Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ батырларының тағдыры. Киікбай батыр

2630
Қазақ батырларының тағдыры. Киікбай батыр - e-history.kz

Советтік жүйенің солақай саясатының кесірінен сан ғасырлық тарихымыз мұрағаттарда шаңға бастырылып, ұзақ уақыт халқымыздың өткені мен шынайы тарихын айта алмай келдік. Осының салдарынан ұлт азаттық жолында от кешкен ұлы тұлғаларымыз бен батырларымыздың есімдері халық санасынан бірте-бірте ұмытыла бастады. Сондай тұлғалардың бірі деп атақты батыр, би Киікбай Байғараұлын айтуға болады.

Киікбай батыр (1693-1741 жылдары аралығында өмір сүрген) - қазақ халқының жоңғар шапқыншыларына қарсы ұлт-азаттық соғысында ерлiк көрсетiп, аты аңызға айналған, есiмi 12 рулы Керей  елінің тұтастай бiр Шеруші-Бақат руының жолбасшысы, кесіп айтар биі бола білген айтулы тұлға. Оны өз заманында атақты хан Абылайдың өзі аса жоғары бағалаған. Жұрт арасында Абылай мен Киікбай батырға қатысты мынадай аңыз  бар: Бір жорықта Абылай бастаған қазақ қолы дұшпанын ойсырата жеңіп, зор қуаныш, мол олжамен қайтып келе жатып жол бойы Абылай хан бір төбенің басына шығып сарбаздарынан: -Біз жауды жеңдік енді кімнен қорқамыз» деп сұрайды. Сарбаздары:«Біз еш кімнен қорықпаймыз»-деп шулап кетеді. Сонда Киікбай атын екпіндете Абылай ханның қатарына келіп: «Ел ішінде- бақталастық, бек ішінде- тақталастық деген болады. Бақталастық қылған елде береке болмас, тақталастық қылған бекте патуа болмас мен сол екеуінен қорқамын» - деген екен.

Ол 1723-1756 жылдары аралығында төрт мәрте айналып соғып қазақтың үштен бірін бостырып жіберген «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атаумен тарихта қалған қалмақ қырғынына қарсы болған шайқастардың бел ортасында жүрген. Әрі осы ұрыс даласында ауыр жарақат алып, сол жарақатынан көз жұмады.

Осындай сұрапыл соғыстардың бірінде қазақтар ойраттардан жеңіліп, амалсыздан жерін тастап батысқа қарай ығысады. Солардың қатарында амалсыз ығысып бара жатқан Киікбай батыр бастаған Шеруші руының көшіне қалмақ қолы шабуыл жасайды.  Бұл Көбеген, Қырбас секілді батырлардың жастау кезі болса керек. Көш басындағы жауынгерлердің аздығын байқап әрі өздерінің көптігіне сенген жоңғарлар еш саспастан көштің алдына таяп келіп тоқтайды. Ішінен бір ірі келген батыры ат ойнатып ортаға шығып қазақтарды жекпе-жекке шақырады. Шықпақшы болған Көбеген, Қырбас бастаған жас жауынгерлерді тоқтатып жасы келіп қалғанына қарамастан Киікбай батырдың өзі жекпе-жекке шығады. "Үріккен ел ұзай берсін, шамам жеткенше ұзағырақ бөгеуге тырысармын" деп тұлпарын тебініп ортаға қарай беттейді. Екі батыр бірін-бірі ала алмай ұзақ уақыт айқасады. Киікбай батыр найза салудың орайы келседе қарсы жауын өлтірмей өз денесін қорғап жаудың шабуылына тойтарыс беріп қана жүреді. Сондағысы "бейбіт ел ұзап кетсін, босқа қырылмасын" деген ой еді. Ақыры ет пісірім уақыт өткеннен кейін ұзын найзасымен қалмақ батырын шықшытынан бірақ ұрып аттан аударып түсіреді. Алайда анталаған жау батырының өлгеніне намыстанып Киікбай батырдың артында ұрандап тұрған шағын қолды әп-сәтте қоршауға алып, қырып жібермек болады. Көбеген, Қырбас сияқты сайдың тасындай шерушінің ер жүрек батыр жігіттері қалмаққа қырғындай тиіп быт-шытын шығарып қоршауды бұзып өтеді.

Өкінішке орай Киікбай батырдың өзі бұл шайқаста ауыр жараланып қалады. Жау жағы беті қайтып амалсыз кері шегінді. Ауыр жараланған батыр Алғыдай, Ақши өтіп Арқалық деген жерге жеткенде мүлдем нашарлай бастады. Ақыры осы жерден топырақ бұйырады. Бұл қазіргі Ақмола облысына қарасты Атбасар ауданының Сергеевка (қазіргі атауы Киікбай батыр ауылы) деп аталатын ауылы маңайы. Киікбай батырдың басқыншыларға қарсы соңғы шайқасы өткен бұл жер жұрт арасында «Киікбай адыры» деп те аталады. Мұндай деректерді белгілі өлкетанушы, жазушы Клара Әмірқызының «Қиылған ғүмырлар» атты кітабынан да оқуға болады. Тағы бір деректерде, Киікбайдың қазақ батырларының кейін естерін жиып жоңғарларға қарсы тойтарыс беру мақсатында ұйымдастырылған қарымта жорықтардың бірінде қаза тапқаны айтылады.  

Киікбай қол бастаған батыр, сөз бастаған шешен ғана емес күн бұрын алдын болжап, жақсылық жамандықты біліп отыратын сәуегей көріпкелдік қасиеті бар адам болғанға ұқсайды. Ақтық демі үзілер сәтінде елде ұзақ уақыт бойы тыныштық орнамайтынын, артымнан ерген елді (шеруші-бақат руы) Қытайдың Алтай өңіріне апарып орналастырыңдар. Менің ұрпағымнан билік үзілмейтін болады. Батыр да, палуанда, шығады билік ұлдан-ұлға жалғасып барып үзілген кезде қыздан туған жиен-жиен шарға дейін жалғасып, тіпті бақат жұртынан қыз алған күйеуде де жұғатын болады деп аманат еткен. Батырды ақтық демі үзілген жерге жерлеген соң көш аз күн аял жасап, Алтай бетіне көшіп барады. «Бұл 1740 -1745 жылдары шамасында болған оқиға» дейді көнекөз қариялар.

Тағы бір аңыздарда Киікбай батырдың жолбарыспен алысқаны айтылады: Шерушіге оңтайлы қоныс іздеп, қасында саңырау сүйекті Ырысқұл ұлы Қырбас батыр бар қалың қамысты аралап сарбаздарын бастап ат бойы алда келе жатқан Киікбай ұйықтап жатқан жолбарыстың үстінен түсіп қалады. Өзіне атылған жолбарыстың өндіршегінен найза салып жолбарысты шалқасыннан түсіріп ат үстінен найзамен шанышқан күйі өлтіреді.

Киікбай Байғараұлы туралы деректер Ресей мұрағаттарында да кездеседі. Көрнекті орсы ғалымы И. Ерофееваның құрастыруымен шыққан «Эпистолярное наследие казахской правяшей элиты (1675-1821 годов)» атты жазба деректер жинағында Керей тайпасының Шеруші руының басшысы Байтайлақ батыр мен Киікбайдың дәрі-дәрмек алу Ресей патшалығына барғаны айтылады.


 


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?