Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жұрт Зейіндей жазушысын неге ұмытты?

2055
Жұрт Зейіндей жазушысын неге ұмытты?  - e-history.kz
Сирек тағдыр иелері, күрделі мінездер бойында тоғысқан таланттар туралы жазу ойымда біраз жылдардан бері бар болатын. Жазушы әрі дәрігер Зейін Шашкин туралы қалам тербеу тосыннан болды

Сыйлы ағамыз, қаламгер Талғат Кеңесбайдың бір ауыз сөзі біздің ниетіміздің оң болуына септесті. Сонымен біз Зейін Шашкиннің жары Мариям Шашкинаның үйінен бірақ шықтық. Кіреберістегі қабырғасы тұтас кітаптарға толған үйдің залында көзіміз төрдегі тарихи фотосуреттерге түсті. Осыны аңғарды ма, жазушының жары әңгімені осынау картиналардың тарихынан бастады.

«Атам «киізші Бисеке» деген кісі» 

d691955d16e859f70560aa52e8627cf8.jpg

«Мұхтар Әуезовтің атақты «Абай жолы» роман-эпопеясында киізші Бисеке деген кісінің есімі жазылған. Заманында Семей өңіріндегі ең беделді байы болған. Көпшілік оны киіз басатын зауыттың иесі деп білген. Өз әкем Нұрлан да ауқатты адам болыпты. Әкемді көрмедім, 1928 жылы қайтыс болғаннан кейін туғанмын. 

Нағыз қазақ байларының басына зауал төнген қиын шақ. Кәмпескелеудің дүрмегімен әкемді, оның жалғыз бауырын қуғындады, кейінгі респрессияның тырнағынан да құтылмады. Үйде еркек кіндіктіден ешкім қалмады, өңкей қыз, бас көтерері деген менің шешем Қалиман ғана болатын. Ашаршылық басталған 1932 жылдары шешемнің туыстары нағашыларым Семейдің жанындағы ауылда тұратын, сол бір ауыр кезеңде олардың барлығы ауып, шаһардағы біздің үйге келді. Сондағы жайт еміс-еміс есімде: біздің үйдің үлкен қақпасын ашып кірген адамдар аман қалды да, ауыр есікті ашуға әл-дәрмені құрып, аштықтан титықтаған жандар өліп кетті. Көптеген туыстарымыз сол ашаршылықта көктей солды, қыршын кеткен қаншама балалар. Ойласам жаным түршігеді». 

Семейдің ет комбинаты – сол кездің өзінде дүркіреген мекеме. Шешесі, қолөнер шебері Қалиман қаладағы еткомбинаттың асханасына жұмысқа тұрды. Ғимараттың сыртындағы ас қалдықтарын төгетін орында құрт-құмырсқа секілді құжынаған аш-арық адамдар жүретін деп еске алады қызы Мариям апай. «Қалдықтарды төккенде ішінен жеуге келетін ас тапса, солармен өзегін жалғаған адамдар. Осындай ауыр жайтты көзімен көрген менің шешем асханадан қалдыққа көбірек кеспе, қамыр, нан қалдықтарын тастап, аш-арықтарға көмек қолын созыпты». 

«Әкем Қажымұқанның айнымас досы болды» 

«Ал әкем Нұрлан Бисекеұлы туралы білетінім өте аз. Оның мынау тұрған фотосуретін бір суретші бауырымыз Орталық мемлекеттік архивтен тапқан. Өзінің жұмыстарымен мұрағаттарды ақтарып отырып ол кісінің осы бір елеусіздеу ескі портретке көзі түседі. «Бұл кім, қайдан жүр? Не істеген адам?» деген сауалдар санасында тұнып, автопортреттегі жас тұлғаның кім екенін анықтауға тырысады. Суретпен бірге ескі славян тілінде оқу бітіргені, мамандығы инженер екендігі және аты-жөні жазылған бір жапырақ қағаз шыққан. Қағазы сарғыш тарта бастаған тарихи фотосуреттегі жас жігіттің бейнесі оның қолына қылқалам алғызып, жаңаша портрет жазып шығады. 

eb74928322710714ba3c614c3c74a6c1.JPG

Туындыны салып біткен соң Суретшілер одағына әкеліп әріптестеріне көрсеткенде, суретшілердің ішінде менің Ерлан Айтуаров деген жиенім да қызықтаған. Оның өзі де суретші. Ол сурет авторынан: 

– Бұл кісі кім? Аты-жөнін жазып алдың ба? – деп сұрайды.

