«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Жошы ханның соңғы өмірі туралы

8111
Жошы ханның соңғы өмірі туралы

1224-1225 жылдардың арасында Шыңғысхан Хорезм жорығын ақырластырып, өз мекеніне қарай қайтты. Қазақ даласы мен Орта Азия тұтас оның қарамағына өтті, Жошыға Ертістен батысқа қарайғы жерлер: Балқаш көлінің терістігі, Сыр бойы, Хорезм аймағы тиді. Осы аумақтар бұдан былай Жошы әулеттерінің билігінде болды. Алтайдың терістігіндегі орман елдері сірә осы кездерде батысқа көшсе керек. Сонымен қатар Жошыға 9000 үй моңғол берілді, олардың екі мыңдығы үйсін тайпасы, оның нояны Байқу (Майқу) еді, қазақтағы үйсін Майқы би осы адам екені даусыз. Үйсіндерден басқа сежуейт мыңдығы, кеңгіт мыңдығы бар болатын.

Мақаланың алғашқы саны: Жошы хан және Алтын Орда мемлекеті

«Шыңғысхан Ертіс өзені мен Алтай тауларының айналасындағы барша уәлаяттар мен ұлысты, ол аймақтардағы жайлаулар мен қыстауларды Жошы ханның билігіне берді. Және Жошы хан Дешті Қыпшақ пен сол жақтағы өңірдегі мемлекеттерді азат етіп, өзінің иелігіне қосып алуы туралы бұлтартпас бұйрық берді. Оның негізгі жұрты Ертістің айналасында болды және оның мемлекетінің астанасы да сол жерде еді.

Жошы хан әкесінен бұрын дүниеден өткендіктен, тек қана оған қатысты болатын хикаяларды жеке-дара, өз алдына келтіру мүмкін емес. Сондықтан оның жағдайының (ісінің) баяндалуы Шыңғыc хан туралы хикаяда аралас түрде егжей-тегжейлі баяндалып, оның ауруы мен өлімінің жағдайлары жазылатын болады. Бұл келесідей болған еді:

Жошы хан Шыңғыc ханның бұйрығына сәйкес, әркез жорықтарда

жүрді. Көптеген аймақтар мен қалаларды азат етіп, бойсұндырды, содан мол әскери тәжірибеге ие болды. Шыңғысхан тәжіктер уәлаятына жолға шығып, Отырар шекарасына жеткенде, ол оны Отырарды алуға тағайындап, сонда қалдырып кетті.

Бұл алдында Шыңғысхан туралы дастанда баяндалғандай, Жошы хан Отырарды алды. Оның бекінісін азат етіп, қала ішіндегі бекіністі қиратып тастады да, кері бұрылды. Ол жолай кезіккен аймақтардың бәрін бағындырып, Самарқан аймағына, әкесінің қызметіне келді. Шыңғысхан ол жерден оны бауырлары Шағатай және Үгетаймен бірге Хорезмді азат етуге жіберді. Олар ол жерді қоршауға алғанда Шағатаймен келіспеушілігінен оны біраз уақыт азат ете алмай жатты.

 Сол кезде Шыңғысхан: «Ол шайкасқа басшы Үгетай болсын», – деп әмір етті. Өзінің қабілеттерінің арқасында ол бауырларының арасында ынтымақ орнатып, олар бірлесіп Хорезмді қолға алды. Сосын Шағатай мен Үгетай әкесіне қарай жолға шығып, Таликан бекінісіне келді.

Жошы хан болса, Хорезм жолы арқылы оның киіз үйлері тұрған Ертіс жаққа қарай жол тартып, өзінің Ордаларына барып қосылды. Ал одан бұрын Шыңғысхан: «Жошы солтүстік уәлаяттарды азат етуге жорыққа шығып Килар, Башқұрт, Орыс, Шеркес, Дешті Қыпшақ пен сол өңірдің өзге де аймақ қтарын бағындырсын», – деп бұйрық берген болатын.

Сонда Жошы бұл істі атқарудан жалтарып, өз үйіне кетіп қалғанда, Шыңғысхан қатты ашуланып: «Мен оны өлімге кесем, оған мейірім болмас!» деді.

