Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

...Өрмелеп шығып күн болған

2375
...Өрмелеп шығып күн болған - e-history.kz
Қазақ әдебиетінің Абайдан кейінгі биік асқары, Алаш қайраткері жерлесіміз Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туғанына биыл күз 120 жыл толады.

Қазақ әдебиетінің Абайдан кейінгі биік асқары, өмір шындығын жырлап, қияға ұмтылған ақын, ағартушы, Алаш қайраткері жерлесіміз Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туғанына биыл күз 120 жыл толады. Осыған орай, Семей сапарында Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің педагогикалық академиясының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арап Еспембетовке жолығып, ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы сұхбаттасқан едік.

- Арап Сләмұлы, Сұлтанмахмұт ақынның өмірі мен шығармашылығынан докторлық диссертация қорғадыңыз, ғылыми тұрғыдан зерттедіңіз. Тұтамдай ғұмыр кешсе де, соңына үлкен мұра қалдырған ақын өмірінен не түйдіңіз?

- Рахмет! Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің Сұлтанмахмұттай арда азамат жайлы ізденіп, мақала жазып, сұхбат алып, көпшілікке жариялауға ұмтылулары ғанибет екен. Ол өздеріңнің жерлестерің, көкорайлы Баянауылдан ғой.

Сұлтанмахмұт - өнері мен жігерін халқының азаттығы жолына арнаған қаламгерлер қауымының көшбасында тұр. 27–ақ жыл өмір сүрді, осынау қысқа өмірінде 140-қа жуық өлең, 2 роман, 5 поэма, көсемсөздер жазған, өлеңдеріне ән шығарылған, әр жанрда қалам тербеген, сондығымен қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алған, Абайдан кейінгі биікте тұрған ақын.

Алдымен ақынның туып-өскен ортасына тоқталайын. Сұлтанмахмұт 1893 жылы 28 қазанда Көкшетаудағы Қызылту (қазіргі Ш.Уәлиханов) ауданында дүниеге келген екен. Әкесі Әбубәкір (Шоқпыт) арабша хат танитын, көзі ашық, көкірегі ояу азамат болса керек. Жүсіпбек Аймауытов: «Сұлтанмахмұт ақынның нағашы жұрты - Қарауыл» дейді. Ол жақпен бұрыннан сүйекшатыс болған ғой. Әбубәкірдің апайы Шымпыр сол жаққа ұзатылса керек. Шоқпыт (Әбубәкір) сол жаққа барып, апа-жездесінің қолында жылқы бағып жүргенде Қарауылдың Шаншары Жадай дегеннің Зүплен есімді қызын алған. Сөйтіп, Шоқпыт пен Зүпленнен Сұлтанмахмұт (анасы Мақыш деп еркелетсе керек) пен Байқоңыр (Бәшен) туады. Зүплен ерте қайтыс болып, екі кішкентай бала әжелері Монтайдың қолында тәрбиеленеді. 3-4 жылдан соң, Шоқпыт балаларымен бірге атақонысы Торайғырға көшіп келеді, үй салады. Бибіш деген әйелге үйленеді. Осылайша, ақынның балалық, жастық шағы Баянауылдағы Торайғыр көлінің маңында өтеді. Ал, қалай хат таныды дегенге келер болсақ, жаңа айтып өттім, әкесі ескіше хат таныған, сол замандағы көзі ашық адам болған, әліпбиді сол кісіден үйренеді. Одан соң, ауылдағы молдалар, солардың ішінде Нұрғали, Мұқан дегендер болашақ қаламгердің талабы мен талантын байқап, бағалап, Троицк қаласына оқуға, білімін ұштастыруға ақыл қосады. Бұл қалада Сұлтанмахмұт медреседе дәріс алады.

