Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мажар мен қазақ ақындары: Ш. Петефи – М. Дулатұлы (мадияр руынан)

2524
Мажар мен қазақ ақындары: Ш. Петефи – М. Дулатұлы (мадияр руынан) - e-history.kz
Жиырма бес жасында тә­уел­сіз Мажарстан республикасын құрушылар қата­рын­да ту көтерген күрескер ақын Шандор Петефиде ұйқыдағы мажар халқын оятуға үн қосты

Мажардың ұлы перзенті, кемеңгер ақын Шандор Петефи 1823 жылы Мажарстанның Кишкереш қаласында дүниеге келген. Өмірінің 25 жылында мажар мемлекетінің қайсар ұлына айналып, халқының сүйіспеншілігіне бөленеген ақын. Петефидың жалынды жырынан мажар халқы қуат алып, ұлттық ояну серпілісіне жетті. Ол  –ұлтының мәңгілік патриотына айналған тарихи тұлға.  

Қайраткер Шандор. Ол 1848-1849 жылдардағы мажар көтерілісінің белсенді қайраткерлерінің бірі болды. Ұлы мажар халқының тәуелсіздігі жолында өмірін қатерге тіккен Шандор Австрия империясының құрамына кіретін Мажар корольдігінде болған демократиялық революцияны ұйымдастырды. Көтерілістің мақсаты: мажар еліндегі феодалдық-басыбайлы құрылысты және ұлттық езгіні жою, Мажарстанды ұлттық тәуелсіз мемлекетке айналдыру.

Тарихқа шегініс жасар болсақ, XIX ғасырдың ортасында Габсбургтердің билігінде және Австрия империясының бір бөлігі болған Венгрияда ішкі қайшылық ушықты. 1848 жылы 15 наурызда Пешттің жұмысшылары, қолөнершілері, буржуазиялық элементтері Шандор Петефи және Пал Вашваридың басшылығымен көтеріліс ұйымдастырылды. Өкімет билігі Қоғамдық құтқару комитетінің қолына көшті. Комитет цензураға тыйым салып, ұлттық гвардия құруды жариялады. 17 наурызда император Фердинанд I либералдық дворян опозициясының басшысы Лайош Баттяниді Мажарстанның үкімет басшысы етіп тағайындады. Баттянидің үкіметі барщина мен десятинаны жою, барщиналық үлесті шаруаларға беру туралы заң қабылдады. Бұл заңды шаруалардың бәрі бірдей пайдалана алмады. Жері жоқ шаруалар барщинадан помещиктермен жеке келісім жасау арқылы ғана құтыла алатын болды.

Батыр Шандор. Жоғарыдағы көтерілісті ұйымдастырып, қараңғы ұйқыда жатқан мажар халқын оятқан Петефи шығармаларының арқауы бостандық пен махаббат, елдік пен ерлік, озбырлыққа, қиянатқа қарсылық, адамдық пен адалдықты паш ету болды. Оның рухты жырлары қатарында «Ұлтыма», «Дунайда», «Тұтқындағы арыстан» өлеңдері жоғары бағаланып, мажар халқының патриоттық жырларына айналды.  

«Бостандық пен махаббат,
Керегі маған екеу-ақ.
Махаббат үшін өмірде,
Қарсы барам өлімге.
Бостандық үшін махаббат,
Құрбан етем сені де!» – деп жырлаған Петефи ақын үшін халқының бостандығы бәрінен де биік тұрды.

Ақын Шандор. Небәрі 25 жыл өмір сүрген арынды ақын, ұлт ақыны Шандор Петефидің артынан мажар әдебиетінің озық үлгісі қалды. Оның қаламынан 85 жыр-дастан, 3 әңгіме, 2 драма, 1 роман туды.  Бұған қоса саяси-әлеуметтік мәселелерге арналған өткір мақалалары, хаттары, күнделіктері, аудармалары сақталды.

Тәуелсіздік, бостандық ұғымдары – жер шарында өмір сүріп келе жатқан әрбір халық үшін ерекше қасиетті сөздер. Елінің тәуелсіздігі мен бостандығы жолында батыр да, ақын да, хан да шейіт болған. Шандор Петефидей ұлт ақындары бостандықты, тәуелсіздікті жырларына арқау етті. Батырлар қолдарына қару алып, жауға аттанды. Ел бастаған хандар салиқалы саясат жүргізді.

