Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жошы хан және Алтын Орда мемлекеті

3818
Жошы хан және Алтын Орда мемлекеті - e-history.kz
Бергі мыңжылдық тарихымыздағы Қазақ мемлекеті өзінің түпқайнарын Шыңғысханның Моңғол империясынан алғандығында дау жоқ. 1225 жылы Шыңғысхан тұтас Орта Азияны жаулап алды да оны төрт ұлына үлестірді.

Ертістен басталып батыста моңғол атының тұяғы тиген жердің барлығы Жошыға қарасты болатын болды. Жошы ұлысы орыс деректерінде Алтын Орда деп аталады. Кейінгі кездерде территориясы Еуропаның орталық аймақтарына дейін жетіп, империя территориясы 10 млн шаршы километрден асып кетті. Алтын Орданың Жайықтан шығысқа дейінгі далаларын Ақ Орда, Көк Орда деп атаған. Қазақ хандығы сол Ақ Орданың заңды жалғасы саналады. Алтын Орданың хандар билігі Жошыдан басталып соңы Кенесарымен аяқталды.

Жошы Шыңғысханның туған ұлы екеніне еш күмән жоқ

Жошы – Шыңғысханның қоңырат қызы Бөртеден туған тұңғыш ұлы. Ол шамамен  1180 жылдары дүниеге келген. Шыңғысханның туған ұлы екеніне еш күмән жоқ! Оны тарихи деректер де дәлелдейді. Рашид ад-дин деректерінде:

«Жошы хан Шыңғысханның ұлдарының арасындағы, одан үлкен Қучин бики (Қошин бике) атты әпкесін есептемегенде, ең үлкені болатын. Ол (Шыңғысханның) бәйбішесі, қоңырат руынан шыққан Дай ноянның қызы, төрт ұл мен бес Қыздың анасы болған Бөрте фужиннен дүниеге келген. Шыңғысханның істерінің алғашқы жылдары, әлі дәуір парақтарының бетінде оның алпауыт мемлекетінің іздері пайда болмаған кезде, оның әйелі Бөрте фужин Жошы ханға жүкті болды.

Осы уақытта меркіт руы ыңғайлы сәтті тауып Шыңғысханның үйін тонап, оның жүкті  әйелін де тұтқынға алып кетті. Бұл ру осыған дейін керейт патшасы Оң ханмен дұшпан болып, дауласып келген болса да, сол кезде олардың арасында бейбітшілік орнаған еді. Сондықтан олар Бөрте фужинді Оң ханға жіберді. Ол Шыңғысханның әкесімен екеуі анда болғандықтан, әрі Шыңғысханды ұлым деп атағандықтан,  Бөрте фужинді сыйлайтын әрі құрмет ететін. Содан оны жаңа түскен келіннің жағдайында ұстап, өзгелердің көзінен қорғап отыратын. Ол өте пәк (таза) және қабілетті болғандықтан (Оң ханның) әмірлері өзара:

- Неліктен Оң хан Бөрте фужинді алмай жатыр? – дейтін. Ол (Оң хан):

- Ол менің ұлымның жас келінінің дәрежесінде және біздің алдымызда қауіпсіздікте, оған арам ойлармен қарау бекзаттықтан емес, – деді.

Шыңғысхан бұл жағдай жайлы хабардар болғанда, ол Оң ханға Бөрте фужинді қайтарып беру туралы өтінішпен жалайыр руынан болған, Арғын ханның балалық шағында Абақа ханның бұйрығына сәйкес оның ордасының әмірі және Хорасан мен Маанааранда әкім болған Capгак ноянның атасы Саба есімді бір әмірді жіберді.

Оң хан оған көңіл бөліп, қамқорлық жасап, оны Сабамен бірге қайтарды. Жолда кенеттен дүниеге ұл туылды, осы себептен оны Жошы (Жолшы) деп атады. Жол қауіпті болғандықтан, әрі тоқтауға мүмкіндік болмағандықтан, бесік құрастыру қиын іс еді. Саба біраз жұмсақ қамыр илеп, оған баланы орап алды да, оны ештеңе алаңдатпауы үшін өзінің етегіне салып алды. Ол оны абайлап алып жүріп Шыңғысханға жеткізді. (Жошы) өскен кезде, ол әрдайым әкесіне еріп жүрді және сәттілік кездерде де, қиындық кездерде де үнемі оның жанында болды» (1).

Демек Жошы Шыңғысханның екінші баласы, онан үлкен бір қызы болған. Ол қыздың аты Қочын бике, ол туылардан бұрын Шыңғысхан бірнеше жыл балалы болмай жүрсе керек, бір рет татарларға жорықта татар ақсүйегінің әдемі киінген баласын тауып алып, оны бауырына салып алады, ол Шикіқұдығ болатын. Сонан кейін осы қыз, онан оң Жошы туған. Сол себепті Шыңғысхан Шикі құдығты ерекше жақсы көрген, ол баланы құт болды деп «құдығ» деп қосалқы ат қойса керек, қазақ салтындағы «Майқұйрықпен» сәйкеседі. «Моңғолдың құпия шежіресінде» меркіттер тұтқиыл келіп Бөрте мен Иесукейдің тоқалы Сушыгілді тартып әкетеді, Шыңғысхан керей ханы Тұғырылдан көмек сұрайды.

