Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Құндызай Ерімбетова: Панкратованың пайым-парасатын тарих пен халық ұмытпайды

1813
Құндызай Ерімбетова: Панкратованың пайым-парасатын тарих пен халық ұмытпайды - e-history.kz
Кеңестік заман тарихшысы, қоғам қайраткері, үлкен парасат иесі Анна Панкратованың есімі қазақтың ұлттық тарихында өшпестей болып таңбаланды

Атақты ғалымның өмірін зерттеген, тарих ғылымдарының кандидаты, ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Құндызай Ерімбетовамен болған сұхбатты ұсынамыз.

– Көрнекті совет тарихшысы, қайраткер ғалым, академик Анна Панкратованың тұтас өмірі мен шығармашылығы, қоғамдық қызметтері жайында айтып, бір сұхбатқа сыйдыра алмаспыз. Десе де әңгімеміздің әлқиссасын ғалым туралы қысқаша тұжырыммен айтып шықсаңыз.

– Замана өзгеріске ұшырағанмен ұлттық сана дамуының сабақтастығы үзілген емес. Қазақи тарихи санадағы дәл осындай эволюциялық даму талпыныстары ғана тарихи танымды қалыптастырды. Ол өз кезегінде тарихи жадыны түзіп, өткеннің өзегін болашақпен жалғастырып отырды.

Ресей патшалығы мен кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихы – жалпы тарихтың бөлінбес бөлшегі. Орталықтан ұйымдастырылған науқаншылдық, қандай да болсын бұйрықтың міндетті түрде орындалуының салдары халықты қуғын-сүргінге түсіру, тұтқындау мен ату арқылы жазалаудың небір құйтырқы тәсілдеріне жол ашты. Жеке өзіндік пікір айту, өзіңді-өзің желкеңді үзумен тең қалыпқа айналды.

Анна Панкратованың жастық шағы Ресей империясының дағдарысы мен мемлекеттік төңкеріс кезеңіне тура келгендіктен болу керек, оның өмірі де, шығармашылығы да бірде бұлыңғыр, енді бірде сәулелі, енді бірде өкінішке толы, келесі қырында қуаныш ұялатады.

Анна Панкратованың әкесі – Михайл, Калуга губерниясының шаруа отбасынан шыққан, әскери қызметін өтеуші болған. Одесса қаласының Южный көшесіндегі 7-ші үйде Панкратовтар отбасы тұратын. Әкесі орыс-жапон соғысында алған жарақаты салдарынан 1909 жылы (кейбір деректерде 1910 немесе 1906 жыл деп жазылған) дүние салады. Анна отбасындағы төрт баланың үлкені болатын. Анасы қыс айларында жауынгерлердің ішкі киіміне тапсырыс алып тігетін. Жаз айларында Куяльницк көлтабанындағы батпақпен емдеу емханасында шипалы саз ваннасын тазалады. Күн көріс үшін қолдан келген жұмыстың барлығына араласты. Одесса фабрикасында табысы мардымсыз болса да шамдалға білте жасауға тапсырыс алатын. Осылайша, он жасар Анна анасымен бірге еңбекке араласады. Одесса – оның дүниеге келген, алғашқы білім алған, қоғамдық және революциялық күреске белсенді араласқан жері.

Бұл мезгілдегі Аннаның бірбеткейлігі, халықтың жарқын өмірді аңсауына деген үміті бала жасынан қалыптасты десек болады. Өзі үшін емес, өзгенің бақыты үшін. Ресейде революцияны ұйымдастыру және оны жүзеге асыруда әйелдер қауымы кеңінен қатыстырылды. Төңкеріске тартудың жолдарының бірі – әйел теңсіздігі мәселесінің алға тартылуы болатын. Қазан төңкерісінен кейін Ресей мен ұлт аймақтарында әйелдерді белгілі мамандыққа бейімдеу, орналастыру, ғылыми-зерттеу мекемелеріне тарту шаралары жүргізілді. Мұндай шаралар әсіресе, бұрынғы жүйеленген оқу-ағарту, ғылыми мекемелерде қызмет атқаратын ауқатты-дворян отбасыларынан шыққан қыз-келіншектерді үстем тап өкілдері ретінде қудалау науқанынан басталды.

