Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ТІЛЕУІМБЕТ БАТЫР ТУРАЛЫ ДЕРЕКТЕР

1924
ТІЛЕУІМБЕТ БАТЫР ТУРАЛЫ ДЕРЕКТЕР  - e-history.kz
РФ Омбы облысының Мемлекеттік Архивінің материалдарында 1740-50 жылдары жоңғарлармен соғысқа қатысқан Тілеуімбет батыр (1720-1795) жөнінде көп мәліметтер (22 құжат) кездесті

Қазақ хандығы мен Ресей империясы арасындағы өзара қарым-қатынастар туралы XVIII ғасырға жататын ресми құжаттар (Омбы облысы Мемлекеттік архивінің №1 қоры) көп жағдайда сұлтандар мен хандардың генерал-губернатордың әкімшілігімен хат алмасу түрінде берілген. Жекелеген старшындардың да хаттары кездеседі. Нақты батырлар туралы деректі мәліметтер саны саусақпен санарлықтай. Тілеуімбет батыр – Бәсентиін руынан шыққан батыр  (1720-1795 жылдары). 1740-50 жылдары жоңғарлармен (қалмақтармен) азаттық күресінің белсенді қатысушысы. 1750-60 жылдары Бәсентиін руының басқа тамырларынан тараған руластарымен Қалмаққырған тау етегінде қыстаған. Тілеуімбет тауы (қыстаудың жанындағы) қазіргі күнге дейін өзінің атауын сақтап келген. 1770 жылдары Батырдың Бәсентиін-Өтеп руының барлығы Коряков (қазіргі Павлодар) форпостының манындағы руластарына көшіп барды. Осы уакыттан бастап архивтік құжаттама хроникасына түседі.

Тілеумбет тауы. 1878 ж. картасы 

Архивтік мәліметтер

Архивтік құжаттар бойынша Тілеуімбет батырдың белсенді қоғамдық-саяси қызметі туралы көзқарас қалыптастыруға болады. Бәсентиін болысының старшыны бола тұра, ол Орта жүздің басты және беделді бас көтетер азаматтарының бірі болды. Ол дауларды шешуге қатысып отырған, Сұлтанмәмбет сұлтан және оның балаларымен тұрақты байланыс жасап отырған, даулы мәселелер бойынша Абылай ханның ұлы Уәли сұлтаннан кеңес алып отырған. Сонымен қатар, өзінің батырлық атағына толығымен лайықты Тілеуімбет өте қайсар, батыл болған.  Мұның айқын дәлелі ретінде Ресей билігінің әділетсіз әрекеттеріне жауап ретінде орыс казактарын тұтқынға түсіру оқиғасын айтуға болады.  

«Мәртебелі мырза, Сібір драгун полкінің генерал-поручигі, шеф және кавалер Николай Гаврилович Огаревке.

Секунд-майор және комендант Шаховтан

 

Баянат

 

Шабарманнан сіздің мәртебелі атыңыздан алған ордер бойынша мен Коряков форпостына бардым. Салтамамет, Иман сұлтандар мен Тілеуімбет батыр старшынын шақырттым және Сұлтанмаметке хат жібердім.  Бірақ олар екі тәуліктен соң маған келмеді және келуден мүлде бас тартты. Осыдан бұрын ұсталған екі Чернорец казактары Бородихиндер және үшінші мушкетерлік далалық батальонның арбакеші мен жоғарыда көрсеткен старшындар Карачи баласы Салтамамет сұлтан және Тілеуімбетке жіберген хаттарым бойынша отыз үш қазақ қатарында шығарылды және сол жерде оларды қолбасшылық ететін прапорщик Камаев қабылдап алды. Олардың ішіндегі арбакешті Камаев батальонға жіберді, ал казактар тұтқынға алынып, мен келген соң қазақтар оларды қалай ұстап алғаны жөнінде сұралды. Олар Варовин басқаратын Коряковқа дейін баратын кісенделген адамдар тиелген конвойда Чернорецктен Черноярск стансасына дейін бара жатқан жолда командадан рұқсат алмастан ұн сатып алу үшін Коряковқа бет алды. Станцаға он шақырым қалған жерде олар ауру арбакешті мінгізіп алды. 3 шақырымдай жүрген кезде оларға Тілеуімбет бастаған он төрт қазақ шабуыл жасап, Ертістің ар жағына алып кетті. Казак Петр Бородихин қарсыласып еді, шабуылшылар оның қолына найзаны сүңгітіп алды. Тілеуімбет старшынның татар Османов жөніндегі шағымы негізсіз, өйткені ұсталған қазақ және оның қасындағы басқа аманат, екеуі де Тілеуімбеттің туысы, Османовтың приказщигін Тілеуімбет ауылында тонап, өлтіріп кеткен дегенді айтты.

 

Секунд-майор және комендант Федор Шахов.

1788 жылдың 25 сәуірі».

Ямышев бекінісінің коменданты секунд-майор Ф. Шаховтың Сібір корпусының командирі  генерал-поручик Н.Г. Огаревке Тілеуімбет батырдың Османов көпесімен бұрыннан келе жатқан жанжалы туралы, Тілеуімбет батырдың үш орыс әскерилерін ұстау және қайтару мән-жайы туралы баянаты. ООМА қ. 1, тізім 1, і. 249. п. 475-476 об.