«Сол жерден Темужін, Қасар, Белгүтей үшеуі жүріп Тула өзенінің қара орманын мекендеп отырған керейдің Оң ханына барып: «Үш меркіт ойламаған жерден шабуыл жасап, қатын-баламды тартып әкетті. Хан әке, сізге үй ішімді құтқарып берсеңіз деп өтініп келдік», – деді» (2).

Бұл сөйлемдегі «қатын-балам» деп отырғаны Бөрте, тұңғыш баласы Қочын бике, іштегі Жошыны көрсетіп тұр деуге әбден негіз бар. Ал Жошыны меркіттер тартып әкеткенде ол іште кеткен бала дедік, бірақ соның өзі кейін Шыңғысханның бақталастарының Шыңғыс ұрпақтарының арасына жік салуына таптырмас сылтау болады. Жошы меркіттен келген дегенді Жамұқа таратты деген дерек бар. Жошы есейгеннен кейін сіңірген еңбегі жағынан өзге інілерінен үстем тұрды, Шыңғысхан ешқашан да оған бөтен көзбен қарамаған. Рашид ад-дин деректерінде меркіттер Бөртені Тұғырылға тарту еткен десе, «Моңғолдың құпия шежіресі» деректерінде меркіттерге қарсы 40 мың әскер жасақталып сұрапыл соғыс болады, меркіттер күйрей жеңіліп бар қуатынан айырылады.

Жошы ержеткеннен кейін әкесіне еріп көп соғыстарға қатынасып ерлік көрсетті. Ол саятшылықты аса жақсы көретін, сондықтан Шыңғысхан: «Саятшылықты ұнататындар Жошыға барып топталсын» дейтін.

Жошы ханның орман еліне жорығы

«Қоян жылы (1207) Жошы оң қол әскерлерін алып орман жұртын жаулау үшін аттанғанда, Бұқа жолбасшы болады. Ойраттың Құдығы бегі түмен ойратын бастап өзі келеді. Құдығы бек келіп, Жошыға жол бастап түмен ойрат өлкесін аралатып, Шікшиге барады. Буриат, барғы, үрсуыт, қапқанас, қаңқыс, туба тайпаларын қоса, түмен қырғыз жеріне жеткенде қырғыз нояндары Еди, Иналшы, Алдияр, Өребек-тегіндер ілесіп кіріп, ақ сұңқар, ақ ат, қара бұлғын алып келіп, Жошыға кездеседі. Шібір, кестiн, баят, тоқас, төлес, төлеңгіт, тас, байжігіт сияқты баяғыдан бергі орман халықтарын иеленіп алып, қырғыздың түмен ноянын, мыңдық нояндар мен орман жұртшылығы нояндарын ертіп келгенде, олар Шыңғыс қағанға ақ сұңқар, ақ ат, қара бұлғын тарту етіп кездеседі.

Ойраттың Құдығы бегінің алдынан шығып қабылдап, түмен ойратын ертіп, бағынды деп, оның ұлы Иналшыға Шешейкен деген қызын береді. Иналшының ағасы Төрелшіге Жошының қызы Олүйxанды береді. Алға бике деген қызын Оңқұтқа береді. Шыңғыс хаған Жошыға: «Үлдарымның үлкені сен үйден алғаш рет шығып, жолың күтты болып, барған жерінде адам мен ат шығындап қинамай, бақытты орман жұртын бағындырып келдің. Осы бұқараларды саған бердім», – деп әмір етеді» (3).

Жошының орман еліне жорығы 1207 жылы болған, бұл жорықта Саян-Алтай таулары мен оның терістігіндегі Сібір ормандарын мекендеп отырған түркі тілдес және моңғол тілдес тайпаларды бағындырған. Бұл жорықта ешқандай қан төгілмеген, орман елдері қарсыласуға шамалары жетпейтінін түсініп бейбіт түрде бағынған. 

Орман елдері кімдер еді?