Жиырма бес жасында тә­уел­сіз Мажарстан республикасын құрушылар қата­рын­да ту көтерген күрескер ақын Шандор Петефиде ұйқыдағы мажар халқын оятуға үн қосты:

Оян, Отаным, ұлтым, мажарым, 

Алаңға тез кел бәрің әр тұстан, 

Жарқылдап шық жасындай,

Дұшпаныңмен тартысқа! –

деп тәуелсіздікті өмір­дің барлық мұраттарынан, қызықтарынан жоғары қойып, мажар халқын оятады. Ал өз топырағымыздан жаралған тұңғыш қазақ романының авторы, алаш зиялысы Міржақып Дулатұлы:

…Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,

Қарағым, енді жату жарамасты, –

деп кең далада алаңсыз өмір сүріп, бейғам жатқан халқын жалынды жырмен оятып, еркіндікке, тәуелсіздікке жету жолын насихаттайды. Жарқын болашаққа жету жолында торлаған қараңғылық ұйқысынан оянып, білім-ғылымға қауышуды үндейді. 

Оян, оян, ұлтым соры қалың,

Шық алдыңғы қатарға сен де!

Қарғыс атқыр қамсыздығыңмен

Арқаңды салдың кеңге, – дейді Петефи.

Жоғарыдағы екі елдің қос ақыны да ұлтының тәуелсіздігін бәрінен де биік қойып, жалынды жырларымен халқын жұлқылап оятады. Таңы атып, күні шығатын жарқын күнге жету жолының басты кілті оқу білімде екенін жазады. Шандор халқын оятуды XIX ғасырдың басында ұрандаса, алаш зиялысы Міржақып қазақ халқын XX ғасырдың басында оятады. Әр уақыт кезеңі мажар мен қазақ халқын тұзы сор, қым-қиғаш оқиғалармен сындарлы кезеңге айналдырады. Осындай қиыншылық уақыттарында ұлт үшін қызмет атқарып, «Оян!» деп ұрандаған қос ақынның  ұлт тарихындағы орны ерекше.

Петефи қоғам қайшылығын терең түсінді, оның себептерін ашып көрсете білді. «Өлеңдер» (1844) aтты тұңғыш жинағында ақынның қоғамға көзқарасы айқын көрінген. Оның кекесінді-күлкілі «Село балғасы» (1844) мен аңыз-ертегі түріндегі «Янош батыр» поэмалары (1844) сол кезеңде үстемдік еткен жалған романтик, канондардан бас тартып, халықтық мазмұнды мансұқ етті.

1846 жылы ол «Онның қоғамы» атaлатын  жастар ұйымын құруға әрекеттенді. Петефидің осы уақытта жазылған «Сарай мен лашық», «ХІХ ғасыр ақындарына», «Кенеп киген батырлар», «Тұтқындағы арыстан» жырларынан азаттық сaрын байқалады. Оның бостандық үшін қарулы күреске үндеген өлеңдері жалынды жорық жырларына айналды. Жоғарыдағы  «Ұлт өлеңі», «Корольдарды дарға алып жүр», «Ұлтқа» жырларында Петефи халқын тәуелсіз мажар мемлекетін құруға шақырды. Петефидің мұндай жырлары күрес күндерінің күнделігі іспеттес болды. 

Лирик ақын Шандор.  Әр ақынның өз бағыты мен стилі болады. Олардың жазатын тақырыбы да әр алуан болуы мүмкін. Бірақ әр ақынды байланыстыратын бір тақырып: ол – махаббат. Осынау сөзді жырға қоспай кеткен ақын өте сирек. Шандор Петефидей махаббатты жырға қосқан:

Сен гүл болсаң, мен болайын ағашың.
Гүлге айналсам, сен шық болып тамасың.
Мен шық болсам, сен болар ма ең күн нұры …
Табайықшы әйтеуір бір жарасым, –

деп жырлаған Петефидің махаббат тақырыбын арқау еткен жырлары көп. Петуфидің жастық дәурен мен махаббат жалынын сөз еткен «Сүюдің де сапасы бар», «О махаббат», «Матильдаға», «Сен гүл болсаң...», «Махаббаттың машақаты басталды», «Махаббаттың бағына», «Күйдім бе жалынға...», «Сені ойласам...», т.б. жырлары сырлы сезімге толы. 

