Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әнет баба Кішікұлы туралы

3430
Әнет баба Кішікұлы туралы - e-history.kz

«Әнет баба – Арғынның ел ағасы,

Әрі би, әрі молда, ғұламасы.

Үлгі айтқан Орта жүзге ғаділ екен,

Сол кезде 95-ке келген жасы»

Қазақтың ақыны әрі философы Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармасының осы бір шағын жолдары-ақ Әнет бабаның қазақ тарихындағы рөлін кеңінен ашып берсе керек-ті. Ол білікті молда ретінде халық арасында зор беделге ие болған. Qazaqstan Tarihy порталы қазақтың мемлекеттік қайраткері, биі, «Жеті жарғы» заңдар жинағын жасауға қатысқан осы ғұлама адам туралы әңгімелемекші. Оның ел ішіндегі беделінің зор болғандығы соншама, тіпті ол 95 жаста болса да, әділдік пен ақыл-кеңес іздеген Орта жүз қазақтары оған жан-жақтан ағылып келетін болған. Алайда, көпшілік ол туралы баба қайтыс болғаннан кейін 250 жыл өткен соң Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман-Мамыр» эпосынан бір-ақ білген. Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» жырында бабаның беделі мен әділдігі және «Тобықты шежіресінде» оның үрім-бұтағы туралы айтылады. Мүмкін кезінде Әнет баба туралы айтылып, жазылған да болар. Одан кейін де дананың ой-пайымдары, шешімдері мен биліктері, өмірі мен еңбектері жөнінде жазғандар болмады деуге болмас. Бірақ кеңес уақытында революция ұранын жамылып, байлардың көзін құртып, олардың мал-мүлкін тартып алып, қарапайым халықты аштықпен құртқандар сол жазбалардың көзіне су құйды. Осындай «тазалауда» талай зиялыларымыздың еңбектері жағылып, жыртылғандай, Әнет баба Кішікұлының да ғибратты еңбектері бізге жетпеді. Әйткенмен, Төле, Қазыбек, Әйтеке билермен тілдескен, қатар жүрген кездеріндегі Әнет баба айтты деген, ел аузында қалған және кейбір жазушылар мен қаламгерлердің, ғалымдар мен зерттеушілердің еңбектерінен алынған абыз бабаның алғырлық қабілетін, тапқырлық дарынын, ділмарлық шешендігін, әділдік билігін танытарлық даналық ой-пікірлері баршылық. Соларды оқи отыра, бабамыздың қазақ тарихындағы орны туралы пайымдауға болады.

Жас кезінен алғыр Әнет бірде:

«Әке, әлем деген қызық та құпия, астарлы да айқара ашық дүние ғой, ә!», – дейді, өзінің таңданысын білдіре.

«Иә, оған сонша неге қызықтың?», – деген әкесіне ол:

«Түн артынан таң атады, күн шығады. Түннің салқындығын күннің шуағы сырғытады. Қайтадан күн батып, түн келеді. Жаз қысты жеңеді. Қыс жазды ығыстырады. Арасында көктем мен күз. Бірін-бірі қуа, шіркін уақыт шыр айналады. Ғажап! Бұл қалай?! Түсіндіріңізші?».

Кішкентай баласының мынадай сұрағына риза болса да, жауап беру оңай еместігін білген әкесі:

«Балам, бұл – құпия. Оны оқып-білген ғана шеше алады. Оқысаң, өскенде өзің-ақ бұл сұрағыңа жауап табасың», – дейді.

«Ендеше маған көп оқып, сондай білім алуым керек шығар?..»,- деген аңыз бар.