Жошы бағындырған тайпалардың ірілері ретінде барғы, бурият, қырғыз, ойрат, баят, тоқас, төлес, төлеңгіт, тас, байжігіт рулары аталады. Қырғыз бен  ойрат, бурият кейін жеке ел болды. Қазақтың найман тайпасының құрамында байжігіт, байжігіт құрамында тоғас руы бар. Байжігіт, тоғас болып 1917 жылдары 12 болыс ел, 60 мыңнан аса халық болған. Байт көпше айтылуы оны байыс деп те айтуға болады, олар да найман қаракерей ішіндегі айтулы тайпа. Қоры, түмет деген тайпалар да болған, ал таз тайпасы кіші жүз байұлының бір тайпасы, сондай-ақ арғын қаракесектің бір атасы, қазақта таз 8-9 тайпаның құрамына кірген, найман ішінде де ақтаз, қызылтаз рулары бар.Төлеңгіт жүзге кірмейтін үлкен тайпа болса, төлестер кіші жүз арасында алты тайпаның ішіне кірген.

Әлім ұлы-шекті-қабақ-төлес, 
Әлім ұлы-қаракесек-тобыл-төлес, 
Әлім ұлы-шөмекей-аспан-төлес. 
Төлестер жетірудің ішінде де бар: 
Жетіру-рамадан-балғалы-төлес. Арғын арасында бәсентин ішінде ақ толыс, сүйіндік дортуыл ішінде төліс руы да ежелгі төлестердің бұтақ тармақтары саналады. 
Бір тобы қырғыздармен бірге Алатауға келген, олар қырғыз арасында дөөлес атанады. Мекені Алтайда қалғандары әлі күнге алтайлар арасында төлес атымен белгілі. 
Қырғыздарда қазақтың арғын, керей, уақ, қыпшақ, қоңырат, дулат, шекті сияқты руларының арасында кіші ру ретінде аталады. Жошыға Шыңғысхан 9000 мың үй моңғол берген, Жошының бастапқы ордасы Ертіс бойында болған. Кейін Бату Еділ бойынан орда тіккенде бір талай моғол рулары мен орман тайпалары солай қарай ойысқаны анық. Жошы бағындырған аймақта бұрын беріш, шекті, сағал (қарасақал), кете (кет) рулары да мекендеген, осы рулардың аттары өзен, көл атаулары ретінде Алтай өлкесі мен Сібірде әлі бар. Хакас, тыба жерлерінде кейінгі кездердің өзінде адай, жағалбайлы руларының мекендегені анық. Хакасияда алаш өзені алаша руымен қатысты болуы мүмкін. Қакастар арасында қарақас, қызай, байғара рулары қазақтарда да кездесетін белгілі рулар. Алтайды жайлайтын телеуіттер мен кіші жүздегі телеу руы сол замандарда іргесі ажыраған сияқты. Жошы ұлысының батысқа кеңеюіне байланысты осы рулар да батысқа қарай көшкен. Осы рулар кейін кіші жүздің негізін құраған.

Жошының Хорезм шахпен шайқасы

1217 жылы Шыңғысханның 450 адамдық керуені Отырарда қырғынға ұшырағаннан кейін Торғай даласына қарай жосып қашқан меркіт тайпасының қалдық күштеріне қарсы соғысқа Сүбетей батырды 20000 жасақпен аттандырады. Осы қосынға Жошы және де бас болып барып меркіттерді талқандайды, Тоқтабектің ұлы Қолтуған мергенді қолға түсіреді, Қолтуған мерген арт-артынан оқ атқанда артқы оғымен алдыңғы оғының қауырсынының арасынан тигізіп жарып тастайды екен, оның асқан мергендігіне мейлінше қызыққан Жошы оны өлтірмей алып қалу үшін әкесі Шыңғысханға кісі салады, Шыңғысхан бұл өтінішті мақұлдамай Қолтуған мергенді өлтіртіп тастайды. Ырғыз бойында меркітті талқандағаннан кейін Хорезм шах 60000 қолмен ( кей деректерде 100000) Ырғыздағы мұсылман дінін қабылдамаған қаңлы-қыпшақ тайпаларына қарсы ғазауат соғысына шығады, оларды қырғынға ұшыратып, онан солтүстікке беттеп қырылған меркіт жасақтарына да, Жошының жасағына да жолығады, сол заман куәгері Нәсауй бұл оқиғаны былай баяндайды:

