Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мырзатай Берікбаев: Рейхстагтың құлағанын өз көзіммен көрдім

1972
Мырзатай Берікбаев: Рейхстагтың құлағанын өз көзіммен көрдім - e-history.kz

1941 жылы 22 маусым күні таң ата сағат төрттер шамасында фашистік Германия Советтер Одағына шабуыл жасады. Неміс басқыншылары Советтер Одағының батыс шекарасын 8 сағатта жаулап алып, әрі қарай Совет елінің аумағына емін-еркін өтуді жоспарлаған. Өкінішке орай Совет әскерінің тегеурінді қарсылығына тап болып, тарихи «Брест» қамалын толықтай айға жуық ала алмаған.

Брест қорғанында

Совет елінің батыс шебін күзеткен шекарашы сарбаздар қатарында қазақстандық жауынгерлерде де болды. Брест қамалын қорғаған шекарашы жауынгерлердің бірі, Ұлы Отан соғысының батыры, ардагер Ғаббас Жұматов өзінің сұхбатында: «Соғыс өрті тұтанған уақытта, Брест қамалында менің шамалауымша, 8 мыңға жуық жауынгер мен офицер болған. Ал Брест қамалының өзі шамамен 12 мың жауынгерге шақталған ғой. Сол 8 мың жауынгердің 4 мыңға жуығы қазақстандықтар болғаны даусыз. Ал жаңағы 4 мың қазақстандықтың жартысына жуығы қазақтар еді», деген деректі келтіреді. 

Бресттен кейін неміс басқыншылары қазіргі Беларусь елінің астанасы Минск қаласын жаулап алды. Кейін тамыздың басына дейін Беларусь жерінің Жлобин, Могилев, Гомель тағы басқа қалалары неміс басқыншыларының қолына өтті. Фашистік Германия әскерінің басымдығынан 1941 жылы тамызда Совет әскерлері қазіргі Беларусь жерін тастап шығуға мәжбүр болды. Немістер Беларусь жерінде «жаңа тәртіп» орнатып, бейбіт тұрғындардың құқықтарын айырып, аяусыз қырып жойды. Қала мен ауылдарды (деревня) тонады. Осылайша тарихы тереңде жатқан Беларусь елі ІІ дүниежүзілік соғыстың алғашқы жылдарында көп қиыншылықты басынан өткерді.

Советтер Одағы жау қолына өткен Беларусь елін азат ету үшін әскерін жасақтап, жауға қарсы шайқасқа аттанды. Беларусь елін азат ету майданына қазақ, өзбек, орыс, қырғыз, грузин, татар, украин, беларусь тағы басқа совет құрамындағы  ұлттар қатарынан әскерлер жасақталып, майданға аттанды. Солардың қатарында - Мырзатай Берікбаевта бар еді.

Өткен жылы Ұлы Жеңістің 75 жылдығына және ІІ дүниежүзілік соғыстың басталғанына 78 жыл толуына орай Беларусь еліне ұйымдастырылған (Беларусь еліндегі ҚР елшілігі және IQ-клуб атты Қазақстан-Ресей сарапшылар клубы) тарихи-мәдени турға  жолдама алып, қан майданның ізі қалған Минск, Брест қалаларында болдық. Хатынь қырғыны өткен «Хатынь» меморияалдық кешенін және ІІ дүниежүзілік соғысқа арналған әлемдегі ең маңызды тарихи музейлердің бірі Беларусь мемлекеттік Ұлы Отан соғысы музейінде болдық. Майдангерлермен кездесіп, естелік әңгімелерін тыңдадық. Сол сапарымызда аты аңызға айналған 62-армия құрамында соғысқан майдангер, 120-гвардиялық жеке механикаландырылған бригаданың құрметті сарбазы, отставкадағы полковник Мырзатай Берікбайұлымен таныстық. Қазақтың даңқты батыры, қайсар ұлы Мырзатай Берікбайұлы Сталинград шайқасына, Мамай қорғанын қорғауға, Белоруссияны азат етуге, Кенигсбергті шабуылдауға, Берлинді алуға қатысқан. Ардагер майдангермен кездесуді ұйымдастырған Беларусь еліндегі «Қазақ мәдени» орталығы. Атамыздың ІІ дүниежүзілік соғыстағы естелік әңгімелерін көзімізге жас алып отырып, тыңдадық.

