Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Көкентау» этимологиясы

2337
«Көкентау» этимологиясы  - e-history.kz
Көкентау оронимінің этимологиясын анықтауда Көкентаудан табылған тас мүсіндердің маңызы зор

Өткен замандарда халықтың басынан кешкен әлеуметтік-тарихи және саяси оқиғалардың негізінде қалыптасқан жер-су атаулары – сол замандардан ақпарат беретін баға жетпес және ең сенімді дереккөздерінің бірі [1. 3 б., 2. 119 с.]. Совет және Ресей ономастикасының классигі А.В. Суперанская «Географиялық атаулар – ежелгі тұрғын жайлар, ыдыстар, тиындар, сүйектер және т.т. жәдігерлер сияқты заттай мәдениет ескерткіштері» деп баға береді.

Этимологиясы ашылмай, меңіреу тұрған жер-су атауларын жүйелі түрде зерттеу арқылы біз өткен тарихтан сыр шертер, күні бүгінге дейін құпия болып келген дүниелердің сырын, тарихи ақтаңдақтарымыздың бетін ашамыз.

Бүгінгі күнге дейін мағынасы толыққанды ашылмай келе жатқан географиялық нысанның бірі Семей қаласынан оңтүстік-батысқа қарай шамамен 90 шақырым қашықтықта орналасқан жартасты, гранитті тау – Көкентау.

Көкентау оронимінің этимологиясына қатысты әзірге қандай да бір арнайы зерттеулер жоқ. Ғалымдар арасында бұл ороним арнайы зерттеу нысаны ретінде де қарастырылмаған. Жергілікті тұрғындар арасында да аталмыш атаудың қалай және қай кезеңде қалыптасқандығы туралы қандай да бір тарихи аңыздар мен әңгімелер сақталмаған.

Осы шағын мақалада қолымызда бар деректер негізінде Көкентау оронимінің этимологиясын ашуға тырысамыз. Мақалада айтылған ойлар мен  тұжырымдар нақты әрі соңғы деген пікірден аулақпыз. Қарастырылып отырған мәселе бойынша әрқашанда конструктивті пікір алмасуларға дайын екендігімізді жеткізгіміз келеді.

2013-2014 жылдар аралығында Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Астана қаласындағы филиалының Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясының Семей жасағының Көкентауға жасаған археологиялық барлау және зерттеу жұмыстары нәтижесінде Көкентауда неолит дәуірінен бастап этнографиялық кезеңге дейінгі аралықтағы тарихи-мәдени мұра ескерткіштері зерттеліп, есепке алынды. Зерттеліп, есепке алынған ескерткіштер қатарында

Көкентауының орталық бөлігіндегі Үшайыр биігінің етегінде орналасқан әйел адам мен қыз баланың тастан жасалған мүсіндері қойылған түркі дәуірінің ғұрыптық ескерткіштер қызығушылығымызды оятты. Мүсіндердің иконографикасы және сондай-ақ екі қолымен кіндіктің тұсында ыдысты ұстап тұру бойынша бұл ескерткішті б.з. ІХ-ХІІІ ғғ. аралығымен мерзімдеуге болады. Осы типтегі тас мүсіндердің этникалық сәйкестігіне қатысты зерттеушілер арасында қызу пікірталастар бар. Бір зерттеушілер мұндай ескерткіштерді ұйғырларға, енді  бірі көне түркілерге, басқа зерттеушілер қимақ-қыпшақтарға тиесілі деген қорытындылар жасайды [3., 188-190 бб.].

Біздің ойымызша Көкентаудың бөктерінде орналасқан тас мүсін мен «Көкен» атауының қалыптасуы б.з. ІХ-Х ғғ. аралығында болуы мүмкін. Бұл уақыт Ертіс бойында Қимақ қағанатының пайда болып, өздерінің саяси үстемдігін жүргізген уақытпен сәйкес келеді. Қимақ қағанатының этникалық негізін құраған тайпалардың ішінде Ұйғыр қағанатының құрамында болған түркі тілдес тайпалар екендігі аян. Бұл туралы деректер Гардизидің Қимақтардың пайда болуы туралы аңызында [4], Әбілғазының «Түрік шежіресінде» [5. 33 б] кездеседі. Сондай-ақ бұл археологиялық зерттеулер арқылы да дәлелденіп отыр [6, 7, 8, 9, 10, 11].

