Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ЕСЕТ ТАРХАННЫҢ ТУҒАН ЖЫЛЫ АНЫҚТАЛДЫ

1784
ЕСЕТ ТАРХАННЫҢ ТУҒАН ЖЫЛЫ АНЫҚТАЛДЫ - e-history.kz
2017 жылы XVIII ғасырда қазақтың ұлы қолбасшыларының бірі Есет батыр Көкіұлының 350-жылдығына арналған іс-шараларды өткізу ашу жоспарланған. Алайда жас тарихшы Д. Жұмағалиев бұл датаға күмән келтіреді

Есет батырдың кесенесі Ақтөбе қаласынан оңтүстікте отыз шақырым қашықтықтағы Бестамақ ауылының маңында орналасқан және Ақтөбе облысындағы ең танымал көрікті жерлердің бірі болып табылады. Көнекөз қариялардың айтуынша, Есет батыр ұзақ ғұмыр жасап, өмірден өткен соң, халық оны әулие деп қадір тұтқан.

XVIII ғасыр бойындағы Қазақстанның тарихы тарихи сипаттағы оқиғаларға толы екені мәлім. Сондай оқиғалардың қатарына Қазақстанның Ресей «қосылуы» жатады. Орыс тарихнамасында Қазақ хандығының бұл кезеңі едәуір жақсы зерттелінген. Дегенмен, Қазақстан тарихында маңызды орын алатын оқиғаны зерттеген тарихшылар оны әр түрлі түсіндіріп жүр. Протекторат жөніндегі келіссөздердің жетістікпен аяқталуында батырлардың шешуші рөл ойнағаны белгілі. Әбілқайыр ханды қолдаған батырлардың қатарында әйгілі Есет батыр (1743 жылдан – тархан) болды. Осыған орай, қазіргі ғылымда Есет тарханның өмірбаянын қалпына келтіру мәселесі өзекті болып табылады.

XVIII ғасырдағы Қазақстанның қоғамдық-саяси тарихы бойынша негізгі деректер қатарына орыс шенеуніктерінің қызметтік құжаттары, қазақ хандары мен сұлтандарының, старшындарының хаттары жатады. Бұл деректер мен материалдардың негізінде қазақ батырларының қызметін қарастыруға болады. «XVI-XVIII ғасырлардағы қазақ-орыс қарым-қатынастары» атты жинағы Есет тарханның қоғамдық және саяси қызметіне қатысты маңызды дереккөз болып есептеледі. Қазіргі таңда сол дәуірдің көптеген құжаттары электрондық нұсқада және басқа да жинақтарда жарияланған.

В.Н. Татищев. Белгісіз суретші. 1730-шы жылдар.

Есет тарханды алғаш атап өткен зерттеушілердің қатарында А.И. Тевкелев, В.Н. Татищев, П.И. Рычков және т.б. орыс әкімшілігінің өкілдерін атауға болады. Қазақстандық ғалымдардың жекелеген еңбектері мен мақалаларында Есет тархан туралы айтылғанмен, алайда, оның өмірі мен қызметіне арналған арнайы зерттеулер жоқ.

Жоңғар хандығының тағына Цеван-Рабдан қоңтайшы (1697-1727) отырған соң, қазақ пен жоңғар билеушілері арасындағы күрес жаңа күшпен шиеленісе түсті. Аюке хан (1672-1724) басқарған Қалмақ хандығы да қазақ жерінің батыс шекараларына үнемі қауіп тудырып отырды. Осы қиын кезеңде қазақ көшпенділерінің арасынан батырлардың жаңа элитасы шықты. Бұл феноменді XIX ғасырдың көрнекті ғалымы Шоқан Уәлиханов қазақ халқының тарихындағы XVIII ғасырды «ерлік пен жанкештілік дәуірі» деп жазған болатын.

Кең тараған пікір бойынша, түркі-моңғолдық «батыр», «бахадүр»  сөзі шайқас алдында қарсыласын жекпе-жекке шақыратын батыл да ержүрек жауынгерді білдіреді. Батыр атағы ешқашан мирасқорлықпен атадан балаға берілмейтін, оны тек жеке ерлік көрсетіп ие болған. Батыр тек қана батыл, ержүрек жауынгер емес, сонымен қатар, әскери жасақтың қолбасшысы, ру-тайпалардың билеушісі де болған.

