Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Топонимдер талдамы өзекті мәселе

2009
Топонимдер талдамы өзекті мәселе - e-history.kz
Алтай тауының батыс сілемі Қалба қырқасыменен Шар өзені, артынан аңыз ерген Толағай шоқысы, сарыдаладағы Бөрітастаған жартасының атаулары жайлы ⅩⅧ-ⅩⅨ ғасыр деректерін сөйлетсек...

Ұшы қиырсыз Ұлы дала бабалар мекенінде сан қилы тағдыр соқпағын бастан өткерген бабалар ізі сайрап жатыр. Жеңіс пен жеңіліске толы өмір белестерінде бірде туған мекендерінен үдере көшіп, бірде ата қонысына қайтадан оралу кезеңдерін бастан кешкен бабалар жолдары  тарихи жазбалардан көрініс табады. Әуелі кейбір жағдайларда аталарымыздың бабалары күл төккен ата қоныстарынан мәңгілікке қол үзіп, жаңа мекендерге мәжбүрлі түрде орын тепкендігі жайлы да деректер кезігеді. Өз тарихын білгісі келген ізденушіге тым арыға бармай-ақ бертінгі ⅩⅤⅡ-ⅩⅨ ғасыр аралығындағы өлке тарихын талдаудың өзі оңайға түспестігі анық. Әр қырынан қарауды қажет ететін, қатпарланған әжімдердей жықпылды келген тарихи оқиғалар тұнып жатыр. Аталған кезеңдерде орын алған елеулі оқиғаларға қатысты дереккөздерде кезігетін, кейбіреулері дыбыстық өзгерістерге ұшырап бертінгі күнге дейін жеткен топонимдердің де сырын ашу терең зерттеулерді қажет етері сөзсіз. Көкірегі ояу кез-келген саналы ұрпақты өзінің туып өскен өңірі жер-су атауларының этимологиялық сырын ұғыну мәселесі қызықтыра бермек. Осы орайда Алтай тауының батыс сілемі Қалба қырқасыменен Шар өзені, артынан аңыз ерген Толағай шоқысы, сарыдаладағы Бөрітастаған жартасының атаулары жайлы ⅩⅧ-ⅩⅨ ғасыр деректерін сөйлетсек...

Қалба қырқасы, Шар өзені, Толағай шоқысы атаулары жайлы деректер

1. 1771 жылғы Христофор Барданестің Қазақ даласына саяхаты деректерінде «27 тамыз. Зейфертовтың жасағы Жоңғарияға қарай жүрді. Жолдың бағыты оңтүстік – оңтүстік-батыс бағытында болды. Біздер оң жағымыз бен алдымыздағы тегіс келген құрғақ дала арқылы, сол жағымызда – қазақтар Делбегетей, қалмақтар – Гурбан шар (үш өгіз) деп атайтын биік таулар етегіндегі суы ащы, арнасының ені төрт немесе бес сажендай болатын Шар-Гурбан өзеніне келіп  жеттік.» [...Выступил Зейфертов отряд в Зюнгорию. Путь направлен был к юго-юго-западу.На правой стороне и пред нами имели мы открытую сухую степь, а на левой – высокия горы,которыя киргизцы называют Дитбетгаттау, а калмыки – Гурбан-чар (три вола),и приехали к Чар-Гурбану, который был там шириною в 4 или 5 сажен и имел соленую воду, 25 верст.]  (История Казахстана в русских источниках ⅩⅤⅠ-ⅩⅩ веков. 4 том. 90 бет. )

2. «9 қыркүйек ...Біздер 20 верстай жол жүрген соң жықпылды келген, кейбір тұстарын адам ізі баспаған, Шар-Гурбан өзенінің батысымен Көкпекті өзенінің шығысынан құяр бұлақтар басталатын Калмы-Талогой  яғни  Қалмақ бас шоқысы етегімен өттік...» [...ехали мы при подошве высокаго разорваннаго и частию неприступнаго хребта Калмы-Талогой, то есть Калмыцкая голова,20 верст, который сообщает Чар-Гурбану и Кокбукте протоки, первому – с западной, а последней – с восточной стороны...](История Казахстана в русских источниках ⅩⅤⅠ-ⅩⅩ веков. 4 том. 92 бет. )