1913 жылы, жиырмадан асқан жас жігітті өкпе ауруы айналдыра бастайды. Оның емделіп, қатарға қосылуына қазақ дәрігері Әбубәкір Алдияров көп көмек көрсетеді. Кейін Томск қаласына барады. Мұнда ақын білім алсам, оқысам, орыс тілін үйренсем деген үлкен мақсат қояды, алдына. Сол жылдарда мұсылман жастарының арасында білімге құмартушылардың саны артқандықтан, Томскіде әзірлік бөлімі ашылады. Сұлтанмахмұт, сөйтіп, даярлық бөліміне қабылданады. Бірақ, қалада ақынның күнкөрісі қиын болады, сырқаттанады. Міне, осы кезде оған Әлімхан Ермеков деген азамат қолұшын береді.

- Ақыннның шығармашылығы туралы айтсаңыз... Жұртшылыққа белгісіз тұсы бар ма екен?

- Жалпы, ақын шығармашылығын санамалап айтуға болады. Сұлтанмахмұттың бүкіл шығармашылық өмірі қазақ әдебиеті үшін шын мәніндегі үлкен жаңалық болды. Оның әдебиет аренасына көтерілген шағы – бұл қазақ әдебиетінде зар заманның аяқталып, ұлттық ояну идеясына ауыса бастаған, өліара кезеңге дөп келді. Оқу оқып, білім алу, сол арқылы елін өркениетке апару ақынның ізгі мақсаты, өмірлік кредосы болды. Троицк қаласында ол Ғабдырахман Рахманқұловтың медресесінде оқиды. Білімге талпыныс, бойдағы ақындық жігер, әрине, жас жігітті шығармашылық ынталы іске жетелейді. Осы қалада Қазан мен Уфадағы зиялылар баратын кештерге қатысады, онда өзінің жалынды өлеңдерін оқиды. Троицк қаласы маңындағы қазақ ауылдарының балаларына сабақ береді, «Айқап» журналында қызмет етеді, өлеңдері көптеп жарыққа шығады. Кейін күнкөрістің қамымен Қатонқарағай, Тарбағатай жаққа кетеді, бала оқытады. Тарбағатайдағы Терісайрық болысында көзі ашық, көне шежіре, аңыздарды көп білетін Құрбан қажымен кездеседі. Қажыдан естіген аңыз-әңгімелердің негізінде «Ақ найман Ойсынбай», «Жалаңаш баба», «Ескі сөз» сынды туындыларын жазған. Бұл елде жүргенде 1916 жылы ел ішінде үлкен дүрбелең, үркіншілік басталып, ел Қытайға ауа көшеді. Содан ақын бала оқытқан еңбегін де ала алмай, туған еліне оралады. Мұнда да дүрбелең...

- Арап аға, Сұлтанмахмұт Торайғыров Алаштың қайраткері болды. Оның әдебиеттегі орны бөлек пе, әлде Алаштың қайраткері ретіндегі рөлі үлкен бе?

- Жақсы сауал. Бұған былай деп айтар едім: жалпы алғанда Сұлтанмахмұттың ақындығы мен қайраткерлігін бөле-жара қарауға болмайды. Біртұтас! Ол, әрине, алдымен ақын, шенеунік болған жоқ, оған ұмтылмады да. Екінші айтарым, Сұлтанмахмұт Алаш идеясына кездейсоқ емес, зор дайындықпен, саналы түрде келді. Дәлел керек пе? 1917 жылы ақпан төңкерісі болып, патша тақтан құлаған тұста Сұлтанмахмұт Томскіде жүрген болатын. Сонда жүріп ел өміріндегі қуанышты хабарды, ақ түйенің қарны жарылғанын естиді. «Мұндай заманда қазақ оқығандарының қазақ ішінде болмауы иттік» деп сол жылғы наурызда Әлімхан екеуі Семейге келеді. Семей демекші, сол заманда бұл қала Алаштың астанасы атанып, қазақтың оқыған-тоқыған зиялылары жиналатын, білім іздеген жастар да осында келетін. Сұлтанмахмұттың біраз өмірі Семеймен тығыз байланысты болғаны да сондықтан. Алашордашылар ұйым құрып, көптеген әрекеттер жасағанда соның басы-қасында болып, өзінің талап-талантымен, ақындығымен жалынды жырлар арнады.

