Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Төлеген МҰХАМЕДЖАНОВ: «Шабыт» жас таланттарды шыңдайды

2639
Төлеген МҰХАМЕДЖАНОВ: «Шабыт» жас таланттарды шыңдайды - e-history.kz
Астанада шығармашыл жастардың халықаралық «Шабыт» фестивалі шымылдығын түрді. Жиырма бірінші рет өтіп отырған өнер додасы республикамыздың ғана емес, әлемнің бірнеше елінің таланттарының басын қосты

Композитор, қоғам қайраткері Төлеген Мұхамеджанов ағамыздың қайраткерлігінің арқасында «Шабыт» фестивалі үлкен мега-жобаға айналды. Талантты, өнерлі жастарымыздың қанатын аспанға самғатып, шарықтатты. 1998 жылы тұсауы кесілген өнер жарысы биыл ХХІ мәрте жалауын желбіретіп, шалқар тойын өткізіп жатыр. 20 жыл бойы «Шабыттың» биіктеуі де, шарықтауы да сол өзі қатысқан талантты жастардың өнерімен өлшенді. Өзгеше форматқа ұласып, жаңа идеяларға да қозғау салды. Құрылым өзгергенімен, «Шабыт» атауы сақталды. «Шабыт» фестивалі аясында «Шабыттың» өкіл әкесі» атанған Төлеген ағамызбен сол тарихи жылдарға шегініп, сұхбат өртбіткен едік.

– Төлеген Мұхамеджанұлы, Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалі сіздің идеяңызбен дүниеге келді. Соның арқасында биыл Елорда төрінде ХХІ «Шабыт» фестивалі алауын жақты. Осындай мега-жоба өткізу туралы идея сізге қайдан келді?

– Мен 1998 жылы Елбасының ұсынысымен Астана қаласы әкімінің орынбасары болып сайландым. Маған жүктелген міндет мәдениет саласын көтеру болды. Елбасы жаңа, жас қала Астананың рухани-мәдени орталық болуына баса мән берді. Талантты, өнерлі жастарды бас шаһар төріне тарту керек болды. Ондай талантты жастарды іріктейтін фестиваль не байқау ол уақытта Астанада өткізілмеген. Талантты жастарды іріктейтін байқау өткізу туралы идея туындады. Алматыда жүргенде шығармашылық жастар кеңесінің төрағасы болғам. Шараларды өткізуден аздаған тәжірибем бар-тын.

Кезінде жастардың шығармашылық «Жігер» фестивалі деген болатын. Түрлі сала бойынша өткізілетін республикалық байқау. Өзім осы «Жігердің» 2-3 фестивалін өткізген болатынмын. Сол фестиваль есімде қалыпты. Сондықтан «Жігердің» шеңберінде тіпті одан асып түспесе кем түспейтін фестиваль өткізу туралы ойымды сол уақыттағы қала әкімі Әділбек Жақсыбеков пен Мәдениет министрі Қырымбек Көшербаевқа жеткіздім. Ол кісілер қолдап, ұсынысты Елбасыға хат арқылы жолдады. Елбасы бұл фестивалді тек қана қолдаған жоқ, ол кісі өзінің қамқорлығына алды.

1998 жылдың қазан айында Астана қаласындағы Конгресс-Холда «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалі алғаш рет жалауын көтерді. Фестивалдің алғашқы шымылдығын Елбасының өзі ашып берді. Содан менің басшылығымен бұл фестиваль 7 жыл қатарынан өткізілді. Осы жеті жылдың ішінде шараның ашылуында Президенттің жолдау хаты міндетті түрде оқылды. Онда талантты жастарға жасалып жатқан қамқорлық, мәдениет саласында жеткен жетістіктер сөз болды.  

«Шабыт» фестивалі арқылы мәдениет саласына үлкен серпіліс, сең қозғалыс болды ма? Сол жеңімпаз атанған өнерпаздардың Астана қаласының дамуына сіңірген еңбегі қандай?