Енесей қырғыздарының соққысынан 840 жылы құлаған Ұйғыр қағанатының құрамындағы тайпалардың жылжуы мен қоныстануын арнайы зерттеген А.Г. Малявкин олардың ІХ ғ. ортасында жылжыған негізгі бес бағытын көрсетеді: 1) Солтүстік-шығыс – үлкен Шивэйлерге Байкал көлінің маңы; 2) Шығыс – Қидандардың бақылауындағы территорияларға; 3) Оңтүстік – Қытайдың солтүстік шекарасы мен Ордостан батысқа қарай орналасқан аудандар; 4) Оңтүстік-батыс – Турфан қазаншұңқырына және Кучи ауданы; 5) Батыс – Жоңғария мен Жетісуға.

Көкентау. Үшайыр биігі

Ұйғырлардың оңтүстік және оңтүстік батыс бағытына жылжуларының нәтижесінде Турфан және Ганьчжоу хандықтары құрылады. Археологиялық және тарихи зерттеулер негізінде Д. Савинов Ұйғыр қағанатының құрамында болған кейбір тайпалардың солтүстік-батыс бағытында жылжып, Ертістің жоғары ағысындағы аймақтарға келіп қоныстанғандығын жазады [12, 86-87 сс.]. Тарихи деректерден Ұйғыр қағанаты ыдырағаннан кейін эймур, баяндур, татар атты тайпалардың Қимақ қағанатының құрамына келіп қосылғандығы белгілі [13]. Шығыс Қазақстан территориясына келіп орныққан бұл тайпалар қимақ-қыпшақ этноәлеуметтік бірлестігінің қалыптасуының негізгі ұйытқысы болған [12].

Аталмыш тайпалардың Ертістің бойына қоныстанғандығын ежелден келе жатқан топонимдерде қуаттай түсетіндігін, қимақ дәуіріне қатысты жер-су атауларына байланысты ғылыми зерттеулер жүргізген Ж.О. Артықбаев жазады. Ертістің орта ағысындағы қимақ кезеңімен байланысты топонимдер қатарына Ж.О. Артықбаев Павлодар облысының Ақсу ауданының территориясындағы Ақсарай, Қазан қорасы, Сырлықала, Қалбасун сияқты жер-су атауларын жатқызады [14.].

Осы ретте Көкентау оронимінің этимологиясын анықтауда Көкентаудан табылған тас мүсіндердің маңызы зор. Түркілердің тас мүсіндерін зерттеуші мамандардың пікірлерінше түркілердің монументальды өнерлерінде әйел адамның бейнесі құнарлық беруші немесе әйел культімен тығыз байланысты [24. 105-106 бб.].

А.С. Плетневаның зерттеулері бойынша половецтердің монументальды өнерлерінде кездесетін әйел адамның жыныстық ерекшелігі анық  көрсетілетін, жалаңаш кеуделі әйел бейнелерінің қасында қыз баланың болуы күш-қуат беретін, отбасы мен рудың қамқоршы болатын құдай ана немесе тәңірие культімен тығыз байланысты.

Түркі халықтарының ертегілерін анализ жасай отырып, А.С. Плетнева анасының емшек сүтін емген нәресте жеңілмейтін, жараланбайтын батырға айналатындығын көрсетіп, емшек – өмір мен күш-қуаттың символы деген тұжырым жасайды [15, 74 б.]. Бір қызығы моңғол тілдерінде де «көкен» сөзі әйел адамның емшегі [16. 713 б.] деген мағына береді. Бұл бағытта болашақта түркі-моңғол тілдері арасында салыстырмалы зерттеулер жүргізетін лингвист ғалымдар ғылыми қызығушылық танытады деген ойдамыз.

Түркі тілдерінің белгілі маманы, Ресей түркітану мектебінің негізін салушылардың бірі В.В. Радловтың шәкірті С. Маловтың 1957 жылы Алматы қаласындағы Қазақ ССР-нің Ғылым академиясының баспасынан шыққан «Язык желтых уйгуров: словарь и грамматика» еңбегінде «Көк(г)ен», «кұкен» сөздері шамандық нанымдағы өмір немесе рудың тәңіриесі мағынасында берілген [17, 71 б.].

Кейбір отандық ғалымдар Қытайдың солтүстік шекарасы мен Ордостан батысқа қарай орналасқан аудандарға келіп қоныстанып, ұзақ уақыт бойы қытай, таңғұт, тибет, моңғол тілдерінің «құрсауында» қалып, түркілік тілдік ортамен байланысын жоғалтқан сары ұйғырлар тілін «консервацияланған лингвоқұрылым» ретінде қарастырады [18, 49 б.]. Түркітану ғылымының майталмандары В.М. Насиловтың [19], Э.Р. Тенишев, Б.Х. Тодаеваның [20] зерттеулері бойынша сары ұйғыр тілінің көне ұйғыр тілінен айырмашылығы жоқ. Осы ретте біз «Көкен» сөзін Ұйғыр қағанаты ыдырағаннан кейін Ертіс бойына келіп қоныстанған жоғарыда көрсетілген түркі тілдес тайпалардың шағын тобы әкелген болуы мүмкін деп есептейміз. Себебі, көшпелі тайпалардың дәстүрлерінде өздерінің жер-су атауларын өздерімен бірге алып жүру практикасы кеңінен таралғаны мәлім. Ертіс бойын мекендеген қимақтардың батысқа жылжулары нәтижесінде Арал-Каспий аралығында қалыптасқан Қимақ-Биғұр мемлекетінің [23. 202 б.] құрамындағы түркі тілдес тайпалардың ықпалы нәтижесінде Маңғыстау мен Үстірттегі біраз жер-су атаулары қалыптасуы мүмкін. Мысалға, Каспий теңізінің бассейніне жататын Ембі және Жайық өзендері ортағасырлардағы араб деректерінде ақ және қара Ертіс деп берілгендігі белгілі [13, 62-63 сс.].

