Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Этнографияның сыр-сұхбат энциклопедиясы

2617
Этнографияның сыр-сұхбат энциклопедиясы - e-history.kz
Жаһандану ажал апатына төтеп беретін құдіретті күш – халықтың байырғы заманнан жеткен, заманауи өзгерген салт-санасы, дәстүрі, әдет-ғұрпы

Осы орайда жоғалып, ұмыт боп бара жатқан қаншама бай қазынамызды жоқтап, жас ұрпаққа таныстыру мақсатында шығарылған «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты этнографиялық төрт омдықтың беташар рәсімі Астана қаласында да ұйымдастырылды. Бұған дейін рухани орда Алматы шаһарында көптеген қазақ зиялыларының бас қосуымен жоғары деңгейде ұйымдастырылған болатын.

Сұхбат жанрында қамтылған төрт кітаптың авторы, көрнекті қазақ ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, зерттеуші Қасымхан Бегманов рухани жаңғыру аясында жарық көргенін  және ең басты себебі, ғұлама ғалым, этнограф, тарихшы, полковник, мемлекет және қоғам қайраткері Жағда Бабалықұлының 100 жылдығына арналғанын айтты. 13 жыл бұрын дәстүрді насихаттайтын «Дәстүр» атты журнал шығара бастаған қажырлы қайраткер Қ. Бегмановтың бұл ізгілікті ісі – ұлттық этнографияға жанашырлық, көрсетілген құрмет және нақты нәтиже. Алқалы басқосудың негізгі ұйымдастырушылары ҚР Бас редакторлар клубы мен «Қазақстан тарихы» интернет порталы болғанын айта кетейік.  

Жиынның модераторы Заңғар Кәрімхан жинақтың энциклопедияға бергісіз еңбек екенін айтса, кіріспе сөзінде ҚР Бас редакторлар клубының тете-бастығы Мұратбек Тоқтағазин әр шаңырақта тұруы тиіс қазына деп бағалады.

Ал академик Сейіт Қасқабасов «Бабалар сөзі» 100 томдық халық фольклорының теңдессіз дүниеге айналғанын, ұрпақ кәдесіне жарайтын туындылардың қатарын толтыратын этнографиялық жинаққа риза екенін жеткізді. Ақазақ халқының байырғы салт-дәстүрінің жаңа заманға сай түрленгенін, әдет-ғұрыптардың халық арасында шынайы көрініс тапқанын қалайтынын айтты.

«Кез келген халық тілінен айырылса да, дінінен айырылса да, отаршылдар күштеп ажыратса да, оларды ұстап тұратын жалғыз құдірет – дәстүрі. Дәстүрінен айырылған ел ел болудан қалады. Себебі, бұл сол адамның күнделікті өмірде пайдаланатын соңғы мүмкіндіктері болатын» деді басқосуда академик С. Қасқабасов.

Бұдан соң, жұртшылық қолына тисін, қызыға бәрі оқып, ұрпақ пайдасына жаратсын деген мақсатпен төрт томдықтың беташар рәсімін жасады. Оған ҚР ҰҒА академигі С. Қасқабасов, ҚР Ардагерлер ұйымы орталық кеңесі төрағасының орынбасары Ө. Озғанбаев, ақын,сықақшы Көпен Әмірбек қатысып, қызыл таспаны тілді.

Тарихшы, ғылым докторы Өмірзақ Озғанбаев кітап авторы Қ. Бегмановпен бірге Түркістан шаһарындағы тәрбиелік, тәлімдік мәні зор бір тойға қатысып, үлкен ойда болғанын баяндады. Ғалымның айтуынша, Оннан астам баласынан көрген 64 немеренің сүйікті атасы Әбдібек ақсақал Абылайұлының гауһар тойы қазақ халқының бағзыдан бергі мәдениетінің асылдарын көрсеткен той болыпты.

Белгілі сықақшы, «Парасат» орденінің иегері Көпен Әмірбек өз сөзінде ұлттық этнографияға советтік кезеңде үлкен, өлшеусіз үлес қосқан Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегі де ескерусіз қалмауы тиіс екенін айтса, филология кандидаты Омар Жәлел қазақтардың психологиясы мен мінез-құлқы өзгеріске ұшырап жатқанын жеткізді. Орыстың ең төменгі шегі – плебейлік ортаға дейін құлдырап кеткенін нақты мысалдармен дәлелдей сөйлеген ғалымның «дауыстап сөйлесейік, айғайлап айтайық» деген пікірі дауға ұласа жаздады. Этнографиялық жинақта қазақ тағамдарына арналған тараулар, сыр-сұхбаттар аз емес. Ел жадынан өшіп бара жатқан ұлттық ас түрлері, тағам түрлері жайлы, олардың адам ағзасына, денсаулығына пайдасы жайында технолог Өнерхан Сансызбайұлы жасық түсіндіріп өтті. Ал тарихшы, шежіретанушы Мақсат Алпысбес этнографияны зерттеушілердің бірнеше түрі болатынын, оларды жіктеп-жіліктеп баяндады. «Өз тілін білмесе де, әйтеуір өз халқының өткен-кеткенін терең зерттеп жүрген зерттеушілердің бір тобы бар» деді тарихшы ғалым.

Жиын соңында төрт омдық «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» сыр-сұхбат жинағының авторы Қасымхан Бегманов басқосуға келгенбарлық қатысушыларға бас иіп алғысын айта келе, Жағдадай ұлттың ғұлама ғалымымен кездестірген тағдырына риза екенін, этнографияны жинақтай жүріп, қазақтың марғасқа тұлғаларымен етене жақын араласып кеткенін, этнограф дейтін ерекше һәм өзгеге ұқсамайтын, ақша сұрамайтын, тек өз ісімен, ғылымымен, дүниесімен айналысап қана отыратын тағдырлы жандарға жанашырлық жасалған ісі екенін әсерлі баяндады. Соңында ақын «Ғұламаларым» деген өлеңді оқып, барлық этнографтарға алғыс  білдіргендей сезіммен жиын тәмамдалды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?