3. Г.Н.Потаниннің бұрынғы сібір қазақтарын шекаралық басқаруға қатысты архив документтерінен алған деректеріндегі; полковник Павлуцкий генерал-майор Киндерманның құпия тапсырмасыменен Жоңғар жеріне барғандығы жайлы рапортында «1745 жылдың 23 маусым күні Ямышев бекінісінен жанымдағы тілмаштыққа берілген солдат Михей Стрелковпен  Семей бекінісіне келіп, менің күзетіме бөлінген он бес атты казак жасағыменен Жоңғар жеріне қарай жолға шықтым. Бес күнгі жолдан соң бірінші шілде күні Шар-Гурбан өзеніне құятын Мухор-шар өзеніне келіп жеттім. Ол жерде жоңғарлардың кіші қарауылы орналасқан...» [...Отправился я из Ямышевской крепости с данным мне для толмачества солдатом Михеем Стрелковым онаго ж 23 июня и по прибытии в Семиполатную взял тут определенных мне для конвоя и толмачества казаков пятнадцать человек и отправился в землицу Зенгорскую июля 1 дня и в пятый день прибыл к речке Мухор-чар, коя течет в речку Чар Гурбан, где зенгорский первый малый караул состоит...](История Казахстана в русских источниках ⅩⅤⅠ-ⅩⅩ веков. 7 том. 377 бет. )

4. Карл Струве және Григорий Потаниннің 1864 жылдың жазында Тарбағатайдың шығыс өңіріне жасаған саяхаты еңбегінде «...Керуен Хамартабан (хамар- таудың асу бұрышы мағынасында, даваа-асу. моңғ.-қазақ сөздігі. Ұланбатыр 1954 ж.) асуынан Зайсан жазығына түсіп, Қарабұға, Базар, Шегелек өзендерінен өтіп Калмык Тологой тауына қарай жүрді. Калма (қазіргі Калба) қырқасын асып төмен түсіп Царгурбан өзені бойыменен Ертіске жетті...» [...с Хамартабана караван спускался в равнину озера Зайсан и шел через реки Карабуга,  Базар и Чегуляк к камню Калмыктологой, здесь пересекал хребет Калма (по-нынешнему Калба), спускался вниз по течению Царгурбана и выходил на Иртыш...] (История Казахстана в русских источниках ⅩⅤⅠ-ⅩⅩ веков. 7 том. 104 бет. )

5. Тобыл аймақтық басшылығының секунд-мойоры Богдановтың 1784 жыл 19 сәуір-20 мамыр аралығында Өскемен бекінісінен шығып бұрынғы Жоңғар иелігіндегі Қазақ даласы арқылы Тарбағатай тауына шекті барып қайтқан жол күнделігінде «...Бөкен өзені басын алады, оны азиялықтар Калмы-Тологойдан бөлініп қалуы себепті Калба деп атайды. Тау жотасы Ертіс өзеніне шекті созылып жатыр...» [Оная речка Бокюнь течение имеет ис каменного хребта, называемого Балакайтау, оную же называют азиатцы Калба, которой отделился от Калмыя-Тологоя и продолжается до речки Иртыша...] (Путевые дневники и записки российских чиновников и исследователей о Казахской степи ⅩⅤⅢ-середины. ⅩⅠⅩ века. 78 бет.)

Жоғарыдағы деректерді түйіндер болсақ, қазіргі Қалба қырқасының ертерек кездегі қазақи атауы Балақайтау екендігі, қалмақтар мекен қылған тұста Толағайдан бөлініп қалуы себепті, «Қалма» (қалмақ – қалып қалу) аталғандығы аңғарылады. Ал, Толағай (толгой-бас. моңғ.-қазақ сөздігі. Ұланбатыр 1954 ж.) шоқысы аталған кезеңде Қалба (калма) тауының басы болып саналған-ды.