Ақпан төңкерісінен кейін Петербургтен Семейге белгілі қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханов келеді. Сонда қалың көпшілік өздерінің көсемдерін - Әлихан Бөкейхановты зор қуанышпен қарсы алады. Үлкен жиын, кездесу болып, ол жиын «Бостандық үйі» деп аталған ғимаратта өтеді. Бұл - қазіргі қалалық тарихи–өлкетану мұражай үйінің ғимараты. Осы алқалы жиында Сұлтанмахмұт өзінің «Алаш ұраны» атты өлеңін оқып, құттықтау жолдайды. Бұл өлең сол кезде қалың жұртшылық арасына кеңінен тарап, алаштықтардың ұранына айналады. Ақын сол жылдарда Семейде шығып тұрған «Сарыарқа» дейтін газеттің екі нөміріне «Әлиханның Семейге келуі» деген мақала жариялайды. Мақалада бостандық іздеген халықтың ұлт көсемін қалай қарсы алғанын, Райымжан Мәрсеков, Шынжы Мұсатаев, Иман Әлімбеков, Ахметжан Қозыбағаров, т.б. құттықтап сөз сөйлегендерін, қалың жұртшылықпен үлкен кездесу болғанын суреттеп жазған. Патша тақтан құлаған соң, көп ұзамай Қазақстанның әр жерінде қырғыз (қазақ) комитеттері құрылады да, ақын Семейдегі комитеттің кіші хатшылық қызметін атқарады, Райымжан Мәсековпен бірге қызмет істейді. Мұғалімдер семинариясында білім алып жүрген Қаныш Имантайұлы Сәтбаевпен кездеседі. Тіпті біраз уақыт бірге болып, әңгімелесіп, пікірлеседі.

Көп ұзамай денсаулығы қайта нашарлай бастаған ақынға Тұрағұл Абайұлы, Мұхтар Әуезов «ауыл жаққа барып, қысырақтың қымызын ішсін, таза ауамен тыныстасын» деп ақыл қосып, Абай еліне жібереді. Онда ақын өзінің әйгілі «Таныстыру» атты поэмасы мен «Социализм» деп аталған мақаласын жазады. «Таныстыру» поэмасын Алаш қайраткерлеріне өлеңмен берілген мінездеме деп айтуға болады. Алмағайып заман болғанда автономия болғалы жатқан елді басқара алатын адам бар ма дегенде Әлихан Бөкейханов бастаған Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов сынды азаматтарды жырға қосып, «міне, осылар қазақты басқаратын қайраткерлер» дейді. Осы «Бостандық үйінде» 1917 жылдың көктемінде Семей қазақтарының бірінші облыстық съезі өтіп, онда қазақ автономиясын құру жайлы мәселе көтеріліп, қаулы қабылданады. Бұл мәселені Шәкәрім Құдайбердіұлы қолдап сөз сөйлейді. Ақынның осы «Таныстыру» поэмасында былай деп жырлайды:

«Семейдің съезінде байқадық қой,

Екенін қарт кемеңгер әм терең ой.

Оқығандар болмаса жәй қазақтың,

Онан басқа кім шықты көрсетіп бой»,-деп, Алаштың ақсақалы атанған Шәкәрім ақынның көшелі ақыл-ойын, оның жұртқа жөн сілтер ғибратын, абыздық бейнесін әдемі суреттейді, елге айтады. Осылайша, талантты ақын елді, өзін толғандырған сауалға «Таныстыру» поэмасы арқылы ұтымды дүние жазды. Бұған дейін қазақтың жазба поэзиясында поэманы дәл осындай сарында (Қара қазақ пен Оқыған қазақтың әңгіме, пікір алмасуы сипатында) жазу тәсілі болған емес.