– Әрине фестивальдің Астана қаласының мәдениеті мен руханиятына үлкен серпіліс әкелгені анық. «Шабыт» фестивалінен лауреат атанған жастары Астананың мәдени ортасының қалыптасуына өз үлестерін қосты. Мен бір-ақ адамды айтып өтейін: ол – Тұрсынбек Қабатов. Оны білмейтін қазақ жоқ. Сонау Оралдан келіп «Шабытқа» қатысып, өзінің өнерін көрсеткеннен кейін біз оны Астанаға шақырып, жұмысқа алып, талантын аша түсуге ықпал еттік. Осындай Тұрсынбек сияқты жүздеген өнерлі жастарды «Шабыт» сахнасынан ұшырдық. Көптеген талантты жастарымыз бар. Әншілер Нұрғали Тұрлыбеков, «Формат» тобының мүшесі Қайрат Баекенов, Аша Матай, суретші Қазбек Әжібеков, ақындар да көп, әрине олардың барлығы да өнер саласында өзінің биік тұғырын алды. Сіздің әріптесіңіз Айгүл Мүкейді де бұл қатарға қосыңыз.

Фотосурет Төлеген Мұхамеджановтың жеке мұрағатынан, алғашқы «Шабыт» фестивалінің ашылу салтанатынан.

– Сіз басшылық еткен уақыттағы «Шабыт» пен қазіргі «Шабыттың» ерекшелігі жайында айтып өтсеңіз.

– Менің өмірімде «Шабыттың» орны ерекше. Бұл жай ғана байқау емес, фестиваль. Шығармашыл талантты, өнерлі жастардың бір-бірімен танысуы. Неге кезінде батыс Еуропа мәдениеті дамып алға шықты? «Қайта оралу» кезеңі. Өйткені ол уақытта шығармашылықта бір-бірімен қарым-қатынас болды. Бір-бірінің өнерін бағалау, қолпаштау сезілді. Сондықтан олар мәдени-рухани құндылықты дамытты. Жоғарыда айтқандай қарым-қатынасты орнату үшін бізге фестиваль, байқаулар керек. Ең басты ерекшелігі, бірінші фестивалді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өзі ашты. Одан кейін бірнеше жыл бойы Елбасының құттықтау сөзі міндетті түрде оқылатын болды. Ең басымдық берілген ерекшеліктер деп номинациялар жайында айтсақ болады.

Алғашқы жылы ұйымдастырлған фестивалде номинациялар саны көп болды. Өнердің әр түрлі саласы бойынша би, классикалық және халық музыкасы, эстрада, шығармашылық, журналистика, театр, цирк аталымдары бойынша үздіктерді анықтадық. Фестивалдің бастамасы жақсы басталды. Биыл 5 номинация бойынша сынға түсіп жатыр. Оның ішінде жекелей аталымдары да бар. Сол бес түрлі саланың бағыттарының жастары бір-бірімен танысып, бір-бірінің өнерін көріп, сол арқылы өздерінің кім екендіктерін байқайды. Деңгейін бағамдап өлшейді. Әріптестік байланыс орнататын болады. Композитормен суретші не болмаса ақын мен әнші, суретші мен музыкант дегендей. Фестивальдің 21 жылдан бері ұзақ жасап келе жатқандығы қатысушылар сабақтастығында жатыр деп білемін.

Қазір сол алғашқы «Шабыт» фестивалінде өнер көрсеткен жастар қазір 40-тан асты, кейбірі 50-ге кеп қалды. Кейбірі бүгін қазылар алқасының құрамында отыр. «Шабыт» ұрпақтан-ұрпаққа берілетін эстафетаның символы деуге болады. Мәдениет саласына үлкен серпіліс әкелген мега-жоба десек те артық айтқандық емес.

– Биыл «Шабыт» фестивалінің бағдарламасында «Үздік әдеби шығарма» аталымы енгізілмей қалды. Жылда ақындар мен жазушылардың фестиваль аясында жиналып, қауқылдасып, әдеби кездесуге қарық болатынын білеміз. Неге бұлай болды екен?