Делбегетей тауы қалмақтар тұсында Гурбан-Шар, яғни  Үш өгіз (гурбан – үш, шар – өгіз. моңғ.-қазақ сөздігі. Ұланбатыр 1954 ж.) аталғандығы, ертерек дереккөздердің барлығында Гурбан-Шар ретінде кезігетін қазіргі Шар өзені сол кездегі атауын Гурбан-Шар «Үш өгіз» тауына қатысты алып, бір саласының «Мухор Шар» (мухар –тоқал, шар – өгіз. моңғ.-қазақ сөздігі. Ұланбатыр 1954 ж.) демек «Тоқал өгіз» аталғандығы байқалады. ⅩⅨ ғасырдың бас кезінде сызылған картада Делбегетей тауы бір бөлігінің  «Қараөгіз» ретінде көрсетілуі жоғарыда келтірілген деректерді толықтыра түспек.

Бөрітастаған атауы жайлы

«Тарбағатайдың солтүстік сілемімен Қалба тауының оңтүстігі аралығында Сарыдала жатыр. Осы жазықтың орта тұсында оқшауланып биік келген Бөрітастаған тауы тұр. Оның төбесінде ертедегі шамандық ғұрыптан қалған тас үйінділер бар. Бұл тау жайлы да қазақтарда аңыз айтылады. Баяғыда Тарбағатай тауында алып денелі кемпір ешкі бағып жүреді екен. Оның ірі болғандығы соншалық, Үлкен Тарбағатай тауында отырғанда аяғы кіші Тарбағатай тауында жатыпты. Бір күні ешкісін жайып түбітін иіріп отырған кезде малына қасқыр шапқанын байқайды. Қолындағы ұршығын қасқырға лақтырады. Бұл ұршық Сарыдалаға құлап, сол жерде мәңгілікке қалып; осыған байланысты таудың «Бөрітастаған» демек, «қасқырға лақтырған» атауы шықты. Ырымшыл қазақтар бұл тауда киелі құдірет барлығын айтады. Етегінен өтіп бара жатқан кезде, төбесіндегі ғұрыптық орынға тәу етіп, әйтеуір бір затын қалдырады.»  Қырғыз даласы газеті. 29. 1894 жыл. (История Казахстана в русских источниках ⅩⅤⅠ-ⅩⅩ веков. Ⅸ том. 529 бет. )

Аталған тау жынысына қатысты жоғарыдағы деректен бір ғасырға жуық ертерек жазылған келесі бір деректе; 1811 жылы Бұқтырма бекінісінен Шәуешек, Құлжа бағытына арнайы тапсырмамен жіберілген керуен басы Нерпиннің жолжазбасында: Жүз-ағаш өзенінен 7 верстай жердегі сусыз алаңқайда түнеп шығып... «10 [маусым]. Таңғы төрттерде жолға шығып, сағат он екілерге дейін жүрісімізді жалғастырдық. Біз түнеген жерден 5 верстай өткен соң, Ұршық-Бас аталатын тас тауды көрдік. Ол Боғас өзені маңындағы жазық даладағы ғажайып келбетіменен ерекшеленеді...» [...В 4 часа утра пустились мы в путь тою же степью, и продолжали наше следование до 12 часов дня, отошед от ночлега верст пять, увидели каменную гору, называемую Урчук-Баш, она чудесно образуется натурою посреди степи от речки Богоз....] (Путевые дневники и записки российских чиновников и исследователей о Казахской степи ⅩⅤⅢ-середины. ⅩⅠⅩ века. 85 бет.)

Осы деректерді түйіндей келгенде ертеректе ұшы қиырсыз кең даланы көсіле жайлаған бабаларымызға көлемі жағынан теңеуге ұршықтың басындай ғана болып көрінген тас шоқыны «Ұршық-Бас» атағандығы байқалады. Кейінірек теңеуді аңызға айналдырып «Бөріге тастаған ұршықтың басы» ретінде қарап, «Бөртастаған» атауын қалыптастырған деп айтуға толықтай негіз бар.

Серікбосын Садықов

Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері, өлкетанушы  

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?