Майдангер - Мырзатай Берікбаев.            

Бүгінде Беларусь Республикасында 3 мыңнан астам қандастарымыз бар. Олардың басым көпшілігі ел астанасы Минскіде қоныстанған. Беларусияда тұратын қазақтардың дені ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде еліне қайтпай қалған майдангерлердің ұрпақтары. Мырзатай Берікбайұлы да соғыстан кейін елге қайтпай, осы Беларусь елінде жоғары қызметтер атқарған. Бүгін де елге сыйлы азамат, даңқты батыр Минск қаласының Первомай ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Мырзатай Берікбаев 1923 жылғы 5 мамырда Түркістан  облысы  (бұрынғы Шымкент облысы) Түлкібас ауданы Кемербастау ауылында дүниеге келген. Соғыстың алдында Мырзатай атамыз жетіжылдық мектепті бітіреді. Соғыс басталған тұста туған ауылы Кемербастаудан 81 адам майданға аттанады. Олардың ішінде әкесі Берікбай Берікбаевта бар еді. Әкесі советтер одағы әскері құрамында екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, Сталинградты қорғауға қатысады. Соғыс басталған уақытта Мырзатай Берікбайұлының жасы 17 де болатын. Әскери комиссариатқа 10 рет барса да Мырзатайды майданға жібермей қояды, өйткені кәмелет жасқа дейін небәрі бірнеше ай ғана жетпей тұрған болатын, бірақ сол сұрапыл жылдардағы көптеген басқа бозбалалар сияқты Мырзатай да өзіне қажетті жасты қосып алады. Сөйтіп майдангер атамыз дегеніне жетіп, өзі тіленіп майданға аттанады.

Мырзатай Берікбайұлы 1942 жылы Совет әскерін құрамына алынып, 62-Чуйков армиясының бөлімінде немістерге қарсы соғысады. Соғыстағы алғашқы ұрыстары Сталинград майданында өтеді. Бір қызығы сол уақытта Сталинград түбіндегі шайқасқа әкесі де қатысқан. Бірақ тағдыр әке мен ұлды кездестіруді маңдайларына жазбапты. Әкесі - минометші болса, ұлы - жаяу әскер болған. Бірақ екеуінің де тапсырмасы бір – қарсыластың көзін жою.

Соғыста ерен ерлігін көрсетіп, бөлімше командирі болады. Сталинград түбіндегі шайқастардың бірінде Мырзатай Берікбаев аяғынан ауыр жараланады. Шайқастың сол бір сұрапыл күндерін атамыз еске алып, баяндап берді:

«Немістер бізді үшқабатты үйдің бірінші, екінші қабатынан ығыстырып, біз үшінші қабатқа барып орналастық. Осы ұрыста аяғыма оқ тиіп, жарақаттандым. Қасымдағы сарбаз жейдесінің етегін жыртып алып, жарақатты таңып, санитарларды шақырды. Санитарлық бөлім сай түбінде шатырда орналасқан болатын, аяғымды кеспекші болады, бірақ оған рұқсат бермедім. Кешке қарай мені Саратовтағы госпитальға ауыстырды. Бұнда да, гангрена болғандықтан аяғымды кеспекші болады, бұл жолы да рұқсатымды бермедім. Өлсем осы гангренадан өлейін, аяғымнан айырылғанша дедім. Аяғымдағы жарақатқа ем-дом жасап, таңғыш қалақ қойып, Ақмоладағы госпитальға жөнелтті»,-дейді ардагер.

Бағына қарай, айы оңынан туып, Мырзатай атамыздың аяғы аман қалады. Өзінің қайсар мінезінің арқасында. Бірақ жарасы емделгеннен кейін батыр қайтадан майданға аттанады. Шығыс Пруссия жерінде арқасынан жараланып, тағы да госпитальге жатқызылады.

Рейхстагтың құлағанын өз көзімен көрді. 