Жошы болса, кенеттен ауырып қалды, сондықтан әкесі тәжіктер уәлаятынан өз ордаларына келген кезінде, оған бара алмады. Бірақ оған аңшылық кезінде ұсталған аққулардың бірнешеуін жіберіп, өтіне кешірім сұрады. Бұдан соң Шыңғысхан тағы да бірнеше рет оны шақыртуға бұйрық берді, алайда ол ауру болғандықтан келе алмай, үзір сұраумен болды.

Сосын бірде маңғұт руынан шыққан бір кісі Жошы жұртының жерімен өтіп бара жатты. Сол кезде Жошы сондай науқас күйде жұрттан жұртқа көшіп, өзінің аңшылық орны болған тауға келіп жетті. Өзі әлсіз болғандықтан, аңшылық жасауға аңшы әмірлерді жіберді. Әлгі кісі бұл аңшылық жасап жүрген адамдар тобын көргенде, оны Жошы екен деп ойлап қалды. Содан соң ол Шыңғысханның алдына келген кезде, ол Жошының науқасының жағдайы жайлы сұрады, сонда ол әлгі адам:

— Ауруы жайлы білмеймін, алайда пәлен деген тауда аңшылық жасап жүр еді, – деді. Мұны естіген Шыңғысхан ашуға булығып кетті. «Ол бүлік шығарып, әкесінің сөздеріне мән бермейтін болған» деп ойлап, «Жошы мұндай істер істеп, ақылынан адасыпты», – деді.

Сөйтіп, оның жағына қарай әскери жорыққа шығуға және басы-қасында Шағатай мен Үгетай жүруіне бұйрық берді. Өзі де олардың соңынан шықпақ болды. Осы уақытта Жошыға қатысты қаралы хабар келіп жетті. Шыңғысхан қатты көңілі түсіп, қапаланды. Ол тергеу жүргізіп, әлгі маңғұттың өтірігі шығып, Жошының ол уақытта аңшылықта болмағаны және ауырып жатқаны дәлелденді. Шыңғысхан ол адамды өліммен жазалау үшін өзіне шақыртты, бірақ іздегендер оны таба алмады.

Жошы ұлысынан түрлі уақыттарда келген құрметті әмірлер мен елшілер «Оның өлімі отыз бен қырықтың арасында болды» деп айтады, негізінде бұл сөздер шындыққа жақын. Ал кейбіреулер болса «Ол жиырма жасында дүниеден өтті» дейді, алайда бұл таза адасушылық.

Оның және Шыңғысханның өлімінен соң, Үгетай қаған таққа отырып, ол Шыңғысханның Жошы ханға «Солтүстік уәлаяттарды жеңіп алу туралы» берген жарлығы негізінде, оны Жошы ханның әулетіне орындауды тапсырды. Олар өзге ханзадалардың көмегімен сонымен айналысты » (9).

Тарихи фактілерге жүгінсек 1221-1224 жылдары Жошы Қазақ даласының солтүстігіндегі елдерді бағындырумен айналысқан, башқұрт, бұлғар, алан, шеркеш, қаңлы, қыпшақ елдерін бағындырған. Ал қайтыс болуы 1226 жылға сай келеді, мөлшері 45-46 жасында өмірден озған, сүйегі қазіргі Қарағанды облысы Ұлытау маңында. Оның өлімі туралы қазақ арасында «Ақсақ құлан Жошы хан» атты күй аңызы сақталған, онда найман Кетбұқа Жошының өлімін күймен жеткізген делінеді.

Бату хан билігі

«Бату қоңырат руынан шыққан Алшы ноянның қызы Уки фужин (Үкі фужин) қатыннан дүниеге келді. Оны Сайин (Сайын) хан деп атайтын. Ол өте ықпалды және құдіретті болды, содан Жошы ханның орнына ұлыс пен әскерлерді басқарды, мықты өмір сүрді. Шыңғысханның төрт ұлы дүниеден кеткен соң, оның барша немерелерінің ең үлкен ағасы болып қалды, әрі олардың алдында үлкен сый мен құрметке ие болды. Құрылтайларда ешкім оның сөздеріне қарсы шықпайтын. Керісінше барлық ханзада оған бағынатын, мойынсұнатын... Жошы хан дүниеден өткен кезде, Бату әкесінің орынбасары ретінде өзінің ұлысында хан тағына отырды. Бауырлары оған бағынып, мойынсұнды» (10).

Өтеміс қажының «Шыңғыснаме» шығармасында Бату мен Орда еженді Тұғырыл ханның інісінің қызы Бектумыш бикеден туған делінеді.