Шыңғыстаудың баурайында 1626 жылы өмірге келген зерек бала сауатын ерте ашып, Бұхарадағы Шәріпғаділ медресесіне оқуға аттанады. Бұл жерде ол мұсылмандық шариғатты, Сократ, Платон, Аристотель, Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмет Йассауи сияқты сол заманның ғұлама философтарының еңбектерімен танысып, он жеті пән мазмұнын толық меңгеріп, жан-жақты білім алған үздік шәкірт атанады. Діни сауатты, философиялық ой өресі қалыптасқан, әлем кеңістігінің өзгерісінен, саяси бағытынан хабардар оқымысты жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ елінің болашағына зер сала, өркендету жолында тер төгеді. Ол көп жылдар бойы Жәңгір хан (1645-1680), Тәуке хан (1680-1718), Батыр хан, Болат хан ордаларында кеңесші болған. Тіпті, Әз Тәукенің тұсында бас уәзір болып мемлекеттік іске батыр, билермен қатар, қара халықты тартушы алғашқы қайраткер. Уәзірлік кезінде орда қызметкерлерінің, үш жүздің сұлтандары мен билерінің біліктілігін, саяси сауаттылығын, мәдениетін дамытуға баса назар аударды. Әсіресе, сол замандағы елдер арасындағы шапқыншылыққа орай ел дауы, жер дауы, ел ішінде күйіп тұрған барымта, жесір дауын шешуде әділдікті, шешендікті қажет ететін елшілер мен билерді хан маңына жинауға, дайындауға ерекше көңіл бөледі. Осы бағытта Тәуке ханмен ақылдаса келе «Билер кеңесін» құрады: ата би, төбе би, төте би, бала би, жеке би, қатар би деген атаулар бабаның кезінде пайда болған шығар, сірә. Уәзір – ата би, Ұлы жүзден Төле – төбе би, Орта жүзден Қазыбек – төте би, Кіші жүзден Әйтеке – бала би (жасынан билікке араласқандықтан аталған болар), ал, қалған мүшелері қатар би, жеке би аталса керек. Ел билігіне араласа басаған Әнет баба бұрынғы хандар мен билердің мемлекетті сақтауға, күшейтуге бағытталған «Қасым ханның қасқа жолы», одан соңғы «Есім ханның ескі жолы» атты заң жинақтарындағы басқару жүйесінің заман талабына сай еместігін байқайды. Ол елді билеудің жаңа жүйелі түрін: қағидалар мен ережелер, заңдар мен баптар топтамасын жазып, елдің ішкі-сыртқы қарым-қатынасын әділ жолмен жақсартуға ойысады. Әз-Тәуке, Әнет би, үш жүздің үш биі және Соқыр Абыз, Қожаберген жырау сынды 7 ғұламаның ізденіс-зерттеуі, сұрыптау-жазуымен аса құнды «Жеті жарғы» заңдар жинағы жарық көреді. Десек те, сол кездегі түрік тілді елдер мен араб елдерінің жарғыларын пайдалана жазылған, кей деректе «Әз-Тәукенің жеті жарғысы» аталатын бұл әйгілі ғаділет жинағының мазмұнын реттеп, тиянақтауға Құдайназыр, Болпыш, Жылкелді, Майлы, тағы басқа сауатты ұлыс басшылары мен қаламгерлер де қатысқан деген тарихи деректер бар. Кейінде бұл жарғы Әлихан Бөкейхан басқарған алғашқы Қазақ Автономиялы «Алашорда» үкіметінің жарғысын жазуға да негіз болған. Әнет Кішікұлы Орта жүз Арғынның Тобықты руынан  шығады. Ұлы Абайдың алтыншы атасы саналады. Туған жері Сарыарқа аймағы болғанымен, қазақтың кең даласында даналығымен танылып, билік айтқан. Мемлекет ісіне араласып, қайраткер ретінде танылған орны – сол кездегі Қазақ елінің астанасы Түркістан. Өсиет-мұралары, нәрлі нақылдары, билік шешімдері, сұрақ-жауаптары талайларға үлгі-өнеге. Мамашәріп бидің айтуынша, бірде Төле биден біраз билер: «Уа, Төле, Сіз төбе бисіз! Біз адассақ сізден ақыл сұраймыз, ал, Сіз адассаңыз кімге жүгінесіз? – депті. – Е-е, Әнет бабам бар емес пе? – деген екен Төле би». 

Сондай-ақ, бабаның Төле биге «мынаны сындыршы» деп бір жас шыбықты береді. Шыбық сынған соң «енді мыналарды біріктіре сындыршы» деп сондай 6 шыбық ұсынады. Шыбықтар майысса да сынбайды. «Міне, алты алаштың баласы біріксе, оларға ешкімнің шамасы келмес еді» деген екен баба. Осындай ақыл-кеңесті, әділ билік шешімді сан рет естіген де пайдаланған Төле, Қазыбек, Әйтеке билер, Бұқар жырау әз бабаны өздерінің ұстазы санапты (Бұқар данаға қосымша «жырау» атын Әнет баба берді деген дерек те бар) деген де аңыз бар.

