Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Болат Омарәлиев: «Суретке түсіру үшін қарт әжені алдауға тура келді»

2586
Болат Омарәлиев: «Суретке түсіру үшін қарт әжені алдауға тура келді» - e-history.kz
Соғыс салған жараның адам баласы үшін ауырлығын, қасірет шеккен елдің қалай күйзелгенін һәм ұрпағын ойлап азап арқалаған қазақ аналарының бейнесін көрсеткен бір суреттің тарихы

Соғыс, соғыс. Ана мен баланы, ел мен ерді айырған, елді жерден ажыратқан сұм соғысқа лағнет. Қазақ анасының бар тілеуі мен жалғыз үміті – соғысқа кеткен жары мен ұлдарының аман оралуы. Басқа дүниені ойлауға мұршасы жоқ, тек келешегі үшін алаңдаған аналардың өнегесіне мың тағзым. Осы орайда біз соғыс салған жараның адам баласы үшін ауырлығын, қасірет шеккен елдің қалай күйзелгенін һәм ұрпағын ойлап азап арқалаған қазақ аналарының бейнесін көрсеткен бір суреттің тарихына үңіліп көрмекпіз. 

«1983 жылдың күзінде Қызылорда облысы Сырдария ауданының Шіркейлі ауылында жүзге келген ана Қалампыр Әлімбетованы кездестірдім, – деп бастады фотосуреттің тарихын фототілші ағамыз. – Әжені негізінде бұрыннан білетін едім. Он жастағы ойын баласы кезімде кезекті Жеңіс мерекесі салтанатына орай көрші ауылға бардық. Анам сол тойда бір кейуанамен кездесіп, шұрқырасып қалды. Қарт ананың кеудесінде «Отан соғысы» ордені тұрды. Анам ол кісімен шүйіркелесіп болған соң, былай шыққанда «анау тағып алған не орден?» деп сұрамаймын ба. Сол кезде анам «Ол – соғыста қаза тапқан ұлының ордені» деп жауап берген. Бұл – 1985 жылдың көктемі еді», – дейді Болат Омарәлиев. 

d87129fa9c7380c8b757d10ae8b9a8f4.jpg

Бүгінде облыстық, республикалық жұртшылыққа танымал фотокорреспондент соғыс және тағдырлар тақырыбына қалай келгенін де әңгімелеп берді. «Кейін мен ержеттім, арнайы оқу бітірмесем де, фотосурет өнерін жаным сүйгендіктен, таудай талабымның арқасында жұмыс таптым. Уақыт болса, зырғып өтіп жатты. 1980 жылдардан бастап «Соғыс жесірлері» деген тақырыппен сериялы суреттер түсіре бастадым. Бұл кезде мен «Сыр бойы» Қызылорда облыстық газетінің фототілшісі қызметін атқаратынмын. 

Күндердің күнінде есіме баяғы оқиға – анаммен сөйлесіп тұратын әже түспей ме. Шешемнен анықтап сұрап алайын десем, ол кісі қайтыс болған. Содан ауылды білемін, кейуананы іздеп бардым. Сөйтіп 1983 жылдың күзінде Шіркейліде тұратын, жасы жүзге тақаған Қалампыр әжені тауып алдым. Ұлдары Кенбай, Сейдахмет Шамахановтарды қырық жылдан бері келеді деп күтумен отыр екен. Үмітін үзбеген. Соғыстан жіберілген бір баласының «Отан соғысы» орденін алақанына салып күбірлеп сөйлеп отырады. Сол мен көрген баяғы орден. Жыламайды – жылай-жылай көз жасы таусылған. Ес ақылы дұрыс. 

Сол екі күн бойы суретке түсірдім. Әдепкіде суретке түсуге көнбеген соң әжені алдауға тура келді. Мен өтірік айттым. «Әже, ұлдарыңыз тірі, хат жазыпты, онда апамның суретін салсын депті» деп соқтым. Жүзге келген қарияны, ғұмыр бойы балаларын аман келеді деп күткен, үміттенген әжені алдағаныма әлі күнге дейін өкінемін. Бірақ, басқа амал бар ма. 

Сол екі күнгі түсірілімде 100-ден аса сурет тартыппын. 98 сурет жарамсыз болып шықты да, ең таңдаулы деген екі сурет осы. Суретке түсіргеннен кейін, 20 күннен соң Қалампыр әже де бақилық болды»

Әрине, өнер тұрғысынан алғанда автордың бұл қадамы дұрыс. Алайда адамгершілік жағынан келгенде қарт кісіні алдау, оның бұл өмірдегі ең басты үмітін сүйеніш етіп, өз мүддесіне пайдалану адам арына түсетін көрінбес кірбің секілді. Фотокорреспондент ағамызбен арадағы әңгімемізде ол кісінің жанына тыныштық бермейтін бір беймазалықты, әлдебір күнә істеп қойған адамдай кібіртіктеп қалған алааң көңілін аңғарғандаймыз.

c9dd4a842d01b5d02bcc2e252a9a84de.jpg

Қош, сонымен не керек, 1980-1983 жылдардың ішінде түсірілген суреттерімнің ең таңдаулыларын 1984 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің сыртқы беті тұтас жариялады. Сонымен қатар осы жылы орталық Мәскеу қаласының үш үлкен ордасында «Соғыс жесірлері» деген көрме өткізіп, сонда өткен күннің белгісіндей бұл жәдігерлерді көпшілік тамашалай алды. 

Болат Омарәлиев 1948 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданының Қоғалыкөл ауылында дүниеге келген. Фотосурет өнерімен бала жастан айналысқан ол 17 жасқа дейін елдің ауызына ілінген айтулы фотосуретшіге айналады. 18 жасында өз талабымен аудандық газетке жұмысқа орналасып, еңбекке араласқан. 1989 жылы Мәскеудегі Журналистка одағының жанындағы фотожурналистика институтын сырттай бітірген. Республикалық және одақтық байқаулардың бірнеше мәрте жүлдегері.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?