Есет батырдың кесенесі

Есет тархан Кіші жүздің жетіру тайпалық одағының тама руынан шыққаны белгілі. А.И. Тевкелевтің күнделігінде көрсетілгендей, жетіру одағы Тәуке хан (1680-1715) тұсында тама, табын, кердері, жағалбайлы, керейіт, кердері, рамадан, телеу сияқты рулардан құрылған. П.И. Рычков «Топография Оренбургской губернии» атты еңбегінде Кіші жүздің ру-тайпалық құрылымын сипаттай келе, оның екі үлкен тайпа: «бірі алшындар, басқасы жетірудан» тұратынын жазады. П.И. Рычков сонымен қатар, Кіші жүздің кейбір руларын атап өтеді: «…ордадағы белді рулар немесе аймақтардың қатарына: алшын, адай, масқар, тама, табын, кете, қара кете, шөмекей, шекті, жағалбайлы жатады».

Көптеген қазақ шежірелерінде, Есет тарханның әкесі Көкі батыр болып келеді, ал оның арғы бабасы 1546 жылы Сафа-Герей ханмен шайқаста қаза тапқан, Қазан хандығының әйгілі қараша-бегі Шора Нәрікұлы болған. Шора Нәрікұлы туралы «История Казанского царства» атты тарихи повестіде баяндалады. Зерттеушілер бірауыздан Шора Нәрікұлы бірқатар түркі халықтарының арасында кең тараған «Шора батыр» эпосының протипі деп анық жазады. Тама руының әр түрлі шежірелерінде Көкі батырдан Қарабас, Тоқтағұл мен Есет дүниеге келеді. Ал, А.И. Тевкелевтің күнделігінде Есет тарханның інісі Тұрымбет батырдың, Орынбор губернаторы И.И. Неплюевтің журналында Есеттің екі інісі Төле мен Қибыл аттары кездеседі.

Орынбор губерниясының және соған жақын елді-мекендердің бас картасы.

Красильниковтың ландкарталары мен П.И. Рычковтың топографиясы бойынша Орынбор губерниясы мен оған жақын елді-мекендердің атласы. 1755 жыл 
 

Орыс деректеріне сүйенсек, Есет тарханның қоныстары «Қаракөл көлінің маңында, Жем мен Жайық өзендері аралығында, Жайық өзені бойындағы Антонов форпостынан үш шақырым қашықтықта» орналасқан. П.И. Рычковтың көрсетуінше, Қаракөл көлі «Жайық өзенінің ағысы бойынша сол жақ беттен екі күндік жерде, Жайық қалашығынан төменіректе» орналасқан. Әрі қарай, оны былайша суреттейді: «Оған Ойыл өзені құяды, шеңбері елу шақырымдай. Маңайында көптеген кіші көлдер мен үлкен қамыстар бар, және ол жерде Кіші жүздің қазақтары көшіп қонады».

XVII ғасырдың аяғы – XVIII ғасырдың бірінші ширегіндегі бізге белгілі жазбаша деректерде Есет тарханның есімі алғаш рет, Өзен шатқалында орын алған біріккен қазақ-қарақалпақ жасақтары мен қалмақтар арасында болған шайқасқа байланысты мағлұматтарда кездеседі. Мәселен, 1724 жылғы 22 тамыздағы қалмақ істері журналында қазақтар мен қарақалпақтардың қалмақ билеушісі Доржы Назаровтың ұлы Лекпей тайшының ұлыстарына шабуыл жасағаны айтылады. Тұтқынға түскен қазақ сарбазы Апан Қайсарұлын тергеу кезінде, біріккен жасаққа қазақтың Есет батыры басшылық еткендігі анықталған. Бүгінгі күні бұл мағлұмат Есет тарханның есімі аталған алғаш деректің бірі болып есептеледі.

