Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#Түрік әлемі: қалқан мен сауыт

3665
#Түрік әлемі: қалқан мен сауыт - e-history.kz
Көшпелі қазақ халқы ат үстінде ұрыс салуға және жаяу соғысқа ыңғайлы найза, садақ, қылыш, айбалта және шоқпар сияқты бес қарумен қатар қорғаныс мақсатында үстеріне сауыт киіп, қолдарына қалқан ұстаған

Қалқан

Қалқан – ауыр соққы мен ысқырған оқты денеге дарытпау үшін қолданылатын қарапайым қорғаныс құралы. Жер бетіндегі ең көне қалқан Месопотамия жерінен табылды. Зерттеулер барысында әр жеріне металл тіліктері жабыстырылған бұл көне құралдың б.з.д. 3 мыңжылдықтарға тән дүние екендігін көрсетіп отыр. Ал ең алғашқы қола қалқан Ассириядан табылды. Бұл да б.з.д. 2 мынжылдықтарға тән дүние болып отыр.

Қазіргі қалқанға ұқсас қорғаныс құралдары алғашында тал немесе июге ыңғайлы басқа да шыбықтардан дөңгелене өріліп, жіптермен бекітілетін болған. Кейін бұл шыбық қалқандар сыртынан тері немесе матамен қапталды. Уақыт өте келе ағаш қалқандар пайда болды. Мұндай қалқандар да сыртынан немесе ішінен терімен қапталды. Жалпақ, дөңгелек, ұзынша яғни түрлі формада болып келетін мұндай құралдардың темірмен құрсауланған түрлері де кездеседі. Кейін теріден жасау технологиясы дамыды. Тері қалқандар қалың теріден бірнеше қабаттап тұтас етіп жасалады. Нағыз шеберлердің қолынан шыққан мұндай қорғаныс құралдары ұзаққа шыдайтын. Қазақ жауынгерлері жай уақытта қалқанды қанжығаға, ердің қасына байлап жүретін болған. Шайқас кезінде шегіне ұрыс салып, артқа бұрыла садақ ату үшін қалқанды арқасына асып алатын болған. Бетпе-бет шайқасқа кіргенде қалқанды қолдарына ұстап соғысқан.

Махмұт Қашғаридың жазбаларына қарағанда, қалқан – көне түрік сөзі. Негізіген көшпелі көне түркі халықтары қолданған қару түрі. Қытайдан табылған құжаттарда көшпелі қалықтардың садақ жебесі мен найза дарымас үшін қалқан ұстайтынын және бұл қорғаныс құралдарының екі қабаттан тұратындары туралы деректер жазылған. Екінші қабаттың ағаштарын бірінші қабаттың ағаштарының орналасуына көлденең жабады, сол кезде ұшып жеткен жебе біріншісі қабатты бұзғанымен екіншісіне келіп тіреліп (кептеліп) қалады екен. Мұндай қалқандардың қалыңдығы бір қабатты қалқандарға қарағанда, жұқа болғанымен, қорғағыштығы артық болып шығады (Қондыбай С. Жауынгерлік рух кітабы. 103-б.).

С. Қондыбайдың пайымынша, қалқан батысқа осы түрік әлемінен барған. «Тайпинхуаньюйцзы» еңбегінің мәліметіне қарағанда, түрік жауынгерлерінің өздері ғана емес, аттарының да сауыт-қалқан жамылған көрінеді. Аттар қарнына және аяғына дейін қалқан жамылыпты. Бұл – VI-IX ғасырлардың аралығындағы оқиғаларды қамтыған тарихи құжат, яғни еуропалық сауыт құрсанған рыцарьларға дейін бес ғасыр бұрынғы уақыт», – дейді ол. Римдіктер ағаш пен теріден жасалған дөңгелек және төртбұрышты қалқандарды пайдаланса, ерте ортағасырлық Еуропада қалқандар дөңгелек, умбонды болды. ХІ ғасырға қарай Еуропада миндаль пішінді қалқандар таралып, ХІІІ ғасырдың ортасына таман ол үшбұрышты түрге ауысты. ХІІ ғасырда қалқандарда гербтің тумашақтары – символдар пайда болды. ХІV-XV ғасырларда Солтүстік Русте павездер – бұрыштары дөңгеленген тік бұрышты және қалқанды үш бөлікке бөліп тұратын желобы бар қалқанды пайдаланса, ХІV-XVІ ғасырдың басына дейін орыс атты әскері дөңгелек қалқанды пайдаланды.