«...Осылайша түріктер сұхбаттасып отырғанда сол қарғыс атқан Шыңғысханның бір топ адамдарынан елші келіп қаһарлана: «Сендер менің жақтастарымды өлтіріп, дүние-мүлкін талан-таражға салдыңдар, соғысқа дайындалыңдар, мен сендерге орасан зор адаммен келе жатырмын. Маған қарсы тұра алмайсыңдар» – дейді. Бұл арада Шыңғысхан Түркістанға келген және Қашқарды, Баласағұнды бүкіл елімен басып алған. Ол жерден татарларды, тура Хатайлықтармен болғандай, қуып жіберген (ол жөнінде ешқандай мәлімет сақталынбай қалған), олар жан-жаққа тарап кеткен. Жоғарыда мәлімденген хат Хорезмшахқа жіберіледі. Оны тыңдап алып, Хорезмшах хабаршыны өлтіруге, ал оның қасындағылардың сақалдарын кырып тастап, қайтадан қожайынына қайтарыңдар деп бұйрық береді. Шыңғысханға оның елшісімен не істегенін, Хорезмшахтың оны жер шетіне қуалайтынын, оның жақтарына істегенін істейтінін, мен келе  жатырмын саған деп сәлем айтып жібереді. Хорезмшах тез жиналып, елшінің соңынан олардың есін жинатпай, үстінен түсейін деп жедел жолға шығып, токтамастан жүріп отырды. Осылайша 4 ай бойы жол жүріп отырып, олар тұратын жерге жетті, бірақ ол онда тек әйелдер, жас балалар мен кішкентай нәрестелерді көрді. Оларды жаулап алып, мал-мүлкін тартып алып, әйелдері мен балаларын тұтқынға алады,  дінсіздердің өз үйінде болмауының себебі: Кушлухан деп аталатын түрік тайпаларының бірімен соғысқа кеткен еді. Олармен шайқасып, шығынға ұшыратып, бар дүние-мүлкін өздерімен бірге алып қайтты. Жолда олар Хорезмшахтың елінің үй-жайына, мал-мүлкіне ойына келгенін істеді. Сосын жүрістерін жеделдете елдеріне бұлар кетпей тұрып жетті. Олар қаз-қатар тізіліп тұра қалды да бұрын-соңды ешкім естімеген шайқас басталды. Бұл шайқас үш күн, үш түнге созылды, екі жақтан да сан жеткісіз адам өлді, бірақ та олардың біреуі де қашпады. Мұсылмандарға келсек, олар өздерінің дінін қорғап, егер де өлсе, мұсылман күйінде өлетінін, ешқашан да басқа жол жоқ екенін, өз жерінен алыс екенін біле тұра өте үлкен шыдамдылықпен соғысты. Дінсіздер болса өз мүлкі үшін, өз адамдарын құтқару үшін табандылықпен күресті. Кейбіреулері аттан түсіп алып, қарсыласымен жаяулап соғысты.

Олар пышақпен төбелестi, жердің бәрі, өздері қан жоса болып, жерге көл болып төгілген қаннан аттар сырғанақтай бастады. Екі жақ та соғыстан әбден қалжырап, күштерін де, шыдамдылықтарын да тауысты. Бұл соғысқа Шыңғысханның баласы ғана қатысты, әкесі бұл туралы білмеді де. Мұсылмандардан қанша адам өлгенін есептегенде 20 000 болды, ал дінсіздерге келсек, олардан қанша өлгенінің санына да жетіп болмайсың. Төртінші түні болғанда олар тарқап, екі жаққа бір-біріне қарама-қарсы орналасып, түн болғанда дінсіздер өз оттарын жағып, сол күйінде қалдырып кетті. Мұсылмандар да дәл осылай етті. Сөйтіп екі жақ та шайқасты бітірді. Дінсіздер өз патшалары Шыңғысханға кетті, ал мұсылмандар Бұхараға оралды. Хорезмшах өзінің күшінің әлсіз екенін мойындады. Ол Шыңғысхан әскерінің бір бөлігін де жеңе алмады, ал соғысқа патшаның өзі шықса не болар еді деп торуылға дайындалды» (4).

Осы соғыста Хорезм әскерінен 20000 адам қырғынға ұшырайды, ал моңғол әскерінің мұрты да қисаймайды, осы ауыр жеңілістен кейін Хорезмшах Мұхаммед моңғол жасағының құдыретінен шошынып торығады, ақыры бетпе-бет дала ұрысында олардан еселеп көп болса да жеңілетінін анық аңдайды да, қалалар мен қамалдарға берік бекіну арқылы төтеп бермекші болады, оның бұл амалы да жарамсыз болып шықты, барлық қалалар құдыретті моңғол әскерінің тегеурініне шыдай алмай шетінен қирады.

Жошының Хорезм жорығына араласуы

1218 жылы Шыңғысхан Хорезмге қарсы 100 мың әскермен аттанды, ұйғұр идықұты Баршұқ 10 мың әскермен, қарлық Арсылан хан 10 мың әскермен, қаңлы бектері де сол шамадағы әскерімен қосылды. Жошы Отырардан басқа Сыр бойындағы қалаларды бағындыруға аттанды.

«Аталған ұлу жылының күзінің соңында Шыңғысхан саны көп әскермен Отырар қаласына жетіп келді де, оның патшалық киіз үйiн қамалдың карама-қарсысына тікті.

Алдында айтылғандай, сұлтан Қайыр ханға үлкен әскер берген және оған көмекке өзінің жеке хажибі Қарачаны (Қарашаны) он мың атты әскерімен бірге жіберген еді. Сөйтіп (Қайыр хан) қамалды және қаланың қорғандарын мүмкіндігі барынша жақсылап бекітіп, (онда) түрлі әскери құралдарды жинады. Шыңғысхан Шағатай мен Үгетайға бірнеше түмен әскермен қаланы алуға бұйырды.