Аннаның да өмірбаянында ата-анасы туралы айтылмауы, әкесінен бірде тоғыз, енді бірде он жасында айырылғаны, кедей отбасында әке қамқорлығынсыз өскені жөнінде мәлімет бар. Мәселен, А. Музычко зерделеуінде «Одесса тарихи-өлкетану музейі Хабаршысында» тарихшы С.Я. Боровой кеңес кезеңінде-ақ А. Панкратованың эсер екенін білетіндігі жөнінде естелік қалдырғанын, жеке куәлігіне (метрике) сай, оның әкесі - Одесса мещанині (ұсақ буржуаға жататын адам), әскердің қатардағы жауынгері Михаил Федорович Панкратов пен Елисавета Никифоровнаның Аннаны Петровск шіркеуінде шоқындырылғаны, Градоначальницкая, 16 көшесіндегі 16-шы пәтерде тұрғаны айғақталады. Бұл бойынша оның туған күні 28 қаңтар 1895 жыл. Оның туған күні басқа өмірбаян мәліметтерінде 9 ақпан 1897 жыл. Ал, монографияға ғалымның өзі толтырған жеке іс-қағаз бойынша түсірілді. Соңғы кезеңге дейін 1917-1918 жылдардағы Аннаның социалист-революционерлер қатарында болған кезеңі бұлыңғырлау болғанмен, серіктестерінің естеліктері арқылы «1919 жылға дейін ешқандай партияда болған жоқ» деген тұжырымның дұрыс еместігі айқындалды. Оған қоса, туған жылы мен күні, шығу тегіне қатысты әртүрлі мәліметтердің болуы. Ол жөнінде ғалымның жеке мұрағат қорынан құжаттар ғылыми айналымға енгізілді. Оның бәрін сүзгіден өткізіп, мүмкіндігінше ақиқатына жақындату біраз еңбектенуді қажет етті. Ғалымның жеке басына қатысты мәліметтерді саяси науқанның қатал өтінде, кадрларды таптық тұрғыда іріктеу орын алғандықтан, оның мансаптық-партиялық мақсатта өзгерткен болуы керек деген топшылау ақиқатқа жақынырақ. Алайда, бүгінгі ұрпақ үшін маңыздысы ғалымның болмыс-бітімі, адами құндылығы болса керек.

Алайда, 1917 жылы Анна социалистік төңкерісті демократия орнату жолындағы  бірден-бір алғышарт ретінде ұғынса, 1920 жылдың соңында-ақ өзінің тіпті де «аңғал» түсінікте болғанын жасырмайды. Кейін жолдастарының біріне былайша хат жазғаны бар: «...революцияның жоғары идеал үшін күрес қана емес, теңіздей шашылатын қан мен ылас дүние екенін білгенімде, мүлде басқа жолды таңдаған болар едім». Өзінің 1921 жылдың 28 желтоқсанында жазылған, балалық шағынан сырлас досы В. Домбровскийге  жолдаған хатына сүйенсек: «1914 жылдан бастап революциялық қозғалыс теориясы және оның тәжірибесімен танысқан, Одесса қаласында социалист-революционерлер партиясы ықпалындағы студенттердің революциялық ұйымына кірген. «Аңғырт гимназистка қуана-қуана» революция қозғалысына құлшына кіріскен». Бұл жерде өзіндік халықшылдық ниетін бекітті. 1917 жылы Одесса қаласында социалист-революционерлер партиясына өтіп, ондағы интернационалистер тобына ереді. Осы кезеңде Одесса жұмысшы депутаттар Кеңесі, шаруалар Кеңесі мен жер комитеттерін ұйымдастыру, ауылдық жерлердегі мәдени-ағартушылық жұмыстарына араласуына байланысты, қоғамдық жұмысқа түпкілікті бет бұрады. Ресей тарихшысы, археолог, КСРО ҒА академигі С. Б. Веселовский 1917 жылдың Ақпан төңкерісінен кейін, 7 мамыр күні күнделік-жазбасында Ресейдегі тарихи оқиғаларға қатысты өзінің көзқарасын былай білдірген екен: «...қазіргі ұлы төңкеріс деп дүрлігіп жүргені, екінші рет болып отыр. Қаншама күш. Түпкі мәніне келсек, революция да емес және саяси өзгеріс те емес, бұл құлдырау, мемлекеттік және әлеуметтік ыдырау». Ендеше, төңкерістің не екенін алдыңғы буын өкілдері дер кезінде-ақ түсінді. Мағжан да: «...төңкерістің өзінің қазақ даласына күнгей бетінен емес, теріскей бетінен, соңынан емес, солынан кіруі алақандағы нәрсе ғой, мұны бүркеп қоюға болмас» дегендей сыпайы түрде жеткізген еді ғой. Алайда, «қазақтың мың жылдық тарихының елтірі тұмағының иісі шықпауы мүмкін еместігін де» ескертті. Ескертті. Және бүгінгі күні дәйектеліп отыр. Сол иіс арқылы тәуелсіздікке қол жеткізілді.

– Анна Панкратованың тарихи танымы қалай қалыптасты? Оның ғалым болуына туған жеріндегі тарихи оқиғалар әсер етті ме?

– Анна Панкратова пролетариат диктатурасының негізі жұмысшы табын зерделегенде, олардың жай-күйін, әлеуметтік әлсіз тұстарына мән береді және олардың өмір сүру әлеуетін көтеруге қатысты түрлі қоғамдық-партиялық, ғылыми жиындарда ойларын ортаға салып отырды. Қоғамдық қызметтермен қатар, «Жұмысшы табының қалыптасуы және оның күресі»  зерттеу тақырыбындағы іргелі зерттеу мәселесін қозғады (1920 жылдың аяғы мен 1940 жылдың бірінші жартысы), оны зерделеу әдістерін жасауға қатысу, зерттеу орталықтарын құру, 30-шы жылдардағы төңкерістік қозғалыстарды зерттеудің ғылыми мектебін  қалыптастыруды қоса алып жүрді.

