Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Нотариалды куәландыру

2726
Нотариалды куәландыру - e-history.kz
1997 жылы «Нотариат туралы» Заң қабылданды. Тәуелсіз Қазақстанның заң тәжірибесінде алғаш рет «жеке нотариат», «нотариалдық палата» сияқты ұғымдар анықталды, бұның бәрі жаңалық болатын

Тарихи тұрғыдан алғанда нотариат бірнеше ғасыр «өмір сүріп» келеді. «Нотариус» термині латын тілінің «белгі» сөзінен шыққан. Нотариаттың шығуы экономикалық қатынастардың дамуымен және жеке меншіктің құқықтық қатынастарын реттеу қажеттілігіне байланысты болды. Қазақстанның Ресей империясының құрамына кіруіне байланысты қарапайым-құқықтық заңдар жинағы мен билер сотынан азаматтық қолданыста туындаған құқықтық қатынастарды басқару мен реттеудің жаңа жүйесіне көшу орын алды.

Ақпан революциясынан кейін және Кеңес үкіметі орнаған соң 1921 жылы нотариаттық столдар жойылып, нотариаттың қызметтері мемқұрылымдарға берілді, алайда олардың бұл жұмысты орындауға шамалары келмеді, сондықтан 1923 жылы «Мемлекеттік нотариат туралы» Ереже қабылданды.

Нотариат бүгінгі күні де белсенді сұранысқа ие. КСРО ыдыраған соң қазақстандық құқықтық базаның қалыптасуы басталды. 1994 жылғы 12 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентінің «Құқықтық реформалардың мемлекеттік бағдарламасы туралы» Қаулысы қабылданды, онда нотариатты дамыту мен жеке нотариустар институтын енгізу қарастырылды. 1997 жылғы 14 шілдеде ҚР «Нотариат туралы» Заңы қабылданып, ол Қазақстандағы нотариустардың құқықтық мәртебесін өзгертті. Қазақстан Республикасы Президентінің Мұрағаты директорының орынбасары Жәмилә Әбдіқадырова «NDH» порталына осы заңның шығу тарихы туралы әңгімелеп берді.

- Жәмилә Үсіпжанқызы, сәлеметсіз бе! Биыл Қазақстан нотариаттың жиырма жылдығын тойлайды. Қазақстан Республикасы Президентінің Мұрағаты қандай қызықты құжаттармен бөлісе алады?

- Былтыр біз Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өттік. 1991 жылдан бастап Қазақстанда құқықтық реформалар жүргізілді, оның ішінде құқықтық, атап айтқанда қазіргі Қазақстанның заңдық нормативтік базасы жетілдірілді.

Қазақстан Республикасы Президентінің Мұрағаты тәуелсіз Қазақстанның тарихи кезеңінің құжаттарын, яғни заңдарды, Президент Жарлықтарын сақтайды. Биыл, 14 шілдеде, «Нотариат туралы» Заңға 20 жыл толды. Нотариаттың мәртебесін құқықтық бекітудің қажеттілігі туралы мәселе алғаш рет 1994 жылы, Қазақстан Республикасындағы құқықтық реформа бойынша мемлекеттік бағдарламасы талқыланған кезде көтерілді. Құқық қорғау органдарына, адвокатураға, нотариатқа қатысты барлық сұрақтар 1994 жылдан бастап мемлекеттік бағдарламаларды дамытудың негізгі бағыттары ретінде анықталған болатын. 1997 жылы «Нотариат туралы» Заң қабылданды. Тәуелсіз Қазақстанның заң тәжірибесінде алғаш рет «жеке нотариат», «нотариалдық палата» сияқты ұғымдар анықталды, бұның бәрі жаңалық болатын. Көріп отырғанымыздай, бұл реформалар дер кезінде енгізілді, тіпті кей жерде әлеуметтік-экономикалық үрдістерді басып оза отырса да, қазір бәрі жұмыс істейді, бұның бәрі заңнамамен бекітілген болатын. Бірақ құқықтық реформа мұнымен тоқтап қалған жоқ, құқықтық база жетілдірілуде. Заңға бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Қолданыстағы тәжірибе де қамтылады, және бұл заң бүгін де күшіне ие. Нотариустарда түрлі азаматтық-құқықтық мәмілелер түрі барын бәріміз білеміз. 1997 жылы қолданысқа енгізілген Заң 20 жыл ішінде өзінің маңыздылығы мен уақыттылығын көрсетті деп айта аламыз.