Жошыны бірнеше жасақтарымен Женд пен Барчинлигке (Баршынкентке) жіберуге дайындады, ал басқа бір әмірлер тобын Хужент (Xoжeнт) пен Фанакат (Пенакент) бағытына жіберуді қалады. Осылай ол жан-жаққа жорыққа баратын әскер дайындап, өзі Төле ханмен Бұхараға аттанды. Бұхара кандай жолмен азат етілгендігі жайлы өз орнында баяндалатын болады» (5).

Отырар шайқасы

Нәсауй дерегі бойынша  Отырарға 50000 әскер қалдырған және оған Қараша  10000 әскермен көмекке келді десе, басқа деректе Қайырханда 20000 әскер болған, оған Қараша 10000 әскермен көмекке келген делінеді.

«Ал Отырарда бес ай бойы екі жақтан шайқас берді. Соңында Отырар халқы шарасыз халге жетті. Сөйтіп, Қараша (мұғулдарға) бағынуға келісім берді. Ал Қайыр хан болса ол бүлікті әу баста білгендіктен, ондай (яғни қамалды тапсыру жайлы) ойды, сірә, киялына келтіре алмайтын. Ол барша ынта-жігерін (бұған жол бермеуге) салды. Содан «Мен маған жақсылық істеген адамға (яғни Хорезм шахқа) опасыздық жасамаймын» деген сылтаумен бейбіт келісім жасауға келіспеді. Осы себепті Қараша оны артық мазаламай түнде өз әскерімен бірге қала қорғаны сыртына шығып кетті. Моңғол әскері оны тұтқынға түсіріп, ханзадалардың алдына алып барды.

Олар: «Саған сонша нығметтер беріп, жақсылық жасаған өзіңнің мырзаңа (Хорезм шахқа) опа жасамадың (адалдық танытпадың). Сондықтан біз де сенен ортақтықты (адал болуыңды) үміт етпейміз», – десті. Оны барлық нөкерлерімен бірге қосып өлтірді. Сосын қаланы алып, қаладан барлық адамдарды қой отары сияқты айдап шықты және барлық нәрселерді тәркіледі. Ал Қайыр хан жиырма мың әскерімен қала ортасындағы бекініске көтеріліп кетті. Сөйтіп, олар елу-елу адамнан соғысуға шыға берді, шыққаны  соғысып, өлтіріле берді. Содан бұл соғыс бір ай бойы жалғасты. Олардың көпшілігі өлтірілді. Соңында Қайыр хан екі адаммен тірі қалды. Ол әлі тойтарыс беріп, шайқасуда еді. Моңғол әскерлері оны сарай ішінде қоршап алды. Ол бір шатырға шығып алып еш берілмеді. Нөкерлердің екеуі де өлтірілді, ал оның қолында каруы қалмады. Сонда ол кірпіштерді лақтырып, бұрынғыдай шайқасты. Моңғолдар акырындап оны жан-жағынан қоршап алды, сөйтіп оны қорғанның үстінен төменге тартып түсірді. Содан соң қамал қорғаны бұзылып, жермен бірдей етілді. Халық пен қолөнершілердің кылыштан аман қалғандарының кейбірін Бұхара, Самарқан мен сол маңайдағы аймақтарға алып кетті. Ал Қайыр хан Көксарайда өлімге кесілді. Осымен бұл әңгіме бітті» (6).

Моңғол әскерінің бір бөлігі ғана Отырарды қоршауға алған, олардың саны 30000 шамасында болған деп шамалауға болады. Отырардағы жасақтар  бес ай берілмей қарсыласты, әрине мұндағы қаңлы-қыпшақ жасағының теңдессіз ерлігінің арқасы. Ақыр соңында Отырар алынып Қайырхан Иналшық өлтірілді, десе де Отырарда кітапхана барлығы туралы, оның өртелгені туралы еш дерек айтылмаған.

Жошының Жент пен Баршынлық калаларына бет алуы және олардың азат етілуі жайлы хикая

«Әлемді жеңіп алушы Шыңғысханның бұйрығына сәйкес ханзада Жошы аталған уақытта Ұлыс жетімен бірге Жент бағытына қарай жол тартты. Алдымен ол Жент аймақтарына жататын және Сейхунның жағалауында орналасқан Сукнак (Cұнақ) елдімекеніне дейін жетті. Ол (Жошы) алдымен ертеден бері саудагер ретінде Шыңғысханның қызметінде болған, оның жақын адамдары қатарына жататын Хусайын хажыны елшілерге басшы етіп, өзінің Cұнақ аймағының халықтарымен таныстығы мен туысқандығы бар болғандықтан, ол аймақтың тұрғындарына қарсылық көрсетпеу жайлы кеңес айтып, олардың қаны мен малы аман қалулары үшін мойынсұнуға шақыруы үшін елшілікке жіберді.

