Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Соңғы хат»

2438
«Соңғы хат»  - e-history.kz
Осыдан үш жыл бұрын Астана қаласындағы «Хан Шатырда» атақты Шанаққала шайқасының 100 жылдығына орай Жүніс Әміре атындағы мәдени орталықтың ұйымдастыруымен «Соңғы хат» фильмі көрсетілді

Картинада қарапайым сарбаздың өмірі арқылы соғыс шындығы, әсіресе ер түрік жауынгерлерінің асқан патриотшылдығы, бірін-бірі құлай сүйетіні, бауырмашылдығы көрсетіледі. Ұшқыш-барлаушы Салих Экремнің майдан даласына келуімен басталып өрбитін көркем фильм 1,5 сағаттан аса уақыт ішінде тірі жанды еліктіріп, тырп еткізбей ұстай алды.

Шанаққала шайқасы – әлемді шарпыған Бірінші дүниежүзілік соғыстың ең атақты майдан алаңы. Дарданел бұғазының ең бір талмау тұсында (небары 1,3 шақырым) орналасқан бұл мекен – ертеден елдің көзін алартқан, аса стратегиялық мәнге ие жер. Міне, осы ұлтарақтай жер үшін жан беріп, жан алысқан түрік ұландарының ерлігі бейнетаспада көркемделіпті.

Салих сарбаз жолдасы Хусейіннен қапияда айырылса да, туған елі үшін жанынан безіп, жарасы жазылмай жатып, соғысқа шығуға ұмтылады. Арасында ұрланып та қашпақ болады. Бірақ дәрігер қыз Нихаль жауынгердің өр тұлғасын таныса да, өмірі қымбат екенін түсініп, майданға аттануға әлі ерте екенін түсіндіріп бағады.

Фильмде ерекше мән берілген тұсы – балалар әлемі. Алыстағы Ыстамбұл қаласында қалған қызы Гүлмелекті сағынған әкенің сағынышы, аңсарға толы хаттары үздіксіз жазылып жатады. Суат басында жау қолынан мерт болған әженің немересі Фуат, оның бойындағы үрей, соғыс сұмдықтарын сезіндіре алады. Күн күркіресе де стресс алатын бала жаны тым үрейшіл. Осындай кішкентай, көзге аса шалына бермес детальдар арқылы режиссердің қанқұйлы соғыстарды айыптайтынын аңғарасыз.

Алғашқы барлаудан оралған Салих пен Хусейн түсірген фотосуреттерді шығарып жатып, «біздің жерге дұшпандар неге таласады? Олардың көксегені не?» деген сауалға Салих: «Мехмет сұлтан. 1453 жыл» деп қана жауап қайырады. Оның осы сөзінен-ақ түрік жеріне (олар кезінде бұл жерді Византиядан шауып алған) көз алартатын жаулардың көптігін байқатады.

Түріктің қарапайым сарбазынан бастап генерал, пашаларына дейін ұлтшыл. Тіпті саптағы сарбаздарға ұран сөздерін айтып, жаназасын да шығарып жіберетін жерінде көрерменнің төбе құйқасы шымырлап, арқасы қозары анық. «Алла ұлық!», «Біз өз жерімізді дұшпаннан қорғаймыз. Бұл – біздің жеріміз», «Түрік болу қандай бақыт!», «Шанаққаланы қорғау – Ван, Ыстамбұл, тіпті керек болса, Мекке, Мәдинені қорғау» деген жалынды сөздерден кейін шайқасқа шықпай қалмайтын сарбаз болмас. Майдан даласын, оның ішінде су жолында тактикалық әдістерді керемет ойластырып, жау жолына тұзақ құрған Хаккының ерлігі ерлік-ақ. Кеше ғана қызы дүниеге келіп, қуанышы қойнына сыймаған бұл батыр сол майданнан тірі қалмайды. 

Дарданел бұғазына таяған жау кемелеріне артиллериялық снарядтан дәл көздеп, оқ жаудырған сарбаздар өз істерін «Алла ұлық!» деп мадақтайды. Ай мен жұлдыз бейнеленген туларын қасиеттеп ұстап, оның құламауы үшін қасықтай қанын қиып, жанын беретін түріктің ұландарына соғылған ғажайып ескерткіш деп білесіз фильмді. Сондықтан болар, «Егер солдат бақыты деген ұғым бар болса ол түріктермен иық тіресе соғысу дер едім. Олар жарлы-жақыбай, кедей болды, сызды жерде ұйықтады, бірақ арыстандай алысып шайқасты. Мен күле қараған күйде өлімге бара беретін мұндай халықты бұған дейін көрген емеспін» депті Маршал Фон Сандерс. Ал ағылшын маршалы Френчтен: «Түрік солдаттары қорқыныш дегенді, жеңіліс дегенді білмейді. Түріктер – Азия джентльмендері» деген сөз қалды.

Фильмнің финалында қасиетті Дамашық қаласын қорғауда мерт болған Салих Экремнің анасы ұлының қазасын естіп жан тапсырады. Қызы Гүлмелекті біреулер балалар үйіне өткізіп, шетел асырып жібереді. Ғашық қыз Нихаль болса естен танып, аурухана төсегіне таңылады. Кейін жазылып келгенде Салих тұрған үйдің есігі тарс жабық екенін біліп, жаны күйзеледі. Алайда қырық жылдан соң қайта табысқан әулет мүшелері Шанаққала шайқасы батырының зиратына сапар шегеді.

P.S. Алаштың ақыны Мағжан Жұмабаевтың әйгiлi «Алыстағы бауырыма» атты өлеңi де осы от басып, қан кешкен туыстас бауырларға арналып жазылған. Сондай-ақ түріктің бағына туған кемеңгер ұл Мұстафа Кемал Ататүрік осы соғыста дивизия басқарып, жерін дұшпанға басқызбаған.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?