Тарихи қайраткердің өмірбаянын қалпына келтірудегі маңызды мәселелердің бірі Есет тарханның өмір сүрген жылдарын анықтау болып табылады. Жазбаша деректерде Есет тарханның дүниеге келген жылы нақты көрсетілмеген. Дегенмен, қазіргі қазақстандық тарихнамада Есет тарханның туған жылы 1667 жыл және қайтыс болған жылы 1749 жыл деген нақты пікір қалыптасқан. Осыған сәйкес, 1992 жылдың 3-4 қыркүйек күндері Есет тарханның 325-жылдығы республикалық деңгейде атап өтілген болатын. Көрнекті тарихшы-ғалым М.П. Вяткин Есет тарханның қайтыс болған уақытын 1746 және 1751 жылдар аралығында деп жазады. «Қазақстан тарихы» атты энциклопедиялық анықтамалықтағы Есет Көкіұлы туралы мақалада оның туған жылы 1667, ал қайтыс болған жылы 1757 деп көрсетілген. Тарихшы О.И. Исенов өз еңбектерінде Есет тархан 1757 жылы қаза тапқан деп жазады. Ал, З.Б. Байдосұлы Есет тархан 1667 мен 1750 жылдары жасаған дейді. Осылайша, қазіргі таңда Есет тарханның қайтыс болған жылына байланысты екі түрлі көзқарас бар, біріншісі бойынша, Есет тархан 1749 жылы, ал екіншісі бойынша, 1757 жылы қайтыс болған. Алайда, Есет тарханның есімі соңғы рет 1756 жылы Батырша молда басқарған башқұрт көтерілісіне қатысты деректе кездеседі. Десе де, Есет тарханның туған жылына ешкім күмән келтермейді.

Соңғы жылдары XVIII ғасырдағы орыс-қазақ қарым-қатынастарына қатысты жаңа архивтік құжаттар жарияланған болатын. Бұл тың деректер Есет тарханның туған жылын анықтап және оны тарихи тұрғыдан толық дәлелдеуге мүмкіндік береді. Мәселен, «Қазақтан тарихы құжаттар мен материалдарда» атты альманахта Ресей империясының сыртқы саясат архиві, Ресей мемлекеттік әскери-тарихи архиві, Ресей мемлекеттік көне актілер архиві, Ресей мемлекеттік тарихи архиві, Ресей ғылым академиясы архивінің Санкт-Петербор бөлімшесі қорларынан алынған тарихи құжаттар жарияланған.

Ералы сұлтан (ортда), бұқарлық ахун және Күдер батыр. Джон Кэстльдің суреті. 1736 жыл

Аталған альманахта Орынбор комиссиясының 1737-1739 жылдардағы басшысы В.Н. Татищевтің (1686-1750) журналдық жазбалары жарияланған. Журналда 1738 жылдың тамыз айындағы Әбілқайыр хан мен Кіші жүз старшындарының орыс үкіметімен арадағы келісімшарт қарым-қатынастарының орнауы баяндалады. Сонымен қатар, журналда В.Н. Татищевтің Әбілқайыр ханмен, Орта жүз бен Кіші жүздің сұлтандарымен, батырларымен болған кездесулері жазбаша түрде сақталған.

Біз үшін журналдағы егжей-тегжейлі жазылған В.Н. Татищев пен Есет тархан арасында болған сұхбат қызығушылық танытады. Альманахта жарияланған «Шабарман жөнелтілгеннен кейін, 13 тамызда орын алған оқиғалар журналы» бойынша, 1738 жылдың 14 тамыз күні Орск бекінісінде В.Н. Татищев Есет тархан, полковник А.И. Тевкелев және Ералы сұлтан бастаған бірқатар қазақтармен кездесу өткізеді. Әңгіме барысында құпия кеңесші В.Н. Татищевтің екі жақтық келісімшарттарды орындау және ұстану керектігі туралы айтқан сөздеріне Есет тархан: «Мен өзіме кепіл боламын, өйткені өмірімнің көбі өтті, жасым болса 69-дан асты» деп жауап қайтарады.

Осылайша, В.Н. Татищевтің Есет тарханның жас мөлшері туралы ақпаратты оның өз аузынан естіп, журналына жазып алған дерегіне сүйене отырып, біз Есет тархан 1738 жылы 69 жаста болған деп нақты айта аламыз және батырдың туған жылын 1667 жылдан 1669 жылға өзгертуге болады деп есептейміз.

 

Жұмағалиев Дархан

Гуманитарлық ғылымдар магистрі, Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері

 

Редакциядан: бұдан бұрын біздің тілшіміз З. Кәрімхан батырдың тарихын зерттеу барысында энциклопедиялық деректер негізінде Есет тархан 1667 жылы туған деп көрсеткен болатын.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111) 

 

                                            

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?