Елдің айтулы азаматтарының арасында жиірек болып, олардың орынды ойларын тыңдап, түсініп, тәжірибе жинақтаған ғұлама би қашанда, қысқа да қанатты сөзімен үлгілі де үмітті насихат нәрін сеуіп, жүректерге адами қасиеттің рухани нұрын ұялатқан. Мысал ретінде, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауин мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиясының академигі Салық Зимановтың Әнет баба жөніндегі зерттеулерінде бабының мынадай сөздері келтірілген:

«Баба, дүниеде «не арсыз, не ғайып, не даусыз, не қадірсіз, не тәтті, не күшті, не жаман?» деген көпшіліктің 7 сұрағына қысқа да нұсқа берілген жауаптардың біреріне назар аударасақ. «Үш арсыз – ұйқы, күлкі, тамақ; үш тәтті – жан, мал, жар; үш күшті – ақыл, жүрек, тіл; үш жаман – нақақ қан төгу, ұрлық, ата-баба жұртын бұзу; үш даусыз – мінез, кәрілік, ажал; Бұдан сақ болыңдар» депті.

Сондай-ақ, «жеті қазына», «жеті ата», «жеті жұрт», «жеті ғалым», «жеті хақ», «жеті жоқ», «жеті жетім» ұғымын сөз қорына енгізе, халық құлағына сіңіре жауап берген де Әз ата екен. Мәселен; «әйел, ер жігіт, ілім-білім, жүйрік ат, қыран бүркіт, берен мылтық, алғыр тазы» – жеті қазына. Ал, жеті жоғың: «аспанда – тіреуіш жоқ, жерде – сүйеуіш жоқ, таста – тамыр жоқ, аққуда – сүт жоқ, жылқыда – өт жоқ, аңда – қанат жоқ, тасбақада – тамақ жоқ» депті.

Бірде қаз дауысты Қазыбек бидің: «О ұстазым! Осы адамды не аздырады, күнә неден болады, дүниені нені бұзады?» – деген сұрағына, баба «Құран Кәрімді» қолына алып: «Мұнда араб тілінде «хакім», қазақта «әкім» деген сөз бар. Осы сөздерді екі рет қайталасаң екі «а», екі «к», екі «м» әріптері бар. Әріптерден мынадай сөздерді шығаруға болады: әйел, алтын, кек, кесір, мақтан, мансап. Адамды аздыратын да, күнаһар ететіндер де, дүниені бұзатын да осылар. Мынаны мұқият еске ұстаңдар:

– Ер адам әйелқұмар болмауы керек. Мұндай құмарлық күнаһарлық, лас іс;

– Алтын – сұлу тас, бірақ суық тас, суықтығын көрсетпей қоймас. Ол да адамды аздырады, қиянатқа қауыштырады. «Алтын көрсе, періште жолдан таяр» деген бекер емес;

– Кек жақсылыққа жеткізбес. «Кекшіл болма, көпшіл бол».Үш күннен артық араздасу, кектесу ислам дініне жат;

– Кесірлік – пайдасыз қасиет. «Кесір адам – несібесінен айрылар, кең кісіге несібе өзі қайрылар»;

– Мақтаншақтық – жараспастық қылық. Мансапқорлық – адамды аздырар ауыр дерт».

Қалмақ-жоңғар шапқыншылығында алты ұлы қаза болған, жерін таптап, халқын қорлаған қас жауларына қарғыс тілегенде абыз 100-ге тақаған екен. «Көптің қаны жібермесін, көздерің тоймай, байлыққа құныққан қу сүйектерің жат жерде қуарсын! Е, Жасаған ием, осы батамды қабыл қыл», – деп көкке қолын жайып жиі жалбарынған деседі. Аруағыңнан айналайын әулие бабаның сол сөзі Алла Тағаланың құлағына жеткендей, жоңғар халқы жер бетінен жойылды, қазақ елі жерін басқыншылардан азат етіп, егеменді ел болды. Ертедегі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталған жаугершілік заманның 1723 жылғы жоңғарлар шабуылы кезінде Әнет баба «ата-бабамның аруағы қонған, балаларымның сүйегі қалған жерімнен кетпеймін» деп жұртта қалып, иманын келтіріп көз жұмыпты. Кейінде Әнет бабаның мүрдесін Көкенай батыр Түркістандағы Қожа Ахмет Йассауи мазарына апарып жерлеген.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?