Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Санжар Елемесов: Ақмолалық дивизиялар тарихы қызықтырды

1395
Санжар Елемесов: Ақмолалық дивизиялар тарихы қызықтырды - e-history.kz
Жастар жылы. Қазіргі таңда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің жастарға көп зейін қойып, олардың кемел болашағы үшін көп еңбектенуі жайында біраз сөз қозғаған еді

Осы орайда кез-келген салада жасалып жатқан жұмыстар мен атқарылып жатқан істерде жас мамандардың қажеттілігі айтылып жатыр. Бүгінгі әңгімеде біз ұшқыр ойлы, ізденімпаз жас тарихшы Санжар Елемесовпен тарих туралы сөз қозғаймыз.

– Санжар, қазіргі таңда нақты қандай іспен айналысып отырсыз?

– Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан тарихы кафедрасында жас маман ретінде жұмыс істеп жүрмін. Екі жылдық магистратурадан соң университетіміздің деканы өзіне шақыртып алды. Көп ойланбастан шешім қабылдап, міне осы университетке кеп қалдым. Тарих пәнінен сабақ беріп, болашақ мамандардың білім арттыруға септігімді тигізу менің арманым еді.

– Өзіңіздің ғылыми бағытыңыз туралы айтып берсеңіз.

Студенттік кезден қазірге дейін бір бағытта ұстап жүрмін. Ұлы Отан соғысы туралы дипломдық жұмысымды қорғадым. Магистрлік диссертацияны да осы тақырыпта қорғадым. Әрине Ұлы Отан соғысы өте ауқымды тақырып болғандықтан,     мен соның ішінде нақты «Ақмола дивизиясы» деп алдым. Неге «Ақмола дивизиялары»? Жалпы соғыс кезінде осы Ақмола мен Ташкент қаласы Орта Азиялық әскери округтың орталықтары болды. 1939 жылы Ақмола қаласы облыс орталығына айналды.

Ұлы Отан соғысы басталмай тұрып, қала инфроқұрылымы жақсы денгейде болды. Ақмолада 6 өндіріс орны жұмыс істеді. Жалпы жұмысшылардың саны 1 мыңға жуық, ал халық саны 32 мыңдай болды. 1940 жылы қалада 260 орындық 2 емхана, перзентхана, жедел жәрдем орталығы, орыс колхоз театры секілді басқа да мәдени орталықтар жұмыс атқарды.    Соғыс басталғалы қала әкімшілігі қала тұрғындарын соғысқа алдын-ала дайындауды бастады. Мәселен 16-50 жас аралығындағы қала тұрғындары міндетті әскери дайындықтан өтті. Ақмолалықтар танкка қарсы қорғануды, химиялық қаруға қарсы қорғануды үйренді. Қалада әуе соққысына қарсы орталықтар жұмыс атқарды.

Ұлы Отан соғысы басталмай жатып Ақмола өңірінің тұрғындары табиғат қасіретінен зардап шекті. 1941 жылдың сәуір айында Есіл өзені арнасынан шығып біршама жерді су басты. Оны біз Ақмола қала депутаттарының үкімет алдыңда берген жылдық қаржылай есебінен байқай аламыз. Қала әкімшілігі зардап шеккендерге қаржылай өтемақы (компенсация) төлеген болатын, сол себептен соғыс басталғанда қала бюджетінде қаржының жетіспеушілігі байқалды.

Аталмыш өлкелердің тұрғындары әскери өнерге машықтанып қана қоймай, өлкенің өзі де әскери өнеркәсіпке айнала бастады. Батыс өлкелерінен эвакуацияланған зауыт фабрикалар осы өлкеге ауыстырылды. Соғыс жылдары халықтың жұмыссыздануына, экономикалық күйзеліске ұшыратса да соғыс құралдарын шығаратын зауыт ашылып, халықты қайтадан жұмыспен қамтып отырды.

Ақмола облысынан 32000-ға жуық еңбек әскері жиналды. Шығаратын тауардың көптігінен темір жолы жетілдіріп, облыстың темір жолы қатынасы артып, өткізгіштігі едуір өскен болаты. Паровоз паркі мен темір жолы құрылысы қайта жасақталып, өндіргіштігі еселеп өсті. Сол уақытта Ақмолада бес бірдей дивизия құрылды. Осы тақырыпқа байланысты, көптеген тарихшылар Ұлы Отан соғысы сөзінен Ұлы Отан деген сөзін алып тастау керек дейді. Неге десеңіз, бұрынғы Совет үкіметі елдерінде тек Ресей мен Беларусьтар ғана осы терминді қолданады екен. Біз де солай істеуіміз керек дегендей ой қозғайды.

