Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Оңтүстік Қазақстанның тарихи-киелі жерлері туралы фильм

3201
Оңтүстік Қазақстанның тарихи-киелі жерлері туралы фильм - e-history.kz
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында және Астананың 20 жылдығына орай елордада Оңтүстік Қазақстан облысының мәдени күндері басталды

«Оңтүстік Қазақстан облысының мәдени күндері аясында Астана қаласының Оқушылар сарайында «Кино – руханияттың көзі» жобасы аясында Оңтүстік Қазақстанда түсірілген анимациялық және көркем фильмдердің көрсетілімі өтеді»,- деп хабарлайды NDH порталы, ОҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Балалар мен жасөспірімдердің патриоттық рухын тәрбиелеуге бағытталған «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» анимациялық фильмдері мен «Көне жетігеннің сыры» атты телехикая көрсетілімдері үш күнге созылады. Бұл фильмдерді Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында облыс әкімі Ж.Түймебаевтың бастамасымен «САҚ» киностудиясы түсіргенін айта кеткен жөн.

Көрсетілімнің ашылуында сөйлеген сөзінде ОҚО Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы міндетін атқарушы Темірхан Асылхан атап өткендей, оңтүстік өңірдің тарихи-киелі жерлерін насихаттауға бағытталған анимациялық фильмдер өскелең ұрпақтың тәрбиесіне оң әсерін тигізуде. Сонымен бірге, «Қалқанқұлақ» телехикаясының сүйікті кейіпкерлері Олжас пен Бақберген елордалық тұрғындарды Астананың 20 жылдығымен құттықтап, оларға тамаша көңіл-күй сыйлады.

Еске сала кетсек, Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында былтыр өңірде «Күш атасы - Қажымұқан», «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» атты 3 анимациялық фильм және «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикая, сонымен қоса, «Ұлы Жібек жолындағы ескерткіштер» атты деректі фильмдер түсірілді. Бұл туындыларды «Кино – руханияттың көзі» жобасы аясында Оңтүстік Қазақстанның 1 миллионнан астам оқушылары мен тұрғындары тамашаласа, жергілікті телеарналарда да тұрақты түрде насихатталуда.

Сонымен қатар, өңіріміздің аудан, қалаларында да жергілікті әкімдіктердің қолдауымен туған жер қасиетін танытатын бірқатар анимациялық фильмдер жасалды. Олардың ішінде Отырар ауданы әкімдігі тапсырысымен дайындалған «Отырар дастаны», «Көне құмыраның сыры» және Бәйдібек ауданы әкімдігінің қолдауымен «Бәйдібек би» фильмдері бар.

Бұлардан басқа, рухани жаңғыру аясында биыл «Төле би» телехикаясы мен «Оқсыз», «Ордабасы», «Түркістан» анимациялық фильмдері түсірілуде.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?