– Жазып алдым. Арт жағында «Бисекенов Нұрлан Бисекеұлы» деп жазылған, – деп жауап береді. 

– Ой, онда ол менің атам ғой! – деп Ерлан қатты қуанады. Жанындағы жігіттер де аң-таң, «мынау не айтып тұр» дегендей сенбей қарайды. 

Ерлан болса өзінің анасының әкесі Нұрлан болғанын, сіңлісі де осы Алматы қаласында тұратынын, нағашы атасы туралы аз-кем білетінін бәрін айтып береді. Осылайша менің әкемнің жалғыз портретінің тарихы өзім танып-білмеген, араласпаған, алайда жүрегінің оты бар, шамы шырақ болып жағылған жақсы адамдардың игілікті істерінің арқасында қауыштым. 

1914 жылы Нижний-Новгородта алыс-жақынға сауын айтылған аса думанды жәрмеңке өтеді. Ол ырду-дырдуға байлар, ауқаттылар да барады, солардың ішінде біздің әкелеріміз болған. Олар жай қазақтар емес, көзі ашық, оқыған адамдар ғой. Осы жәрмеңкеге Қажы Мұқан келеді, оның неміс балуаны Шмидтпен күресі жұртқа айтылған. Біздің Мұқан балуанның батырақтан шыққаннын білетін әккі анау күресу үшін 100 сом тігілуі керек деп шарт қояды. Табан астында. Қажы Мұқан отырып қалады, бірақ оған жұрт қоя ма, қол шапалақтап, дуылдасып кетеді. Сонда балуан шыдай алмай, аренаға атып шығып: 

– Ау, мұсылмандар, барсыңдар ма? Бар болсаңдар, кім маған 100 сом ақша береді? Мынау Шмидт маған сондай шарт қойып тұр! – деп айқай салады. Сол кезде залда отырған ағайынды екі жігіт Нұрлан мен Абдолла қатар шығып, Қажекеңнің қолына екі жүз сом ақша ұстатқан екен. Осыдан кейін айбар бітіп, күреске шыққан Қажымұқан немісті әп-сәтте алып ұрып, жүлдені қанжығасына байлайды. Ел тарай бастағанда сол бойында жүгіріп шығып, өзіне қолдау көрсеткен екі бауырын іздеп жүріп тауып алған балуан оларға шынайы ризашылығын білдіріп, ол уақытта әркімнің қолы жете бермейтін фотосуретке түсуге шақырған екен». 

Мариям апайдың әкесі, біз портреттен көрген жап-жас бейне Нұрлан Бисекеұлы даңқты балуанмен кейін де тығыз қарым-қатынаста болған, тіпті төс қағыстырып, айнымас достарға айналады. Семей шаһарына келген сайын Нұрлан мен Абдолланың үйіне түсіп, қонақ болып, ойын көрсетіп, ұлы әнші Әміреге ән айтқызып жатады екен. 

a1cd1d078ab58c2d7a6d7d75599214a5.jpg

«Зекеңмен өткен өмірім – көрген түстей» 

Біз өткен шақты тебірене еске алып отырған сексеннің жетеуіндегі апамыздың ендігі сөзін аяулы жарына арнауға бұрдық. «Зейінмен, жазушы Зейін Шашкинмен қалай таныстыңыз?» деген сауалымызға орай Мариям апай да кең көсілді. 

«Зейінді мен Зекең деймін. Онымен отасқаныма көп болған жоқ. Бұрынғы күйеуім соғыстан оралған соң, ауыр жарақатынан қайтыс болды да, мен төрт баламен қалдым ғой. Осындай мазасыз шақтарда өмірімде Зекең пайда болды. Менің бір дос құрбым Зекеңнің жиен қарындасы болып шықты. Сол әйел Зейінді үйге алып келді, ол есіктен кіре сала мені көріп қарындасына: 

– Мәке, енді мені ешкімге таныстырмай-ақ қойыңыз, – деді. Бұған дейін біраз қыздармен таныстырған болуы керек, ешқайсысы ұнатпапты. Тек мені көргенде таңдаған кісіне жолыққан болып шығады. 

