Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Саусағынан күй саулаған Саятүлекұлы

3465
Саусағынан күй саулаған Саятүлекұлы - e-history.kz
Бағаналы Саятүлекұлы  (1895-1986) – күйшілік дәстүріндегі орындаушылардың бірі. Шығыс Қазақстан күй мектебінің көрнекті өкілі

Бағаналы Саятүлекұлы 1895 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Көкжыра ауылында дүниеге келген. Алты жасынан бастап қолына домбыра ұстаған Бағаналы – өзінің тарлан шабысынан, дүлдүл дарынынан жаңылмай өткен үлкен өнерпаз. Ол сондай-ақ жас кезінде дауысы зор әнші, әрі домбырашы болған. 

Майталман домбырашының орындауында халық күйлерінен бөлек, авторлық күйлерден Тәттімбет, Тоқа, Раздық, Байжігіт, тағы басқа күйші-композиторлардың туындылары өз ерекшелігімен кейінгі ұрпаққа жетті. Бағаналы – Тәттімбеттің «Көкейкесті» күйін алғаш орындаушылардың бірі ретінде есімі тарихқа енді. 

Ол 1937 жылы Алматыда өткен халық өнерпаздарының 1-слетіне және Жамбылдың 95 жасқа толу тойына шақырылып, өнер көрсетеді. Күйшінің репертуарында халыққа белгісіз 40-қа тарта күй болған екен.  

Атадан балаға мирас болып сақталған қазақ күйлерінің байырғы түрлері Алтай-Тарбағатай жерінде де мейлінше мол. Бұл күйлердің орындалу машығы да, шертіс қыры да тым ертеден келе жатқан желі, мәнер екендігін айғақтайды, шығыс сарындарын тыңдаған адам оның барша түрік тектес халықтарға тән, ортақ әуен екендігін бағамдай алады. Сондықтан да күйлердің аттары «самұрық», «ақсақ марал», «боз інген», «бұлғын мен сусар», «ағаш ат», «жорға аю», «шыңырау», т.т. делініп, тотемдік наным-сенімдерге құрылған. 

Бағаналы күйші өз орындауындағы «Қорамжан», «Ащы күй», «Көктөбет», «Шыңырау», «Беласар» сияқты шығыс күйлерінің нұсқасын бүгінге жеткізген, домбырашылығымен қатар өзі «Қосішек», «Барина-сударина», «Шопан тойы», «Гагаринге сүйінші», «Ой толғауы», «Қосбасар» сияқты бірнеше күйлер шығарған екен. 

Күйші өмірінің соңғы жылдарында Көкжыра ауылының Көкжартас деген жерінде тұрыпты. Көзін көрген ауыл қарияларының айтуынша, күйші үнемі домбырасын ұстап отырады, қатты шертпейді, тек дыңғырлатып қана, әрдайым тұңғиық ойдың үстінде отыратындай көрінетін дейді. 

Бағаналы Саятүлекұлының орындауындағы күйлердің ішінде «Беласар» және «Шыңырау» ҚР Президентінің бастамасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында құрастырылған «Қазақтың 1000 күйі» жинағына енді. 

«Шыңырау» күйінің тарихы туралы күйшінің өзі былай дейді: «Бір жолаушы адам бұлақ басына келіп, демалып отырса, бас жағында жалғыз түп бәйтерек өсіп тұр екен. Соның басында ұя болған екен, соны бір құс айнала ұшып шырылдап жүр екен дейді. «Бұл не қылған құс?» деп әлгі жерге барса, бәйтеректің төменгі бұтағынан ортаңғы бөлігіне дейін бір сұр жылан өрмелеп бара жатыр екен дейді. Содан соң әлгі кісі жыланды өлтіріп, орнына жайғасса, көктегі құс аты шыңырау екен, оны көріп, ұяға қонып, балапанын басып тынышталып қалды дейді. «Шыңырау» күйінің тарихы осыдан келіп шыққан екен». 

Алтай-Тарбағатай күй мектебі күйлерінің табиғаты туралы белгілі күйші Жанғали Жүзбай: «Шығысқазақстандық күйшілік мектептің тағы бір қыры – жоғарыда айтылған тотемдік нанымнан туған күйлер орындалғанда домбырашы белгілі бір аңның немесе жануардың мінез-құлығын аспапта суреттеуге ұмтыла қоймайтыны, керісінше, тақырыптағы мақұлық пен күйшінің ортасында құпя тілдесу (диалог) үрдісі пайда болады, нәтижесінде – біз бейнелеуден бөтен, тұтас екеуара сұхбатқа құрылған жораның (ритуал) куәсі боламыз», – дейді.

Заңғар КӘРІМХАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111) 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?