Аннаның ерекше қасиеттерінің бірі – қолға алған ісіне адалдығы және жауапкершілігі. Бұл – қазіргі жас ұрпақ бойына қажет дүние.

Анна Панкратованың бір қателігі болса, өскелең ұрпақты коммунистік партия міндеттерін жүзеге асыру арқылы тәрбиелеуге атсалысқанында. Партияның ісін, халықтың ісі ретінде шынайы қабылдауы. Және сол жолда келеңсіздіктермен күресуі. Бұл қателіктің салмағы қанша? Кеңестік кезеңде қоғамдық-мемлекеттік жұмыстардың құлағын ұстаған зиялылардың барлығы осы шекпен астында болмап па еді?

Анна Панкратованың ғылымға араласуы Кеңестік дәуірдегі ең қиын мезгілі – мемлекеттік билік үшін күрестің тайталас 1927-1934 жылдар аралығына сәйкес келген болатын.

Кеңестік дәуірдің өтпелі кезеңінде өрлік танытып, ғылыми ортада әділ көзқарасын бүкпесіз жайып салатын ғалым туралы не білеміз? Оның бойындағы құндылықтар қалай қалыптасты? «Қазақ тарихының» авторлық ұжымында ғылыми үйлестірушілік қабілетімен көзге түскен, ғалымның тағдыр-тарихын қаншалықты білеміз? Кітапта осы сұрақтарға жауап беруге талпыныс жасадым. Тарихи үрдістерді ұғыну және жадымызда сақтау –парыз. Анна Панкратованың Қазақстанға келген кезеңі, тағдырдың талай асуынан өтіп, ғылыми тәжірибе жинақтаған уақыт болатын. Ол КСРО ауқымында ғана емес, дүниежүзі тарихшыларының қауымдастығы арасында белгілі тұлғаға айналды. Оны шын ықыластарымен қабылдады. Хат арқылы ақыл-кеңестер сұрады. Оның бір парасы ғылыми айналымға қосылды. Көптің көзайымына айналған кеңес тарихшысы, ғылымды және қоғамдық жұмыстарды қоса алып жүрді. 

– Панкратованың қазақ халқының тарихын зерттеу мен зерттеуді ұйымдастырудағы қайраткерлік қызметін халық ұмытпайды. Соғыс жылдары эвакуацияланған кезеңдегі тарих ғылымының жай-күйі және Панкратова жағдайы қандай болды?

– 1941 жылы КСРО Ғылым академиясының Алматыдағы Қазақ филиалы құрамында Тіл, әдебиет және тарих институты құрылды. Оның өмірге келуіне Н.Т. Сауранбаев (институттың бірінші директоры), Ә.Х. Марғұлан, С. Аманжолов сияқты ғалымдар ат салысқан болатын. Ұлы Отан соғысы басталғанда Анна Михайлқызы Мәскеуде болатын. БК(б)П ОК және КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің 1941 жылдың 24 маусымындағы Қаулысымен, КСРО ХКК жанынан Эвакуация бойынша Кеңес  құрылады. Соғыстың алғашқы күнінен Анна Панкратова институттың директор орынбасары ретінде ұйымдастыру жұмыстарына белсене қатысты. Оның қадағалауымен және жеке қатысуымен штаттық кесте құрамы қысқартылып, іс-шара жоспарларына жаңа өзекті мәселелер енгізілді.

Отан тағдыры және оған төнген қауіп жөнінде В. И. Пичета, Зденек Неедлы, А. М. Панкратова, Е. В. Тарле, Н. М. Дружинин, Е. Н. Городецкий, Л. М. Зак халық алдында сөз сөйлеп, баяндамалар жасап үлестерін қосты. 1941 жылдың 1 қыркүйегінде «Сталинский призыв» газетінің тұңғыш нөмірі жарық көрді. Осы нөмірде «Мәскеу ғалымдарынан жалынды сәлем!» тақырыбында КСРО Ғылым академиясының крреспондент-мүшесі Анна Панкратованың бас мақаласы жарияланды. Н.М. Дружининнің А.М. Панкратова туралы естелігінде былайша жазған: «...Анна Калужская, 19 МПВО тобына жетекшілік ете отырып, Мәскеуді қорғауға белсенді қатынасты. Қорғаныстық мәні бар ауқымды ғылыми жұмыс жасады, Орталық комитеттің тапсырмасымен майданда баяндамалар оқыды». Анна Мәскеуден кеткісі келмеді. Дегенмен, қазан айының ортасында майдан шегінің Мәскеуге жақындауына орай, КСРО Тарих институты Алматыға эвакуацияланды. Бұл уақытта Аннаға директор міндетін атқарушы лауазымы жүктелді. 1941 жылдың 20-шы қарашасында Тарих институтының жұмысы қайта қалпына келеді, Мәскеу ғалымдары Қазақстандағы ғалымдармен жақынырақ танысып, белсенділік көрсете бастады. Әсіресе, Қазақ университеті жанынан тарих факультетінің ашылуына қатысты. 1941 жылдың қараша айында С.В. Бахрушинге жазған Аннаның хатында, Халық ағарту комиссариаты мен партияның Орталық Комитеті академиялық қызметкерлерден лекторлар құрамын құратынын және тұрғындар үшін, партия және кеңес белсенділеріне  циклдық лекциялар жүргізетінін жазған.