Бізді осылай тағдыр қосты. Бұрын тек төрт баланың қамымен үйде отырып қалған басым жаңа өмірге қайта ендім. Жағдайым түзеле бастады, әдеби кештерге, ғылыми ортаға келдім, небір айтулы адамдармен араластық». 

«Жазушы өте балажанды адам болатын» 

«Зекең орта бойлы, арықша келген адам болатын. Мінезі де керемет еді ғой жарықтықтың. Ешкімге дауыс көтеріп көрмеген адам, әсіресе ол кішкентай балаларды қатты жақсы көрді. Тіпті балалардың өз орны бар деп үлкен кісілерше ақылдасып, сөйлесетін. 

edbf82547ea2ac78fa95c0dac3b46ef0.jpg

Менің басқа күйеуден көрген балаларымды өзінің қанынан жаралмаса да, өте жақсы қарады. Кенжем Сабырға «сен менің баламсың» деп түсіндіріп, құлағына құйып отыратын. Осы ұлды Зекең өзінің тегіне жаздырып қойды, жұмыстары шығып қалса, жұмсап, туған баласындай көрді. Зекең қайтқанда ол өгей әке деп қарамай, қайғырды. Бұл Зекеңнің жақсы әке бола алуынан ғой деп ойлаймын. Ал үлкен ұлды «сенің әкеңнің атына жазайық, оның ұлы болмаған екен» деп отыратын марқұм. Тағы бір ұлды «өз әкесі де бір елдің азаматы ғой, соның тегінде қалсын» деп бәрін қарап, реттеуге ниеті болған еді». 

Алайда апай осы бір өкінішін де жасырмады: ұлдардың тегін ауыстыру үшін жүргелі отырған жазушыны әлдебір шаруалармен тоқтатып, жолына бөгесін болыпты. Енді қарап отырса бәрі кеш, тек кіші ұлы Шашкин болып өзгерген де, қалғандары жоғарыды айтылғандай болмай шығады. Апай: «Бұл менің кінәм еді» деді. 

eef6c7506801f18a06edd7211bd8ba32.jpg

«Ал өзіміздің ортақ қызымыз Гүлжан әкесінен бір жарым жасында қалды. Нағыз Шашкина осы. 

Зекеңнің жүріс-тұрысы, мінезі өте жақсы болды. Ол кісі қиыншылықты көп көрген адам ғой. Репресияға ұшырап, сонда тергеушілердің ұрып-соғып қинамағаны, көрсетпеген қорлығы жоқ. Қабырғасын сындырып, тісін қағып алған. Сонда да қайтпай, кінәні мойындамаған жан болыпты. «Совет кезінде өстім, оқыдым, менен қандай «халық жауы» шығады» деп тайсалмай жауап қатқан. Ешбір мойындата алмаған соң, не істерін білмей, жазалаушы жүйе Зекеңді 17 жылға соттап, Колымаға айдаған. Семейдің педагогикалық институтына кафедра меңгерушісі болып қызметте жүрген уақыты еді, НКВД жендеттері дәріс кезінде қолына кісенді салып, студенттерінің көзінше алып кеткен. Өтебай Тұрманжановпен, М. Қаратаевпен бірге түрмеде болған. 

Зекең өте балажанды адам болды дедім ғой. Осы Гүлжан дүниеге келгенде оған ешкімді жолатпайды, ешкімге көрсетпейді. Қызық болды мінезі (күлді). «Көз тиеді» дегенді шығарып, жан баласын жуытпайтын. Балаға беретін су, басқа да сусынды алақанын құйып, температурасын сонымен өлшейтін. Олай істемесе, балаға сусын бергізбейтін. 

4a8fa33e035793f22ad60ff3cda963df.jpg

Содан кейін микроб деген бір пәле, жұғып кетеді, ауру таратады деп шыр-пыр болатын-ды жарықтық. Отбасымызда алғаш рет қыз бала туғанда ұлдар жиналып қарындасын көргісі келеді ғой, сонда Зекең Гүлжанның басында бақылап отыратын. «Ары жүріңдер, басына келмеңдер, микробтарың жұғады, аяғынан сүйіңдер, аяғынан» деуші еді (күлді)». 

