Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Арыстардың ақыры. Жаһанша Досмұхамедұлы

1385
Арыстардың ақыры. Жаһанша Досмұхамедұлы  - e-history.kz
Жар сүйгенімен, әке болып, балаға мейірім төге алмаған, ондай бақытты тағдырды майдайына жазбаған Жаһанша Досмұхамедұлы қолдан ұйымдастырылған жазықсыз жаланың құрбаны болды.

Алаш кезеңі – ұлт тарихының бөлінбес, бөлшектелмес бір кезеңі. Патшалық Ресей мен большевиктік билік жүйесінің арасында қалған қазақ халқының тағдырына бей-жай қарамаған, саналы ғұмырын қауіп-қатерге тіге отырып, елін алдыңғы дамыған мемлекеттердің қатарынан көргісі келіп ұмтылған алаш саясаткерлерінің сапында Жаһанша Досмұхамедұлы да бар.

 

abac6c6f1df6aba482c942ad7b5ea86c.jpg

31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде біз осы мақаламызда Алаш ұлт-азаттық күресінің аса көрнекті басшыларының бірі, Алаш Орда ұлттық үкіметінің мүшесі, білікті заңгер Жаһанша Досмұхамедұлының ғұмырының ақырғы сәттерін жазбақпыз. 

1930 жылдың 30 қазанында совет үкіметі жандайшаптарының «1921 жылы Ташкентте М. Тынышбаевпен бірге астыртын ұйым құрды және 30-ншы жылдары Совет үкіметіне қарсы қимыл жасады» деген нақақ жаламен тұтқынға алынған әйгілі қайраткерға 5 жыл жаза кесіледі, артынша 1932 жылы үкімді өзгертіп Ресейдің Воронеж облысына жер аудартады. Осы Ресейдің қара топырақты өлкесінде жоғары оқу орындарында сабақ береді, кейін Мәскеуге өтініп сонда тұрақтайды. Туған бажасы, қазақтың біртуар перзенті Т. Рысқұлов берген пәтерде шығармашылықпен айналысады. Алайда бұл кезде денсаулығы нашарлап, сал ауруына шалдыққан шағы болатын. 

Белгілі алаштанушы Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш» еңбегінде көрсетілгендей, №2370 істің 1-томы 435-а бетінде ОГПУ ҚазССР І бөлімнің бастығы Поповтың қаулы етуімен Ж. Досмұхамедұлының қылмыстық әрекеттері деп былайша көрсетеді: 

«...1) 1921 жылы айыпкерлер М. Тынышбаевпен, Х. Досмұхамедовпен бірге Ташкент қаласында қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымын құрған, ұйымды кеңейтіп, оның бағдарламаларын тарату үшін ұйымға жаңа адамдар тартқан, мысалы 1922 жылы Алматы қаласында айыпкер Біләл Сүлеевті ұйымға тартқан. 

2) Ұйымның жетекші мүшелерінің бірі ретінде Бұқарадағы басмашылардың құрбашы Заки Валидовпен байланыс орнатқан, сондай-ақ 1927 жылы Сарысу ауданындағы Әділевтің бандысымен астасып, Ақмола милициясының бастығы мен тағы бір милиционерді 1923 жылы атып өлтіргені үшін ұсталған бандының бастығы Әділев Байсейітті Қызылордадағы түрмеден босатып жіберуге қатысқан. 

3) Астыртын ұйымның жетекші мүшесі ретінде партия мен совет өкіметінің жер саясатын бұрмалауға бағытталған науқанға белсене қатысты, сондай-ақ 5 партконференция мен Қазақстандағы кеңестің 5-сьезінде жерге орналастыру мәселесінің шешілуіне қысым жасады, астыртын ұйымның бағдарламасының талабы бойынша «Алқа» астыртын үйірмесінің әдеби бағдарламасын жасауға қатысты, яғни: ҚК-нің 58-7, 48-10, 58-11 және 57-3 баптары мен тармақтары бойынша жауапқа тартылсын». 

 

d3f9e602892326500e86828ab690f7bf.jpg

«Осы қаулы маған оқылды, бірақ та қаулыда негізделген материалдар маған толық көрсетілген жоқ. Ж. Досмұхамедов. 25/Х-31» деген жазуды оқу арқылы атақты тұлғаның өз айыптарын мойындамағанын аңғарамыз дейді зерттеуші ғалым. Және бір белгілісі, Дінше Әділовтің лаңына Ж. Досмұхамедұлын араластыруы мүлде дәлелсіз, күндей ашық нәрсе. 1931 жылдары осылай тергеген Жаһанша Досмұхамедовті кейінгі жылы тұтқындап ұстауында да осы айыптауларға қоса, оның Тұрар Рысқұловпен байланысы бар деген желеумен инсульт алғанына қарамай Мәскеудің НКВД қызметкерлері 1938 жылдың қаңтар айында қайтадан қамауға алады. 

Белгілі журналист, алаштанушы Болат Мүрсәлімнің дерегінше, 1938 жылдың 4 маусымындағы тергеу кезінде «Сіздің Октябрь Социалистік революциясына көзқарасыңыз қандай болды?», «37 жылы Бөкейхановпен ең соңғы кездесулеріңізде не айттыңыздар?» және «Халел Досмұхамедовке не дедіңіз?» деген сауалдар қойылады. 

Десе де күллі өмірі күрес пен арпалысқа толы, адам баласына адам жасайтын қорлықтарды көзбен көріп, басынан кешірген Жаһанша НКВД тергеушілеріне қаймықпастан, өткір тіл қатып, әр сұраққа анық, нақты, қысқа жауап берген. Алғашқы сауалға «Менің жеке өзім Октябрь революциясының жауы болдым. Біз Американың Біріккен Штаттарының қоғамдық-саяси құрылысын идеал деп санадық» десе, Әлиханды соңғы көруіне «Бөкейханов менің көңілімді көтерейін деп, әр түрлі күлдіргі әңгімелер ғана айтты» деп айтқан. Ал Халел Досмұхамедұлына қатысты жауабы да «Егер ГПУ бізді тұтқындаған жағдайда, әркім ары қарай не істеу керектігін өзі шешсін дедім» болған. 

 

21fa1077bc0598dcb8d9520471956e24.jpg

Қылышынан қан тамған социалистік советтің қандықол қарақшылары ұлттың ары мен ұяты болған, аймаңдай азамат Жаһаншаны төрт күн тергеп, РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-10, 58-11-баптарымен айыптап, ақыры Жоғарғы сот ату жазасына кеседі. Үкім 1938 жылдың 3 тамызы күні орындалған. 

Жар сүйгенімен, әке болып, балаға мейірім төге алмаған, ондай бақытты тағдырды майдайына жазбаған Жаһаншаһ Досмұхамедұлы қолдан ұйымдастырылған жазықсыз жаланың құрбаны болды. Туған елімен 1956 жылы Жоғарғы сот үкімімен ақталғаннан кейін ғана қауышты. 

Заңғар Кәрімхан

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?