Міне, осыдан келіп біз Сұлтанмахмұт ақынды әдебиетке көп еңбек сіңірді ме, әлде Алаш қайраткері ретінде рөлі зор болды ма демей, оның осы бір екі қасиетін біртұтас етіп көрсетуге тиістіміз. Бірақ, осынысы үшін Сұлтанмахмұт Торайғыров қоғамнан «көп таяқ жеді». Оның мұрасы 1993 жылға дейін толық жинақ болып басылмай келді. Өйткені, біреулер оны «байшыл», «ұлтшыл», «рушыл» деп баға берді. «Қала ақыны мен дала ақынының айтысы», т.б. шығармалары публицистикалық шығармалар жинағына енбеді. Тіпті, бір кездері біреулердің Абайды да осылай жазғырып, еңбектерін мектеп оқулықтарынан алып тастағысы келгендерін білеміз. Бірақ, қазіргі уақытта бұл пікірдің қате, өтірік жабылған жала екендігін өмірдің өзі көрсетіп отыр ғой.

- Иә... тіпті Сәбит Мұқановтың Сұлтанмахмұтты рушыл, байшыл, араққа құмартқан деген пікірі де бар емес пе?

- Дұрыс айтасың. Біздің қадірменді ағамыз Тұрсынбек Кәкішев осы мәселе турасында жақсы пікір білдірген. Сәбит Мұқановтың 1932 жылы жазған «Қазақ әдебиеті» деген үлкен оқулығы бар. Сол кездегі қазақ қаламгерлері, атап айтқанда, Ахмет Байтұрсынов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезовті байшыл, рушыл деп, сыни тұрғыдан жазылған осы еңбек жайлы Тұрсынбек Кәкішев: «Егер Алаш қайраткерлерін Сәбең бұлай жазбаса, олар тарихта ұмытылып қалар еді» деп түсіндіреді. Негізі, С.Мұқанов өзін езілген таптың өкілі ретінде алашордашыларға қарсы шыққан, өзіндік пікір, позициясы болған, кеңес үкіметін, коммунистік партияны жақтаған ғой. Бұл – Сәбеңнің кемшілігі емес, оның көзқарасы, түсінігі деп қабылдағанымыз жөн.

- М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы, Д.Әбілевтің «Ақын арманы», «Арман жо-лында» және «Баянауыл бау-райында» атты Сұлтанмахмұт жайлы трилогиясы кеңестік кезеңде, яғни, сол уақыттың идеологиясының талабы бо-йынша жарыққа шықты. Арап аға, осы тұрғыдан алғанда трилогия хақында не айтар едіңіз?

- Дихан баба мен менің Сұлтанмахмұт Торайғыров жайлы жазғандарымыз екі басқа. Ол ақын өмірін, тағдырын шығармашылық тұрғыдан көркемдеп жазса, мен ғылыми тұрғыдан зерттедім.

1993 жылы Павлодардағы Тракторшылардың мәдениет сарайында ақынның 100 жылдық мерейтойында баяндама жасадым. Бұл шараға Дихан Әбілев қатысты. Менің айтайын дегенім, Дихан бабамыз трилогияны жазғанда Мұхаңа көп еліктеген. Бірақ, оны жазу бар да, еліктеу бар ғой. Негізі, үлкен қаламгерлердің туындыларына төрелік айтудан аулақпын. Дей тұрғанмен, бұл трилогия да қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алды. Шығармада қаламгер Сұлтанмахмұттың бейнесін жан–жақты ашқан, әсіресе, ақынның елім, жерім, қазағым деген характерін, жалынды шағын әдемі суреттеген. Сонысымен де бұл шығарма құнды. Туындының өте жақсы немесе ортаңқол дүние болуы авторға, оның еңбектенуі мен ізденісіне байланысты. Роман, эпопея, трилогия атаулының бәрі бірдей «Абай жолындай» болып шығуы екіталай дүние ғой.