Сауыт

Сауыт сөзі Махмұт Қашғари сөздігінде «йарық» деп берілген. Махмұт Қашғари өз сөздігінде басында дулығасы, үстінде сауыты жоқ ерді «башнақ ер» деп атаған. «Ол бүгінгі қазақ тіліндегі «жарақ» сөзіне сәйкес келеді. Йарық – шайқаста киіп шығатын темір сауыт, қалқан, т.б. кез келгеніне қолданылатын жалпылама атау. Мысалы, темір сауыт, шынжырлы көйлек «күпе йарық» деп, темір қалқан «сайарық» деп аталады. Йарықланды «жарақтанды, қару-жарақ асынып, сауыт киінді» деген мағына береді дейді С. Қондыбай.

Енді осы автордың сауыт туралы деректерін сөз етейік:

Сауыт – төр көзді темір кіреуке. Ол ұсақ темір шығыршықтарды бір-бірінен өткізіп тоқылған тордан қысқа жеңді жейде түрінде жасалады. Сауыттың дулығасы, бұған қосымша мойынды жабатын далбағай сауыт және қол сауыт, аяқ сауыт шығыршықтан жеке тоқылады. Алғашқы сауыттар б.з.д. 1 мыңжылдықта ежелгі Құбыла бет (Таяу Шығыс), Қытай, Үндістанда белгілі болған. Ол металдан, тері-былғарыдан жасалады.

Сауыт – қорғаныс жарағының (защитное вооружение) негізгі бөлігі. Де Клавихо Ақсақ Темірдің жауынгерінің сауыттары туралы былай дейді: «Темірдің қонақтары алдынан үш мың жұп сауыттың алып өтілгендігі айтылады, сауыттар жақсы тоқылған қызыл матамен сәнделіпті».

 Қазақ жырларында жасалуы жағынан біртекті деуге боларлық «мауыт», «смауыт», «торғауыт», «аймауыт» деген сауыт атаулары кездеседі. Бірақ олардың сауыттық сипаттамалары сақталмаған, сондықтан бұл жерде сауыттың жеке-жеке түрлері сөз болып тұр ма, әлде қазақ фольклоры бастапқы атауға өзгерістер енгізу арқылы бір атаудың түрлі варианттарын жасаған ба, біржақты біткен пікірді айта қою мүмкін емес. Сөздің «мауыт», «ауыт», «ғауыт» сияқты бір негізді форманттарының сыртқы сипатына қарай бұл сөздердің астарында моңғол-қалмақ тілінің атаулары жатыр деп жорамалдауға болады.

Смауыт – тор көзді сауыт. Дәуіт соққан смауыт («Асан қайғы, Абат, Тоған» жыры).

Аймауыт – ертедегі батырлар киетін торлы темір сауыттың бір түрі. Бастапқы сөз жасаушы праформа – «аб» (каб, саб) немесе «еб» (кеб, себ), ол «жабық, бітеу, жасырылған» дегенді білдіреді. Яғни бұл праформадан, кейінгі көп мағыналардың бірі ретінде «адамның денесін жауып тұратын, қорғап тұратын жабын, киім ұғымы шыққан».

Торғауыт сөзінің бастапқы нұсқасы «тор көзді ауыт (сауыт)» деп аталып, уақыт өте «торғауыт» сөзіне айналып кеткен деп түсіндіруге болады. Басқа сауыт атауларын да осындай жолмен көрсетуге болады:

Смауыт – сымнан өрілген ауыт (сауыт).

Мауыт  атауы да осы смауыттың бір нұсқасы болуы мүмкін.