Негізі Ұлы Отан соғысына қатысты қазіргі қоғамның көзқарасы біршама өзгерді. Көбіне қазақ халқын отар ретінде көрсетеді. Ресейдегі Подальскіден, Петербургтан келген архивтік құжаттарда қазақ халқының көп қырылғаны туралы жазылған. Ал бұрын Совет үкіметі бұндай құжаттарды көрсетпеген еді. Қазіргі таңда осы архивтік материалдардың арқасында тарихшылардың көзқарастары мүлдем басқаша. Осы сияқты Ұлы Отан деген сөзді жоңғарлармен болған соғысқа бергісі келеді. Бұл жерде құптаймын. Себебі біз Отанымыз, жеріміз үшін соғыстық. Ал Совет үкіметі құрамында Қазақстан отар ретінде болды.

Өзіме келген кезде мен жас тарихшы ретінде айтылған әңгімені өрбіткім келмейді. Себебі, бір көзқарас қалыптасу үшін үлкен жұмыстар атқарылу керек. Дәл қазір Ұлы Отан соғысын отар ретінде алатын болсақ, біздің ата-бабаларымыздың ерлігі төмендеп қалады. Бірақ неғұрлым архивтік материалдар табылып, ақиқатты білген сайын меніңде көзқарасым өзгеріп жатыр. Ал енді, өзімнің ғылыми бағытыма келетін болсам, мысалы Ақтөбедегі құрылған дивизияға қатысты қазіргі таңда көше бар. «Ұлттық кавалерлік дивизиясы» көшесі. «105» пен «106» дивизияларының тағдыры өте ауыр болды. Бұл дивизиялар туралы құжаттар енді ғана шыға бастады. Украинаның Харьковында біздің «106» дивизия туралы ақпарат бар» дейді. Себебі, осы «106» дивизия осы Харьков қаласы үшін соғысқан. Дивизия 1940 жылы соғыс басталмай жатып құрыла бастайды. Ең алғаш рет майданға басқа дивизияларға қарағанда ең соңғы аттанған да осы дивизия еді.

Оқи отырыңыздар: ІІ Дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Ақмола

Мен сабақ берген кезде шәкірттерге әрдайым айтып жүремін, Ұлы Отан соғысы кезіндегі өздеріңіздің туған жердегі құрылған дивизияларыңыз туралы айтып беруін сұраймын. Мысалы, Тараз қаласынан келген студенттері қалада құрылған дивизия туралы ақпарат таппайды. Тек Б. Момышұлы секілді жекелеген батырлар ерлігін айтып жатады. Бірақ осы құрамында 9 мың адам бар «105» дивизия туралы мәлімет аз. Өкінішке қарай интернет беттерінде, кітаптарда мәліметтер өте аз.

– Осы тақырыпты жазуға не итермеледі ?

– Шынымды айтсам, бала кезімнен әскери техникаларға қызығып келдім. Өсе келе, сол ойымнан таймай, студенттік кезімде осы тақырыпты таңдадым. Бағыма орай осы Астана мұрағатында менің ғылыми бағытым туралы толыққанды мәліметтер болып шықты. Қазірде менің қолымда дивизия сапында қандай ұлт болды, олардың саны қанша деген толыққанды мәліметтер тұр. Тағы да осы Ақмола өңірінде тұратын тұрғындар майданға қаржылай, немесе киім-кешектермен қамтамасыз етіп тұратын орталықтар болды.

Ақмола, Қарағанды жəне Қостанай облыстарынан әскер қатарына алынған адамдардан бірнеше дивизиялар жасақталған болатын. Ақмола қаласынан әскер қатарына шақыртылған 14722 жауынгер әр түрлі құрамалар қатарында сап құрды. Еліміздің азаттығы мен мамыражай ғұмыры үшін жандарын аямай кезекті ұрысқа баса-көктеп кіріп, елі үшін күреске қатысқан батырламыз еді олар. Солардың жартысынан көбі, яғни, 7 415 жауынгер ерлікпен қаза тапқан болатын.

