Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Байғарадан тараған он жеті ақын

2596
Байғарадан тараған он жеті ақын - e-history.kz
Сыбанның он жеті ақынын ешкім де осы күнге дейін дөп басып айта алмай келеді. Тіпті кейбіреулер бұған кейінгі ақындар Әріп пен Қуандық қызды да кіргізіп қояды

Қаракерейдің Сыбан табынан шыққан он жеті ақын туралы ертеден айтылып келе жатқаны белгілі. Осы бір қалыптасқан атау талайлардың назарын өзіне аударған. Он жеті ақын туралы ел ішіндегі ескі сөзді ұстаған, көкіректері қазына жандардың да әркезеңдерде айтқандары, жазғандары бар. Солардың бірі – менің әкем Қарпық Егізбаев еді. Сол сияқты Сыбанның он жеті ақыны немесе Байғарадан тарайтын он жеті ақын ұғымы ғалымдардың да назарын өзіне аударып зерттеу нысанына айналғаны қашан. Осы тақырыпқа жерлестеріміз, ғалымдар Серікқазы Қорабай, Бауыржан Ерденбеков, Серікзат Дүйсенғазы және т.б. қалам тартқандары белгілі.  

Биылғы жылдың ортасына қарай Алматыдағы «Мерей» баспасынан жыл сайын шығатын «Тарихқа толы Тарбағатай» жинағының үшінші кітабы жарық көрді. Айта кету керек, осы бір ауыз тұщытатын небір танымдық және ғылыми мақалалардан тұратын жинақ кітаптарды шығарушы – Тастекеев Тұрсын Құлбайұлы деген азамат. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп атамыз қазақ айтқандай, Тұрсын бауырымыз ұлы Дулат Тастекеев екеуі Атымтай мен Қасым жомарттардың ісін жасап жүргендерден. Олардың көп игілікті істерінің ерекшесі – басталып барып, салынуы тоқтап қалған Семейдегі болашақ орталық мешіттің құрылысын қолға алуы. Міне осы әкелі-балалы азаматтардың қаржыландыруларымен шығарылып отырған «Тарихқа толы Тарбағатай» жинағының үшінші кітабында Серікзат Дүйсенғазының «Дулат Бабатайұлы және Сыбанның он жеті ақыны» тақырыбына жазылған мақаласы жарық көрді.  Серікзат ініміз мақаласында он жеті ақынға байланысты кезінде Қалихан Алтынбаев, Ғаббас Шөкімов сияқты және т.б. білгірлердің айтқандарын салыстыра жіктейді, өз ойын айтады.

Бірақ, әттеген-ай дегенде Сыбанның он жеті ақынын ешкім де осы күнге дейін дөп  басып айта алмай келеді. Тіпті кейбіреулер бұған кейінгі ақындар Әріп пен Қуандық қызды да кіргізіп қояды.

Осыдан бірер жыл бұрын қолыма Жарма ауданының біршама тарихы қамтылған «Құт қонған, бақ қонған ел» кітабы түсті. Кітаптың авторлары белгілі журналист, бүгіндері зейнеткер Әбділпар Жайсанов пен Әлкеш Сәтпеков деген азамат екен. Міне осы кітаптан мен Сыбанның он жеті ақынына қатысты тың дейтіндей деректі оқыдым. Бұл дерек кітапта «Ақтайлақ пен Үміт қыз» айтысының ішінде тұр. Жалпы осы күнге дейін мен  «Ақтайлақтың қызбен айтысы» сияқты тақырыптардағы, бірақ мазмұны жартылай ғана берілген, он жеті ақынды мүлде атап айтпайтын осы айтыстың нұсқаларын ғана кездестіріп жүрдім. Сол сияқты оларда Ақтайлақтың тобықты елінің қызымен айтысқандағы, оған себеп болған оқиға мына кітаптағыға ұқсас болып келеді, бірақ ақын қыз Үміттің есімі айтылмайды. Ал мына кітаптағы нұсқада айтыс толық берілген деп ойлаймын. Тегі кітапты шығарушылардың қолына бұл дерек ерте түскен деуге болады. Өзім білетін Әбділпар Жайсанов  ағайымыздың өзі де талай дүниені білетіндерден. «Ел іші – алтын кеніш» дегендей,  олар айтысты ел ішінен алған болар деп ойлаймын.

Осы жерде кітапта берілген айтыстың нұсқасын сол қалпында оқырманға ұсынуды жөн көрдім.

«Ақтайлақ пен Үміт қыз»

Ақтайлақ бидің қартайған, сақал-мұртының ағарған шағы болса керек. Сарттар қазақ арасына келіп қос тігіп жатып, сауда жасай бастаған, кәсіпке айналдырған беті. Саудагерлердің пұлына бағаны «қойға пәлен кез, ешкіге пәлен кез» деп малға шағып, жергілікті қазақтар өздері қояды екен. Келген саудагерлер тобықты ішіндегі бір ауылға кедейсің деп пұл бермейді. Онысы төлеуге қауқары жоқ дегені. Бұған қорланған ауыл адамдары сарттардың дүниесін бір түнде өртеп кетеді. Осы жағдайдан кейін саудагерлер Ақтайлақ биге келіп, одан дауды шешіп, пұлдарын өндіріп беруді өтінеді. Ақтайлақ бидің өздеріне келе жатқанын естіген тобықтының бетті-беделділері «сарттың намысын жыртты» дегендей, «оның намысына тиетін сөз шығарыңдар» деп, екі қызды бидің алдынан шығарады. Ақтайлақ бастаған топ, екі қызды көріп, ат басын тежепті. 