Осылайша, соғыс жағдайында КСРО Ғылым академиясы құрамындағы ғылыми-зерттеу институттарының мамандарын Қазан, Свердловск, Ташкент, Алматы қалаларына эвакуация жасау туралы шешім қабылданады. Осы тұста Мұхамеджан Әбдіқалықов Оқу-ағарту халық комиссариатын, оған қоса бірнеше ай Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметін қоса атқаруына байланысты, эвакуацияланғандарды қабылдау, оларды орналастыру жұмыстарына  жауапты болатын.

1941 жылы 10 қарашада КСРО ҒА Қазақ филиалының Президиумы төрағасының орынбасары Қаныш Имантайұлы Сәтпаев Қазақ КСР Халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары А. Қойшығұловқа арнайы хат жазады: <…> Алматыға келгендер ішінде Тарих институтының жетекшісі, Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі А.М. Панкратова Мәскеуден өзінің қызметкерлерінен институтты Ташкентке көшіретіні жөнінде телеграфтық хабарлама-хат алды. Ғылым академиясының  Қазақ филиалы Қазақстандағы білікті тарихшы мамандардың салыстырмалы түрде аздығына орай, оларды Алматы қаласында қалдыруыңызды өтінеді. Ең болмаса осы институттың ғылыми қызметкерлерінің жетекші тобының 6-7 адамы, академик Греков, ҒА корр.-мүшесі А.М. Панкратова Ғылым академиясының филиалы ретінде бізге көмек қолын созар еді <…>. Біздің ойымызша, қазақ тарихының академиялық нұсқасының жазылуына осы хаттың тарихи маңызы ұлан-ғайыр. Оған қоса, 1941 жылдың қараша айында ғалымдар тобына академик Н.М. Дружининмен келген ғалымдар қосылады.

Осы мезгіл жөнінде Н.М. Дружинин естелігінде былайша береді: «Қазақтардың туған отанына деген шексіз сүйіспеншілігі, олардың өткен тарихи кезеңдеріне  қызығушылығы, сол сияқты оның жарқын болашағы үшін табанды күресі, мені ерекше толқытты. Адамдардың жүздерінен табиғаттың ұлылығы мен ерекше байлығы сезілгендей, қызықты сезім. Блокаданың азапты айларын басынан кешірген Ленинградтық ғалымдардың бірі, Алматы қаласына келгендегі алғашқы әсерін маған былайша жеткізген болатын: «Мен вагоннан шыққанда, қаланың құшағына сыйып тұрған, алдымдағы бұлтсыз-ашық, көгілдір аспанды, Алатаудың биік қарлы шыңдарын, сәнді көгалды көрдім. Мен өлі денеге жан біткендей сезімді бастан кештім».

Алматыға көшірілген КСРО ҒА Тарих институтының басқа да мәскеулік және ленинградтық ғылыми қызметкерлер, 1941-1943 жылдар аралығында Қазақ КСР-ғы ғылыми шараларының қайнаған ортасына түседі. Топ құрамына А. Панкратовадан өзге, КСРО тарихынан және Жалпы тарих бойынша маманданған тағы бес тарихшы енеді. Ермұхан Бекмахановқа әкімшілік-шаруашылық жұмыстарын ұйымдастыру жауапкершілігі тапсырылды. Біраз уақыттан соң, ғылыми шығармашылық қатынастың алғашқы аяқ алысы туралы Николай Михайлович Дружинин есіне түсіреді: «...Мен сол кездің өзінде Ермұханның өн бойынан тарихи танымы терең, Кеңес одағының жалынды патриоты, өзінің туған жерін жан-тәнімен сүйетін және өзінше жеке зерттеуді армандайтын адам екеніне көзім жетті...». «Орталықтан» келгендердің бесеуі жергілікті жердің ғалымдарымен бірігіп республиканың Халық ағарту комиссариатының жоспарында белгіленген, «Қазақ КСР тарихын» даярлауға қатысқысы келетіндіктерін мәлімдейді. Анна Панкратова Қазақ КСР  Халық ағарту комиссариаты жанындағы Оқу-методикалық кеңесінің тарих секциясының мүшелігіне бекітілді.

Ұшқыр ойлы Анна Панкратованың ойынан ұстазы, тарихшы М.Н. Покровскийдің ертеректе айтқан: «тарихи зерттеуді ұжым болып жүзеге асырудың ақылға қонымдылығы» туралы идеясы көкейінен кетпейді. Ұжымдық ғылыми зерттеу жұмысын қолға алу және ұйымдастыруды мұрат тұтады. Ұлы Отан соғысы жағдайында да Ресейден келген он жоғары білікті тарихшылар ортақ бір топ болып ынтымақтасса, Қазақстанға пайдасы мол жұмыс атқарылатыны жөніндегі тұжырымымен жергілікті органдарды сендіреді. Осылайша, соңынан келген екінші топ та, Алматыда қалалық партия комитетінің штаттан тыс лекторлары ретінде бекиді. Олардың пәтермен және тамақпен қамтамасыз етілуі кепілдендіріледі.

