Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тәуелсіздік тағылымы

2721
Тәуелсіздік тағылымы - e-history.kz
Қазақ тәуелсіздік жолында қандай жайды бастан кешірді, бүгінгі мемлекеттілікке қалай қол жетті? Өткенін білмеген адам ұлтының қадірін де, тәуелсіздіктің қасиетін де білмейді

Еліміздің тәуелсіздік шежіресі жазыла бастағанына небәрі 26 жыл болады. Бұл – тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Қазақ елі тәуелсіздігін алғаннан бері қыруар жұмыстарды атқарды. Тәуелсіздіктің нәтижесінде тамыры теренде жатқан төл тарихымыздың жаңа беттері ашылды. Тәуелсіздік қазақ халқының еңсесін көтерді, рухани серпілісін оятты. Тәуелсіздік қасиетті ұғым екенін, оның мағынасы зор, қанша жыл уақыт өтсе де оның бағасы жойылмайтындығын ұғындыра түсті. Сондықтан да қазіргі заманауи қазақстандық қоғамда өз еліміздің өткеніне, тарихына, жекелеген тұлғаларға немқұрайлы қарау болмауы керек. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында аталып өткендей, біз дәстүрлерімізді дамытып, құндылықтарымызды, тәуелсіздік жетістіктерін сақтауымыз керек.

Болашақта тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайта түсудің жолдары қайсы? деген сауалға біз оны халқымыз жүріп өткен қасіретті тарихпен салыстыра, сабақтастыра отырып қана жауап береміз.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында революциялармен, төңкерістермен, бүлікшілдікпен басталған XX ғасыр келбетіне былай деп баға берді: «Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Біріншіден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды. Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді. Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады. Төртіншіден, еліміздің көптеген өңірлері экологиялық апат аймақтарына айналды».

Өткен тарихтан болашақ ұрпаққа тағылым ретінде танылатын аса маңызды кезеңі − Алаш қозғалысы. Алаш қозғалысы – бүгінгі тәуелсіздікке бастау болатын көздердің бірі. Бұл ұлы қозғалыстың тарихы мен тағылымы, оның көрнекті өкілдерінің қазақ қоғамына қосқан өшпес үлесі уақыт өткен сайын айқындалып келеді.

Жақында Астанада өткен «Рухани жаңғыру: Алаш және азаттық идеясының сабақтастығы» атты халықаралық конференцияда академик Мәмбет Қойгелдиев «Алаш қозғалысы. Жүз жылдан соң...» мақаласында  «Алаш қозғалысы бұл ешқандай петроградтық қозғалыс емес, қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы болатын» деп баға берді.

Мәртебелі жиында академик Мәмбет Қойгелдиев Алаш қайраткерлері құрған Алаш Орда үкіметіне қатысты үш мәселеге назар аудару керектігін ескертті. Біріншіден, жалпықазақ съезінің шақырылуы бұл қажеттіліктен туындаған шара болатын. Екіншіден, съезд қазақ қоғамында ерте замандардан қабылданған салт-дәстүр бойынша шақырылды. Үшіншіден, ұлттық құрылтай Алаш автономиясын құру туралы шешім қабылдап, оның Алаш Орда аталатын үкіметін және төрағасын сайлады. Алашорда үкіметін елдегі аласапыран жағдайда қазақ қоғамының барлық өңірлерінен жиналған өкілдердің дауыс беруі арқылы сайланған толық легитимді билік түрі деп қабылдауымыз керек – деді ғалым.

Қазақтың елдігі мен тұтастығын аңсаған Алаш қайраткерлерінің идеясы қазіргі тәуелсіз Қазақстанның мақсат-мүдделерімен жалғасып жатыр. Алаштың біртұтас идеясын, тұжырымдамасын бүгінгі күнгі идеямен салыстыра отырып, бүгінгі жер үшін, тіл үшін, елдік үшін жүріп жатқан күрес те осы Алаш идеясынан туындап жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан Алаш құндылықтары ешқашан күн тәртібінен түспек емес.