Белгілі қазақ мифтанушысы, Маңғыстау өлкесінің тумасы Қондыбай Серікбол Бейнеу кентінің маңындағы Күйкен тауының алғашқы атауы Көкілен [22. 222 б.] болғандығын жазады.

«Көкен» сөзінің этимологиясын ашуда Қондыбай Серікболдың қазақ мифтерінің төркінін танудағы ғылыми-зерттеушілік еңбектерінің маңызы зор. Қондыбай Серікбол өзінің «Арғықазақ мифологиясы» атты іргелі еңбегінде көнек, көген, көкірек, көкей, көклен және т.б. сөздерге талдау жасай отырып, осы сөздердің түбірі болып табылатын көк сөзін тіршіліктің тумағы (зародыш) деп таниды [21, 302-304 бб.].

А.Н. Гарковецтің XVI-XVII ғғ. армян тіліндегі жазба ескерткіштері негізінде жасаған Қыпшақ тілінің сөздігінде де көк сөзін және негізгі түбір сөзге жалғанатын жалғаулар негізінде пайда болған көкүн сөзінің мағынасы пайда болу, тек, ұрпақ деген мағына беретіндігі көрсетілген [25. 722 б.].

Көкентау. Тас мүсіндер

Сондай-ақ Қондыбай Серікбол Қобыланды батыр жырындағы кейіпкердің бірі  Көклен бейнесі арқылы қазақ мифологиялық дүниетанымына шолу жасап, Көкүл немесе Көклен – жас босанған анаға, емшектегі балаға, болашақ ана болайын деп отырған қызға, яғни қалыңдыққа қамқорлық жасайтын мифтік тәңірие деген ойға келеді [22. 199 б.]. Ертегілер тарих ғылымында фактологиялық дерек ретінде қарастырылмаса да, дәл осы жерде археологиялық деректер негізінде дәлелденген қимақ-қыпшақ тайпаларының діни-дүниетанымдық ұстанымдарының сарқыншақтары көрініс береді. Сондай-ақ ғалымның осы ойлары Көкентау етегіндегі тас мүсіндердің семантикасымен және де «Көкен» сөзінің түркі-моңғол халықтарының тілдерінде сақталған мағынасымен ұштасып жатыр.

Мақаламыз «көкен» сөзінің этимологиясын анықтау бойынша жасалған алғашқы қадамдар болғандықтан, біз тек өзіміз тікелей зерттеу жұмысын жүргізген Көкен тауларымен ғана шектеліп отырмыз. Біздің зерттеу нысанымыздан зерттеушілердің пайымдаулары бойынша осы қимақ-қыпшақ кезеңінде тұрғызылған Қозы Көрпеш – Баян сұлу кесенесінің [26. 153 б.] маңындағы Көген тау оронимінің этимологиясы тысқары қалды. Таудың қойнауындағы археологиялық ескерткіштер күні бүгінге дейін толыққанды зерттелмеген. Оның етегінде тарихтың қай дәуірінің ескерткіштері жатқандығын білмегендік, мақаламызға деректік база ретінде қоспауымызға себеп болды.

Болашақта Қазақ даласындағы «көкен» сөзімен байланысты жер-су атауларын жүйелеу арқылы біз қимақ-қыпшақ дәуірінде жүрген тарихи-мәдени үрдістер және де сол кезеңдегі тайпалардың діни-дүниетанымдары туралы өзіміздің білімімізді кеңейте аламыз. Бұл өз кезегінде Шығыс Қазақстан территориясында моңғол кезеңінен төменде жатқан жер-су атаулары сақталмаған деген тұжырымды терістеуге соны мүмкіндіктер береді деген ойдамыз.

 

Айдын ЖҮНІСХАНОВ, археолог

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

1. Ахметжанова Ф.Р., Әлімхан А.Ә. Қазақ шығысының жер-су атаулары. – Өскемен: ШҚТУ баспасы, 2000. – 104 бет.