Соғыс алаңында көрсеткен ерліктері үшін көптеген ақмолалық жауынгерлер мәртебелермен жəне атақ-даңқтармен марапатталды. Атап өтер болсақ, 41 майдангерге ең жоғары марапат – Совет Одағы Батыры мәртебесі берілді, жетеуі «Даңқ» орденінің толықтай иегері атанған болатын. Олардың арасында Совет Одағы Батыры мәртебесіне екі рет ие болған ұшқыш генерал-майор Талғат Бигелдинов, Совет Одағының Батыры, тәуелсіз еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов, Ақан Құрманов, Əлмұхан Сембинов, Виктор Малышев, Юрий Малахов, Алексей Петров, Михайл Сальников, «Халық Қаһарманы», Рейхстаг биігінде жеңіс туын желбіреткендердің бірі Рақымжан Қошқарбаев жəне басқалар да бар.

Сұрапыл  соғыс басталған 1941 жылы шілде айынның жиырмабесінде Ақмолада жасақталған 310-атқыштар дивизиясы сол жылы қыркүйекте Ленинград майданында неміс әскеріне қарсы ұрысқа кірісті. Аталмыш әскери құрамның сарбаздары атақты «Өмір жолын» құрған болатын. Сондағы Ладога көлі бойымен мұз арқылы Ленинград қаласына қарай азық-түлік пен қару-жарақ тасыған сарбаз –жігіттердің жартысынан көбі осы ақмолалықтар еді.

Әскери құрам Новгород, Ленинград жəне Псков облыстарын, Польшаны неміс әскерлерінен азат етіп, жау әскерінің Шығыс Померан, Берлин əскери дивизияларын талқандауға қатысты, Эльбаға дейінгі жерді өздеріне қаратып, жол бойындағы елді мекендерді азат етіп, жау құрсауынан азат етумен болды. Ұрыс кезіде әскери құрамның ержүрек батылдығы құрметіне Мəскеу қаласында алты рет салют атылды. Атақты генерал Сағадат Нұрмағамбетов осы әскери құрам сапында шайқасқан болатын. 

Оқи отырыңыздар: Ақмолада сақталған атты әскер дивизиясы

Ақмола өңірінде  жасақталған атқыштар дивизиялары 1941 жылы қарашада Батыс майдан  сапында соғысқа кірді. 1942 жылы желтоқсан айында Сталинград қаласы іргесінде  қанды  майданда  болды. 1944 жылы Қырым үшін шайқаста Прекопты жау құрсауынан азат еткені үшін ақмолалық дивизияға «Перекоп дивизиясы» деген құрмет берілді. Ал, ақмолалықтардың 29-атқыштар дивизиясы Сталинград қаласы үшін шайқаста ерлігі үшін 72-гвардиялық дивизия болып қайта құрылды. Дивизияның отыз бір сарбазы мен офицеріне ең жоғары мәртебе – Совет Одағының Батыры атағы берілді.

Ақмола өңірінде 106-кавалериялық атты əскер дивизиясы да жасақталды. Осы облыстан соғысқа алынған сарбаздар басқа да әскери құрамдар мен бөлімшелер құрамында болып, барлық майдандарда ерлікпен шайқаса алатын нағыз батыр  сарбаздар ретінде таныла білді. Осыған ұқсас көптеген қызықты фактілерге қызығып, ғылыми бағыт ретінде ары қарай жаза бастадым.

– Қазіргі заманның жастары ата-бабаларымыздың Ұлы Отан соғысына қатысуы туралы көп біле ме және олар білу үшін мұғалім не істей алу керек?

– Жалпы, қазіргі жастар өте ақылды. Мен сабақ беретін оқу орнында өте дарынды балдар оқиды. Бірақ, Ұлы Отан соғысы туралы тапсырмалар бергенде көбісі сол белгілі батырлардың өмірбаяны мен ерліктерін баяндап береді. Бірақ, бізде соғыс жылдары қаншама ерлік танытқан аға-әпкелеріміз болды. Менің бар мақсатым – білім алушылар өздерінің туған жерінен шыққан майдангерлерді біліп өссе деген ниет. Ол үшін қолымнан келгенді істеймін. 

– Ұлттық тархымызды дұрыстап дәріптей алып жүрміз бе?

