Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тіл ауыспайды, таңба ауысады

1927
Тіл ауыспайды, таңба ауысады - e-history.kz
Елбасының еңбектерінде талай рет қозғалған үлкен тақырып – тіл мәселесі

Бұл – Қазақстан сияқты көп ұлтты мемлекет үшін, әсіресе еліміздегі демографиялық ахуалмен тығыз байланысты, аса күрделі мәселелердің бірі. Тіл мәселесі бойынша әңгімені тұжырымдап айтар болсақ, Елбасымыз өз тарапынан жасалуға тиіс нәрсенің барлығын істеді. Енді біз бүкіл ұлт болып ұйып, ана тіліміздің көсегесін көгертуге бірге ұмтылуымыз керек сияқты.

Президент Н.Ә. Назарбаев өзінің «Қазақстан – 2050» Стратегиясында: «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек», - деді. Сол атқарылуға тиісті істердің ең маңыздысы ретінде көтеріліп отырған мәселе – қазақ жазуында қазіргі қолданылып келе жатқан кириллица графикасын қазақи таңбаға негізделген латын әліпбиімен ауыстыру.

Президентіміз 2017 жылғы сәуір айында жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында таяу жылдарға қатысты міндеттерге тоқтала келе, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек екендігін айтты. Елбасының қазақ қоғамына ерекше серпіліс әкеліп, рухани сілкініс осы мақаласының жарияланғанына бір жыл толды. Осы уақыт ішінде бағдарламадағы іргелі жобалар бойынша ауқымды жұмыстар жүзеге асты. Атап айтатын болсақ, «Туған жер», «Киелі жерлердің географиясы» және «100 жаңа есім» жобалары сәтті жүргізілуде. Осы жобаларды іске асыру барысында әлеуметтік инфрақұрылым дамытылуда, мәдениет ескерткіштері қалпына келтірілді.

Қазақ тілінің жаңа әліпбиін қолданысқа енгізу бойынша нақты қадам жасалды. Президенттің Жарлығымен латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің жаңа редакциясы бекітілді. Шын мәнінде, әліпбидің жаңа нұсқасы әлемдік стандарттарға сай келетіндіктен, қолданыста әлдеқайда ыңғайлы пайдалануға мүмкіндік береді, сондықтан латын әліпбиіне көшу неғұрлым оңтайлы болады деп ойлаймын. Енді біз осы жаңа әліпбиді жүзеге асыруға кірісіп, ұзаққа созбай, рухани мәдениетімізді дамытуға серпін беретіндей етіп, пайдалана білуіміз қажет.  

Елбасының ұйғаруынша, алдағы екі жыл ішінде барлық мекемелерде, соның ішінде біздің институтта да, тиісті ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс.

Менің өз басым қазақ тілінің жанашыры ретінде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың латын әліпбиіне көшу саясатын толығымен қолдаймын. Себебі, біріншіден, латын әліпбиіне көшудегі негізгі ұтымдылық - тіл ауыспай, таңбаның ауысуы. Екіншіден, қарапайым тілмен жеткізсем, сөзді немесе дыбысты қалай естісек, жазылуын да солай жазуға тырысып бағамыз. Үшіншіден, қазіргі заманның соңғы технологиялық жетістіктері, барлық ақпараттық-коммуникативті байланыс құралдарының желісі латын әліпбиіне негізделгеніне жұртшылықтың көзі жетті. Сонымен бірге бұл күндері халықаралық байланыс жүйесіндегі қысқа түрдегі жазбаша мәтінді хабарлар алмасу қызметі де латын жазуымен біздің күнделікті тұрмысымызға еріксіз еніп отыр.

Осы айтылғанның бәрі елімізде латын әрпіне көшудің кейбір алғышарттары қазірдің өзінде жасалып жатқанын көрсетеді. Латын әліпбиіне көшудің терең тарихи логикасының бар екендігі, яғни қазіргі заманға технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ XXI ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты.

Осыған орай мен түркиялық ғалым Әбдіуақап Қараның «латынға көшу қазақ мәдениетін әлемге танытады, бар қазақтың басын біріктереді» деген пікірін құптаймын.

Жоғарыда айтылғанды қорытындылай келе, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген, қоғамымыздың барлық саласында қызу қолдау тапқан, латын әліпбиіне көшу мәселесі өте өзекті әрі орынды деп есептеймін.  

 

М.В. Кемелбекова, Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері

Әдебиеттер: 

1. Н.Ә. Назарбаев Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру. /www.akorda.kz.-2017. - 12 сәуір.

2. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан -2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. Астана, 14 желтоқсан 2012 жыл.

 

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?