Жиырма алты жыл ішіндегі дамуымыздың ең басты тағылымы ұлттық мемлекетті қалыптастыруымыз. Шындығында 1991 жылы он алтыншы желтоқсаннан бастап, ең күрделі мәселе, ең қиын мәселе, ең тағдырлы міндет тәуелсіз мемлекет құру еді. Тәуелсіздікті жариялау бір басқа да, мемлекетті орнықты ету одан да қиын және күрделі іс. Осыған орай Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Біздің тәуелсіздігіміз үшін күрестің ең күрделі де жауапты кезеңі 1991 жылы дербестігімізді алғаннан кейін барып қана басталды» деп жазған болатын. Тәуелсіз мемлекетті қалыптастыру, құру өте сын жағдайларда болды. Мемлекеттік теорияның классиктері мемлекетті құрудың негізгі үш элементі, үш бірлігі барын білсе, ол бірінші аумағы, екінші халқының болуы, үшінші билігінің болуы еді. Осының үшеуі де Қазақстанда жүзеге асып, ең бастысы шекара мәселесі сәтті шешілді. Көптеген мемлекеттер текетірестер, терең сілкіністер, қақтығыстар арқылы өткен жолды біздің мемлекетіміз саяси қақтығыстарсыз сәтті өтті деуге болады.

Елбасының бастамасымен құрылған мемлекетаралық бірлестіктер Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК), Шанхай ынтымақтастық ұйымы еліміздегі тұрақтылық пен өзара ықпалдастықты дамытуда маңызды рөл атқарды. Дүние жүзінде төртінші болып орналасқан ядролық қарудан бас тарту, оны жою туралы шешім қабылдау тәуелсіздік үшін, Қазақстанның болашағы үшін атқарылған маңызды шаралардың бірі болып табылады.

Ең басты тағылымыз тәуелсіздік жаңа Астана тұрғызу идеясын өмірге әкелді. Астана арқылы Қазақстан барлық жаһандық әлемге – келешегі кемел, әлеуеті қуатты мемлекет ретінде танылды. Астана – ұлттық тарихымыздың жаңа шынайы шежіресі, мақтанышы, тәуелсіздіктің символы. Астана жаңаның кейпі, Қазақстанның динамикалық дамуының, жаңарудың символы. Астана Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың терең ойланған және дәлелді айқындалған салтанатты дұрыс саясатының нәтижесі. Жас мемлекет үшін бұл символдық оқиға тарихты терең ұғынуға, оның сабағынан дұрыс қорытынды жасауға, біздің іс-әрекетіміздің одан әрі қарай дамуының болашағын белгілейді.

Бүгінгі күні Астана Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатына қатысты маңызды шешімдердің жүзеге асуын қолға алып, әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың өтуіне ұйытқы бола білді. Соның бір дәлелі жаһандық мәселелер талқыға түскен кешегі ЕҚЫҰ-ның саммиті, Астана экономикалық форумы, Инвестициялық форум, Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы жас мемлекетіміздің абыройын асқақтатты. Осындай көшпелі істердің жалғасы ретінде Астана 166 жылдық тарихы бар «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу құқығын да жеңіп алды.

«ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі Қазақстан  тарихында айтулы орын алатын ауқымды оқиға. Көрме туристік саланың дамуына түрткі болып, еліміздің әлемдік аренадағы тиімді имиджді жобасына айналды. «ЭКСПО-2017» аумағындағы туристік аймақтың ашылуы салтанатында сөз сөйлеген Астана әкімі Әсет Исекешев: «көрме елдің экономикасына пайдалы әсер етті. Астанамыз «ЭКСПО-2017» көрмесінің арқасында бұдан да қарқынды дами түсті. Астананың «Орталық Азия өңірінің туристік астанасына» айналуға барлық мүмкіндіктері бар» –деді.

Қорыта айтқанда, өткенін білмеген адам ұлтының қадірін де, тәуелсіздіктің қасиетін де білмейді. Қазақ тәуелсіздік жолында қандай жайды бастан кешірді, бүгінгі мемлекеттілікке қалай қол жетті? Бұның барлығы болашақ ұрпақтың жадында болса, сонда барып Тәуелсіздік тағылымдылығы арта түседі. Тәуелсіздіктің қандай қиындықтармен келгенін түйсінген жастар сонда ғана өз елінің тәуелсіздігін қорғауға, сақтауға күш салады. Тарихтың ащы сабағын түсініп қана қоймай, оның сабағынан қорытынды жасай алады деп ойлаймын.

Айтбала ӘБЕНОВА, Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?