– Өте орынды сұрақ. Қазір біз Қытайдан көптеген деректер алып жатырмыз. Осы деректердің көбісі көне тілде жазылғаннан кейін, оны зерттей алатын мамандар да аздау. Бірақ үкімет тарапынан жақсы жобалар жасалып жатыр. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары – осы бағытты дамытудағы үлкен серпін беретін күш. Әрине, орындалу жолында біршама кедергілер бар, жоғары да айтып кеткендей тіл мамандары, сосын біздің тарихқа қатысты тарихи жәдігерлерді елге қайтару жұмыстары, өте ауқымды шара. Қуанатын бір нарсе, бұрындары университет табалдырығын алғаш басқанда біздің тарих тобында 7-8 баладан болатын. Ал қазіргі таңда өзім сабақ беремін, тарихқа қызығушылық танытып жүрген жас мамандар өте көп. Өзім сабақ беретін университетте қазақ тобының өзінде 20-25-тей студент оқиды. Ұлт тарихы толыққанды дәріптелуі үшін жастардың өткенін ұмытпау мақсатында істеліп жатқан істер болашағымыздың кемелденуі тұсында дұрыс әрекет деп ойлаймын.

– Рухани келісім мен жетілу жолындағы тарихтың қажеттілігін қазір қоғам қаншалықты сезініп отыр? «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы туралы алып-қосарыңыз қандай? Қоғам үшін оның маңызы неден білінеді?

– Жалпы рухани жаңғыру дегенге келген кезде өзім сабақ беретін орыс және қазақ топтарының студенттеріне екі түрлі дүние айтамын. Орыс тобының студенттері менен күнделікті «Осы бізге рухани жаңғырудың қажеті не?» деген сұрақтар көп қояды. Сонда шәкірттерге «1905-1906 жылы Ш. Қосшығұловты І Мемлекеттік Думада орыс тілін білмегені үшін сөйлетпегені үшін сайланбай қалғанын, қазіргі жағдай мүлде басқаша екенін» айтып жүремін. Бүгінгі тенденция мынадай: орыс тілді студенттердің үлесі жылдан-жылға азайып келе жатыр. Орыс тілді топтың ішіңде де шамамен 10 студенттің 2-3 басқа ұлт, қалғаны қазақтар, ол болашақта барлығы қазақ тілінде болатынын көрсетеді. Осы орайда басқа ұлттарға келешекте қазақ тілін кем дегенде түсінетіндей жағдайды жасап беру керектігін білдіреді. Елбасының соңғы мақаласы өте керемет жазылған. Мысалғы, жылқыны қалай қолға үйрету, оның қазақ үшін маңыздылығы деген сияқты тақырыптарды Президент жақсы көтеріп отыр. Бұған дейін де тарихшылар тарапынан сөз етілген бұл тақырыптар дәл қазіргідей өте актуальды болмаған еді.

– Жас тарихшы мамандарға үкімет немесе университет тарапынан қандай көмектер көрсетіліп жатыр?

– Қазіргі таңда тарихқа көп көңіл бөлініп жатыр. Оны жоғары да айттым. Бізбен бірге тарих факультетін бітірген 7 адам қазіргі таңда осы сала бойынша жұмыс атқарады. Мысалы айтсақ, екі бала университетте сабақ береді, біреуі музей қызметкері, сол сияқты өз бітірген мамандықтарында жүр. Менің байқауымша осы тарихшылардың басқа мамандықтарға қарағанда жұмыспен қамтамасыз ету жақсы сияқты.

– Шетел тарихшыларынан кімді оқисыз?

– Мен өзім студенттік кезімде ағылшын бөлімінде оқыдым. Мұғалімдеріміз көптеген кітаптар оқуға беретін. Шетел тарихшыларының кітаптарын оқып отырып, біздің ата-бабаларымыз көшпенділер туралы мәліметтер аз екенін ұқтым. Қазіргі кезде ағылшын Геллнер Эрнесттің «Нация и национализм» атты кітабын оқып жатырмын. Оған қоса Карл Марсктың «Капитал» кітабын да оқи бастадым.

– Жастар жылы. Жас тарихшының жастар жылына қандай жоспарыңыз бар?

– Әзірге жас маман ретінде алдағы уақытымды осы мамандықпен байланыстырамын. Әрі қарай доктарантураға түсіп, мақсатым – Қазақстанның территориясында өмір сүрген «Сақ қоғамын» зерттеу және осы Сақтарды үлкен алып империя ретінде көрсету. Өзімнің оқушыларыма Ұлы даланың ұлы тарихын дұрыс дәріптеу.

– Сұхбатыңыз үшін рахмет. Ісіңіз жемісті бола берсін.

Сұхбат бойынша қосымша фотосуреттер:

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?