Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

National Digital History «Қиырдағы қазақтар» жобасын бастады

2091
National Digital History «Қиырдағы қазақтар» жобасын бастады - e-history.kz
Алыс-жақын шетелдерде өмір сүретін қазақтардың тұрмыс-тіршілігі, өткен тарихы мен салт-дәстүрлері, мәдениеті, этнографиялық құндылықтары «Қиырдағы қазақтар» деректі фильмінде көрсетіледі

Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен алыс-жақын шетелдерде өмір сүретін қазақтардың тарихы мен күнделікті өмірлері туралы «Қиырдағы қазақтар» атты 8 сериялы деректі фильмнің түсіру жұмыстарының басталуына арналған баспасөз конференция өтті.

Баспасөз конференцияның жұмысына «Қазконтент» АҚ Басқарма төрағасы Евгений Кочетов және «Қазақстан тарихы» интернет жобасының жетекшісі Олжас Беркінбаев, БАҚ өкілдері қатысты.

Шетелдегі қазақтардың тұрмысы, тарихи дәстүрлері мен ерекше мәдениеті қамтылатын 8 сериялы деректі фильмді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі рухани жаңғыру аясында қолға алып отыр. Бұл туралы ОКҚ брифингі барысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтып өтті.

«Құрметті әріптестер, өздеріңізге таныстырып отырған «Қиырдағы қазақтар» жобасы – рухани жаңғырудың аясында Ақпарат және коммуникациялар министрлігі қолға алған кезекті маңызды шараның бірі. Баршаңызға мәлім, әлем бойынша шет мемлекеттерде жүрген қандастарды елге жинаған санаулы ел ғана бар. Соның бірі – Қазақстан. Егемендік алған 26 жылда 1 миллионға жуық қандасымыз елге оралды. Мемлекет басшысы жақында өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында «Елім деген әрбір қазаққа әрқашан Қазақстанның есігі ашық» деген сөзін айтқанын білесіздер. Яғни көш әлі тоқтаған жоқ, алдағы уақытта жалғасын табады деп ойлаймыз. Осы орайда Елбасы тапсырмасына сай Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Қиырдағы қазақтар» жобасын қолға алып отыр. Жобаға сай 8 мемлекеттің аумағында шетелдегі қандастардың тұрмысы туралы деректі фильмдер сериясы түсіріледі деп жоспарланып отыр. Жалпы жоба бойынша шетелдегі қазақтардың тұрмысы, тарихи дәстүрлері, ерекше мәдениеті қамтылады», – деді Дәурен Әскербекұлы.

Сондай-ақ, National Digital History порталында «Қиырдағы қазақтар» экспедиция жұмысынан Live режимінде ақпарат таратылып, әлеуметтік желі пайдаланушылары мен интернет қолданушыларына тікелей ақпарат жеткізілетін болады.

Ал «Қазконтент» АҚ Басқарма төрағасы Евгений Кочетовтың айтуынша, шетел қазақтарының өміріне қатысты тарихи деректер, құнды архивтік құжаттар «Қазконтент» АҚ қарасты National Digital History порталында жарияланатын болады.

«Қиырдағы қазақтар» деректі фильмінің жобасы мен мақсаты және түсірілім жұмыстары туралы ақпаратты аталған портал жетекшісі Олжас Беркінбаев айтып өтті.

«Бұл жердегі біздің мақсатымыз не? Деректі фильмнің мақсаты – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында ұлттық санамызды жаңғырту және төл тарихымызға тың серпіліс әкелу және оған аз да болса, өз үлесін қосу. Алыс-жақын шет елдердегі қазақтарға Елбасының сарабдал саясатын насихаттау және олардың күнделікті тұрмыс-тіршілігін қазақстандықтарға көрсету.

Біздер тамыз айынан бастап, Ресейдің Астрахань, Омбы, Орынбор, Қорған облыстарына аттанып, Түркіменстанның Түркіменбашы, Ташауыз, Ашхабад, Чарджоу секілді қалаларындағы қазақтардың арасында болып, Өзбекстанның Бостандық ауданы, Ташкент, Шыршық, Ғазалкент секілді тарихи орындарын қамтып, Тәжікстанның Душанбе, Соғды, Таулы Бадахшан, Хатлон облыстарындағы қазақ отбасылары туралы мәліметтер жинауды жоспарлап отырмыз. Әдетте, Ауғанстандағы азшылық қазақ отбасылары кей жағдайларда айтылмай жатады. Сондықтан бұл жолы Кабул, Құндыз қалаларындағы қазақтардың арасына барып, қиын да болса қызықты деректерді назарларыңызға ұсынамыз деген ойдамыз. Сосын ірі қазақ диаспоралары орналасқан Қытайдың Үрімші, Құмыл, Қарамай, Баркөл, Шәуешек, Құлжа, Мори, Алтай аймақтары мен Иранның Горган, Бендер-Түркімен, Тегеран, Мешхед қалаларына бару басты жоспарымызда. Сапарымызды Моңғолияның Баян-Өлгей, Ұлан-Батыр қаласында аяқтап, елге бірақ ораламыз», – дейді деректі фильм түсіру тобының жетекшісі Олжас Уәлиханұлы.      

   

Деректі фильмді түсіру барысында шетелде тұратын қандастарымызбен сұхбат жүргізіліп, көпті көрген көнекөз қариялармен әңгіме құру, шетелдегі қазақтардың тарихы, олардағы құнды рухани мұраларының жай-күйі (оқалы шапан, батырлардың қылышы, бабадан келе жатқан жәдігерлер, көне кітаптар, тарихи оқиғалардың белгілері, көне тарихи фотосуреттер, т.б.), салт-дәстүр, әдет-ғұрып, фольклорға байланысты зерттеулер жинақталады. Шетелдегі қазақ диспорасының құрған қоғамдық ұйымдарының тарихын, олардың атқарып отырған қызметтері баяндалады. 

Жоба – қазақ халқының мәдениетіне, тарихына және салт-дәстүрлеріне жаңаша тұрғыда қарауға, шетелдегі қазақтардың өмірін шынайы көрсетуге мүмкіндік беретін бірегей жобалардың бірі. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?