1236 жылғы құрылтайдың қортындысы бойынша Үгедей Бату бастаған ханзадаларды Шығыс Еуропаға аттандырады, осылайша 5 жылдық Еуропа жорығы басталады.

«Сондай-ақ бұрын Сүбедей батыр Қаңлы, Қыпшақ, Байжігіт, Орыс, Асу, Сасу, Мажар, Кашимир, Шеркес, Болгар, Керт, Бұқар елдеріне дейін, Еділ, Жайық өзендерінен өтіп, Мегiт, Кермін, Кейбе (Киев) қатарлы калаларды басып алу үшін жіберілген-ді.

Бірақ сол елдердің қарсылығы басым деген хабар естілгендіктен, Сүбедейдің соңынан Бату, Бөри, Мөңке қатарлы хаған тұқымының үлкен ұлдарын аттандырады. «Бұл жорыққа аттанған барлық туыстар мен нояндарды Бату бастасын» деп әмір етеді. «Ортаңғы елден шыққан әскерлерді Күйік бастасын!» деп әмір етеді (11).

1237 жылы күзде Күйік, Мөңке бастаған әскерлер Бұлғар жеріне ілініп (қазіргі Татарстан) Бату, Орда, Шибан, Таңғыт қатарлы ханзадалармен бірігеді. Моңғол әскерінің жалпы саны 80-100 мың аралығында болады, оның ішінде Шағатай әулетінен келгендер де болды. Осы соғыста Қазақстанның солтүстік аймақтарындағы қаңлыларға жорық жасалған сияқты. Бұлғар қаласын алып онда үлкен шайқас болды. Соңында бүкіл қала өртке кетті. Онан Еділ мен Жайықтан өтіп Елбөрі қыпшақ тайпасына шабуыл жасады. Тайпа басшысы Құрсымен моңғолдарға тізе бүкті.  Тағы бір қыпшақ тайпасының басшысы Башман қарсыласып, Еділдің сол жағалауындағы ормандар мен өзен ортасындағы аралдарға тығылып қарсылығын тоқтатпады. Моңғолдар аңшылық шеңбер сияқты тор құрып оған іздеу салды.  1237 жылы Башман Каспий теңізінің бір аралына қашып барды. Моңғолдар кемеге шығып аралда оны тірідей қолға түсірді. Сол маңдағы алан (ас немесе асут), хазар тайпалары да тізе бүкті, моңғолдар қыпшақтар мен бұлғарларды бағындырған соң батысқа қарай жорықтың қақпасы ашылды.                  