- Заң жобасы қабылданғанға дейін белгілі бір рәсімдерден өтеді: әзірлеу, талқылау, түзету. Заң жобасын талқылауға жұмыс тобы, қоғамдық бірлестіктер қатысады. Қазақстан Республикасы Президентінің Мұрағаты қорларында осындай материалдар бар ма?

- Иә. Құжаттарда Президент заңдары көрсетілген. Талқылау, түрлі мағлұматтар бойынша осындай құжаттар бар, әлемдік тәжірибені есепке алу бойынша материалдар жинақталған, жетекші заңгерлер де өз пікірлерін білдірген. Заңды қабылдағанға дейін бірнеше рет өңдеу үрдісі жүрді. 1994 жылы бекітілген құқықтық реформалардың мемлекеттік бағдарламасында осылардың бәрі айқындалды. Бұның бәрі жинақталып, зерделеніп, қолданыстағы заңға енгізілді. «Нотариат туралы» Заңға қатысты құжаттар ғана емес, сонымен қатар Үкіметте де, Президент Әкімшілігінде де талқыланған осының алдындағы құжаттар есепке алынды.

- Кәдімгі түсінігімізде, нотариат, мемлекеттіктен гөрі, жекеше құрылым. Кеңес Одағы кезінде ескі заңнама бойынша бұл мемлекеттік ұйым болатын. Заңды қабылдаған сәтке дейін нотариат қандай да бір ұйымдастыру құрылымына ие болды ма? Қандай да бір қоғамдық ұйымдар болды ма? Олар осы заңнаманы әзірлеуге қатысты ма?

- Дәл сол кезде жеке қоғамдық ұйымдар болған жоқ. Азаматтық-құқықтық кодекске сәйкес бір мемлекеттік нотариалдық палата болды, нотариус арқылы кейбір мәмілелер өтпейтін.

- Осы заңмен нотариатты ұйымдастыру қандай да бір түрде реттелді ме?

- Заңда нотариалдық палата бойынша ережелер жазылып көрсетілді. Ол жеке практикамен айналысатын нотариустардың құқықтары мен заңды мүдделерін білдіру және қорғау үшін, сондай-ақ нотариаттық іс-әрекеттер жасау кезінде нотариат туралы заңдардың орындалуына бақылау жасау үшін құрылатын коммерциялық емес, кәсіптік, өзін-өзі қаржыландыратын ұйым болып табылады. Нотариалдық палаталардың іс-әрекеттері осы Заңмен реттелді. Әр нотариалдық палатада өзінің жарғысы, әр облыста, республикалық маңызы бар қалаларда аумақтық бөлінісі болуы керек болды.

Сонымен қатар олардың республикалық маңыздағы одақтарға біріге алатындығы көрсетілді.

- Заң неге 1997 жылы қабылданды? Ол кезде тәуелсіздік алғанымызға алты жыл өткен еді ғой. Заңның толыққанды пісіп-жетілген, сапалы болуы үшін осы уақыт жеткілікті болды ма? Әлде, керісінше, Заң өзгерістерге ұшырап,, уақыт талабына сәйкес, қандай да бір қосымша түзетулер енгізілді ме?

- Әрине, алты жыл, Қазақстан үшін үлкен тәжірибе болатын. Алғаш рет жекеше нотариус институты туындады. Бұдан бұрын 1974 жылы қабылданған «Мемлекеттік нотариат туралы» Заңына ешбір ережелер болмаған еді. Бәрі уақыт талабына сай: нотариустардың жеке тәжірибелерінен, заңнама ережелерінен келіп туындады. Бәрі де тәжірибемен келді, және осы жиырма жыл ішінде заңға бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ол толықтай қайта жасалған жоқ, алайда біршама маңызды өзгерістер енгізілді. Қандай да бір жаңа ережелер, жаңа заңдар бар болатын, және олардың бәрі сәйкесінше осы Заңда болды.

- Рахмет. Сізден мұрағаттық жаңалықтарды күтетін боламыз.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?