Сен пейіштің көгі болсаң, төсіңе

жұлдыз болып қағылайын, көріктім.

Тозақ оты болсаң да, бір болайық,

Құшағында қалсам дағы өрттің.

Махаббат лирикасы сезімге ғана жырланбайды. Отанға деген туған жер, табиғатқа деген махаббатпен толғанады. Әрбір әдемілік әр ақынның қиялының өлшемі тәрізді. Әсем табиғат, қасиетті туған жер, әдемі ару, тылсым табиғат құбылыстары да Шандор поэзиясының өлшемі іспеттес. Шандор Петефидің табиғат лирикасын жырға қосқан «Тауда» дейтін өлеңінде де адам қарсы алдындағы кең дүниені сүйсіне тамашалайды. Сұлулық одан оқшау, өз алдына жеке-дара көрінетін қасиет тәрізді көрінеді. Сондықтан да Шандор Петефидің де махаббат лирикасында да орны ерекше болды.

 

Шандор Петефи – заман туғызған мажардың ұлы ақыны. Өз ұлтының тәуелсіздігі жолында ақындығын құрбан етіп, ұлттық тұлғаға айналды. Әлі де болса мажар халқы үшін оның ақындығы емес, күрескерлігі мен батылдығы мәңгі айтылатын тақырыпқа айналды. 

Шандор Петефи шығармашылығынан:

Ұлтыма

 

Дабыл қағайық, қоңырау соғайық ‒

Бірін бер менің де қолыма!

Қорқыныш емес дерттен дірілдеп,

ашу-ыза толды бойыма.

 

Елім деп ауырған жүрегім сезеді –

жақындап келеді бір дауыл.

Ызаға булығам  – қимылсыз жатыр                                              

Көзі ұйқыда бұл қауым.

 

Кейде сілкініп Ұлтым бір сәтке

көзін салады әлемге, бірақ   

қайтадан ұйықтайды, әттең,

Армандар әлі тым жырақ.

 

Оян, оян, Ұлтым соры қалың,

Шық алдыңғы қатарға сен де!

Қарғыс атқыр қамсыздығыңмен

Арқаңды салдың кеңге.

 

Оян, елім, бүгін оянбасаң,

ұйқыда кетерсің, санамда сан күдік …

Егер оянсаң, алдыңда – ақ күндер,

Атың жаңғырар мәңгілік.

 

Оян, елім, босқа өткен ғасыр

Бір сағатта орнына келеді, ұғайық!

«Бәріне жетеміз не Жоқ етеміз!» –

Мың жалауға жазып ап шығайық.

 

Ұзақ ойландық, теңселдік,

Кеше ел біздікі ед, енді кімдікі?

Түскен көтеріп еңсеңді,

Айт әлемге: «Елім – өзімдікі! »

 

Ажалға бізді бұйырып корқау,

Құртсын, мейлі,  жердің бетінен,

Иә, рас, өлімнен мен қорқам,

Тек абыройсыз өлімнен.

 

Өлейік, өмір сүруге болмаса,

Еркекше оққа ұшып, құлап. 

Тіпті бізді өлтіргендер де

Бізді жоқтасын жылап!

 

Әр адам сезінсін өзін

Зрини Миклош немересіндей,

Жалғыз өзіне елі сүйенгендей

Шайқассын дұшпанмен егесінде.

 

Сонда біз ғайып болмаймыз,

Өмір мен даңқ үшін серпіл!

Еліміздің қожайыны боламыз

Сайран сап төсінде еркін.

 

Оян, Отаным, ұлтым, мажарым, 

Алаңға тез кел бәрің әр тұстан, 

Жарқылдап шық жасындай,

Дұшпаныңмен тартысқа!

 

«Жау қайда?» деп сұрама сонда,

Жан-жағыңда білсең дұшпаның.

Дос көңіл деп ұқпа оның

Аярлықпенен құшқанын.

 

Ең сатқын, ең қас дұшпаның –

туысың ту сыртыңнан оқ атқан.