  Орыстарды жаулап алуы

1237 жылдан бұрын  Русь книяздіктерінің саны 56 болатын, күштілерінен Владимир , Суздаль Ұлы Герцогтігі, Новгород Республикасы, Галисия - Вариния Корольдігі болды. Ал оңтүстікте Рязань Ұлы Герцогтігі бар еді. Моңғол қосынында бес түмендік болған: Бату түмендігі, Күйік түмендігі, Мөңке түмендігі, Құлықан түмендігі, Байдар түмендігі. Мұнда Байдар Шағатай ұлысынан 15 мыңдай әскермен келсе, Күйік те сол шамадағы әскермен Үгедей ұлысынан келді.  Құлықан Қытай шегінен өзіне қарасты түмен қосынымен келсе, Мөңке Шығыс Моңғолиядан Төле әулеті атынан түмен әскерімен келді. Ал Батуда кемі 30 мыңдай әскер болған. 1225 жылы Шыңғысхан Жошыға 9000 мың моңғол әскерін үй ішімен берген еді, кейін оларға бағынған қыпшақтар, аландар, башқұрттар қосылды. Сол себепті моңғол қосынының  жалпы саны 100 мыңнан аспайды. Батудың қол астында тағы Орда ежен мен Шибан қол бастады. 1238 жылы моңғол әскері Коломнойда Орыстың Владимир бастаған ауыр атты әскерін жеңді. Орыс жылнамаларындағы «Батудың Рязаньды қиратуы» шығармада Рязань князь Владимир, Суздальдан көмек сұраған, бірақ Юрий ІІ көмектеспеген. Юри І өз ұлы Федорды тарту таралғы алып Батуға баруды, оған сұлу келіншегін көрсетуді айтқан. Бірақ Федор одан бас тартқан.  Моңғол әскері Пронск, Ижеславич, Белгород, Дидров, Болесов-Гребов қатарлы қала-қалашықтарды қиратты. Соңында  1283 жылы Рязаньды қоршауға алды. «Батудың Рязаньды қиратуы» атты шығармада шайқас барысы былай суреттеледі: «Олар тұтас қаланы қоршап алды, бес күн соғысса да шегінбеді. Көптеген тұрғылықты халық өлді немесе жараланды. Олар ұзақ уақыт соғысып қалжыраған еді.  Бату отпен қала қамалына шабуылдады, сатылар арқылы қорғанға шықты, қала қолдан кетті... Олар шіркеу мен монахтарды тірідей өртеді, онан соң шіркеуді өртеп жіберді. Бір бөлім ерлер, әйелдер, балалар қылыштан қырылды, қалғандары өзенге тұншығып өлді. Татарлар біздің қасиетті қаламызды өртеп, басқада әсем жерлерді қиратып, қасиетті жерді біздің қанымызбен бояды...». (12) Бұл атақты Бороне шайқасы ғой. Моңғолдар Ока өзенімен беттеп  Коломнаға жетті, Коломна шайқасы осы соғыстардағы бірінші дала ұрысы. Князь Юрий Владимир, Новгород, Рязань сынды үш князьдіктің қосынын Коломнаға топтап моңғолдардың алдын тоспақ болды.  Моңғол жасағына Берке атойшы болып Коломна шебіне жетті. Еремей Глобович қосынды бастап Беркенің қарсы алдынан шықты. Беркенің қосыны соғыса шегініп  оларды қоршау шеңберін қалыптастырды да бір бүйірден оларға қырғидай тиді. Бас қолбаышы Всеволод Юрьевич  қайыспай соғысуды бұйырды, бірақ қосын әлсірей түсті. Құлықан осы соғыста жараланып қайтыс болды. Берке мен Сүбедей екі бүйірден орыстарды қыспаққа алды да орыстардың алдыңғы шебін бұзды. Всеволод Князь қашып кетті, моңғолдар көп қаланы алып Коломнаны қоршауға алды. Говар күштері орман ішіндегі саздыққа шегінді, Бату оларды тізе бүгуге бұйырды, олар орманнан шығып бағынды. Коломнадағы соғыста Рязаньның жанды күштері жойылды да Владимирге жол ашылды. Моңғол қосыны солтүстікке беттеп жолдағы қыстақ Мәскеуді өртеп жіберді. Бату мен Берке жеке-жеке қол бастады, Берке Суздальға аттанды да, Бату ортаңғы қолмен Владимирге қоршап шабуыл жасады. Владимир орыстың ең  ірі қаласы болатын, ақпанның жетісінде моңғолдар тас атқышпен от лақтырғандықтан, қалаға өрт кетіп, моңғолдар басып кірді. Қала алынған соң Берке, Шибан, Қадан қатарлылар солтүстікке аттанып Ростов  секілді қалаларға бет алды. Ал қосынның тағы бір тобын Бату, Мөңке, Күйік, Сүбедей бастап батысқа тартып Юриев, Переславль-Залесский және Тверь қатарлы жерлерге шабуылдады. Қашып кеткен Ярославты II қуалады оны қуған бойы Владимир-Новгородтың шекарасына келді. Бату солтүстікке қарай жолдан айналып оңтүстікке оралды, сондықтан Новгород қаласын моңғолдар тонаған жоқ. Боралдай Ростовқа шабуылдаған кезде, Берке Ярославль және Костромаға шабуылдап онан батысқа тартты. Волгадан өтіп Угличті алды да  Владимирдің үлкен қосынының базасына жетті. Берке де өзеннің батысына өтіп соғысқа қатынасты. Сити өзеніндегі осы соғыста оңнан солға қарай Инатоко, Станивино және Боссока шеп құрды. Оңтүстіктен Берке,  ортадан Боралдай  болып Юрий ІІ  қосынын қыспаққа алды, Юрий ІІ  соғыста өлді. Боссока қаланы ашып тізе бүкті. 1238 жылы наурызда моңғол қосыны Смоленск княздігі арқылы, Чернигов княздігінің шығыс жартысын тікелей басып өтті. Козельскіні қоршау соғысы басталды. Моңғолдар қаланы 49 күндей қоршап үш күн соғысып басып алды. Онан кейін моңғолдар  Думитиц, Карачев, Кром қатарлы қалаларды басып алды да Дешті Қыпшаққа қарай беттеп сонда реттеліп демалды. Қазан айында моңғол қосыны  Черниговқа шабуыл жасады.  Қазанда моңғолдар қаланы басып алды.  Моңғолдар тағы Любе, Мозири, Гомель, Могилев, Глухоф қатарлы қалаларды қиратты. Михаил князь қашып кетті. 1240 жылы күзде моңғол қосыны Киевке жетті, деректерде қалада тек 7000-8000 мың әскер қалған делінеді, 40 мың моңғол әскері қаланы басып алды.  Карпинидің айтуынша: «Бұл арадан өткен кезімізде сахарада шашылып жатқан өліктер мен сүйектерді көрдік... Дінсіздер орыс жеріне үлкен қырғыншылық жасады, қалалар мен қамалдарды қиратты. Киев бұрын үлкен қала болған екен, халқы көп болған, қазір ештемеде жоқ, тек 200 дей ғана үй қалыпты», –дейді.                                      

