Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Этнограф ғалымның ерекше еңбектері

2798
Этнограф ғалымның ерекше еңбектері - e-history.kz
Елордада белгілі жазушы, ғалым, баспагер Зейнолла Сәнікұлының шығармашылығының көп томдық жинағы таныстырылды

Астанада қазір кітап күні. Үлкен көрме залында Еуразия халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып жатыр. Алыс-жақын шетелдің 200-ге жуық баспасы қатысып отырған айтулы шарада су жаңа кітаптар таныстырылып, оқырман назарына ұсынылады. Сондай игі іс-шараның бірі – Ұлттық академиялық кітапханадағы қаламгер Зейнолла Сәнікұлы мен жұбайы Шәмшібану Хамзақызының туындыларының беташар рәсімі.

«Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры» ұйымдастырып отырған таныстырылымға академик С. Қасқабасов, С. Негимов, Д. Қамзабекұлы, Елтаңба авторы Ж. Мәлібекұлы, Т. Зәкенұлы, Д. Мәсімханұлы секілді белгілі ғалымдар мен жазушының отбасы, туыстары, жерлестері қатысты. Жиынды әдебиеттанушы С. Дүйсенғазы жүргізді.

Фольклортанушы ғалым Сейіт Асқарұлы З. Сәнікұлының қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқанын, оның шығармаларының болашақ ұрпақ үшін, олардың қазақ қалпын сақтау жолына қажетті дүние екендігіне сенімді екенін айтты.

«Тау сілеміндей мол мұра фольклор, ауыз әдебиеті, жыр-аңыздар, ел әңгімелері, көркем проза, этнографиялық жазбалар, жолсапарлар, публицистикалық материалдар, романдар, повесттер мен көркем әңгімелер, қысқа афоризмдер мен нақыл сөздер секілді әдебиеттің әр алуан жанрында қалам тербеуі Зекеңнің шығармашылық қазынасы бай адам болғанын қапысыз көрсетеді. Зейнолла Сәнік шын мәнінде де сан қырлы талант иесі болатын. Бір ғана «Бабалар сөзінің» 20 томы Қытай қазақтарының фольклорының негізінде шыққанын айтсақ, бұл қыруар еңбекті жинау жолында Зекеңнің еңбегі ұшан-теңіз болды» деген лебіз білдірді.

Академик ғалым қазіргі қаржылық дағдарыс заманында 15 томдық жинақты қыздың жиған жүгіндей етіп елге ұсыну оңай жұмыс емес екенін және оны жүзеге асырған жазушының отбасымен балаларына, азаматтарға алғыс білдіретінін айтты.

Ал Зейнолла Сәнікұлының жазушылық қыры өз дәуірінде жақсы бағаланды деп есептейді ғалым Серік Негимов. Оның айтуынша, қаламгердің «Басбай» романы кеше жазылғанымен, бүгінгі күнгі ауыл шаруашылығын дамытуға септігін тигізетін еңбек деп біледі. Себебі, Шығыс Түркістан өлкесінің Шағантоғайынан шыққан атақты бай Басбай жай адам болмаған, арқар, құлжа тұқымдастарын кәдімгі қойларға будандастырып, жаңа тұқым шығарған селекционер еді. Осы қажырлы еңбек иесінің өнегесін көркем суреттеген жазушы З. Сәніктің романы тарихы құндылығымен, суреткерлігімен әдебиет төрінен ойып тұрып орнын алды.

«Зейнолла Сәнік – сөз құдіретін жақсы түсінген қаламгер. Олай болатыны, оның әрбір сөзді ойнатып, оған әр алуан бояуды құбылта, жарқыта жағып, түрлендіре алатыны көрініп тұрады. Ғажайып ойлар жарық сөздерге ұштасып, бүтін бір картина, сұлу сурет алдыңыздан табылады» дейді С. Негимов.

Зейнолла Сәнікұлының 15 томдық шығармалар жинағының ретін жазсақ: 1-томда «Сергелдең» романы, 2-томда «Басбай» романы, 3-томда Басбай туралы зерттеулер, 4-томда «Қаракерей Қабанбай» және «Хан батыр Қабанбай» тарихи эсселері, 5-томда «Сүлеймен би» тарихи эссесі, 6-томда «Тұғырыл хан», «Қайрақбай», «Демежан» тарихи эсселері, 7-8-томдарда «Қазақ этнографиясы», 9-томда әңгіме-новелла, хикаяттары, 10-томда «Із» биографиялық хикаяты, 11-12-томдарда мақалалары мен рефераттары, 13-томда «Қазақ емшілігі мен дәрігерлігі» еңбегі, 14-томда очерктері мен естеліктері, 15-томда жолжазбалары топтастырылған. Бұдан басқа «Сөз-ғұмыр» атты жинақ пен «Зейнолла әлемі» атты естеліктер кітабы да оқырманға жол тартты.

Руханият жиынында жазушы кітаптарымен бірге оның жары Шәмшібану Хамзақызының 2 томдық шығармалары және «Сөз-кесте» деген атпен шағын кітапшасы жарық көрді.

Зейнолла Сәнік 1935 жылы Қытай халық Республикасы ШҰАР Іле қазақ облысына қарасты Тарбағатай аймағында дүниеге келген. 1953 жылы Шағантоғайдағы мектепті бітірген. Алғашқы туындысы «Астана мінбесінен алған әсер» деген атпен 1955 жылы «Іле» газетінде шыққан. 1955-1958 жылдары Бейжіңдегі Орталық Қытай коммунистік жастар одағының мектебінде оқыды. 1970-1978 жылдары болған «Мәдениет төңкерісі» кезеңінде «халық жауы» делініп, «кінәсін» еңбекпен өтеуге аттандырылды. Ақталғаннан кейін ұзақ жылдар бойы Шыңжаң халық баспасында балалар әдебиеті бөлімін басқарды. 1990 жылы Қытай және ШҰАР бойынша балалар кітабын шығарудағы ұзақ жылдық ерен еңбегі үшін «Үздік балалар қызметкері» атағын алды. Үлкенді-кішілі 252 шығарманың авторы, жазушы-тарихшы, этнограф ғалым, баспагер Зейнолла Сәнік 2013 жылы Алматыда қайтыс болды.

Әдеби және тарихи мол материалдары топтастырылған 15 томдық жинақ – қазақ руханиятының өлшеусіз мұрасы. Мұндай қазынаны қаламгердің отбасы, ұл-қыздары дайындап, оқырманға ұсынды.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?