«Қуғындалып келген соң, тек жазушылықпен айналысты» 

Зейін Шашкин жазушылықтан дәрігерлікке келеді. Айдалып кеткенде барған жақта атақты ғалымдар, әдебиетшілер мен жазушылар абақтыда жатты. Репрессияның тамұқ лагеріне жазықсыз айдалған жандар үмітпенен таң атырып, кеш батырды. Біз енді Мариям ападан Зейін ата қалай дәрігер болғаны жайлы сұрап білдік. 

eb46330e4e16701cd07dead0559c836f.jpg

«Тұқымында қасиеті болған болуы керек, Зекең түрмеде адамдарды емдей бастаған. Арнайы дипломы болмағанымен, қажетті жағдайларды жақсы меңгергендіктен, кез келген ауруды еркін емдеуіне рұқсаты болған. Түрмеде жүрген кезінде, соғыстың біткен уақыты, Зекең «Мен Қазақстанға қайтуым керек», «Мен Қазақстанға керекпін» деп жоғары жаққа хат жазып, хабарлама сала береді екен. Бұл тілегі 1947 жылы орындалған», – деп еске алды М. Шашкина. 

Қуғынды көрген, түрменің тас түнегі әбден қинаған, тәнімен қоса жанын азаптаған азалы жылдар артта қалғанымен, жан-жарасын жазу үшін әрі денсаулығын түзеу үшін өмірінің 7-8 жылын тыныш өткізеді. Қазіргі Бурабай аймағында ел көзінен тасада ғұмыр кешеді. Тек 50-інші жылдардың басында Алматыға оралып, бірыңғай шығармашылық жолға түседі. Шағын ғана үстеліне отырған жазушы содан өмірден озғанына жазумен шұғылданған.

d3743dc60a70e8fc56b8535552d447a8.jpg

Мариям апа: «Зекең жазу барысында тамақ ішу үшін ғана орнынан тұратын. Аз ғана үзіліс жасап, демалып алатын да, кабинетіне қайта кіретін. Кешкі бір серуенде де көп қыдырмайтын, кейде бір телефон қоңыраулары ұзаққа созылғаны болмаса, негізгі уақыты тек жазумен өтті. 

Советтік Қазақстан тарихында аты қалған Тоқаш Бокиннің өмірі Зейін Шашкиннің шығармашылығына арқау болды. Ол Тоқаш Бокинді зерттеп, көлемді роман жазды. Кейін Панфиловшылар паркінің жанына революционердің бюстін орнатуда Зекеңнің көп еңбегі сіңді. Алматы облысындағы бір совхозға Тоқаштың есімін берді және Әуезов театрында жазушының пьесасы сахналанды. Онымен тоқтамай, «Таң алдында» атты көркем фильм шығарды», – деді. Өзінің саналы ғұмырын игерген тақырыбына, кумиріне арнау деген осы шығар. Жазып қана қоймай, басқа да қоғамдық жұмыстарды түгелдей атқару бүгінгі жазушы қауым үшін де таптырмас құрал еді-ау. 

«Ол тақырыбын әбден игеріп, пісірген соң, үстелге отыратын» 

«Зекең жазуды тез жазатын, ұзақ ойлану мен толғануды көтермейтін. Жазуы да жатық болды, бастаған кітап тез оқылатын еді» деді Мариям апай. Ол шығармаларын тез жазатыны сондай, 5 жылда бес романды жарыққа шығарыпты. Әр түрлі тақырыптарда жазылған туындыларында оның өзіндік қолтаңбасы айқындалып тұрды. 

«Доктор Дарханов» – ұлттық әдебиеттегі медицина тақырыбын көтерген тұңғыш роман. 2006 жылы алтын қорға кірді. Соңғы романы «Сенімді» жазғанын көзіммен көрдім ғой. Ол жазуға отырғанда шыбынның ызыңы ғана естілетін, сондай тыныш ахуалды қалыптастыратынбыз. Өзі де айтатын: «Менің жазатындарым көп, әлі де көптеген шығармалар жазамын, сондықтан тыныштық керек» деп. 

Бірде жазуда отырғанында білдіртпей арқа тұсына барып қарап тұрдым, менің келгенімді біліп тұрған ол қаламын ақ қағаздан босатпай сөйлемдерді төге берді. Таң қалдым. Оған жазу деген өзі құйылып жатқандай көрінуші еді. 