Польша мен Венгрияға жорық

 1241 жылы көктемде моңғол әскері екіге бөлінді. Негізгі қолды Бату бастап, Сүбетай болып Венгрияға кірді, енді бір тобын Байдар, Ұраңқадай бастап Польшаға кірді. Наурызда Байдар Краковқа жетіп, жол бойы тонаушылық жасады да кері қашты, Польша әскері соңынан қуды, Хемельникке жеткенде моңғолдардың тұзағына түсіп қатты қырылып кері қашты. Байдар Краковқа қайта келгенде  Больес VI қаланы тастай қашты, моңғолдар қаланы өртеп кетті. Онан Байдар Чехия мен іргелес Силезияға кірді. Батыстан Хенри ІІ Силезия мен Польша, Германның біріккен рыцарларын бастап бес бағытпен қуалады. Моңғолдар Легницада бес топқа бөлініп  қарсы соғыс ашты. Сәуірдің тоғызында моңғолдар жауды ойсырата жеңді.  60 мың қосыннан 40 мыңын қырғынға ұшыратып, өлген рыцарлардың құлақтарын кесіп санын шығарды.  Еуропаның ең іріктелген ауыр армиясы осылайша бар-жоғы 10-15 мың моңғол атты әскерінен оңбай жеңілді. Легницадағы қырғыннан кейін Богемия патшасы 50 мың әскермен қарсы соғысты, бір айда  екі жақта да жеңіліс болған жоқ.  Моңғолдар Чехияға кіріп көп жерді ойрандады. Онан Австрияға кірді, моңғолдың негізгі қосыны Венгрияның Бату, Қадан, Шибан болып үш бағытта кіріп Рест қаласына таяды. Бела VI өз қосынына қоса 60 мың мажар қосынына ие болып соғысқа шықты. Моңғолдар  сол кезде әдейі қашып Бела Тисса өзеніне жетіп сонда база құрды. Түн ортасы бола Бату бастаған моңғолдар шабуылға шықты, Сүбетай қосынды бастап жауды қоршап алды, Шайо шайқасында Венгр қосыны түгел қырылып, Бела жалғыз қашып шықты. Онан моңғолдар Рестті басып алып өртеді, көп шабуыл жасады. Осы жылы жазда моңғол әскері Дунай өзенінің шығысына жетті де төңірегін тонай бастады. Қадан Беланы қуалап Адрият теңізінің жағасына жетті.  Бела теңіздегі бір аралға барып ажал құшты. Моңғол қосынына 1241 жылы 11желтоқсанда Үгедейдің қаза болғаны туралы хабар жетті де моңғол қосыны жорықты тоқтатты.

Үгедей өлген соң оның орнына Күйік қаған сайланады.  Күйік пен Батудың қарым-қатынасы тым жақсы болмаған, сол себепті оны қаған сайлаған құрылтайға Бату бармаған.