– Фестиваль жалпы жылда бір сала да өткізіле бермейді. Ол ауысып тұрады. Сондықтан бұған кешіріммен қараған дұрыс. Келесі жылғы фестивалде бұл номинация өз иесін табуы мүмкін. «Шабыттың» 2004 жылы өткен фестивалі ерекшеліктерге толы болды. Онда 15 номинация болды. 80-ге жуық әділ-қазы алқаларының мүшелері болды. Ол жылы 1500-нан астам өнерпаз қатысты. Меніңше номинациясының неғұрлым көп болғаны жақсы да, бірақ оның барлығы қаржыға келіп тіреледі. Мысалы Ресейде жылда  Халықаралық шығармашылық форум дегенді өткізеді. Оған 30-40 мыңға жуық адам қатысады. Бұл халықаралық шараға мен өзім 3 рет барып қатыстым. Шараның ашылу салтанатына Путин өзі қатысады. Әлемнің барлық елдерінен қатысушылар келеді. Бұл мәдениеттің дамуына үлкен серпіліс береді.

– Жыл сайын номинация саны өзгеріп отырады дедіңіз. Биыл араға алты жыл салып, журналистика қатарға қосылып жатыр. Біз бұған журналист ретінде қуанып жатырмыз. Алғашқы жылы да журналистика аталымы бойынша жүйріктерді анықтадыңыздар ма?

– Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кімнің кім болғанын білеміз ғой. Сіздерсіз жалпы пікір тудыру, біреудің атын шығаруда мүмкін емес. Сіздердің  араларыңызда да осындай байқау болғаны бір ерекшелік, жақсылық белгісі. Және алғашқы жылы да журналистер арасында 1998 жылы байқау болды. Өздеріңіздің әріптестеріңіз белгілі тележурналист, қайраткер Айгүл Мүкей «Шабыттың» лауреаты атанған.

Бұл фестивальдің ең басты маңызы – жастардың бір-бірімен байланыс орнатуы. Журналистер өзінің замандастарының қай деңгейде жүргенін байқайды. Композиторлар әншілермен танысады. Әншілер ақындармен танысады. Шығармашылық тәжірибе алмасу сатысынан өтеді.

Астана қаласының қалыптасу жылдарының басы-қасында сіздің есіміңіз айтылады. Әсіресе мәдениет саласындағы жетістіктерді сөз еткенде. Әмбесінде біраз уақыт Астана қаласы әкімнің орынбасары болдыңыз. Сіз келгендегі Астана қаласының мәдени дамуы қандай дәрежеде еді?

– Сол уақытта Астана қаласында ешқандай шығармашылық ұжым болған жоқ. Облыстық филармония болды. Бірақ шағын ғана ұжым еді. Астана қаласының мәдени жандануын нөлден бастадық.

Алғашқы қазақ ұлттық ұлт-аспаптар оркестрін жасадық. Содан кейін симфониялық, үрмелі аспаптар оркестрлері мен хор, би коллективтерін құрдық. Оның бәрі де жеңіл болған жоқ. Алғашқы құрылған шығармашылық ұжымдардың дайындық өткізетін алаңдары, тіпті  ғимараттары да болған жоқ. Соның бәрін біртіндеп шештік.

Бірнеше жылдан кейін опера және балет театры ұжымдарын дүниеге әкелдік. «Жас қанатты» сөніп жатқан жерінен шырағын қайта жақтық. Елораданың мәдени деңгейі осылай көтерілді.

«Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің талантты жастары сол творчестволық ұжымдарға қосылып, еңбек етті. Әрине, бұл игі бастамалардың басы-қасында Әділбек Ырыскелдіұлы басқарған әкімдік ұжымының еңбегі зор болды. Ол кісі менің барлық идеямды қолынан қаққан жоқ. Шаһардың рухани және мәдени өміріне тың серпін беретін жобалардың барлығына қолдау білдірді.

– «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің қатысушыларына айтар ағалық тілегіңіз.

– Ең біріншіден «Шабыт» фестивалі жастардың ынталануына үлкен мүмкіндік береді. «Шабыт» фестиваліне өтінім ешқашан тоқтамасын. Жүз жылдығын тойланып өтуге жазсын. «Шабыт» арқылы бір буыннан бір буынға жас таланттарымыз өсе берсін!

– Сұхбатыңызға рахмет, аға!  

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?