Жалпы алғанда, Сұлтанмахмұт- өзінің қысқа ғұмырында қиындыққа мойынсынбай, білім алып, халыққа қызмет етуді ғана көксеп өткен ақын. Бұл мақсатын шығармаларындағы лирикалық кейіпкерлері арқылы көрсетуге тырысты. Өз заманындағы адамдардың күнкөрісі, болашағына алаңдап, «Жарлау», «Бұлар кім?» сынды өлеңдер жазды. Мәдениеті озық елдердің жетістіктерін уағыздап, жаңалық жаршысы бола білді. Сол себептен ақын «Бүгіндегі жастарға оқу міндет, бар қиындық тек қана ғылым жеңбек» деген жыр жолдарын жазды. Сұлтанмахмұт Торайғыров – өз заманының күретамыр тақырыбы - бостандықты, ел өмірін, әлеуметтік ахуалды, табиғатты, махаббатты жырға қосып, осынау еңбектері арқылы қазақтың тарихында даралана көрінген дарабоз ақын, Алаштың қайраткері

- Уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін көп-көп рахмет! Еңбегіңіз жемісті болсын!

Түйін: Абайдан кейінгі ірі суреткер, реалист ақын жайлы 1926 жылы Жүсіпбек Аймауытов «Сұлтанмахмұт Торайғырұлы сөздерін жинауға атсалысыңыздар!» деген ашық хатында: «ақын елінің тілі ғой, адал туған ұлы ғой, бүлк-бүлк еткен жаны ғой, жанын жеген ары ғой, айта алмай жүрген зары ғой. Жаннан, ардан безбесе, ақынын қандай ел қастерлемесін!» деп жазған екен.

Бұған алып–қосарымыз жоқ. Сұлтанмахмұт жалындап туды, пәниде жай отындай жарқылдады... жұлдыздай ағып түсті...

Қаламгер Медеу Сәрсеке, Семей:

... Бейсенбай Кенжебаев ірі ғалым, филолог адам еді. Оның өзінің қалыптастырған мектебінде Рымғали Нұрғалиев, Арап Еспембетов сынды аса талантты шәкірттері болды. Менің бір риза болатыным, Бейсекең Сұлтанмахмұтты өзі де көп зерттеп, жазды, шәкірттерінің де зерттеуіне мүмкіндік жасады. Арап Еспембетов ақынның шығармалары бойынша кандидаттық, кейін докторлық диссертациясын қорғады, монографиясын жариялады.

Мен Сұлтанмахмұтты басқаша жолмен зерттедім. Мәскеуден «Тамаша адамдар өмірі» сериясымен (ЖЗЛ) жарыққа шыққан «Сәтбаев» атты кітабымды жазу үстінде замандастар Қаныш пен Сұлтанмахмұттың ара байланысын білу қажет болды. Бірде әдебиетші, ақын Қайнекей Жармағамбетовтің архивінен оның Қанекең туралы жазған естелік–күнделігін кездестірдім. Қайнекей – Қанекеңнің күйеу баласы, Ханиса есімді қызының күйеуі. Міне, осы Қайнекей 1949 жылы Қанекеңнің 50 жасқа толған мерейтойын, сол жолы Қарағанды, Екібастұз, Баянауылға сапарын егжей-тегжейлі жазыпты. Сонда Қанекең Семей көшесінен Сұлтанмахмұтты кездестіргенін, оның Татар көшесіндегі жалдамалы пәтеріне шақырғанын, екеуінің бір кеш бірге болғанын айтыпты. Сұлтанмахмұт тысталған әлдебір қалың кітапты беріп: «Менің орысша көп оқуым жоқ. Мына кітаптың мен көрсеткен жерін оқып, кейбір жеке сөздерін, жалпы сөйлемнің мәнін қазақша айтып көрші» дейді. Содан екеуі кеш бойы отырады. Сұлтанмахмұт тысқа шығып кеткенде кітаптың сыртын қараса «Политическая экономия» Карл Маркс» деп жазылыпты. Екеуі де Баянауылдың жігіттері, ауылдары көршілес, бірін-бірі сырттай біліп жүрген ғой. Сонда ақын күрделі кітапты өзінше оқып, зерделеп жүрген екен.

