Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ЖАУЫРЫНЫ ЖЕРГЕ ТИМЕГЕН ЖАБАҒЫ ПАЛУАН

2255
ЖАУЫРЫНЫ  ЖЕРГЕ ТИМЕГЕН  ЖАБАҒЫ ПАЛУАН - e-history.kz
Денесі тығыршықтай, аяқ-қолы балғадай Жабағы әуелі той иелері шаршы алаңға шығарған бір палуанның жауырынын лезде-ақ жерге тигізеді

Жабағы палуан  дүниеге келгенде  желкесінен  құймышағына дейін жалды болып  туғандықтан  Жабағы атаныпты. Бірде ол Керей елінде өткен бір  тойға шақырылады. Есімі шартарапқа жайылған палуанның күресін тамашалауға көп адам  жиналып, шаршы алаңға тезірек  шығуын дегбірсіздене  күтіп,  дабырласып  тұрып алыпты.

Жарысты ұйымдастырушылар Жабағы мен оны ертіп келгендерге  мынадай шарт қояды: Жабағы Керейдің үш палуанымен кезек-кезек күрестірілетінін, әр палуанды жыққаннан кейін дем алуға  уақыт берілмейтінін, егер Жабағы  бұған көнбесе, жеңімпаз саналмайтынын  мәлім етеді. Намысқой палуан  бұл  ауыр  шартпен келіседі. Сол кездегі күрестің шарты бойынша белгі берілісімен екі  жақтың  палуандары аттарынан  қарғып  түсіп,  шапандарын лақтырып-лақтырып  тастап, бір-біріне айбат  шегіп  тұра ұмтылады.Денесі тығыршықтай, аяқ-қолы балғадай  Жабағы әуелі той иелері  шаршы алаңға  шығарған  бір палуанның жауырынын  лезде-ақ жерге тигізеді. Екінші палуанмен де біраз жұлқысып алып, оны да тізе  бүктіреді. Той иелері  мұның  шаршап қалғанына қарамастан арғымақтай ойқастап  тұрған үшінші палуанды да алдына шығара қояды.Жабағы қиналғанына қарамастан оның да жауырынын жер құштырады.

Соңғы  палуанды  жеңіп,  ащы тері алты айрығынан  тамшылап  тұрған кезінде Керейдің бір ақсақалы жанына келіп:

– Қарағым, бір анадан нешеу едің?—депті.

– Бір  анадан  жалғыз  едім, – дейді  Жабағы. Сонда   ақсақал оның арқасынан қағып:

– Жалғыз болсаң да, бір өзің жүз азаматқа татиды екенсің, – деген екен.

Дем алмастан үш палуанмен кезек-кезек күрескендіктен бе, әлде әлгі ақсақалдың көзі тигендіктен бе, кенет  оның тынысы тарылып, басы айналып, киімін  киюге  дәрмені жетпей қалады. Әлқуатының бірден бірге кеміп бара жатқанын сезген ол серіктеріне:

– Мені дереу киіндіріп, ауылға алып қайтыңдар, – деуге ғана тілі келіпті.   Бұлар тойдың соңын тоспай еліне қайтады. Бірақ  Марқакөлге  келгенде Жабағы көз  жұмады. Содан кейін екі салт атты оның сүйегін  сырғауылдан жасалған  салмаға  жатқызып «Қызылқайың» теліміне әкеліп жерлеген екен. Жерленер алдында оның арқасы қап-қара талақтай болып кетіпті.

Тарбағатай ауданының Маңырақ ауылы маңындағы «Қайырбай бұлақ» атты қыстаудың төменгі жағындағы жотаның басында «Жабағы балуан көтерген» дейтін ұзыншақ келген тас жатыр. Тасты 1860 жылы Жабағы балуан жылқышылармен бәстесіп, Қайырбай би зиратының жанына 2,5 км жерден алып келген.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?