« Шығыстан Отчегін ноян мен оның ұл-қыздары; тағы да онымен іргелес тұратын ханның өзге туыстары; Шағатай ордасынан Қара, Есу, Бөрі, Байдар, Есентоқа, тағы басқа немерелер мен шөберелер. Сақсын мен Бұлғар жерінен Бату келе алмай, інілері Орда, Шибан, Берке, Беркешар, Тоқайтемірлерді жіберді. Әйгілі нояндар мен әмірлер ілесе келді. Қытай жерінен келген уәзірлер мен әмірлер, Түркістаннан келген әмір Мәсіғұт, осы өңірдің игі жақсыларын бастап келді. Арғұн мен бірге Хорасан, Лұр, Ирақ, Әзербайжан мен Шируанның қымбатты ұлықтары келді... Осыншама көп қонақтарға арналып 2000 үй тігілді.  Олар ордаға мол тарту-таралғымен келді, тағы да олармен еріп шығыс пен батыстың көптеген саудагерлері келді. Осыншама салтанатты той, сірә тарихта болмаған, адамның көптігіне сахара тарлық етті. Лауазымды ханзадалар қаған белгілеуге алдымен кезек берді, империяның тізгінін қағанның ұлдарының біріне беру керек деді. Қаданның арманы осы болатын,  өйткені әкесі оны ауызға алушы еді. Ал басқалары Ширемүнді құптады, ол есейгенде ел басқаруға лайықты адам болады деп қарады. Алайда қағанның барлық ұлдарының ішінде Күйік батыр әрі батылдығымен  әйгілі еді. Үйдің үлкені болғандықтан қиыншылықты шешуге шебер, әрі бастан өткергені көп тәжірибелі еді. Қадан әлсіз, ал Ширемүн әлі бала еді. Онымен қоса Төргене қатұн да Күйікке қосылды, басқалары да оның ойына қосылды... Соңында шаман бақсылар сәтті күнді таңдап, барлық ханзадалар мен әмірлер бас қосып бас киімдерін алып, белдіктерін мойынына асып, Есу бір қолынан, Орда бір қолынан сүйеп оны қаған тағына отырғызды»(13)

Күйіктің таққа отырған жылы 1246 жылы 24 тамызда болған. 1248 жылы қайтыс болған. Ол да әкесі сияқты араққа көп берілген адам еді. Батуды әлденеше рет шақыртып ол келмеген соң ол Батуды жазалау жорығына шығып 1248 жылы сәуірдің 20 күні қайтыс болды, бір деректерде ол арақтан уланған десе, тіпті Бату кісі жіберіп улатып өлтірген деген де сөз таралған.

Күйік өлген соң Бату мен Төле ұрпақтары келісіп одақ құрды. Төленің керей әйелі Сұрқақтани келбетті де білімді әйел болған, оның Мөңке, Құбылай, Арықбөке, Хұлағу қатарлы ұлдары шетінен батыр да іскер, білімді азаматтар еді. Бату мен Мөңке сонау батыс жорығында тіл табысқан еді. Шыңғысханның төрт шаңырағының ішінде Төле әулетінің иеленген жері көп, онымен қатар Шыңғысханнан қалған әскерлер мен оның туыстары түгел соның иелігенде болды да ықпалы ең күшті болды. 1250 жылғы құрылтайда Бату бас болып Мөңкенің қаған болуын қолдады. Бұған Шағатай мен Үгедей ұрпақтары қосылмағандықтан көп уақыт ортақ шешімге келе алмады. Олардың басты сылтауы Күйіктің қаған болуы Үгедейдің өсиетіне қиғаш келгендік деп қарады. Сұрқақтани бике тартымдылығымен Жошы әулетінің сондай-ақ қағанның өзге туыстарының тілін тапқандықтан 1251 жылы шілдеде Онон өзені бойындағы құрылтайда Мөңкені қаған сайлады.

« Мөңке қаған болған соң Ширамұн мен оның інісі Нақу бастағандар наразы болып, құрылтайдан кейін көптеген қаңқу сөздер таратты. Қаған оларды бақылауға Хула мен Маңғұсардың қолын аттандырды. Ханзадалардан Есумоңке (Шағатайдың ұлы), Бөрі (Шағатайдың немересі), Қожалар құрылтайға уағында келмеді. Қаған олардан сақтануға Бурылдайды әскерімен аттандырды».

 «Қаданды Бесбалыққа, Мәлікті Ертіс бойына, Хайдуды Қойлыққа, Беркені Гүржіге, Тоқтайды Емілге, Моңгеду мен Үгедейдің ханымы қырғыз Хутениді Құтанның иелігінің батыс жағына көшіріп жіберді. Үгедейдің басқа тоқалдарының мүлкін ханзадаларға үлестірді. Күйіктің бәйбішесі мен Ширемүннің шешесінің бақсылық жолмен қарғыс- пәле жаудырып жүргені әшкереленіп оларды тепкілеп өлтірді. Ширемүн, Есу, Бұқа бастағандар Мотош деген жерге жер аударылды. Қожа, Нақу, Есентоқалар әскери лагерге қамалды» (14).

