«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Сәкенсіз өткен сексен жыл

2295
Сәкенсіз өткен сексен жыл
«Ер есімі – ел есінде» еске алу жиыны ақын ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімінен басталды. Сәкен ескерткішінің алдына ақынды еске алуға қоғам қайраткерлері, студенттер мен оқушылар жиналды

Жылдағы дәстүрінен жаңылмаған Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин музейі ақпан айының 25 күні сағат 10.00-де қазақ елінің асыл перзенті, әдебиетіміздің негізін қалаушылардың бірі, ақын, жазушы, сазгер, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің қаза болған күніне арналған «Ер есімі – ел есінде» атты еске алу кешін өткізді.

Үш ғасырдың куәсі болған ғимаратта орналасқан С. Сейфуллин музейі ақын атын ардақтау жолында көптеген іс-шаралардың ұйытқысы болып жүр.

Жыл бойы белгіленген уақыттарда қала мектептері мен оқу орындарында кездесулер мен кештер ұйымдастырылып, көрмелер өткізіліп тұрады.

«Ер есімі – ел есінде» еске алу жиыны ақын ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімінен басталды. Сәкен ескерткішінің алдында алғашқы сөзді  музей директоры Несіпбек Айтұлы бастап, ақын рухына арналған өлеңдер оқыды.  Естеліктер айтты. Гүл қою рәсімінен кейін көпшілік кешті музейдің мәжіліс залында жалғастырды.   

Зал ішінде Сәкен Сейфуллин музейінің алғашқы директоры Роза Асылбекова, сәкентанушы ғалым Амантай Кәкен, белгілі ғалым Серік Негимов сөз алып, ақын өмірі туралы, музей тарихы жайлы әңгіме өрбітті. Тұлға жайында ой толғады. Ал белгілі күйші Жанғали Жүзбай Сәкеннің әкесі Сейфулланың күйі туралы сыр шертті. Көптеген деректер айтып, әңгіме ауанын ғылыми талқыға айналдырды.

Астана қаласы 42 мектептің оқушылары алдыңғы буын ағалардың өнегесін тыңдап, Сәкен туралы мәліметке қанықты. Сонымен бірге аталмыш мектептің 7 сынып оқушы Диана Нұридин мен Әбілхайыр ақын өлеңдерін оқып берді.

Кеш соңында музей қызметкерлері келген қонақтарға экскурсия жүргізді.