Ол Cұнаққа келгенде ол әлі елшілік міндетімен халыққа насихат айтпай тұрып-ақ халайық арасынан кейбір теріс пиғылды адамдар айқай-шу көтеріп «Аллаху акбар!» деп айқайлап оны өлтірді. Мұны өздерінше сұлтанның алдында жасаған бір үлкен қызмет деп білді.

Жошы бұл жағдай жайлы есіткенде әскерді жауынгерлік тәртіпке келтіріп, таң сәріден кешке дейін соғысуға бұйрық берді. Олар қаланы күштеп және мәжбүрлеп басып алмағанынша бірнеше рет соғысты. Содан кешірім мен мейірім қақпаларын жауып, бір адам үшін кек алып, Cұнақ әскерінің бәрін кырып салды. Сөйтіп ол жерді басқарудын өлтірілген Хұсайын хажының ұлына тапсырды. Сосын ол жерден кетіп, Узганд (Өзкент) пен Баршынкентті азат етті. Содан соң Ашнасқа (Асанасқа) жол тартты. Ол жақтағы әскердің көпшілігі қырып салынды.

Бұл жайлы сыбыс Жентке дейін жетті. Сұлтан ол аймақты қорғауға тағайындаған әмірлердің әмірі Құтлұғ хан түнде Сейхуннан кешіп өтіп, Хорезмге жол тартты. Ол Жентті тастап кетті деген хабар Жошы ханга жеткенде ол тұрғындарды өзіне тартып, оларға моңғолдарға қарсы дұшпандық іс-әрекеттер істеуден бас тартуын ұсынып, Жентке Шынтемірді елшілікпен жіберді.

Жентте толыққанды басшы мен билеуші болмағандықтан, әр адам өзінше әрекет ететін, өзінше ойланатын әрі ең тиімді шығар жолды іздейтін. Қараша халық айқай-шу көтеріп, Шынтемірге жабылмақ болды. Ол оларға Сұнақтағы болған жағдайлар мен Хұсайын хажының өлтірілуінің салдары жайлы айтып, оларды сыпайы және байсалды түрде тыныштандырды. Оларға «бөтен жерлік әскердің бұл жерге тиісуіне жол бермеймін!»  деп келісім алды. Олар бұл уәдені естіп қуанып қалды, сөйтіп оған ешқандай зиян тигізген жок.

Шынтемір олардан кетті де, Жошыға келіп, оларға өзі көрген жағдайлар жайлы айтып берді. Олар ол жаққа қарай 616 хижри жылының сафар айының 4-жұлдызында жол тартты. Әскерлер ор қазумен, оны дайындаумен айналысты. Жент тұрғындары қақпаларды жауып, қамал қорғандары үстінде шайқасты бастады. Олар ешқашан соғысты көрмегендіктен, «Мыналар қамал қорғанына қалай шыға алады?!»  деп моңғолдарға танданды. Моңғолдар болса, қамал қабырғаларына сатыларды қойып жан-жақтан көтерілді де, қала қақпаларын ашты. Сосын олар барлық тұрғындарды қала сыртына шығарды. Екі жақтан да бірде-бір тірі жанға қылыш соққысымен зиян тигізілген жоқ. Қала тұрғындары соғыстан бас тартқандықтан, моңғолдар олардың төбесіне мейірімнің колын қойды. Тек Шыңтемірмен дөрекі сөйлескен бірнеше басшы адамды ғана өлтірді. Содан тоғыз күн адамдарды жазықта ұстап, олардың мал-мүлкінтәркіледі» (7).

Шыңғысханның ұлдары Жошы, Шағатай мен Үгетайды Хорезм тарапына жіберуі және ол елдің азат етілуі

«Жоғарыда айтылғандай, Шыңғысхан Самарқанды жеңіп алуды аяқтаған кезінде, ол Жебе, Сүбетай және Тоғышарды Хорасан мен Иракқа апарар жолмен сұлтан Мұхаммед Хорезмшахтың соңынан іздеуге жіберді. Сөйтіп, өзі кейін сұлтанның ізімен Хорезмге баруды ойластырып, ол жазды сол аймақтарда демалу және аттарды азықтандырумен өткізді.

Сосын Мауараннаһр иеліктері түгелдей азат етіліп, одан өзге аймақтар да дәл солай Шыңғысханның билігіне қаратылған және басқарылатын болған кезде, оның түп атауы Гурганж болған, моңғолдар оны Урургичи (Үргеніш) деп атайтын Хорезм жіптері кесіліп құлаган шатыр сияқты ортада калып койды. Сонда Шыңғысхан оны да азат етуді қалады. Міне, осы уақытта ол Хорезмге жорыққа баpyғa өзінің үлкен ұлдары Жошы, Шағатай мен Үгетайды саны жағынан шөлдің кұмы сияқты, ал көлемі бойынша дәуірдің оқиғалары сияқты, яғни барша оқиға қосқандағыдан да ауқымды әскермен бірге тағайындады. Олар сол жылдың күзінде оң қанаттың әмірлерімен бірге жолға шығып, олармен бірге «Жасақ» деп аталатын маңлай, яғни алдыңғы шепкі әскер түгелдей жолға аттанды. Бұл жайлы жоғарыдағы бөлімде айтылған болатын.

