Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тарихи сананы жаңғырту

3632
Тарихи сананы жаңғырту - e-history.kz
Тарих ғылымындағы «тарихи сана» деген ұғымның мәні зор, тұтастай бір ұлттың сана-сезімін,тарихи жадын қалыптпстыратын тәрбие құралы – сол ұлттың төл тарихы екендігі даусыз

Сол себепті тарихты ұлықтау, оның сан ғасырлық тағылымдарына мән беріп жете игере отырып тәлім алу аса қажет мәселе. Тек сол уақытта ғана ұлттық сана нығайып таным арта түседі. Ал ұлттық санасы нығайған халықтың рухы асқақ келеді. Өзінің ұлттық құндылықтарын толық жадына түйген адам ғана болашаққа нық басып елінің дамуына сүбелі үлесін қоспақ.

Елдің мемлекеттік егемендігі және осыған байланысты жаңа әлеуметтік саяси жағдай қоғамдық және өзіндік санаға әсер етті. Тұмшаланған шекараның ашылуы және жаңа ақпараттар легі әлемге, оның халқы мен тарихына деген көзқарастарды өзгертті. Қазақстан тарихын КСРО-ның біртұтас тарихының бір бөлшегі ретінде емес, әлемдік тарих, Еуразия, көшпелі өркениет, түркі халықтары, Орталық Азия елдері дамуының контексінде қарастыру қажеттілігі туындады.

1995 жылдың маусымында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңес, жаңа «Қазақстан Республикасындағы тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасын» қабылдады. Осы тұжырымдамада тарихты оқытудың өзекті мәселелері – тарихи ой – сананың басымдылықтары, тарих ғылымының кейбір мәселелері мен тарих ілімінің перспективалары қарастырылды.

Елдің дамуы, тарихы мен тағдырына байланысты Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауында: «Біз ұлттық тарихи сананы  қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек» - деген болатын.

Сонымен бірге мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында өзі қорытынды сөзінде айтқандай, «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласының жалғасы ретінде оның жаңа қырларын айқындап тарихи сананы жаңғыртудың жолдарын көрсетеді. Ғылымның бүгінгі жетістігі тұрғысынан қарай отырып, ұлтымыздың арғы тарихын талдап меңгеруге шақырады. Мәдени мұра, тарих толқынында, Рухани жаңғыру бағдарламалары басталғалы жастарды ұмытылып бара жатқан төл халқымыздың әлемді таң қалдырған рухани және материалдық мәдениетіміздің үлгілері қызықтыруда. Осының бәрі жастарға эстетикалық және патриоттық тәрбие берудің құралы болып отыр.

Мысал ретінде, Ресей елінде Қазақстанмен шекаралас өңірінде өмір кешіп жатқан Алтай қазақтарының Керей елді мекеніндегі 90 жыл бойы қазақ тілінде білім беріп келген Қаракөл орта мектебі тіпті бүгінгі таңда ұлт тілі сабақтан тыс жағдайда оқытылса да, барлық тәрбие жұмыстарын тарихи сананы жаңғырту мақсатында, қазақ балаларының бойында ұлттық рухани байлықтың негізін қалыптастыру үшін түрліше тәрбиелік жұмыстар жүргізуде. Тіл, дәстүр, қазақ ұлтының өнері, тарихи ерлігі, әдеби мұрасымен таныстырылып қана қойылмай түрліше үйірмелер, шаралар өткізу арқылы жүзеге асырылуда. Сол себепті де осы мектеп түлектері ғасырға жуық уақыт бойы тарихи отанына оралып, жоғары білім алып, қазақ елі игілігі үшін еңбек етіп, нағыз ұлт патриоттары үлгісін көрсетуде. Ұлт мәдениетін, тарихын жетік білетін адам ғана жаhандық өзгерістер мен болашақтың жарқын жолын тез бағдарлай алады.

Осы мақалада айтылғандай көне қазақ жерінің ғылым үшін де, өркениет үшін де ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері мол. Тарихтың түйінді мәселелерін көпшілікке түсіндіру мақсатында «Ұлы даланың жеті қырына» тоқталып, оның барлығы да біздің жеріміздің материалдық мәдениетінен бастау алатынын оның бізге жат еместігін нақтылы түсіндірді.

Сондықтан мақаланың екінші бөлімі бойынша тарихи сананы қайта жаңғырту дегенде алда тарихшылардың келешектегі негізгі көңіл бөліп ой сарабына салатын мәселелер тайға таңба басқандай нақтылы көрсетілген, яғни, шынында да, терең зерделеп, оны саналы түрде ой елегінен өткізу қажет. Тіпті ірі жобалар құрып сол арқылы жұмысты бастауды нұсқаған. Ол жобалар тақырыптары да мақалада толық көрсетілген: «архив -2025» , «Ұлы даланың ұлы есімдері» және тағы басқалары. Әрбір жобаға берілген түсініктемелер тарихи сананы қалыптастыру мен қайта жаңғыртулардың ғылыми әдістемелік нұсқауы болып табылады. Оған мысалдар «архив 2025» жобасы бойынша жеті жылдық жоспар жасау, «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құру, «Дала фольклорының антологиясын» жасау, тіпті ол дүниелердің қолжетімді болуы үшін мүмкіндігінше цифрлық форматқа көшіру керек екендігін де ұмытпаған.

Қорыта келгенде ұлттық тарихи сананы жаңғырту, қалыптастыру жолдары мынау: ұлтымыздың тарихын ұлықтау, зерделеу және халыққа дұрыс баяндап түсіндіру. Тұрақты тарихи сана қоғамдағы тұрақтылықтың маңызды көрсеткіші болып табылады.      

 

Мәншүк КЕМЕЛБЕКОВА, Мемлекет тарихы институты

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму тарихы бөлімінің ғылыми қызметкері

Әдебиеттер:

1. Назарбаев Н.А. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру. /www.akorda.kz.-2017. -12 сәуір

2. Назарбаев Н.Ә. Ұлы даланың жеті қыры. htm. 2018 жыл 21 қараша. /www.akorda.kz.

3. Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан жолы - 2050»: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауы. // Егемен Қазақстан. – 2014. 18 қаңтар. №11.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?