Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жапон мәдениетімен танысу

2236
Жапон мәдениетімен танысу - e-history.kz
Астанада Мидори Ямада ханымның жапонның дәстүрлі икэбане өнері бойынша лекция-көрсетілімі өтті

Қазақстан мен Жапония елдері арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнауының 25 жылдығы аясында Қазақстан Республикасындағы Жапония Елшілігі жапонның көне икэбане өнерімен таныстыруды ұйымдастырды.

Шеберлік сағатын өткізу үшін Ресейдегі Икэнобо филиалының негізін қалаушы әрі президенті Ямада Мидори Қазақстанға шақырылды. Белгілі шебер жапонның дәстүрлі икэбане өнері бойынша лекция оқыды. Іс-шараны ашқан Қазақстан Республикасындағы Жапония Елшілігінің кеңесшісі Соитиро ОКАВА бұл өнердің алғаш рет жазба деректерде аталған кезінен бастап 555 жылдық тарихы бар екендігін атап өтті. Орыс тілін жетік білетін Ямада Мидори икэбанистика дизайны бойынша терең білім иесі әрі ТМД елдерінде жұмыс істеудің мол тәжірибесін жинақтаған.

Ямада Мидори ханымның айтуы бойынша, икэбана өнері туралы алғаш рет 555 жыл бұрын аталған, бірақ бұл өнер VI ғасырдан бастап белгілі. Бұл Жапонияға буддизм ілімінің енуімен байланысты, өйткені оларда Буддаға гүл шоғын қою рәсімі бар. Үндістанда бұл рәсім бойынша гүл жапырақшаларын шашып тастаса, Жапонияда Х ғасырға таман гүлдерді гүлсауытқа немесе тіреуішке салып әкелетін болған, ал рәсімді дінбасылар орындаған. ХІХ ғасырға дейін икэбанамен тек ер адамдар ғана айналысқан, әйелдер үшін бұл өнер қолжетімсіз болды.

Икэбананың ең көне мектебі өз бастауын Киотодағы Роккакудо ғибадатханасының дін қызметшісінен бастайды. Бұл дін қызметшісі көл жағалауында өмір сүргендіктен (жапонша «көл» - ikenobo) дін қызметшісінің ізбасарлары немесе осы өңірде өмір сүрген икэбана шеберлерін осы  (ikenobo) атаумен атайтын болған.

Бұл өнердің қысқаша тарихына тоқталғаннан соң Ямада Мидори композиция құрауға кірісіп кетті.

– Гүл қайда қарап тұр? Ешкім көңіл аудармайды! Гүл күнге қарап тұр.

Гүлдің 2/3 сабағын жұлып алады. Басқа гүлден 1/3 сабақ алады. Ең ұзын гүл – аспанның символы. Ең кішкентайы – жердің символы. Ал, ортаңғы гүл, адамның символы.

Икебана – минимализмдық өнер. Гүлшоғы мейлінше шағын болу керек. Ал, бай гүлшоқтары – батыстық, еуропалық дизайн үлгісі.

Шебер үш түрден артық гүл қолданбауды ұсынды.

Жапондардың дәстүрлі икэбана өнері бойынша өткізілген шеберлік сағаты қатысушыларға жапонның дәстүрлі мәдениетінің тарихына бойлауға мүмкіндік берді.  

Редакция анықтамасы:

Мидори Ямада – Ресейдегі Икэнобо филиалының негізін қалаушы және алғашқы президенті, «СО-КАТОКУ» (Икэнобо профессорының жоғары сатысы) профессоры, «Шығып келе жатқан Күн – Алтын және Күміс Сәуле» орденінің иегері, Омотэ Сэнкэ мектебінің шай құю рәсімінің және жапондық Суми-э кескіндемесінің шебері болып табылады.

1991 жылы өзі білетін орыс тілін жетілдіру үшін Мәскеуге Автокөлік құрылысы институтының халықаралық курстарына оқуға келеді (1995 жылы бітірді). Осы уақыттан бастап Мәскеуде Икэнобо икэбана өнерінен сабақ беріп келеді.

1992 жылдан бастап икэбананың жыл сайынғы көрмесін өткізіп келеді. ИКЭНОБОның Мәскеулік филиалын ұйымдастырады.   

1993 жылдан бастап ТМД елдерін аралап икэбана өнері мен шай құю рәсімін көрсетіп келеді. Молдова, Украина, Қазақстанда, Киров, Казань, Екатеринбург, Санкт-Петербург, Зеленоград, Одесса және т.б. қалаларда курстар жүргізеді.

1997 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің жанындағы Азия мен Африка елдері институтында аспирантура тәмамдаған соң, филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алды.  

2006 жылы Ресейде КАСУМИ-КАЙ (Омотэ Сэнкэ мектебінің филиалы) Шай құю рәсімі өнерін үйрену бойынша қоғам ұйымдастырды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?