Бұл кезде сұлтан Жалал ад-дин әкесінің өлімінен соң Хорезмге барған еді. Алайда кей әмірлердің қастандығынан кейін ол жаұтан кайтып кеткен болатын. Оның бауырлары мен сұлтан әмірлерінің қатарындағы шенеуніктер моңғол ханзадаларының жақындап келе жатқандығы жайлы сөзден кейін оның соңынан Хорасанға жол тартты. Жолда олар моңғол әскерінің қолынан мерт болды. Осы себептен Хорезм астанасы сұлтансыз қалған еді. Сөйтіп ол жердегі сұлтан әскерінің қатарындағы ықпалды адамдар – сұлтанның түркі ұлтты анасы Түркен қатынның туысқандары Хумар (Хумар) есімді бір кісі және Угул Хажиб (Ұлы хажиб), Арбука Пахлауан (Арбука Пахлауан), әскерлерді басқарушы Али Дуруғини (Әли Дуруғини). Ал қала тұрғындарының санының көптігі сипаттауға келмейтіндей көп мөлшерде еді.

Содан ол үлкен қалада сұлтан әулетінен ешкім қалмағандықтан, тәртіп орнататын және күрделі оқиғалар орын алғанда маңызды істерді басқаруға жүгінетін белгілі бір басшы болмағандықтан, басқару ісіне сұлтанның анасына туысқан Xұмар тағайындалды.

Күндердің бірінде моңғ әскерінің азғантай аттылары қақпа алдына мал айдап алып кету үшін шауып келді. Бірнеше келте ойлайтын адамдар моңғолдың бар әскері осы азғантай адамдар ғана екен деп ойлап қалды. Атты мен жаяулардың жасағы бұл аттыларға қарай беттеді. Моңғолдар олардан аң тұзақтан қашқандай Бали Ауррамның маңына жеткенше қашып барды. Ол жақта торуылда тұрған моңғол аттылары қорғанның арт жағынан атып шығып, бұл қуып келе жатқан топты қоршап алды.

Олар жүз мыңға жуық адамды қырып салып, қашқандардың соңынан қуып қақпа арқылы қалаға кіріп барды, сөйтіп Танура деп аталатын жерге дейін барды. Күн батысқа ауғанда бөтен елдiң  әскері кері бұрылып, жазыққа қайтып кетті.

Келесі күні олар қайтадан қалаға қарай беттеді. Сұлтан әскерінің басшысы бес жүз аттымен қақпаға жасалған шабуылды қайтарды.

Сол уақытта Жошы, Шағатай мен Үгетай ханзадалар саны көп әскермен келіп жетті, сөйтіп серуендеп жүргендей болып, қаланы айналдыра шолып

өтті. Сосын тоқтап, әскер қала айналасына шеңбер болып орналасты. Содан қала халқын бағынып мойынсұнуға шақырып елшілер жіберді. Хорезм айналасында тастар болмағандықтан, моңғолдар үлкен тұт ағаштарын кесіп, олардан тас лақтыратын аспаптардың тастарын алмастырғыштар жасады.

Өздерінің әдеттеріне сәйкес олар күннен-күнге қала тұрғындарын ауызша бопсалаумен, уәделермен әрі қорқытулармен үрейде ұстап отырды. Ал кейде (оқ, тас) атып қоятын, сөйтіп барлық жақтан жан-жақты жұмыс бастауға хашаршылар келгенше осылай жалғасты. Түрлі жақтардан көмек келген соң, алдымен орларды толтыру туралы бұйрық шығарды. Екі күн ішінде орлар түгелдей толтырды. Сосын қаладағы тоған-көпір тұрғызылған Жейхун суларын басқа арнаға бұру туралы шешімге тоқтады. Моңғол әскерінің үш мың адамы бұл іс үшін дайындалды. Олар кенеттен тоғанның ортасына соққы берді. Алайда қала халқы оларды қоршауға алып, бәрін қырып салды. Олардан бірде-бір адам тірі қайта алмады. Бұл жеңістің нәтижесінде тұрғындар шайқаста және қарсылық көрсетуде ынталырақ болды.

Ағалы-інілі Жошы мен Шағатайдың мінездері мен қалауларының (көзқарасының) тоқайласпауы салдарынан олардың арасында бірін-бірі жақтырмаушылық орын алды, сөйтіп олар бір-бірімен келісе алмайтын еді. Олардың келіспеуінің және қырсықтығының кесірінен соғыс iсi құлдырап кетті және оның қажеттері қараусыз қалды.