Бектер

Әскери-тарихи терминология тақырыбында ізденіс жасап жүрген зерттеушілер Түзелбай Байжанов пен Сара Нұрымбетованың анықтамасы бойынша: Бектер – «жағасы бар, оқ дарытпайтын сауыт». Қазақ эпостарында, көркем шығармаларда ұшырайтын «жеңсіз берен», «бектер», «бурылдай» сөздері «жеңсіз сауыт» мән-мағынасын білдіріп, синонимдік қатар түзейді. Л. Будаговта бектер сауыт, В. Радловта «бектер» шағатай тілінің сөзі, «сауыт» мағынасын білдіреді (Бел., 1,262; Рел., IV, 1579). «Бектер» сөзінің түбірі түрік тілдерінде «берк, мықты» ұғымын білдіретін «бек» сөзі болуы керек. Көне түркі тілінде «бек» сөзі «мықты, берік», бегілік («мықтылық, беріктік»), беклік («мықты, берік») мән-мағыналарын білдірген. Демек, оқ дарытпайтын, найза теспейтін, қылыш кеспейтін берік сауытты «бектер» деп атаған.

Эпостарда бектер сауыт күрделі терминімен қатар «бек сауыт» күрделі термині ұшырайды:

Атқа ерді салады,

Бергенгілі бек сауыт.

Берен немесе Беренгі – сауыттың бір түрі. «Асыл туған ерлерім, беренгі сауыт кигені, жасанған жауға тигені, ерлікпен дәурен сүргені» (Е. Ысмаилов. Ақындар) демекші, «берен» сөзінің өзі қазақ тілінде көп мәнге ие болған. Мәселен, «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» бұл сөзге «болаттан жасалған сауыт, ұңғысы ұзын шиті мылтық, пышақ сияқты қару» деген анықтаманы беріпті.

Бадана – жауынгерлердің темір сауытының бір түрі. Орыс тілінде сауыттың бір түрінің атауы болған «байдан» сөзі осы «бадана» сөзімен түбірлес.

Көбе – қазақ жауынгері киетін сауыттың бір түрі.

Доспамбетше:

«Кілең бұздай кілшейтіп,

Көбелер киген өкінбес» деп немесе Жамбылдың толғауында:

«Ажалдың оғы келгенде,

Қорғаны болмас көбенің» деген жолдарында бар.

Кебенек (кебене немесе кебентай) – аяздан, жауын-шашыннан қорғану үшін киетін жұқа киізден тігілген сырт киім.

Кіреуке – темір сауыттың бір атауы. ХІХ ғасыр қазақтарының тілінде осы атаумен алтын жіппен тігілген, жібектен жасалған қымбат шапанды да атайтын болған. «Кіреуке» сөзінің этимологиясы анықталмаған, әзірге оның мағынасы «креп» деген, кейіннен жібек не жүннен тоқылған матаның атауын (мысалы, крепдешин) білдіретін ұғымнан шыққан болар деп жорамалданады.

Қаттау – сауыттың бір түрі. Ақтамберді жыраудың шығармасында «киім кисең қаттау қи» деген жолдар бар.

Жалаңқат – сауыттың бір атауы.

Шарайна – сауыттың жылтырақ металдан істелген бір түрі, бірақ фольклорда осы сөз сауыттың атауы ретінде қолданылып кеткен.

Қазан – темір сауыттың бір атауы.

Өздеріңіз байқап отырғандай, көшпелі дала тайпалары үшін қалқан мен сауыттың маңыздылығы өте жоғары болған. Қарудың бұл түрлеріне ерекше мән беріліп. Қастерлеп ұсталған. Кейбір зерттеушілер қалқан мен сауытты бес қарудың ішіндегі айбалта мен шоқпардың орнына қойып жатады.

Айбалта мен шоқпар демекші, бес қару түсінігі бүгінде түрліше тәпсірленіп жүр. Тағы бір деректерде бес қару деп тартыспақ (садақ), атыспақ (мылтық), шанышпақ (найза, сүңгі), шабыспақ (қылыш, алдаспан, селебе), салыспақ (шоқпар, айбалта) яғни негізінен жекпе-жек кезінде пайдаланылатын қару түрлері айтылады.

1899 жылы Орынборда басылып шыққан «Сборник киргизских пословиц» деп аталатын жинақта бес қарудың екі нұсқасы берілген: Бірінші нұсқада пышақ, найза, қылыш, садақ және мылтық түрлері жатқызылса (106-б.), екіншісінде пышақ, таяқ, біз, шақпақ, арқан-жіп секілді тұрмыстық заттар жиынтығы көрсетіліпті (94-б.).

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?