Тілеуімбет батырдың Ресей билігіне деген бейілділігі ешқашан да абсолютты бағыныштылыққа көшкен емес. Ол әркез өзінің ар-намысын сақтап отырған.

Тілеуімбет батырдың қазақ-орыс сауда қатынасының дамуына қосқан үлесі де қызығушылық танытады. Ол аманаттар береді, өзінің көпестеріне Ресейге бару үшін рұқсаттар береді. Көп мал баққандықтан Тілеуімбет батыр оны сатудың жолдарын іздестірді, сол үшін Омбы базарына бірнеше рет өзі барды және ұлын жіберіп отырады. Сонымен қатар Тілеуімбет батырдың Ертістің оң жағалауындағы қазақ жерлерін қайтарудағы маңызды рөлін атап өту керек. Ресей үкіметі бекіністер салдырған соң бұрынғы жайлауларға бару қиынға соқты. Алайда бұл жерлерді кері қайтару үшін қазақ халқының жыл сайын Ертістің оң жағалауына мал аудауы және сол жерлерде қоныстануы, сондай-ақ Тілеуімбет батыр (Бәсентиін), Боқты батыр (Қанжығалы), Құнай батыр (Қыпшақ), Жанұзақ би (Уақ), Кенжебай-Жарлық (Жарылғап?) би (Қаракесек), Сұлтанмамет сұлтан, Дәулеткерей сұлтан, Бұлдырық сұлтан, Досан сұлтан, Төребатыр сұлтан, Тәуке сұлтан, Шаншар сұлтан, Ұрыс сұлтан, Иман сұлтан секілді старшындар мен сұлтандардың белсенді қызметі Ресей үкіметінің қазақтардың осы жерлерге құқығын ішінара мойындауына мәжбүрледі.

Шежіре және ұрпақтар

Тілеуімбет батырдың шежіресі: Тілеумбет – Бабатай – Өтеп – Бесен – Байымбет – Көкшекөз (Ақмайдан) – Бәсентиін - Арғын. Тілеуімбеттен ұш ұл туады: Жантеке, Сәрке және Көпей. 1819-33 жылдардағы мәлімет бойынша Сәрке – Байымбет-Бәсентиін болысының старшыны болған.

1842 жылғы атаулы тізім:

Сәрке Тілеуімбет баласы, би, 67 жаста. Әділ әрі турашыл. Ауқатты. Байымбет-Бәсентиін болысы, Бесеней руының Өтеп бөлімшесінен. Старшын атағы берілген. Сотталмаған. Жаздық жайлауы Шүйрік шатқалында мекемеден солтүтсік-шығысқа қарай 160 шақырымда, қыстауы Ойбай шатқалында, Ертістің шабындығында, Коряков форпостының маңайында, Баян ауыл мекемесінен 186 шақырым жерде.

Сәрке Тілеуімбет 1848-1857 жылдары Өтеп-Бәсен бөлімінің биі болған. МКЗ мәліметтері бойынша (1889 ж) – Таянышпай Саркин – Павлодардан 11 шақырымдағы Қаратерек шатқалындағы Алтыбаев болысының ауыл басшысы.  1901-1910 жж., Алтыбаев болысының № 7 ауылының биі – Таянышпайдың немере інісі: Дүйсембай Еділбаев, Еділбайдан – Текей – Салменбет (Тілеумбет батырдың ағасы). Қолжазбаға сәйкес Жантекенің екі ұлы болған: Жүсіп және Ысқақ. Жүсіптен – Смағұл, Ысқақтан – Аджар мен Никан туады. Таянышпайдың балалары көрсетілмеген. Көпей бойынша да ешқандай ақпарат жоқ. Өкінішке қарай, батырдың тікелей ұрпақтарын таба алмадық.

Тілеуімбет бейіті. 1878 жылғы карта 

Тілеуімбет бейіті

1878 жылдың карталары бойынша Паводардан 12 шақырым жердегі Ертістің сол жағалауында батырдың бейіті анықталды. Бұл деректер Таянышпай Саркинның қыстауы орналасқан жермен сәйкес келеді. Бейіттің қазіргі жағдайын қыс мезгілі болғандықтан зерттеуге мүмкіндік болмады. Жаз мезгілінде қызметі мен өміріне қатысты деректер көршілес елдің архивтік құжаттарында көрініс тапқан атақты батырдың бейітіне барып, естелік тақта орнатуды жоспарлап отырмыз.

Дәурен АЯШИНОВ, тарихшы-өлкетанушы

Тілеуімбет батыр туралы деректер көрсетілген архивтік істер тізімі (1778 жылдан бастап 1791 жылға дейін): қ. 1, тізім. 1, і. 212. п. 100-101.,482-483, қ. 1, тізім. 1, і. 249. п. 40-41 об. п. 378-380,471,473-474,475-476. қ. 1, тізім. 1, і. 250, п. 143-145,603-605. қ. 1, тізім. 1, і. 256. (п.41, 44, 167, 168, 184, 281, 282, 310.) қ. 1, тізім. 1, і. 260.(п. : 12, 692.) 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?