Содан əскердің істері мен Шыңғысханның бұйрықтары бүліне бастады. Осының нәтижесінде хорезмдіктер моңғол әскерінің көбін қырып салды. Осы себептен, айтуларынша, сол кездері өлтірілгендердің сүйектерінен жиналған төбелер әлі күнге дейін көне Хорезм қаласының айналасында бар көрінеді.

Осындай жағдаймен жеті ай өтті, қала болса әлі алынбаған еді. Ханзадалардың Самарқаннан әскермен бірге Хорезмге жорыққа аттанған және олардың Хорезмге келіп қоршауға алған уақыт аралығында Шыңғысхан Нахшабқа келіп, ол жерде біраз уақыт болды. Сосын Термез өзенінен өтіп, Балхқа келді, сөйтіп қаланы және сол аймақты бағындырды. Ол жерден Таликан қамалын қоршауға алуға кетті. Сол қамалды қоршауға ала бастаған күндері, оның Хорезмдегі ұлдарынан елші келіп, Хорезмді алу мүмкін еместігі және көп әскердің өлгені, сондай-ақ бұның жартылай себебі Жошы мен Шағатайлын (және Үгетайдың) арасындағы келіспеушіліктен екені жайлы хабар беріледі.

Шыңғысхан мұны естіп ашуланды, сөйтіп оларға кіші бауыры Үгетайдың басшы болып, олардың барлығын әскерімен қосып билеп, соның сөзі бойынша соғыс жүргізуін әмір етті. Үгетай ақылының кемелдігімен, қабілеттілігімен және көрегендігімен әйгілі еді.

Елші Шыңғысханның жарлығын алып келгенде, Үгетай бұйрыққа сәйкес іс-қимыл жасай бастады. Ол байыпты және ақылды болғандықтан, әр күні бауырларының бірін көруге барып тұратын, олармен жақсы тіл табысып, өте әккі билеушілігімен олардың ортасында сырттай келісім шығаратын. Солайша ол әскер ісін тәртіпке келтірді және бұйрықты мүлтіксіз орындады.

Содан соң моңғол жауынгерлері бірлесе соғысқа аттанып, сол күні-ақ қала қорғанына ту тігіп, қалаға кірді және мұнай салынған ыдыстармен қаланың ықшам аудандарын өртеп жіберді.

Қала тұрғындары ішкі қақпаларды паналады, сөйтіп көшелер мен ықшам аудандардың басында қайтадан соғысты бастады.

Моңғолдар сұрапыл соғыс жасап, жеті күн ішінде бір ауданнан соң екіншісін, бір сарайдан соң екіншісін алып, осы тәсілмен қаланы түгелдей қолға алғанша олардың әскерін ығыстырып, қорғандарын өртеп жіберіп отырды.

Қаланы алған соң олар адамдардың барлығын түгелдей қаланың тысына шығарып, олардан жүз мыңға жуық қолөнершілерді бөліп алды да, оларды шығыс елдерге жіберді. Жас әйелдер мен балаларды тұтқынға алып кетті, ал қалған адамдарды өлтіру үшін әскерлер арасына бөліп берді. Айтуларынша әскердің әрбіріне жиырма төрт адамнан тура келді. Ал моңғол жауынгерлер саны елу мыңнан астам еді. Солайша барлығы өлтіріліп, әскерлер тәркілеу мен тонауға кірісті. Сондай-ақ үйлер мен аудандардың қалғанын қиратты» (8).

Хорезмнің астанасын алу шайқасына 60-70 мың моңғол әскері қатысса, Хорезм жасағы 110 мың болған. Жеті айға созылған соғыста Жошы мен Шағатайдың бас араздығы себебінен қаланы тез ала алмады, Жошы кейін өз еншісіне тиетін жерді қырғынсыз басып алуды ойлайды, артынан қолбасшылыққа Үгедей сайланады, қала ақыры алынады, бірақ тұрғындар қырылып қала қиратылады, бұған Жошы наразы болады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-дин
  2. Моңғолдың құпия шежіресі. 3- тарау
  3. Моңғолдың құпия шежіресі
  4. Нәсауй. Татарлардың Түркістан уалаяттарын басып алуы туралы
  5. Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-дин. 3-том
  6. Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-дин. 3-том
  7. Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-дин. 3-том
  8. Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-дин. 3-том
  9. Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-дин. 3-том
  10.  Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-дин. 3-том
  11. Моңғолдың құпия шежіресі
  12.  Батудың Рязаньды қиратуы
  13.  Жуайни. Жаһанды жаулап алушының тарихы
  14.  Жүңго жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері. 4-том
  15.  Карпинидің шығысқа сапар естелігі
  16. Карпинидің шығысқа сапар естелігі

Жалғасы бар...

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?