– «Қазақ ССР тарихы» оқулығын жазу мәселесінде Панкратова есімі қатар аталады. Бұл еңбекке ғалымның қандай қатысы бар? 

– «Қазақ КСР тарихын» жазу идеясын кім ұсынды екен? деген сұрақтар көп қойылады. Бұл сұраққа А. М. Панкратова «Большевик Казахстана» журналының 1943 жылғы 10-шы нөміріне жариялаған «Қазақ КСР тарихының негізгі мәселелері» мақаласында тоқтап өткен. Ғалым былайша баяндайды: «Қазақ КСР тарихы» бұдан бір жыл бұрын КСРО ҒА Тарих институтының Алматылық тобының, КСРО Ғылым Академиясының Қазақ  филиалымен бірігіп ойластыруымен, басталып кетті. Бұл жұмыс қазақ халқының жас ұрпағына саяси тәрбие беру үшін, отан соғысы жағдайында орта мектепке арналған қазақ халқының тарихы оқулығын құрастыруға шешім қабылдаған, Қазақ КСР Халық-ағарту комиссариатының тапсырмасы бойынша орындалды. Осының ізімен бұл жұмыс, жақын аралықта  үлкен ғылыми еңбекке айналып, жазылып біту керек және қазақ мектебіне арналған оқулық та шығады».

Авторлық ұжымның құрамында қазақ тарихы бойынша іргелі зерттеумен айналысқан, профессор М.Н. Вяткин ғана болатын. Сондықтан да ол, «Қазақ КСР тарихы очеркі» еңбегінде қазақ тарихын жеке тарихи процесс ретінде емес, патшаның отарлық саясатының нысаны тұрғысында қаралғанын тұжырымдаған-ды. Алайда, Қазақ КСР тарихын жазу бастағы ойлағандай, жеңіл жұмыс болмай шықты.

Авторлық ұжымның жан-жақты қарастыруымен, зерделенбеген мәселелерді саралау және тарихи оқиғаларды қайта бағалау қажет болды. Профессор М.Н. Вяткиннен басқа ғалымдар қазақтың этникалық тарихы ғана емес, ұлттық тұрмыс-салты, өнері, музыкасының тарихы мен ерекшелігінен хабары болмай шықты. Сондықтан да оларға жаппай ізденіс жұмыстарын - мұражайларға, театрларға барып, мұрағаттардағы деректерге ден қою қажет болды. Ал мұрағат деректерінің қол жетімді болуына жоғарыда аталған құзырлы органдар қол ұшын берісті. С.Ж. Асфендиаровтың «История Казахстана с древнейших времен» еңбегі 1935 жылы жарық шыққаннан кейін, оның авторы 1937 жылы «қуғын-сүргіннің» құрбаны болғанын ескере келе, бұл еңбекті қайта көтерген «Қазақ КСР тарихын» құрастырушылардың батылдықтарына академик Кеңес Нұрпейіс: «сол кездегі ғылымдағы ерлікке бара-бар әрекет» ретінде баға береді. Жалпы көлемі 42 баспа табақ кітап, Қазақстан К(б)П ОК-ның Үгіт және насихат жөніндегі хатшысы Әбдіқалықов пен А. Панкратованың жалпы редакциясымен  жарық көреді.

Айта кету керек кітап аяқталған кезеңде авторлар құрамында тек жауапты редакторларды қалдыру туралы ұсыныс түседі, бірақ Анна Панкратова мұндай пікірге мүлде келіспейтінін жеткізеді. Ол оқулықты құрастырған авторлар мен редакторлардың  барлығын қалдырмай тізіп көрсету қажеттігін дәйектейді. А. Панкратова «авторлардың қазақ халқы тарихының автохондық сипатын, қазақ тілі мен «қазақ» этимологиясының ежелгі дәуірлік бастауларын мойындау жолына түскендігін» атап өтеді. 1943 жылы А. Панкратова РСФСР және Қазақ КСР Ғылымына еңбек сіңірген қызметкер атағын иеленеді. Осы жылдың 29 қаңтар күні Қазақ КСР Оқу-ағарту халық комиссары Абдыхамит Сембаевқа Анна Панкратова жолдастық сәлем жолдап, хат жазады: «Құттықтағаныңыз үшін Сізге шын жүректен ризашылғымды білдіремін. Сіздің ілтипатыңыз көңілімді босатты. Үкімет тарапынан берілген марапат, біздің ұлы отанымыздың барлық халықтары жүргізіп жатқан майталман ерліктері, тарихи-прогрессивтік күрес жолында жеңісті жеделдету бағытында бойымдағы күшім мен білімімді, біліктілігімді шын ниетпен жұмсауға міндеттейді. Әскери бағыттағы бұл ұлы күресте қазақ халқы алдыңғы қатарда. Мұны олардың бүтіндей әскери тарихы үйретті. Оны мен оқыған сайын қазақ халқының ерік-жігері, батыр да дарындылығына тәнті бола, оларға деген құрметті және сүйіспеншілігімді жасыра алмаймын. Сондықтан да бүкіл ұжым Қазақ КСР тарихын жазу жұмысына құштарлана кірісті». Анна қазақстандықтар арасында танымал тұлғаға айналып үлгірген-ді. Зиялы қауымның басым бөлігі, оның шығармашылық еңбегін бағалай білді және Қазақстанмен байланысын үзген емес. Нәтижесінде, «Қазақ КСР тарихы»  КСРО-ның өзге республикалары мен халықтарының тарихын зерттеуге жол салды. Мұндай ғылыми жұмыстардың басым көпшілігіне А.М. Панкратова ғылыми кеңесші немесе редколлегия мүшесі ретінде тағайындалды. Соғыстан кейін Белорус, Украин, Әзірбайжан, Армения, Эстон, Грузия және басқа да республикалардың тарихын редакциялауға қатысқан болатын.