– Ералының ауылы қайсысы болады? – деп Ақтайлақ жөн сұрайды.

– Сіз кім боласыз? – дейді екі қыз.

– Мен Ақтайлақ би едім! – депті.

Сонда екі қыздың бірі Үміт:

Ақтайлақ би, сен бе едің ақ найзалы,

Ақылыңнан көрмедім еш пайданы.

Шиедей қалың елдің арасында,

Есек мінген талқы аяқ сар айдады, – деп өлеңдетіп қоя беріпті.

Сол жерде Ақтайлақ қызға былай дейді:

Сарт айдаса обалым тобықтыға,

«Қой» дегенде ұрлығын қойып тұр ма?

Ауыл жөнін сұрауға бұрылып ем,

Қатынсынған бір қарға жолықтым ба?

Ел ағадан азады, тон жағадан,

Аңғал бөрі жортады тау сағадан.

Ақтайлақ би бастаған он жеті ақын,

Не деп үміт қыласың мұндар-ау, Байғарадан?

 

Үміт қыз:

Сөз өнер, ақын тілін ақын білер,

Алды жоқ, ақылсыз көп артқа жүрер.

Дедің-ау Байғарадан он жеті ақын,

Айтсаңыз аты-жөні кім болады?

 

Ақтайлақ би:

Орынбай, Нұрлыбай мен Ташқан ақын,

Уәйіс, Мәмбет тағы сөзге басым.

Сабырбай төрт арыстың арасында,

Шапқанда ірікпейді аттың басын.

 

Қыдырдан Түбек ақын бата алған,

Өмірбек айтысқанда жан салмаған.

Елқонды абыз деген атқа ие,

Жері жоқ өлең таппай қапы қалған.

 

Тоғанас, Тілеуімбет, Шоқа мырза,

Халыққа үлгі берген сөзден нұсқа.

Егізбай ғалым ақын елімізде,

Тағылым, тәрбиемен сыйлы жұртқа.

 

Туысым Қошалағым, Есімбегім,

Ел бермес ақын деген атты тегін.

Байсалды ел біледі бала жастан,

Көтерген өнер сөздің ауыр жүгін.

 

Біздің ел сөз маржанын жиған халық,

Көрген жоқ ешбір найман сырттан шалып,

Іші арам, тегі жаман адамдардан,

Сақтанып жүріп жатыр аузын бағып. 

 

Үміт қыз:

Ағажан, айып етпе айтқан сөзді,

Түзелмес ешбір нәрсе көрмей тезді.

Жол тосып, сөйлесуді сылтау етіп,

Бөгедім аз уақыт бекер сізді.

Көріп тұрғанымыздай осы нұсқада Ақтайлақпен айтысқан қыздың есімінің Үміт екенін білеміз. Ең бастысы, Ақтайлақ қыздың сауалына жауап ретінде «Ақтайлақ би бастаған он жеті ақын» дей келе Байғара биден тараған,  өзінен басқа он алты ақынды тізіп айтып береді.

Кезінде әркімдер өздерінше ұсынған он жеті ақынның тізімдерінде  Ақтайлақтың, Сабырбайдың, Түбектің, Нұрлыбайдың, Орынбайдың, Ташқанның, Уәйістің, Тілеуімбеттің, Өмірбектің және Байсалдың аттары ғана кездеседі. Нұсқаларда әртүрлі болып көрсетілетін, қалған жеті адамның аттары «Ақтайлақ пен Үміт қыз» айтысында мүлде жоқ. Оның есесіне бұл айтыста біздер білмейтін Мәмбеттің, Елқондының, Тоғанастың, Шоқа мырзаның, Егізбайдың, Қошалақтың және Есімбектің аттары тұр. Бұлардың  кім екендіктерін қазіргі ұрпақтың қолдарындағы шежірелерге қарап және отбасылық ауызша тарихқа көңіл аудара отырып анықтауға болатын шығар деп ойлаймын. 

Осы айтылғандарды ой елегінен өткізе отырып мынадай тұжырым жасауға болатын сияқты. Біріншіден, «Сыбанның он жеті ақыны» ұғымының шығуы әрірек, яғни Ақтайлақ заманында болған. Екіншіден, «Құт дарып, бақ қонған ел» кітабындағы нұсқа және ондағы ақындар тізбесі нақты. Себебі, айтыстың  болған уақытындағы оқиғаларды тарихи тұрғыдан да дәлелдеуге болады. Мәселен, Шыңғыстаудағы тобықты ішіне сарт саудагерлерінің келуі рас. Тіпті олар осы мерзімдік кезеңде Семейдің іргесіндегі Шыңғыстаудан саудаға салатын малды бағатын, қыстататын жер алуға ұмтылған. Атақты Семей саудагері, заты сарт болатын Бұқаштың губернатордың көмегімен Шыңғыстаудан жер алуы және мұның ақырында жергілікті тұрғындармен арадағы үлкен жанжалдың шығуына әкелуі тарихи факт. Түйіндей айтқанда, «Ақтайлақ пен Үміт қыз» айтысының осы толық нұсқасын, шешілуі табылмай келе жатқан әңгіменің нақты дерегі деуге болады.

 

Мұхтарбек КӘРІМОВ,

Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университеті

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?