалықты қашықтықта билік құрса да осы заңға бағынып, берік ұстауға тырысты. Ясаның құрамы халықаралық құқық, мемлекеттік және әкімшілік құқық, қылмыстық құқық, сауда құқығы, сот құқығы, заңды бекіту сияқты баптардан тұрды.

Моңғол ғалымдары «Ұлы жасақты» жеті бапқа бөледі.

1) Жалпы ережелер,

2) Халықаралық қатынастар заңы,

 3) Үкімет және қарулы күштер туралы заң,

4) Қылмыстық заң,

5) Әскер туралы заң,

6) Азаматтық заң,

7) Сауда туралы заң,

Қытай ғалымы Ли Зуфин «Шыңғыс ханның жаңа өмірбаяны» атты еңбегінде бұл баптарға «Әдеттегі тыйым ережелерін» қосып сегіз тармақтан тұрады деп көрсетеді.

Тағы бір моңғол ғалымы Б.Сайшаал «Ұлы жасақты» тереңірек талдай отырып, «Яса» әскери-құқықтық заңдар жинағы ұлы заңды конституциялық 3 бап, қаған билігі туралы 4 бап, әскер және соғыс туралы 14 бап, азаматтық заңға тән 8 бап, төтенше заңдық 1 бап, халықаралық қатынас жайлы 4 бап, қаражат туралы 5 бап, сауда-саттық туралы 2 бап, жол және қатынас туралы 2 бап, діни наным туралы 3 бап, отбасы жайлы 2 бап, қылмыс заңы 7 бап секілді барлығы 6 бөлімнен, 54 баптан тұрады деп тұжырым жасаған.

Енді осы Шыңғыс ханның «Ұлы жарғысынан» біраз үзінділер (З.Сәніктің нұсқасы) келтіре кетейік:

Мемлекет қаталдық пен қайырымдылықты қатар жүргізгенде ғана нығая алады;

Өз ішін тазалай алмаған билеуші мемлекетті де ұры-қарыдан тазалай алмайды;

Өзіңнің сөзіңді айтардан бұрын үш ақылды адаммен ақылдас, кеңес. Егер әлгілердің сөзімен сөзің сәйкес келіп жатса, онда сөзіңді кез-келген жерде ұялмай айта беруіңе болады. Ал әлгілер келіспесе, дымың ішінде болсын;

Өзіңнен кейін де өмір бар екенін, сенің ұрпағыңа да ішіп-жем, өрiс-қоныс керек екенін ұмытпа;

Жауынгер жайшылықта (халық ортасында) бұзаудай момақан, жайдары, тыныш болсын. Ал соғысқа кіргенде аш бүркіттей ызалансын, ащы айғаймен жаудың үрейін ұшыратын болсын;

Үлкен ұлдарыңды еншісін беріп жеке шығар. Кара шаңырақ кенже ұлыңа қалсын;

Мейлі қалжыңдап-ақ айтсын. Егер сөзі салмақты, дәлелді болса, жаңағы сөзді ескер:

Еркек жер жүзінің барлық түкпіріне сәулесін жеткізе алатын күн емес, оған әйел көмектесетін болсын;

Егер біреуден қарызға тауар алып, оны қайтара алмаса және осындай тірлікті үш рет қайталаса, әлгі адам өлім жазасына кесілсін. Мұндай жауапсыз адамның тірі жүргенінен өлгені артық;

Опасыздар, Отанына сатқындық жасағандар, күні үшін өтірік куәлік бергендер өлім жазасына кесілсін:

Отқа дәрет сындырғандар, суға түкірген адамдар өлім жазасына кесілсін;

Бұған дейін билік баспалдақтарынан өтпеген, яғни бек, сұлтан,  уәзір, хан бола алмаған адам еш уақытта ұлы каған болып сайланбасын.

«Түрік шежіресінің» авторы Әбілғазы Баһадүр ханның «1603-1664) еңбектерінде Шыңғыс хан айтыпты дейтін көптеген нақылдар кездеседі.  Әрі бұл нақылдар кейін келе қағанаттың қатан тәртібіне, жосын-жоралғысына айналған:

Жан мен тәнім шаршаса да, жамағатым азбасын. Қара басым қажыса да, қағанатым тозбасын;

***

Карсы келгенді аяма, бағынғанға қоқандама;

***

Жауыңды жеңем десең, жарағың жанында болсын:

***

Өз қосыныңнан өлмей айырылма;

***

Өз үйін басқара алғандар өзгені де басқара алар;

***

Он адамға сөзін өткізе алғандар, он мыңға да бас болар;

***

Ханына адал сардар карамағындағыларға қадірлі:

***

Өзі үшін жамандықтан тыйылған адам елі үшін қиылар;

***

Көргені көп тобырдан,

Өнері бар жалғыз жақсы.

Калың кара тобырдан,

Билік білер жалғыз артық;

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?