Жүз ішінде жүреді  бір залым

Тамшы удай қосқан шарапқа.

 

Өлімге бұйыр сен оларды,

Қаны ақсын судай алаңда!

Қарақшыны аяма жан алған

Қылышымен жалаңдап.

 

Сыртқы жауды оңай жеңерміз

Ӏрімесек іштен ағайын

Лантты қойып, мұнарадан

Қоңыраулы дабыл қағайын!

Миклош Зрини (1620-1664) –  мажардың ұлы ақыны, жауынгер, Осман басқыншыларына қарсы күрестің рухани демеушісі болған.

Лант ‒ музыкалық аспап, орта ғасырларда мажар жыраулары, далноктар, осы аспапқа сүйеніп халық жырларын айтқан. 

 

Қара нан

 

«Қара нан», – деп уайымдама ана налып,

«Жақтырмайды-ау», – деп ойлама бала дәмін.

Алыста аппақ нанға тойсам дағы,

Сағынамын үйімнің қара нанын.

Алдыма қой қара нанды, іздеме ақты!

Қап-қара болсын мейлі, білсең, жаттың

ақ күлшесі азық болмас маған, ана,

Қара нан үйде жеген балдан тәтті.

1845 ж.

 

Сен гүл болсаң

(романс)

Сен гүл болсаң, мен болайын ағашың.

Гүлге айналсам, сен шық болып тамасың.

Мен шық болсам, сен болар ма ең күн нұры…

Табайықшы әйтеуір бір жарасым.

 

Сен пейіштің көгі болсаң, төсіңе

жұлдыз болып қағылайын, көріктім.

Тозақ оты болсаң да, бір болайық,

Құшағында қалсам дағы өрттің.


1845 ж.

 

Бұта дір етті …

 

Бұта дір етті, 

Құс қонды келіп. 

Жүрегім дір етті,

Ойладым сені.

Ойладым сені,

Ғашықпын, расым.

Жарық дүниенің

Сен− гауһартасы.

 

Толқиды Дунай

Кетердей тасып.

Жүрегім тулай

Болдым мен ғашық.

O, раушан гүлім,

Ойладың ба әр күн?

Сүймес дәл мендей,

Анаң да бәлкім. 

 

Бір болған күнде

Сүйгенін анық,

Жаз еді…, қазір

аяз тұр қaрып. 

Ұмытсаң мені,

Алла оңдасын.

Ал сүйсең егер,  

Мың мәрте қолдасын!

1846 ж. қараша

 

Ер жігіт бол, еркек бол!

Ер жігіт бол, еркек бол!

Ермек болма тағдырға!

Бұрыштан ап бұрышқа

Қуыршақша лақтырған.

Төбет-тағдыр арсылдар,

Ер-жігіттен қашар тез.

Батыл бол да қарсы тұр,

Қалшылдама, болма ез!

 

Еркек тусаң, еркек бол!

Ерік берме тіліңе!

Tұлпар болсаң шынымен

Шапқан ізден білінер!

Сал, бұз – күші дауылдай

ер жігіттің бойында.

Қамшыңды бас сауырға,

Ісің болса ойыңда.

 

Ер жігіт бол, еркек бол,

Ерулі атың – сенімің.

Егер одан көз жазсаң

Қаның ағар төгіліп.

Өміріңнен мың айны,

Берген серттен айныма!

Адал жолдан адасқан

Жолығар мұң-қайғыға.

 

Еркек тусаң, еркек бол.

Еркіндіктен айырылма

Дүниенің байлығы

қалса дағы, қайырылма!

Арын сатып кейбіреу

алтын тығар қойнына.

Қайыршыдан несі кем –

қамыт киген мойнына?

 

Еркек тусаң, еркек бол!

Күшті, батыр қайратты!

Иілте алмас тағдыр да

Көрсете алсаң айбатты.

Қасқайып тұр, қайсар бол!

Осалды жұрт күлкі етер.

Емен ағаш дауыл соқса,

Иілмес, тек сұлқ етер.

1847 ж.

Жоғарыдағы өлеңдерді арнайы «National Digital History» порталы үшін Мажар тілінен аударған ақын, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты Раушангүл Зақанқызына алғыс айтамыз.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?