– Ғылым жолында ол кісі кешірген талас-тартыстар аз болмаған екен. Тарихтың шынайылығы мен нақтылығы үшін туындаған айтыстар мамандар арасын ашқанымен, ғылым үшін өзекті ойларға жетелейді ғой. Бұл орайда Панкратованың қатысуымен болған айтыс-тартыстардың мәні неде? Алар тағылым қандай?

– Тағылым – өткен тарихта. Анна Панкратова 1942 жылдың 25 қыркүйегінде өзінің «Советская историческая наука за 25 лет» атты бас мақаласына қатысты А.В. Ефимовтың ескертпелері жөнінде, Г.Ф. Александровқа, Е.М. Ярославскийге, В.П. Потемкинге, М.Б. Митинге хат жолдайды. Ескертпеде буржуазиялық идеологияға қатысты, оған қарсы немесе оны жақтайтын үрдістердің тарихшылар арасында белең алуына орай, қолына қалам алып, хат жазуына тура келгенін айтады. Онда өзіне 1942 жылдың 24 қыркүйегі күні Тарих институтында профессор Ефимовпен айтысып қалғандықтан, оның және кейбір басқа да тарихшылар, буржуазиялық методологияға сыни көзқарастан бас тартты деп ойлауы мүмкін деген қаупін айтады. Профессор Ефимовтың ойынша:  «қазір буржуазиялық ағылшындар және  американдықтармен бірігіп, Гитлерге қарсы күрес жүргізудеміз, біздің елде моралдық-саяси бірлік жүзеге асырылғандықтан да, жалпы күрес майданына ескі буржуазия, тіпті діндарларды қоса алу қажет». Сондықтан да оның пайымынша, «ғылыми-теориялық мақалада, маркстік-лениндік тарихи теория буржуазиялық идеология мен методологияға қарсы күресте қалыптасқанын жазу, зиянды»,- деп есептейді. Сол сияқты профессор Ефимов мақаладағы: «Ключевский және Милюков тарихи үрдістердің жалпы тұжырымдамаларын жасай алмады» дегенге мүлде келіспейтінін білдірген. Оның пікірінше, оған келісу деген сөз, өткен «мұрадан» бас тарту және Батыс Еуропа мен Американың көз алдында, Қазан төңкерісіне дейін Ресейдің тарих ғылымы қалыптаспағанын білдірген болар еді дегенге тоғысады».

Анна Панкратова болса, буржуазия табын жоюдың негізінде, буржуазиялық идеологиямен үздіксіз күрес негізінде, елдегі моралдық-саяси бірліктің қалыптасқанын алға тартады. Және буржуазиялық методологияны қолдау, онымен күрестен бас тарту және маркстік емес ұстаным бойынша ескі буржуазиялық тарихнаманы «ақтау»» рухында жастарды тәрбиелеу (проф. Ефимов тарих факульетінің деканы ретінде), дұрыс еместігін және қауіптілігін айтады. Дегенмен, мұндай коммунистік сәлемдеме тарихшылар арасындағы талай даудың басы болатын. Бұл мәселеге қазір қалайша қарар едік? Әрине, Анна Панкратова сыртқы байланыстар жөнінде біраз мәліметтерге қанық болатын. Егер заманауи кезеңде 1917 жылдың Ақпан және Қазан төңкерістеріне қатысты тарих бетінің «ақтаңдақтарының» ашылған тұстарын ескеретін болсақ, оның ағылшын және француз, американдық «бірлік» туралы ойлары ақылға сыйымды. Оған қоса, Қазақ тарихының жазылып жатқанынан хабардар тарихшылар да болғаны мәлім. Одақтық көлемдегі тарихшылардың осындай идеялық теке-тірес, тартыс ахуалында, Қазақстаннан Ермұхан Бекмаханов ғылымға бет бұрды.

Осыдан басталған үрдіс 1942-1957 жылдар аралығын қамтиды. Сондықтан 1950-жылдардағы тарихшыларды қуғын-сүргінге түсірудің алғышарттарын 40-шы жылдың басынан басталды деуге болады.