Госпитальдардағы ұзақ емделулерден кейін 1944 жылы Ташкенттегі әскери училищеге жіберіліп, оны тәмамдаған соң – Батыс майданға жіберіліп, 120-гвардиялық атқыштар дивизиясы қатарына қосылады. Бұл дивизия кезінде өзі Сталинград түбінде шайқасқан бұрынғы 308-атқыштар дивизиясы болатын. Майдандас жолдастарымен Кенигсбергі шабуылдап, Берлинді алады. Рейхстагтың құлағанын өз көзімен көреді.  Соғыстың соңында аш әрі қираған Минскіге нағыз патшаға лайық сый жасайды: автоматшылардың взводымен бірге Берлиннің маңынан мың сиырды айдап келеді.

«Елестетіп көріңіз, қандай ғаламат табын болғанын. Оның бәрін жайлап, сауып, оның үстіне осы малдың бәрімен дивизия маршына үлгеріп отыру керек»,-деп еске алады ардагер. 

Мырзатай Берікбайұлының майдан даласындағы көп соғысы Беларусь жерінде өтеді. Қарулас жолдастарымен бірге Белоруссияның Рогачев, Бобруйск, Дзержинск, Волковыск қалаларын азат етуге қатысады. Польшаның астанасы Варшаваны, Быдгощ қалаларын жаудан азат етті.

ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін Совет әскері қатарында қызметін жалғастырады.  33 жыл бойы 120-шы дивизия құрамында қызмет етеді, қазір бұл дивизия гвардиялық Қызылтулы Рогачев, Суворов және Кутузов орденді жеке механикаландырылған бригадасы деп аталады.

Осылайша қазақтың қайсар ұлының тағдыры мен өмірі Беларусь елінің өркендеуі мен гүлденуіне арналады. Соғыстан кейін Минск қаласының дамуына айрықша үлес қосты. Құрылыс саласына бар күш-жігерін бөлді. 1963-1973 жылдары Минск қаласындағы Ленин атындағы зауытта жұмыс істейді, поселкелік кеңес депутаты болып сайланады.

Бірінші дәрежелі Отан соғысы және Қызыл Жұлдыз ордендерімен, «Өрт кезіндегі ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін», «ССРО Қарулы Күштерінің ардагері» және т.б. көптеген медальдармен наградталған.

БССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Беларусь Республикасының 120-шы гвардиялық мотоатқыштар дивизиясының 339-шы гвардиялық мотоатқыштар полкінің 6-шы ротасының Құрметті сарбазы, Быгдощ (Польша Республикасы) қаласының «Құрметті тұрғыны».

Қазір Мырзатай Берікбайұлы 97 жаста. 2015 жылы Ұлыс Жеңістің 70 жылдығында Мәскеуге шақырылып, әскери парадқа қатысты. Ресей Президенті В.Путин естелік медаль алды. Валерий және Владимир есімді екі ұлы әкенің жолын қуып, әскери атанды, екеуі де отставкадағы полковник, қызы Тамара – техника ғылымдарының кандидаты. Ұлдары Минск қаласындағы әскери институтта дәріс беріп, жас сарбаздарды тәрбиелеп келеді.

Мырзатай Берікбайұлының соғыста бастан кешкен естелік-әңгімелерін тыңдап, атамыздың қайсарлығына тәнті болдық.  Үш рет жараланып, үш рет майданға сұранып аттанған батырдың ерлігі ұрпақ үшін ұлы ерлік. Сол ерлік қазақтың қаны мен ұлы даланың тектілігінің арқасында атамызға дарығаны да анық. Қазірде жасы тоқсанның жетеуіне келсе де ешкімнің көмегіне зәру емес. Қимылы ширақ. Тек туған жерін бір көруді аңсап отырғаны болмаса.

Туған жерге деген сағыныш жеткізгенде қатты тебіренгеніміз де рас. «Туған жерге барғым-ақ келеді. Бірақ денсаулық құрғыр осы мақсатыма жеткізбес. Мен қазір алыс жолға шыдамаймын ғой» деп туған елге ыстық сәлемін жеткізді. Біздерге атасын берді. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?