Бату өз ордасын Еділ бойына көшіріп сол маңнан Сарай қаласын салдырады, өзі Еділдің батысындағы аймақтарды тікелей билеп, Жайықтан шығысқа қарайғы аймақтарды Орда еженге берді, кейін бұл жерлер «Ақ орда» деп аталды, Ақ орданың солтүстігіндегі аймақтарды Шибанға берді, ол жерлер    «Көк орда» деп аталды.

«Бату хан болса, 650 хижри жылы Еділ өзені бойындағы Сарай жерінде дүние салды. Оның өмірі қырық сегіз жыл болды. Мөңке қаған оның ұлы Сартақтың келуін құрметпен қарсы алды. Оның атына тақ пен мемлекетті бекітіп, қайтуына рұқсат берді. Жолда ол да дүниеден өтті. Мөңке қаған оның әйелдерін, ұлдары мен бауырларын шақыртып елшілер жіберді. Ал Батудың немересі Ұлақшыға әкесінің тағы мен патшалығын табыстады. Сөйтіп барлығына арнайы мейірім білдіріп, әлпештеді. Ұлақшы да тез арада дүниеден өтіп, өзгелерге патшалық пен тақты қалдырды».

Батудың 26 әйелі, Сартақ, Тоқан, Әбуқан, Улақшы есімді 4 ұлы болған. Бату 1256 жылы Еділдің сағасындағы (Ахтуба алқабы) аралдарының бірінде орналасқан Сарай қаласында жерленген.

Ұлыстың территориялық аумағы

Жошы ұлысының шығысы Ертіс, Алтайдан басталады, оңтүстігі Сырдария, Балқаш көлі, Хорезм аймағына, батыс оңтүстігі Кавказ тауына тіреледі. Ал Еуропалық территориясы Дунай өзеніне, Бұлғария, Румения, Венгрия мемлекеттерін өз ішіне алып жатты. Бұны Еуропа деректері де растайды:

«... Сондай-ақ Танайсқа тақау шығыс жақ  кенересі. Бұғаздың арғы жағалауында татарға бағынбаған Зикуиә (Zikuia) бар. Оның шығысында  Татарға қарамайтын тағы да Сұяви (Suevi) мен Гиберия (Hyberia)/ (Hiberi) бар. Онан соң  Оңтүстікте трапесұндар (Trapesund), оалрдың күйде Гүйдө (Guido) деген бектері бар. Константинопольдың ақсүйек әулетінен шыққан ол татарға тәуелді. Онан соң Вастакиюстың (Vastacius) елі. Оның баласы нағашы атасының тегі бойынша Асқар (Ascar) атанған. Ол татарға  тәуелсіз болды. Танайстан батысқа қарай, Дунайға дейін татар иелігінде. Тіпті  Дунайдың арғы бетіндегі Константинопольға қарасты Бәлкиә (Blakia ) жері –Асанның (Asan, Asanides) иелігі, кіші Бұлғария мен Сәлвениә түгел соларға салық тапсырады. Тұрақты  алманнан сырт, оларды бірнеше жылдан бері түтін сайын бір балта және қара темірдің кез келген түрын тапсыруға міндеттейтін болған» (15).

Бұл деректер Жошы ұлысы территориясының Дунайға дейін тіреліп, Балқан түбегінің көп бөлігін алып жатқанын растайды, ұлыс территориясы  10 млн шаршы километр шамасында болған.

Шығыстан келген тайпалар немесе жәңә имиграция, халықтар 

«Құмандар (Coman) мекендеуші еді. Олар жоғарыдағы қалалалр мен кенттерден салық алып  тұратын. Татарлар келгенде сонша қалың құманның баршасы осы өлкеге қарай құйылды да, теңіз  жағасына келіп тығылды. Ақыры тірісі өлісін жеуге дейін барды. Өлген адамның етін өлексе жеген ит құсап шикідей жұлып жегендерді бір саудагер  көріпті.  Осы өлкенің шыған шетінде тұзды көлдер бар, жағалары толған тұзды  бұлақ. Әлгі бұлақтардың суы көлге құйылған соң, мұзша қатқан шұй тұз  қалыптасады. Бату мен Сартақ осы тұзды алқаптардан қыруар мөлшерде алман жияды. Өйткені  Орыстың әр түкпіріндегі жұрттың бәрі тұзды содан алады. Әрбір арба тұздың кесімді алманы,  бағасы жарым иперперәyp (еrpеra, Византия ақшасы) келетін екі қаттам мата болады. Олардан қалса  қаншалаған кемелер де осындай кесіммен алман төлеп тұз әкетеді» (16).