Анна Панкратова 1943 жылдың 14 наурызы күні «Қазақ ССР тарихы (ерте заманнан бүгінге дейін)» кітабының редакцияланып, басылымға дайын болғандығы жөнінде, Қазақ КСР К(б)П ОК хатшылары Н. Скворцов пен Ж. Шаяхметов, Қазақ КСР ХКК төрағасы Н. Оңдасыновқа кітаптың негізгі түйінді мәселелері мен жалпы мазмұнын таныстыру бағытындағы қатынас хат жолдайды. Мұнан соң, кітаптың әрбір тарауы сәуір-мамыр айларында Қазақстан К(б)П Орталық комитеті жанында талқыланды. Әрине, кітаптың идеялық негізінде, ұлттар мен ұлыстарды біріктіріп отырған мемлекеттің жаңа кеңестік қоғамының қалыптасуын мойындау тұрды. Оның идеологиялық қағидаты ұлттардың өзара сыйластығы мен олардың құқылары мен ел дамуына қосқан үлестерін мойындауға негізделген-ді. Мысалы, академик А.М. Дружинин бірге араласқан әрі достасқан қазақ халқының өткен тарихи ерлік дәстүрлерін зерделеу қажет деп тапқан. Өкінішке орай, мұндай тұжырымды құптамақ түгіл, оған қарсы ғалымдар легі көрініс берді. 1943 жылдың маусым айында кітап баспадан шығарылады.  Бұл Қазақстан тарихының тарихнамасына қосылған үлес қана емес, кеңестік тарих ғылымының жетістігі болатын. Жүйелі академиялық түрде жазылған «Қазақ КСР тарихы» кітабы жарық көрді.

Академик Тарлеге қатысты сөзінде Анна Панкратованың:  «Сталиндік конституция шуағы астындағы халықтар... орыс патшаларына олардың жаулап алғаны және отарлағаны үшін ризашылығын білдіруі керек екен...» деген сияқты зілді сөйлеуі батылдық болатын-ды. Патша үкіметінің отарлық саясатына баға беруде А.М. Панкратованың  ұстанған түбегейлі өзінің пайымы болды. Оның ғылыми көзқарасының бұл тұрғыдан қалыптасуына М.Н. Покровскийдің ықпалы болған-ды. А.М. Панкратова өзінің пайымын нақты берді: «Орыс патша өкіметінің отарлық саясатының әскери-феодалдық империализм ретінде бір ғана жағы бар:  ұлттық және отарлық билеп-төстеудің аса ауыр түрі, халықты басыбайлылыққа түсіру. Дәл осы орыс патшалығының отарлық саясатын  қай жағынан болса да, ешқашан ақтап ала алмаймыз».

1944 жылы «Қазақ КСР тарихы» Сталиндік мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанда оның соңы таусылмас дауға айналды. Кітапты «орысқа қарсы тарих» ретінде бағалаған тарихшылар тобы қарсы шықты.

Бірінші топтың өкілдерінің пікірінше: өзге халықтар үшін Ресейге қосылу - «шегіне жеткен қиянат» жасау болды деген көзқарастағылар, КСРО Ғылым академиясы Тарих институтының директор орынбасары А.М. Панкратованың айналасына (М.П. Вяткин, Н.М. Дружинин және т.б.) кеңестік интернационалист-тарихшылар бірікті. Екінші топтың өкілдері академик Е.В. Тарле (А.И. Яковлев, А.В. Ефимов, С.К. Бушуев, П.П. Смирнов және т.б.) басшылығымен жоғарыдағы «қиянат» теориясын қайта қарастыру ғана емес, кеңестік тарих ғылымын ұлттық-патриоттық бағытына түпкілікті қайтару қажеттігін айтумен болған, ұлыдержавалық-шовинистік бағытты ұстанғандар. Ақиқатында, Ресейдің патшалық өкіметіне қарсы көтеріліс, орыс халқына қарсы күрес емес еді. Бұл жерде оқиғаға байланысты әрлі-берлі идеологиялық итермелеудің тамыры, өздерінің тарихын жазуды жаңадан қолға ала бастаған грузиндерге де, әзірбайжандарға да, башқұрттарға да қатысты болатын. Бұл тарихи кезеңде Анна Михайлқызының өзіндік ұстанымының тарихи маңызы бар. Ол қазақстандық монография төңірегінде патша өкіметінің отарлық саясаты және жергілікті жерлердегі отаршылдыққа қарсы қозғалыс мәселесін талқыға салуды талап етті. Иә, өтінген жоқ, талап етті. Осы жылдары А. Панкратованың өмірлік ұстанымы мен қағидаты айшықтала түсті.