2. Гузензаде А. Об этимологии топонима Куба // Советская Тюркология. 1972. №2. С. 119-125.

3. Ермоленко Л.Н. Древнетюркские изваяния с сосудом в обеих руках // Первобытная археология. Человек и искусство. – Новосибирск: Изд-во Института археологии и этнографии СО РАН, 2002. – С. 188-192.

4. Абу саид Гардизи Украшение известий (Зайн ал-ахбар) // http://vostlit.narod.

ru/Texts/rus7/Gardizi/red.htm

5. Әбілғазы Түрік шежіресі – Алматы: Ана-тілі, 1991. 208 бет.

6. Агеева Е.И., Максимова А.Г. Отчёт Павлодарской экспедиции 1955 года. //

Тр. ИИАЭ КазССР. Т. 7 (Археология). Алма-Ата: 1959. С. 32-58.

7. Алехин Ю. Курган кимакской знати на Рудном Алтае // Сохранение и изучение культурного наследия Алтайского края. Вып. ІХ. Барнаул: 1998.

8. Армстронг И.А. Семипалатинские древности. // ИАО. Т. 2. Вып. 4. СПб., 1861.

9. Арсланова Ф.Х. Женские украшения кимаков и кыпчаков // Очерки средневековой археологии Верхнего Прииртышья Т ІІІ. – Астана: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты Астана қаласындағы филиалының баспа тобы, 2013. – 415 б.

10. Арсланова Ф.Х. Длинные курганы Прииртышья // Очерки средневековой археологии Верхнего Прииртышья Т ІІІ. – Астана: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты Астана қаласындағы филиалының баспа тобы, 2013. – 415 б.

11. Арсланова Ф.Х., Самашев З.С. Курганы кимаков в Семипалатинском Прииртышье // Очерки средневековой археологии Верхнего Прииртышья Т ІІІ. – Астана: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты Астана қаласындағы филиалының баспа тобы, 2013. – 415 б.

12. Савинов Д.Г. Народы Южной Сибири в древнетюркскую эпоху // Л., изд-во ЛГУ. 1984. 174 с.

13. Кумеков Б. Государство Кимаков ІХ-ХІ вв. по арабским источникам. Изд. «Наука» КазССР. Алма-Ата. 1972.

14. Артыкбаев Ж.О. Аксарай на Иртыше – памятник Кимакской эпохи (Из опыта изучения топонимических памятников Среднего Прииртышья) //  «Еуразия қыпшақтары: тарих, тіл және жазба ескерткіштері»: халықаралық ғылыми конференция. 29-30 мамыр 2013 жыл. Жалпы редакциясын басқарған академик Көмеков Болат Ешмұхамбетұлы. Астана, 2013. – бб. 418-426.

15. Плетнева С.А. Половецкие каменные изваяния М.: Наука,1974. – 200 с.

16. Starostin S.A., Dybo A.V., Mudrak O.A. An Etymological Dictionary of Altaic Languages Brill Academic Publishing, 2003. — 1556 p.

17. Малов С.Е. Язык желтых уйгуров: Словарь и грамматика. Алма-Ата, 1957. – 197 с.

18. Сағидолла Ғ., Ескеева М. Сары ұйғырлар тарихы мен тілінің қалыптасуы // Тіл және қоғам. Альманах. №2 (40) 2015. 49-56 бб.

19. Насилов Д.М. Изучение памятников древнеуйгурского языка в отечественном востоковедении // Тюркологический сборник, 1970., – С. 93-110.

20. Тенишев Э.Р., Тодаева Б.Х. Язык желтых уйгуров Наука, 1966. – 84 с.

21. Қондыбай Серікбол Арғықазақ мифологиясы І кітап. – Алматы: Дайк-Пресс, 2004. 512 бет.

22. Қондыбай Серікбол Арғықазақ мифологиясы ІI кітап. – Алматы: Дайк-Пресс, 2004. 516 бет.

23. Ахинжанов С.М. Кыпчаки в истории средневекового Казахстана / Под ред. К.М. Байпаков.- Алматы «Гылым», 1995.- 296 с.

24. Досымбаева А.М. Батыс Түрік қағанаты. Қазақ даласының мәдени мұрасы. – Алматы, 2007 – 168 б.

25. Гарковец А.Н. Кыпчакский словарь. По армянописьменным памятникам ХVIXVII веков. Сепартное издание. – Алматы: Алматыкітап баспасы, 2011. – 1802 стр.

26. Ходжаев М.Б. Сооружение Козы-Корпеш // Тематический сборник

«Средневековые города Южного Казахстана» Алма-Ата, Изд. КазГУ, 1986, С. 152-158.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?