Тағы бір оқиғаны айтайын. Сұлтанмахмұттың Шорманның ауылын жамандап жазғаны бар. Троицкіге оқуға жүрер шамада қаражат керек қылып, Шорманның ауылына барады. Барса би жоқ, Сәкен деген (Сәдуақас – Мұса Шормановтың үлкен ұлы) немересі жүр екен. Сәкен кезінде Омбыда оқыған, денсаулығына байланысты оқуын жалғастыра алмай, еліне келген. Сол жолы бидің ауылы ақынға көмек бермейді. Сонда Сұлтанмахмұттың жазған өлеңі бар ғой, «Бір адамға» деген. «... Кесені қолыма алып қарай бердім, Ішінде нақақ көзден жас бар ма деп...» деген. Міне, айта берсек, қазақ зиялыларының көшін бастаған арда азаматтар жайлы естелік көп. Кейінгі ұрпақ біле жүрсе дейсің...

Мен – қазақ, қазақпын деп мақтанамын,

Ұранға алаш деген атты аламын.

Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ,

Мен неге қазақтықтан сақтанамын?!

Сұлтанмахмұт Торайғыров

Анау-мынау

Анау қырда татар тұр,

Басқалармен қатар тұр.

Мынау ойда қазақ тұр,

Қастарында азап тұр.

Ұйқысы көп, ояу аз

Бұл не деген ғажап тұр?

Бұл ұйқысын ашпаса,

Надандықтан қашпаса,

Басқаларға мазақ тұр.

Мынау жерде хадим* тұр,

Қаркарада жаны тұр,

Ілініп-салынып әлі тұр,

Бірер күндік халі тұр.

Анау жерде жадиттер**,

Одан біздер үміткер,

Олардан тәлім алмасаң,

Көрген күнің болар тар.

Мынау төрде ишандар,

Аузы-басы қисаңдар.

Ат-тоныңмен жұтады,

Аузына егер сыйсаңдар.

Миллет қайда, дін қайда?

Селкілдесең тым пайда

Тоқты-торым жисаңдар.

Орталықта молдалар

Алдыңа түсіп жорғалар,

Нашарларға жарып сап,

Бай алдында қорғалар.

Анау қырда жастар тұр,

Алға қарай бастап тұр.

Оян-дағы тез жүр деп,

Дамыл таппай қақсап тұр.

Аңдыған оны қастар тұр,

Көңілі соқыр мастар тұр.

Атайын деп толтырған,

Қойындарында тастар тұр.

Мұңайып солып қыздар тұр,

Арқаларында ызғар тұр.

Қызыл көзді қақпас шал,

Үсті-үстіне беріп мал,

Жүзі сары соғылған

Сорлы қызға ызбар тұр.

Жасты шіріткен шалы тұр,

Бір борандық малы тұр.

Аузын ашып әкел деп,

Болыс, билер тағы тұр,

Төр алдында мырзалар

Көп мақтаса ырзалар.

Миллет десе түксиіп,

Сайлау десе қызбалар.

Босағада нашарлар

Одан әркім қашарлар.

Көзін сатып телміріп,

Кәсіп қылмай жасарлар.

Бай несие берді деп,

Мені жақсы көрді деп,

Обь пен Нілдей тасарлар.

Бір екі-үш ай өтпестен,

Жыл уағы жетпестен,

Борыш басын басарлар.

Ая *, талип, шәкірттер,

Дәрменсіз дертті кәріптер,

Міне, қалай миллетің

Тырысып өнер алып қал.

Ұйқысын аш, көңілін аш,

Алға қарай барып қал!

*) Хадим (арабша) — бұл жерде ескі оқу.

**) Жадит (арабша) — жаңаша, төте оқу.

1912.

Сая Молдайып

Павлодар – Семей - Павлодар

Түпнұсқа: «Сарыарқа самалы газеті»


Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?