Құмандар деп отырғаны қыпшақтар, қыпшақтар Еділ, Жайық, Дон, Денепр төрт өзен маңын жайлаған, ал Жайықтан шығысқа қарайғы даланы қаңлылар мекендеген. 1242 жылға дейінгі жорықта бұл өлкедегі көшпенділер саны азайды, моңғолдар, Сібір түріктері және басқа тайпалар келе бастады.

Жошы 1207 жылы орман елдерін бағындырғанын айттық, сол орман елдері қатарында таз, байжігіт, тоғас, тұма, төлеңгіт, телеу, төлес тайпаларының батысқа жылжығанын айттық. Ол ғана емес, Жошыға берілген мыңдықтардың екі мыңдығы үйсіндер еді, оның нояны Майқы би еді.Тағы кеңгіт, селжуыт мыңдықтары келген. Рашид ад-динның айтуынша «қият руы қазір дені Дешті Қыпшақта тұрады. Меңгіту қиян мыңдығындағы қияттар түгел Дешті Қыпшаққа ауған, Тоқта ханның тұсында олар бір түмен адамға жетті» дейді. Қият Исатай бек, Мамайлар кейін Алтын орданың әскерін ұстады. Кейін қырымдағы төрт тайпаның бірі барындар болған.

«Насабнами өзбек», «Мәжмуат тауарих», «Асами и фирға и өзбек» қатарлы тарихи еңбектерде Алтын Орда мемлекетіндегі 92  немесе одан да көп рулардың аты аталады, оның ішінде тарихта моңғол немесе моғол атанған тайпалар мыналар: жалайыр, қоңырат, алшын,  баяуыт, қият, қатаған, селжуыт, оймауыт, арлат, маңғыт, қоралас, дүрмен, үйсін, жұрият, барын, сұлдұс, күрлеуіт, барлас, кенегес, нүкүз қатарлы 20 тайпа. Бұлардан басқа будат, тарақты, кеңгіт руларының аты аталады. Моңғолдармен бір ту астына топталып кейін моғол атанған рулардан: найман, керей, керейт, тұрғақ, меркіт, татар, бадай, кішлік, қаучин, ойрат, қалмақ, қырғыз, таңғыт, бурият, қытай, оңғыт, табын, тама, телеу, ұйғұр сынды 20 тайпа.  Осы қырық ру Жошымен бірге немесе онан кейінгі Арық бөке мен Құбылай арасындағы тартыстарда батысқа қоныс аударғандар еді. Олардан басқа кейін қалыптасқан тайпалар да баршылық. Мысалы: құсшы, отаршы, шөмішті, шырын, шымбай, сарай қатарлы рулар. Бұлағаш, байыс, жерлік тайпалардан: ас, алан, қаңлы, қыпшақ, башқұрт, шеркеш, мажар, бұлғар, қарақытай, қарлық, оғыз, түркімен рулары да болды.

Отырықшы халықтардан орыс, грек, рум, бұлғар, хазар, еврей, араб, хорезм, фин-угүрлер, мошкалдар, гүржілер, армияндар болды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-дин
  2. Моңғолдың құпия шежіресі. 3- тарау
  3. Моңғолдың құпия шежіресі
  4. Нәсауй. Татарлардың Түркістан уалаяттарын басып алуы туралы
  5. Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-дин. 3-том
  6. Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-дин. 3-том
  7. Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-дин. 3-том
  8. Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-дин. 3-том
  9. Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-дин. 3-том
  10.  Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-дин. 3-том
  11. Моңғолдың құпия шежіресі
  12.  Батудың Рязаньды қиратуы
  13.  Жуайни. Жаһанды жаулап алушының тарихы
  14.  Жүңго жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері. 4-том
  15.  Карпинидің шығысқа сапар естелігі
  16. Карпинидің шығысқа сапар естелігі