Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Даңқты боксшы Серік Қонақбаев туралы 15 дерек

4056
Даңқты боксшы Серік Қонақбаев туралы 15 дерек - e-history.kz
Бүгін – қазақтың мақтанышына айналған даңқты боксшы, Мәскеу олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақбаевтың туған күні

Қазақ туризм және спорт академиясының құрметті профессоры, АІВА вице-президенті Серік Керімбекұлы Павлодар облысында дүниеге келген. Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институты, Халықаралық Қ.А.Яссауи атындағы қазақ-түрік университетін бітірген. «Парасат», «Құрмет» ордендерімен және медальдармен марапатталған, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. Даңқты былғары қолғап шеберінің туған күні қарсаңында «National digital history» порталы қазақ боксының көшін бастаған Серік Қонақбаев туралы қызықты деректерді оқырман назарына ұсынады. 

1. Қазақ боксшылары арасынан Серік Қонақбаевқа дейін Еуропа чемпионатын ұтқан ешкім болмаған. 1979 жылы ГФР-дың «Кельн» қаласында өткен Еуропа чемпионатында Серік Қонақбаев қазақ боксшылары арасынан тұңғыш рет еуропа біріншілігін ұтты. 

75b544d6537e54eafd14159974ea705c.jpg

2. Алты бірдей Олимпиада чемпиондарын баптаған, ХХ ғасырда әлем боксын мойындатқан майталман поляк жаттықтырушысы Феликс Штамм Серік Қонақбаевтың шаршы алаңдағы өнеріне қарап: «Мына баладан бокс генийі шығады»,-деп бағасын берген. 

3. Серіктің әкесі Керімбек Қонақбаев Мәскеуде аспиратурада оқып, ғылымға ден қойған. Тұңғыш қазақ тіліндегі «Сызба геометрия» оқулығының авторы. Техника ғылымдарының кандидаты. 

4. 1981 жылы Дүниежүзі боксының майталман мамандары Серік Қонақбаевты әлемнің үздік әуесқой боксшысы деп мойындаған. 

5. 1984 жылы КСРО құрамасы сапында төрт қазақ боксшысы чемпион атанды. Олар Серік Қонақбаев, Кәрімжан Әбдірахманов, Серік Нұрқазов және Асылбек Қыйлымов. Бұл жолғы төрт қазақ боксшысы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласындағы олимпиада ойындарына қатысу керек еді. Өкінішке орай КСРО спортшылары саяси себептерге байланысты төрт жылда бір рет өтетін олимпиада ойындарынан тыс қалды. Әтпегенде Серік Қонақбаевтың Мәскеу төріндегі күмісін алтынға айырбастайтындай әлеуеті бар еді.  

112a30d066e6e143f54f0c265a3fbd1c.jpg

6. Серік Қонақбаевтың идеал тұтқан саяси қайраткері француздың әскери-мемлекет қайраткері - Шарль де Голль. 

7. Қазақ боксының даңқты боксшысы әдеби кітаптарды оқуға қатты қызыққан. Ол шетел және қазақ әдебиетінің классикалық туындыларын оқыған. 

8. Сидней олимпиадасының чемпионы, жасындай жарқ еткен талантты боксшы Бекзат Саттарханов Серік Қонақбаевты үлгі тұтқан. 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасының финалында Серік Қонақбаев жұдырықтасқан сәтте Бекзат бесікте жатқан сәби болған. Анасы Сырлыкүл Саттарханованың Серік Қонақбаев секілді Бекзат та чемпион болсын деген үлкен арманы болған. Бекзат кейін ана арманын орындап, күллі қазақтың мақтанышына айналды. 

c3a5cb3b0e53f84af72d4a00b8f49220.jpg

9. Серіктің егізі Ерік Қонақбаев. Бір сұхбатында Серік ағамыз егізі туралы айтқан: «Содан не керек, анам Павлодарға кетеді де, сол жақта сыңарым Ерік екеуіміз 25 қазан күні дүниеге келіппіз». 

10. Ұзақ жылдар бойы Кеңес одағының бокс федерациясын басқарған атақты ғарышкер, Кеңес одағының батыры Павел Попович: «Қонақбаевтың шаршы алаңдағы қимылын бейнелі сөзбен ғарыштық биіктіктер қатарына жатқызуға болады. Оның рингке шыққан сәті еліміздің спорттық өміріндегі маңызды оқиға саналатын. Мен Серікті туған ұлымдай мақтан тұтамын», – деп жазды. 

11. Серік Қонақбаев оқушы кезінде футбол, жеңіл атлетика, суға жүзумен айналысқан. Серікпен бірге доп қуған жасөспірімдердің арасынан кейін Вахид Масудов, Антон Шох секілді танымал спортшылар шықты. 

12. Сексенінші жылдардағы Серік Қонақбаевтың дүбірі талай қазақтың баласын бокс үйірмесіне жақындатты. 1979-1984 жылдардағы КСРО чемпионаты, Әлем кубогі, Еуропа чемпионаты, Олимпиада ойындарындағы жарқын жеңістері қазақ боксшыларына сәтті қадам бастады. Бір ғана айтар болсақ: КСРО чемпионатында 1979-1991 жылдарға дейін қатарынан қазақ боксшылары КСРО біріншілігінің жеңіс тұғырынан көтерілді. Олардың қатарында Серік Нұрғазов, Асылбек Қилымов, Кәрімжан Әбдрахманов, Рашид Кәбіров, Ерік Кәкімов, Бейбіт Есжанов, Болат Теміровтер чемпион атанса, Есболат Нұрымов, Талғат Бердібеков, Қайрат Ғалымтаев, Жұматай Түсіповтер жүлдегер атанды. 

13. Серік Қонақбаев бокспен 14 жасынан бастап айналысып, небәрі 24 жасында бокс қолғабын шегеге ілді. Осы он жыл уақыт ішінде қазақ боксының аңызына айналды. 

14. Серік Керімбекұлы еңбек жолын Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасынан бастады. Алматы үлкен каналының салынуына байланысты құрылған республикалық комсомол-жастардың екпінді құрылысына жетекшілік еткен етті. 

15. Серік Қонақбаев «ХХ ғасырдың пираттары», «Мадам Вонгтың құпиясы» атты көркем фильмдерге түсті. 

Әзірлеген: Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?