397d7424dae1965240e756a8a5049be9.jpg

Қазір Зейінді ешкім іздемейді, ұмытты. Кейінгі ұрпақ түгіл, өз замандастары ауызға алмайды. Өз кезінде де жазушылар арасында толастамайтын бақталастық, күндестік деген бәлелер гүлденіп тұрған шақ қой, Зекеңнің талантын да көре алмаушылар болды. Тамұқтың отынан аман шығып, ел танымын кеңейту үшін әр қилы бес роман жазған Зейіндей жазушы болған жоқ. Қазір жұрт Сәбит Мұқановты айтады, Әбдіжәміл Нұрпейісовты айтады, ананы-мынаны айтады, бұлардың ешқайсысы Зекеңе жетпейді. Зейін – өте білімді, мәдениетті, аса сауатты жазушы болды». 

192c9d6fed8b01e92053e630d1df1103.jpg

Біз кейінгі буынның өкілі болғандықтан, апай айтқан шындықты көзіміз көргендіктен, қарсы ештеңе айта алмадық, тек үнсіз бас изедік. Шындығында да солай болуға тиіс еді. 

«Зекең өмірден озғанда...» 

Мариям апай өмірінің жарқын да азалы сәттері таңбаланған отбасылық фотоальбомды ақтарып отырып, жазушыны ақтық сапарға шығарып салу шарасының көріністерін көрсетті. Онда Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, Ә. Сәрсенбаев, С. Бегалин, Ә. Шәріпов, К. Оразалин, т.б. біршама қаламгерлердің қоштасу рәсімінде болғанын көрдік. 

«Зекең қайтқанда көңіл айтқан бірінші адам – батыр Бауыржан Момышұлы болды. Ол кісі үйге келіп, көңіл айтып Зекеңнің басында тұрды. Басында ақбурыл шашын жасырған ақ сұр папахасы болды ғой, соны шешіп, басын иіп тұрып: «Азамат едің ғой, сен Зейін!» деді. Сөйлеу мәнері жан баласына ұқсамайтын Баукеңнің сол сөзі жадымда қалыпты», – деді Мариям апай. 

Және бір апайдың айтқаны: жазушы қайтқанда жоқтау айтуы. Оны апайдың өзі сол уақытта сезбеген, кейін бір ел аяғы басылып, туыс-туғандар келгенде естиді. Бұрын орысша оқыған әрі қалалық бай-бағланның қызы болғандықтан қазақы танымы шектеулі екенін білетін таныстары расымен де таң қалған деседі. «Алайда үш жыл отасқан жарым аяқ астынан қайтыс болғанда айтқаным – жүрегімнен шыққан шынайы жыр, жыр ғана емес, жан баласына айтпас сырым, зарым еді ғой» деп егілді Мариям апай.

dd49a6a64326d57ab77eaaeea3b7710b.jpg

Апаймен болған кездесуде уақыттың қалай жылдам өткенін аңғармаппыз. Бір жарым сағат ішінде жазушының барлық ғұмырын айтып тауыстық демейміз, ол мүмкін емес те. Тек өзіміз білгіміз келген, жұрт естіп-көргісі келген жайттарға қандық. Өзінің текті әулеттен шықса да, өмір бойы қиындық көргенін, тек жазушымен отасқан 3 жылын өмірінің ең сәулелі шақтары екенін тебірене еске алды.

Қызығы мен қуанышы астасқан ғұмырын баяндаған апамыз ара-арасында қамыға күрсінгенін, көз жасы іркіліп қалғанын да, тіпті бір ащы өксіктің тамаққа келіп тірелгенін де сездік. Жазушы балалары мен басқа да туыстарының мұрагерлік құқыққа таласуы, жазушының өз заманында әріптес қаламгерлер мен бәсекелестерінің қара мысықтай қызғанышына тап болуы, ақтық сапарындағы ұмытылмас фотосуреттер және музейге өткізген жәдігерлердің қолды болуы – бәрі-бәрі де айтылмай қалмады. Ақырында тоқсанға тақаған Мариям Шашкина апамыздың аяулы жарына әсерлі әңгімесі үшін игі тілектерімізді айтып шыға бердік. 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?