1944 жылдың 29 мамыры мен 8 шілдесі аралығында КСРО тарихы мәселері бойынша БК(б)П Орталық комитетінде өткізілген тарихшылардың тарихи жиналысы стенограммаға сәйкес сараланды. Оны оқырмандар кітаптан оқи алады. 1944 жылдың 22 маусымы күнгі отырыста,  БК(б)П ОК хатшысы А.С. Щербаковке А.М. Панкратованың жазған өтініші ресми түрде оқып таныстырылды. Бұл мәлімдемеде А. Панкратова Қазақстан тарихы бойынша Яковлевтің берген пікіріндегі мазмұндық құрылымының берілуі, «ұлттық-отарлық саясат мәселесінде, марксизм-ленинизм негіздеріне сәйкессіздігімен», оған түпкілікті келіспейтінін білдірген болатын. Сонымен бірге, Панкратова  «арғы тегінің тамыры терең де бай халықтың жазбаша тарихы болуы қажеттігі, ондай тарихта сол халықтың даму жолының айқындалатыны, дәл сондай тарих – халықтың сана-сезімін дамытуға ықпал ететіндігін» қайталаудан жалыққан емес.

«Қазақ КСР тарихына» қатысты айтатын болсақ, оның айналасында бір Б.Д. Греков қана емес, ғалымдардың ұжымдық іс-қимылы мен көзқарастар жиынтығы тұрды. Сондықтан бір лайықты еңбек болса, сыйлық алуға мүмкіндігі әбден болатын. КСРО-ғы аймақтық тарихты жазу қажеттілігі мен мүмкіндігін паш еткен еңбек болғанын ешкім жоққа шығара алмас. Алайда, бұл жерде бір мәселені баса айту қажет. Анна Панкратованың шырылдап жазған хаттарынан ұққанымыз, авторлық ұжымды мемлекеттік сыйлық емес, тарихи сананы жетілдірудегі танымдық көзқарастардың әділеттілігі көп ойландырды. Өзінің тарихшылар қауымы алдында алған жауапкершілігі аясында, адал ғылыми ізденістерге кеткен ғалымдардың еңбегін теріске шығармау жолын қарастырды. Әрине, Аннаның бойында қалыптасқан бірбеткей, жалынды коммунистік патриотизмінің кеңестік саясат шырмауында, неғұрлым үнін өшіруге мемлекеттік құзырлы органдар тарапынан ықпал жасалынған еді.

Тарих – Кеңес Одағындағы насихат құралы болатын. Ұлы Отан соғысының қарсаңында дүниежүзілік ауқымдағы революция жеңісінен үміт үзіліп, ішкі саясатты нығайту мақсатында, халықтың ұлттар мен ұлыстардың патриоттық рухын көтеру бағыты, кеңестік тарих ғылымында басымдылық алған-ды. Бірақ соғыстың шешуші даңқты жеңістері, КСРО шекарасынан тыс шет жерлерде коммунистік идеяларды тарату мүмкіндігі жөніндегі үмітті қайта тірілтті. Сондықтан да шамадан артық ұлтшылдық сана кеңестік патриотизмге зиянын тигізетін факторға жатқызылды. Ендеше, соғыс майдандарында пайдаланылған идеологияның патриоттық белгілерін сақтай отырып, өзге  халықтарды жасампаздық кеңестік ұлтшылдықпен қорқытып алмау да қажет болатын.

Айта кету керек, 1944 жылғы тарихшылар тартысындағы пікірталастар қорытындысы нәтижесінде, КСРО Коммунистік партиясы мен Орталық комитет мүшелері Одақтың ортақ коммунистік идеясы аясындағы, саяси идеологияның әлсірей түскенін айқын  бағамдайды. Себебі бұл 1941 жыл емес-ті. Енді екінші дүние жүзілік соғысында жеңіске жету үшін ұлттар мен ұлыстардың рухын көтерудегі насихат амалдарын, кеңестік патриотизм рухына көшіру қажеттілігі артты. Сондықтан да Қазақстанның тарих ғылымының негізгі міндеттеріне қатысты, тарихи сананы большевиктік рухқа бейімдеу жолдарының әдістемесі жасалынды

1945 жылы 14 тамызда Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті республиканың тарих ғылымы мәселелері бойынша «Қазақ КСР тарихының екінші басылымын әзірлеу туралы» қаулысы қабылданады. Мұнда «қазақтарды тәуелсіздік үшін күрес тарихы ретінде қарастырған» кітаптың бірінші басылымында жіберілген идеологиялық қателіктерге орай, Сталиннің «қоғам дамуының тарихы – ең алдымен өндіріс тарихының дамуы...» нұсқауын ғылыми талдаулар негізіне алу міндеттелді. «Орталық» арқылы «державалық» көзқарастың жоғарыдан телінуі және жазылған ғылыми еңбектердің КСРО-ғы аймақтар тарихының ұлттық мүддесіне сәйкессіздендіру – 1948 жылы да емес, 1950-ші жылдары да емес, 1944 жылдың өзінде «жоғарғы билік» тарапынан бекітілген болатын-ды.

(Жалғасы бар...)

Құндызай Ерімбетова, тарих ғылымдарының кандидаты, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері. Көптеген тарихи-танымдық мақалалардың авторы. Жуырда ғалымның «Ұлы дала тұлғалары» сериясымен «Қалдырған ізі мәңгілік» атты екі томдық еңбегі жарық көрді. 

Заңғар КӘРІМХАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)  

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?