Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ақтолағайдың ақ қырлары

3088
Ақтолағайдың ақ қырлары  - e-history.kz
Бұл өңір өзінің адам ізі баса қоймаған шөлді пейзаждарымен және сораң жерлерімен, сонымен қатар ерекше көзге түсетін қарлы шыңдарымен таңдандырады

Еліміз территориясының үлкендігімен ғана емес оның әртүрлілігімен, яғни әр өңірдің өзіне тән табиғи құбылыстары бар және әсемдігімен таң қалдырады

Осы күнге дейін еліміздің табиғатына таң қалып қалам тартып, тарихына таратып жазылған еңбектер мен түсірілген деректі фильмдер жеткілікті. Бізде 14 облыс болса әр облыс өзіндік айрықша тарихымен қоса табиғатымен ерекшеленеді.

 

Ақтолағай үстірті – тарихи және геологиялық маңызы бар республикалық табиғи қорық. Үстірт маңыздылығымен қатар өзінің сұлулығымен де зерттеушілерді таң қалдырған, шетел ғалымдары қызығушылық танытып, зерттегендер де бар. Қаз-қатар созылып жатқан жоталардың ұзындығынан көз талады.

Осында орналасқан әр таудың өзіне атауы бар, соның ішіндегі ең биігі – Құлшардың шоқысы. Тарихына тоқталып өтсек, аңыз бойынша патша әділетсіздігіне қарсы күреске шыққан Құлшар есімді жігіт болған. Әрине, патшаға қарсы шыққан соң ол қамауға алынады да, кейін қашып құтылады, сол қашқан кезінде осы борлы тауларды паналайды. Құлшарды патша әскерлері борлы таудан тапқан кезінде, ол таудың ең биік шыңына шығып артынан келген қуғыншыларды атып өлтіріп отырған, сол жерде ұзақ тұрақтап біраз өмір сүрген соң, сол жігіттің құрметіне Құлшар аталып кеткен деседі. Қызығы сол, тауға шығатын бір ғана жол бар және шығу оңай емес.

Үстірттегі әр таудың өзіндік ерекшелігі мен атаулары бар, соның тағы бірі Алатау. Және көлемі мен пішіндері жағынан да әртүрлі болып келеді.

Таулардың сұлулығы дәл бір ертегідегідей әсем, ал кіршіксіз әппақтығы еріксіз көз тартады, күн батуға таяған уақытта таудың ақ тастары кемпірқосақ секілді күннің сәулесімен түрлі-түсті түске боялады. Ақ тау мен жиегі көмкерілген көк шалғай шалғын шөптермен, құлпырған гүлдер табиғаттың бір сыйы дерсің. Ертегідей әдемілеп сипаттап қана қойғанымыз емес, шынында да тау етегінде емдік қасиеті бар түрлі өсімдіктер өседі.

Екі облыстың (Атырау, Ақтөбе) шекарасында орналасқан Ақтолағай үстірті кезінде теңіздің түбі болған. Оған дәлел дәл осы жерлерден тас мүсіндерге айналған теңіз ұлуларының, кірпілерінің, кораллдардың және басқа да теңіз фауналарының көптеген түрлерін кездестіруге болады. Динозварлар мен ихтизаврлардың сүйектері мен тістері, бүгінгі күні табиғатта жоқ өсімдіктердің тасқа айналған іздері, тасқа айналған ағаштар – бұл жай ғана тізім емес, кезінде бұл жерге дәл сонай тіршілік қайнап жатырған.

Бұдан түйетін ой – кезінде Ақтолағай үстірті қайнаған тіршіліктің орталығы болғанын, табиғаттың ерекше бір сыйы екенін аңғарамыз. Шөлді және ұйытқыған топырақты жел мен күннен қорғайтын көлеңкелі орын болатын бұл аққарлы жартастар – қызықты оқиға іздеушілерге таптырмас орын деп айтуға болады. Ендігі тілек аталған өңірде туризмді дамыту тізгіні қолға алынса (әсіресе жол жағы), елімізден ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен туристердің ағылып келетін орталығы болатынына кәміл сенеміз.

Фотолар: nextzone @ mail.ru алынды

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?